Қожа Ахмет Яссауи өмірбаяны

kozha-ahmet-yassauiАты мұсылман әлеміне әйгілі, сопылық әдебиеттің ірі өкілі, кемеңгер, ойшыл ақын Қожа Ахмет Яссауи (1103-1228) артына мән-маңызы өшпейтін елеулі де асыл мұра қалдырды. «Диуани хикмет» атты өлең тілімен жырлайтын туындысы қанша ғасырлар өтсе де, өзінің өміршең құндылығымен мұсылман әлемінде жарық жұлдыздай ел-жұртқа аумас бағыт беріп келеді. Бұл аты шулы жинақ несімен құнды, оның мәңгілігі неде десек, ең алдымен, оның терең адамгершілікке құрылған дүнияуи мәселелердің сыр-сипатын айқара ашып түсіндіріп, бұл өткінші жалғанда неден үйреніп, неден жиіркену жолдарын көрсету деп жинақтай айтуға болар еді. Ал, тарата бағамдасақ, адам өміріндегі әр алуан қарым-қатынас: мансап пен нәпсі, қорлық, байлық пен кедейлік, әділеттік пен зұлымдық, ынсап пен қанағатшылдық, адамгершілік пен ізгілік, тәубашылдық пен имандылық секілді меселелердің сыр-сипатын ұғып білу арқылы Алла Тағаланы танудың жолдарын саралау, соған шын көңілден мойынсұну көріністері дер едік. Осы талаптарға орай ғұлама-ақын бұл өмірдің баянсыздығы мен ол дүниенің бақилығын (мәңгілігін) өз ара қарапайым тілмен салыстыра отырып, адалдық пен әділдіктің, мейірімділік пен қайырымдылықтың, тәубаға келу мен кешірімділік, адамгершіліктің имандылыққа бастайтынын бұлтартпас дәлелдер арқылы айғақтайды. Бұларға қарсы жауыздық пен зұлымдық, өтірік-өсек, надандық пен тойымсыздықтың кешірілмес күнә екеніне де зер сала үңіледі. Осы соңғылардан арылу, тазарудың міндет-мақсаттарын ашып пайымдауға да ол үлкен мән береді.

Жас Қожа Ахмет Яссауи қазіргі Шымкент қаласы жанындағы Сайрам елді мекенінде туып, сондағы ауылдық молдадан дәріс алған. Жастық шағы да сонда өткен. Әкесі Ибраһим өз кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адам болған. Анасы Қарашаш (енді бірде Айша деп те айтылады) елге қадірлі, ақылды да-аяулы адам болған делінеді. Ел-жұрт бұл кісілер дүниеден өткенде, екеуіне де күмбез тұрғызып белгі соққан, осы ескерткіштер әлі күнге дейін Сайрам елді мекенінде сақталған. Аңыз бойынша, жас Қожа Ахмет Яссауи ұстазы Арыстан Бабпен алғаш жолығып, Мұхаммед пайғамбардың өзіне арнаған құрмасын алатын көпір де сол Сайрам елді мекенінде. Алайда Қожа Ахмет Яссауидің Сайрамдағы жастық шағын баяндайтын деректер жоқтың қасы. Десек те Қожа Ахмет Яссауидің жастық шағы мен ата-бабалары туралы қызықты деректері бар бір құнды шежіре кейінгі жылдары табылды. Осы шежіре бойынша басылған «Шажараи-Саодат» атты кітапшада бұрынғы біз жариялаған «Насаб-намедегі» секілді Қожа Ахмет Яссауидің әкесі Ибраһим атаның арғы бабалары Мұхаммед пайғамбардың інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлидің Мұхаммед Ханафия атты ұлынан тарайтыны айтылады. Бұл аталған шежіре 90-жылдардың бас кезінде Сайрам қаласындағы ескі, бұзылған үйдің қабырға жапсарынан табылған. Тапқан Сайрамдық Саидикрам Саидакбаров деген кісі. Кейін бұл алты метрлік Қытай қағазына жазылған қолжазба Шымкент қаласында жеке кітапша болып басылды. Мұнда Қожа Ахмет Яссауидің жастық шағы мен алғашқы оқыған ұстазы жөнінде бұрын ешбір деректе ұшыраспаған тың мәліметтер келтірілген.

aristan-bab-ustazi

Көзі қарақты, зиялы да тәрбиелі ортадан шыққан Ибраһим ата, осы «Шежіреде» айтылғандай, зейінді де зерек 6-7 жасар баласы жас Қожа Ахмет Яссауидің сондағы Шаһабиддин Исфиджаби деген ғұламаға алып келіп, «Сүйегі біздікі, еті Сіздікі, иншалла, артымызда лайықты мұсылман қалсын деген ниетіміз» деп қолынан жетектеп әкеліп өзі тапсырған делінеді. Ол кісі шашы да, сақалы да, тіпті, қасы да қудай аппақ болғаны себепті «Ақ Ата» деп аталып кетсе керек. Сол «Ақ Ата» бір күні балалардың қабілет-түсінігі мен ой өрісін сынау үшін, дәрістен соң шәкірттеріне былайша тапсырма берсе керек: «Шырақтарым, әрқайсысың үйге барған соң, бір-бірден мекиен тауық не қоразды құдайдың көзі түспейтін қалтарыс жерде  «бісміллә»  деп  бауыздап  алып  келіңдер» депті. Ертеңіне өзге балалардың бәрі ұстазының айтқанын бұлжытпай орындап келіпті, тек Ахмет қана қоразды дорбаға салып тірідей алып келсе керек. Ұстазы Қожа Ахмет Яссауидан мұның, себебін сұрағанда, бала: «Ұстаз, кешіріңіз, қоразды «бісміллә» деп бауыздай алмағаным: қай жерге жасырынсам да, құдай бәрі бір құдыретімен «көріп тұрмай ма?» — депті. Сонда : «Бәрекелді, Ахметім» — деп, Ақ Ата оны бауырына басып, мандайынан сүйіпті. Көзіне жас келіп, іштей сезініп жүрген қастерлі ойының құпия-сыры ашылғандай: «құдай сені әрқашан жамандықтан сақтасын» деп ризашылық білдіріпті. Медреседен үйге қайтқанда да ол ұстаздарымен медіресе ауласын сый-құрмет тұтып үнемі айналып өтеді екен. Үлкен кісілерге жолыққанда да, «Ассалаумағалайкүм» деп бірінші болып әуезді үн қатып сәлем беру әдетіне айналыпты. Мұның бәрі үйдегі әке-шешесі мен медреседегі ұстаздар өнегесін, құрандағы мұсылмандық ереже-этикасын үлгі тұтуынан екені анық аңғарылады. Бұған жастай әкесі Ибраһим шайықтың айтуымен құлағына сіңген аңыз да елеулі әсер еткен болса керек: Мұхаммед пайғамбарымыз жеті қат Арсы-Күрсіге Жебірейілмен бірге ұшып бара жатып, кейін өзінің ісін жалғастыратын Қожа Ахмет Яссауидің рухын көріп, оған сәлемдемеге пейіштен бір құрма арнап, оны қашан, қалай тапсыруды Арыстан Бабқа жүктегенінен жас бала күн бұрын хабардар еді.

Қожа Ахмет Яссауидің есімімен «Қожа» сөзінің қосарланып аталуы жөнінде де бұл «Шежіреде» берілген түсініктің мәні өте зор. Мұнда осыған орай: «Оның (Ахмет Иасауиді айтады — М.Ж) әкесі «Шайх Ибраһим» болса, арғы аталары Махмұд Шайх, Ифтиһар Шайх Омар Шайх және Мұхаммед пайғамбардың інісі әрі күйеу баласы болған Хазірет Әлидің Ханифа есімді әйелінен туылған Мұхаммед Ханафияның әулет-ұрпақтарына барып тіреледі. Сол үшін Хазірет Әлидің тұқымдары Орта Азияда «Қожа» атағына ие болған», — деп жазылған. Осы деректің мән-жайы туралы Мұса Сариемнің «Тарихи Эмания» атты кітабында да толық мәлімет келтірілгені сөз болады.

Осы мерзім жас Ахметтің өміріндегі аса елеулі, қиын кезең еді. Сол жылдары оның әкесі Ибраһим шайх қайтыс болып, баланың жетім қалған кезі болатын-ды. Ендігі мерзімде тікелей ұстазы «Ақ Атадан» тыс, Сайрамдағы өзге де ғұлама-білім иелерінен тәлім-тәрбие алған жас талап Қожа Ахмет Яссауи іздеп келіп пайғамбардың сәлемдемесін берген Арыстан Бабтан ислам шариғаты, тариқаты туралы көп үйреніп, сабақ алады.

Қожа Ахмет Яссауидің «мектеп көріп, қайнап толып тасқан» кезеңі өз хикметтерінде 17 жас деп жырланады (бір аңыз әңгімеде 20 деп көрсетіледі). Ақын ұзақ жылдар бойы жиған-терген ілім-білімін енді халыққа таратуды мақсат етіп, бүгінгі Түркістан, кешегі Шауғар, Иасыға келіп біржолата мекен теуіп тұрақтайды. Әкесі Ибраһим Ата үнемі ой үстінде жүретін ұлы Ахметтің Иасыға қоныс тебуіне қарсылық білдірмей «жолың болсын» деп батасын беріп қала береді. Бұл Қожа Ахмет Яссауи өміріндегі ең бір шешуші, маңызды кезең болып табылады. Сондағы бұлақ басына бірінші болып қоныс тепкен сопының тұрақ-жайының төңірегі аз ғана уақытта еселеп артып, әуелі кішігірім ауылға, бір аздан соң қол өнері бар сауда орталығына, келе-келе қалашыққа айналады. Осындағы «Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне» дегенде, ақын кейінгі Түркістан қаласынан емес (ХІІ-ХІ ғасырларда бұл мекен «Иасы» деп аталған), түрік халықтарының отаны Тұран, кең мағынадағы үлкен Түркістан туралы айтқан тәрізді.

Қожа Ахмет Яссауидің ізгі істері мен атақ-даңқының шарықтап өсуі, кемелденуі жер бетіндегі алпыс үш жылдық өмірімен тығыз байланысты. Халықтың әйгілі Түркістанды «Жарты Мекке» деп атап, Қожа Ахмет Яссауиді «Түркістан пірі» деп марапаттауында да үлкен мән бар. Ол мұсылман ілімінің асқан білгірі, соның тынымсыз насихатшысы болумен қатар, өзінің жеке тұлғасының жұртқа үлгі болар өнегесі де аз емес еді. Білімді шәкірттер дайындап, ол сол тұстағы сопылық мектептің Иасауилік жаңа үлгісін қалыптастырды. Бұл орайда алқа-қотан «һу-һулеп» зікір айту дәстүрінің алғаш негізін қалағанын айтсақ та жеткілікті ғой дейміз. Сопы ауру-сырқау, мүгедек жандардың дертіне дәрман болуда да бойындағы дарыны мен күш-қуатын аямаған. Алайда мақсатқа жету жолында ол талай шырғалаңы мол қайғылы оқиғаларды басынан өткерген. Алғаш жастай әкесі, одан кейін анасы қаза тауып, үміт күткен жалғыз ұлы Ибраһимнің зұлымдар қолынан мерт болуы да өшпес із қалдырған:

Отыз жасқа кірдім, қылдым қасірет,
Уә, дариға, өтті ғұмырым, қане тағат?
Қанағатшыл Хақ қасында хош-сағадат,
Қызыл жүзім тағат қылмай солды, достар…
Елу алты жасқа кірді мұңлық басым,
Тоба қылдым, ағар ма екен көзден жасым.
Жарандардан ләззат алмай көңілім қалды,
Бір және Барым, дидарыңды көрермін бе?.

Осылайша бар өмірін Алланы тану мен соған беріле құлшылық етуге арнаған Қожа Ахмет Яссауи Мұхаммед пайғамбар жасы — алпыс үшке келгенде, «Құлым, жерге кір» деген «Алладан жарлық — хабар алып» дайындалған жер астындағы мекен — жайға (Ғарға — М.Ж.) түсіп, қалған күндерін сонда өткізеді. Бұл сопы өміріндегі естен кетпес елеулі де әсерлі оқиға болғаны аңғарылады.

Ал енді, ақынның қанша жыл өмір сүргені (Жер бетіндегі 63 жас пен жер астындағы 63 жылын қосқанда) туралы мәселеге келсек, жоғарыда келтірілген жолдардағы өзі айтқан жер астындағы 63 жылын есепке алғанда, ол ең кемі 125 жыл жасаған болып шығады. Ендеше туған мерзімі 1103 жыл болса, онда қайтыс болған кезі 1228 жылға орайлас келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *