Жердің құрылысы туралы слайд. Жер қабықтары. Жер — Күн жүйесіндегі Күнді айнала қозғалатын үшінші ғаламшар. Жер шамамен бұдан 4,5 млрд жыл бұрын пайда болған. Жердің бірнеше сыртқы қабығы бар. Олар:
Литосфера (лат. литос — тас) — Жердің сыртқы қатты қыртыс қабығы. Жер қыртысының бетіне елді мекендер, қалалар, өнеркәсіп ғимараттары, басқа да құрылыстар салынған, қойнауынан алуан түрлі пайдалы қазбалар өндіріледі.
Гидросфера (грек. гидрос — су) — Жердің су қабығы. Оны мұхиттар мен теңіздердің, өзендердің, көлдердің, батпақтардың, мұздардың, жауын-шашынның сулары түзеді.
Атмосфера (грек. атмос — бу, сфера — шар) — Жердің ауа қабығы. Ауа Жер шарын қалың қабық түрінде ең сыртынан қоршап тұрады. Жер бетіндегі тірі ағзалардың барлығы атмосферадағы ауамен тыныс алады. Биосфера (грек. биос — тіршілік) — Жердегі әртүрлі ағзалардың тіршілік ету ортасы. Биосферадағы тірі ағзалардың басым бөлігі құрлық пен мұхит бетінде, яғни, литосфера мен атмосфераның, литосфера мен гидросфераның түйіскен жерінде шоғырланған. Мұнда тіршілік етуге қолайлы ауаның температурасы мен ылғалдылығы, оттегінің мөлшері, сондай-ақ қоректік заттар бар. Жердің ішкі құрылысы. Адам Жердің ішкі құрылысы туралы ғарыш құпияларына қарағанда аз біледі. Себебі Жердің ішкі құрылысы туралы мәліметтер — толық зерттелмеген, аса күрделі ғылыми мәселе.
Қазіргі кезде Жердің ішкі құрылысын зерттеу үшін ғалымдар өте терең ұңғылап, бұрғылаулар мен арнайы сейсмикалық әдістерді пайдалануда. Зерттеу барысында жер қыртысының 15 км-ге дейінгі тереңдігі ғана бұрғыланып, оны құрайтын жыныстардың нақты үлгілері алынған.
Жердің ішкі құрылысын зерттеу нәтижесінде оның 3 қабаттан тұратындығы анықталды (22-сурет). Олар: жер қыртысы, мантия және ядро. Осылардың ішінде ең жұқасы жердің үстіңгі қабығы — жер қыртысы.