1905 жылғы 9 қаңтардағы Петербордағы қанды жексенбі оқиғалары революцияның басталуына себепші болды, онда өздерінің мұң-мұқтажы айтылған петицианы патшаға тапсырмақ боп келе жатқан қарусыз бейбіт шерушілерді әскер аяусыз атқылады.
Патшаның қанқұйлы зұлымдығы туралы хабар қазақ даласына тез тарады. Қалалар мен селоларда жұмысшылар мен қала кедейлерінің жиналыстарында, сондай-ақ кедей шаруалардың жиындарында патшаның озбырлығына қарсы наразылық көрсетілген үн көтеріліп жатты. Верный, Әулиеата қалаларының, Перовск, Қазалы, Орал, Ақтөбе, Петропавл, Семей темір жол стансаларының жұмысшылары мен демократиялық ниеттегі еңбекшілері наразылық білдірді.
1905 жылы ақпанның ортасында бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойында Түркістан, Перовск, Жосалы, Қазалы, Шалқар стансаларында жұмысшылардың өздерінің экономикалық жағдайын жақсартуды, жұмыс күнін қысқартуды талап еткен ереуілдері болып өтті. Петропавл темір жол депосының жұмысшылары саяси ереуіл ұйымдастырды. Наурызда Орынбор темір жолшылары жұмыстарын тоқтатты. Митингілер мен жиналыстарда сөз сөйлеген социал-демократиялық шешендер тек экономикалық талаптарды ұсынып қана қойған жоқ, сонымен қатар патшалық монархияны да сынады.
Қанды жексенбі бұл өлкеге қоныс аударып келген шаруалардың да ашу-ызасын туғызды. 1905 жылы қаңтар-ақпанда өткен шаруалар жиындарында деревня кедейлері патшаны «зұлым әрі тонаушы» деп атады. Олардың көктемде болып өткен толқуларында патшаның жергілікті әкімшілігіне наразылық білдірілді, кулақтар мен казак әскерлері жоғары тобының егісі, шабындықтары тапталды, малдары айдап әкетілді.
Сонымен бір мезгілде еңбекші қазақтардың байлар мен жергілікті патша әкімшілігіне қарсы қимылдары басталды. Мысалы, Жетісу облысының Лепсі оязындағы Арғана болысындағы 1905 жылдың басында № 4 ауыл тұрғыңдарының салықты мезгілінде төлемегені үшін бірнеше түйесін тартып алған болыстың өзін және оның нөкерлері мен байларды сойылға жықты. Наразылар саны тез көбейіп, 200-ге жетті, сөйтіп болысты айдалаға апарып өлтіріп тастады.
Өкімет орындары өз құқықтары үшін күреске белсене қатысқандарды қатаң жазалады. Алайда халық бұқарасының қозғалысын ешқандай жазалау тоқтата алмады, еңбекші бұқараның революциялық ниетінің күшеюіне патша өкіметінің Жапониямен соғысында жеңілуі себепші болды.
Қазақ жұмысшылары мен шаруалары патша өкіметіне орыс жұмысшыларымен және шаруаларымен қол ұстаса бірлесіп қарсы шықты. 1905 жылы жазда Семей, Торғай, Орал облыстарында аграрлық толқулар болды. Баянауыл және Павлодар ояздарының шаруалары ірі феодал Шормановтардың жерін тәркілеуді, оны жері жоқтарға бөліп беруді талап етті, ауылдарын шауып, жылқыларын айдап әкетті. Патшалық әкімшілік бұл ауданға жазалаушы жасақ жіберді.
1905 жылы жазда Сырдария облысының Шымкент және Әулиеата ояздарында толқу бұрқ ете түсті. Тамызда Түркістан генерал-губернаторы осында күшейтілген күзет енгізу туралы Йетерборға өтініш жасауға мәжбүр болды.
Ел ішінде революциялық күштің өрлеуінен зәресі ұшқан патша үкіметі 17 қазанда Манифест жариялап, онда халыққа «азаматтықтың мызғымас негіздерін», адамның жеке басының бостандығын, ождан, сөз, жиналыс, одақ т.б. бостандығын беруге уәде етті. Сонымен бірге Манифесте заң шығарушы құзыры бар «Ресейлік парламент» — Мемлекеттік Дума құру жария етілді.
1905 жылы қазан-қараша айларында Қазақстанда стачқалардың жаңа толқыны өрістей түсті. 17 қазанда Петропавл теміржолшылары стачка жасады, бірнеше күнге созылған бұл шеру жаппай ереуілге ұласты. Стачкалық қозғалыс Қазақстанның өнеркәсіп орындарының бәрін қамтыды деуге болады. 9 желтоқсанда Успен руднигінде (Ақмола облысы) ең ірі ереуіл басталған болатын, оған 360 жұмысшы, соның ішінде 265 қазақ жұмысшылары қатысты. Оларға қосылған Қарағанды көмір кен орындарының жұмысшылары 10 желтоқсанда жұмыстарын тоқтатты. Ереуілдерге қарсы казактардың жазалаушы жасақтары жіберілді. Жұмысшыларды кудалау басталды, олардың тоғызы жұмыстан шығарылып, рудник аумағынан қуылды.
Ресейде болып жатқан революциялық оқиғалардың әсерімен өлкеде шаруалардың күресі күшейе түсті. 1905 жылы жазда Семей, Торғай және Орал облыстарының бірқатар ояздарында бас көтеру лап етті. Аграрлық қозғалыс Жетісуды да қамтыды. Жаркент оязында ұйғыр шаруасының езілген еңбекші бұқарасы қозғала бастады. Олар буржуазияланған ірі феодал Юлдашевтың қауымдық жерлерді тартып алуына қарсы наразылық білдірді. Жетісу облысында қазақ, ұйғыр, дүнген шаруаларымен бірге орыс шаруалары да, әсіресе Ресейдің орталық губернияларынан жақында көшіп келгендер бой көрсетті.
Солай бола тұрса да шығыстағы шет ұлттық аймақтарда, соның ішінде Қазақстандағы революциялық қозғалыс Ресейдің еуропалық бөлігіндегі қозғалысқа қарағанда анағұрлым сылбыр дамыды. Мұның себебі, оның өнеркәсіпті орталықтардан алыс жатқандығынан, өнеркәсіптің нашар дамымағандығынан, пролетариат санының аздығынан еді.
Бірінші орыс революциясы жылдарындағы ауылдағы аграрлық қозғалыс қазақтардың ұлт-азаттық күресімен ұштасты, ол бастапқыда едәуір енжар жүргізілді, шағым, арыз, өтініш берумен, талаптар қойып, петициялар тапсырумен шектелді. Жердің тартып алынуына, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша өкіметі шенеунікгерінің озбырлығына ашық қарсылық көрсетілді, сонымен қатар шаруалар патшаның отарлау саясатына да белсенді түрде қарсылық көрсетті. Олар «қоныстану қорының» пайдасына байырғы халықтың жерлерінің тартып алынуына, жартылай феодал ірі байлардың жерлерді басып алуына, ұлтты кемсітушілік пен бір халықты екінші халыққа айдап салуға және т.б. ашық қарсы шықты. Отарлау езгісінің бар ауыртпалығы қазақ халқының иығына түсті. Әлеуметтік-экономикалық жағдай ұлттық қозғалыстың өрістеуіне итермеледі.
Петербор, Мәскеу, Варшава, Қазан, Орынбор, Омбы қалаларындағы жоғары оқу орындары мен училищелерін бітірген қазақтар ғасырдың басында ұлт интеллигенциясының басын құрды. Бүкілхалықтық либералдық-демократиялық оппозицияның лидері Әлихан Бөкейханов еді. Кейін ірі саяси қайраткер, көрнекті экономист-ғалым болған ол «Алаш» партиясын құрды, кадет (Ресейдегі конституциялық -демократиялық партия) партиясы Орталық Комитетінің Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясының мүшесі болды.
Басында Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Б. Қаратаев тұрған ұлттық қозғалыстың лидерлері патшаның аграрлық-саясатын сынады, Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуын және қазақтардың жерін тартып алуды тоқтатуды талап етті. Сонда Мемлекеттік Думаның мүшесі Б. Қаратаев былай деді: «Шиеленіскен аграрлық мәселені біздің мемлекетке шаруалардың далалық облыстардың аумағына, атап айтқанда Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының жерлеріне қоныс аударуы арқылы шешпек». Ол орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуын ең болмаса уақытша тоқтатуды табандылықпен талап етті.
Либерал-демократиялық бағыттағылардың өкілдері 1911 1915 жылдары шығып тұрған «Айқап» журналының төңірегіне топтасты, оның редакторы М. Сералин (1871-1929) болған. Журнал жұмысына Б. Қаратаев, С. Сейфуллин, Ж. Сейдалин және басқалар қатысып тұрды.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.