Жыл санау жүйелері (жылнамалар)

Жылдың ұзақтығымен бірге жылдардың «санау нүктесі» — күнтізбелік эраның басталу кезеңі де маңызды орын алады. Бұл жылнама деп аталатын басталу кезеңі қандайда бір нақты немесе ойдан шығарылған тарихи оқиғаларға байланысты болған. Мыслы, Ежелгі Вавилонда Набонассардың патшалық ету кезеңі — б.э.д. 747 жылы қолданылған, Ежелгі Грекияда бірінші олимпиаданың басталуы — б.э.д. 776 жылы, Ежелгі Римде — Ромулдық Римннің негізін қалаған күннен — б.э.д. 753 жылы, ал кейінірек — император Диоклетиан билігінің басталғаны- б.э.д. 284 жылынан бастап қолданған. Және де «дүниенің жаратылуынан басталатын» кезеңдердің бірнеше нұсқасы бар: б.э.д. 3761 жыл — Ежелгі еврейлік күнтізбе бойынша және б.э.д. 5508 жылдың 1- наурызынан — византиалық (ол басқаша константинопольдық немесе ежелгі русь кезеңі деп аталады.), және б.э.д. 5509 жылдың 1-қыркүйегінен — «қыркүйектік нұсқа» кезеңі басталады.

Қазіргі замандағы «біздің кезең» деп аталатын жылнама «Христостың дүниеге келгенінен» басталатын жыл санау 525 жылы римдік монах Кіші Дионисийдің жүргізген есептеулері арқылы енгізілген кезең. XVIII ғасырда «Христостың дүниеге келгеніне» дейінгі жылдар бойынша да ұзартылды. Сонымен қатар б.э. 1-ші жылының алдында б.э.д. 1-ші жыл орналасқан деп қабылданды, ол б.э.д. жыл нөмірі өткен уақыт бойынша өседі. (бірақ айлар, айлар саны және апта күндері қарапайым ретпен орналасқан). Б.з.д. кібісе жылдар болып сандары 4- ке бөлгенде 1 қалдық қалатындар, яғни 5-ші, 9-шы, 13-ші және т.с.с. жылдар саналады. Мұндай жыл санау тарихи немесе хронологиялық деп аталады. Нөлінші жылдың болуы екі уақиға уақытының арасын есептеуде, егер екі оқиғаның біреуі б.э.д. болса, ал екіншісі — біздің эрамызда болса, қателіктерге әкеледі. Сондықтан ХХІ-ғасыр 2001 жылдың 1 қаңтарынан басталды.

Сонымен қатар, 1740 жылы француз ғалымы Жак Кассини (1677-1756) бірінші рет қолданған астрономиялық есеп жүйесі бар. Онда, біздің заманымыздағы 1-ші жылдың алдындағы жыл нөлдік деп аталады, ал нөлдік жылдың алдында минус бірінші және т.с.с. жылдар жалғастырады. Осылай «Кассини» ережесі пайда болды: ол бойынша екі оқиғаның уақыт аралығын өлшеу үшін б.з.д. есептеуге сай жыл нөмірін бір санына азайту керек.

Астрономиялық және хронологиялық есептеулерде 1583 жылы француз ғалымы Жозеф Скалигер (1540-1609) енгізген юлиандық кезең деп аталатын б.э.д. 4713 жылдың 1 қаңтарынан басталатын үздіксіз күн санау қолданылады. Бұл санауда күннің реттік номірі юлиандық дата деп аталады және қысқартылғанда ЮД немесе JD деп белгіленеді. Юлиандық күннің басы ретінде нөлдік (гринвич) меридианындағы орташа талтүс алынады. Астрономиялық датадан 12 сағатқа артқа жылжыған. Сондықтан 2000 жылдың 1 қаңтарының 0 сағатына юлиан күн санауының 2451544,5 датасы сәйкес келеді.

Әрине күнтізбелік күндерді Юлиандық күндерге ауыстыруды қазіргі уақытта арнайы компьютерлік программалардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Мысалы, арнайы осы мақсатта RTT Есептеу жобасының орталығы бетінде «Даталардың әмбебап түрлендіргіші» деген бағдарлама бар.

Қазақша жыл аттары. Мүшел

Қазақта жыл басы наурыз айының 22-нен басталады. Он екі жыл бір айналғанда бір мүшел толды деп есептелінеді.  Жыл басы ”тышқан” жылынан басталады. Бірінші мүшелге 12 жаста кіріп, 13 жаста мүшелден шығады. Оған он екі жылдан қосып отырсаңыз, келесі мүшел шығады. Григориан күнтізбесі 1 қаңтардан, мүшел есебі 22 наурыздан басталатындықтан, 1 қаңтар мен 21 наурыз аралығындағы уақыт ескі жылдың санатына ілінетінін естен шығармау керек.

Өзінің қай жылы туғанын қазақша атау бойынша білгісі келгендер туған жылын он екіге бөлу керек. Қалдықсыз бөлінсе, “мешін” жылы болғаны, қалдық біреу болса, ол — “тауық”, екеу болса — “ит”, үшеу болса — “доңыз”, төртеу болса — “тышқан” жылы болғаны, сөйтіп әрі қарай кете береді.

Төмендегі кестеде біздің жыл санауымыздан бастап 21 ғасырдың аяғына дейін жылдардың қазақша орналасу кестесі келтірілген.

Кестеден кез келген ғасыр тауық, сиыр, жылан жылдарынан басталып, тышқан, ұлу, мешін жылдарымен аяқталатынын көреміз, мысалы, 1 ғасыр — тауық, II ғасыр — сиыр, III ғасыр — жылан жылдарынан басталатынын бір рет қарағанда-ақ білуге болады.

Кестені пайдалану әдісі оңай. Мысалы, Күлтегін дүние салған 731 жыл мүшел есебінің қай жылына сәйкес келетіндігін білу қажет болса, жылдар кестесіндегі VIIІ санының түйісетін тұсын қарау керек (731 жыл — 8 ғасыр). Яғни, 731 жылы қой жылына сәйкес келеді (кестеде боялған). Үстіміздегі 2011 жыл ХХІ-ғасырға жатады. Жылдар кестесінен 11 санына ХХІ-ғасырға сәйкес бағана бойынша қоян жылының дәл келетінін жеңіл анықтауға болады.

Хижра және оның Григориан жыл санауымен байланысы

Көне жазбаларда, шежірелерде, діни еңбектерде «Хижра» деген сөз жиі кездеседі. Хижра — арабша «көшу» дегенді білдіреді. Оның бір ұшы Ислам дінінің тарихына барып тіреледі. Біздің жыл санауымызша 622-ші жыл — хижра бойынша 1-ші жыл болып есептеледі. Тарихи деректер бойынша осы жылы григориан күнтізбесі есебімен 622-ші жылғы қыркүйек айының 20-жұлдызында Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мәдинәға көшкен. Осы күннен хижра жыл санауы басталады.

Құранда көрсетілгендей, Ай — уақыттың өлшемі болып табылады. 354 күннен тұратын мұсылман жылы Айдың Жерді айналуына негізделеді. Күн күнтізбесімен салыстырғанда Ай күнтізбесі 10-11 күнге кем болып отырады, сондықтан мұсылман Жаңа жылы 32,5 жыл циклы бойынша қалыс қалады. Мұсылман күнтізбесі 12 айдан тұрады. Ол жайлы Құран Кәрімде: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны — он екі» («Тәубе» сүресі, 36-аят). Мұсылман күнтізбесі әдетте 354 күннен тұрады, ал әрбір үшінші жыл — 355 күнге тең.

Мұсылман жыл санауына қай айды бастама ретінде қабылдау жөнінде де біраз пікірталас болды. Абдуррахман бин Ауф харам (тыйым салынған) айлардың алғашқысы болғандықтан Рәжәбты, Талха бин Убайдуллаһ мұсылмандардың мүбарак айы деп Рамазанды, хазреті Әли жыл басы ретінде Мұхаррамды ұсынды. Бұл мәселеде де хазреті Әлидің ұсынысы қабыл болды. Мұхаррам бұрыннан да айлардың алғашқысы болып саналатын.

Мұсылман күнтізбесі бойынша ай аттары былай сипатталады:

1) Мұхаррам — арабша «тыйым салынған, қасиетті» деген мағынаны білдіреді. Жылдың бұл айында әскери қимылдар мен жорықтарға тыйым салынған;

2) Сапар — «сары» деген  ұғымды білдіреді. Бұл күз айының аты, өсімдіктер сарғаяды деген сөз;

3) Рабиғул-әууәл — бірінші раби. Қазіргі арабшада «раби» сөзі көктемді білдіргенімен, ежелгі арабтарда күз осылай аталған. Бұл күз айы болған;

4) Рабиғул-ахир — екінші рәби. Ертеде бұл ай да күзге жатқызылған;

5) Жумадал-улә — бірінші жұмада. «Жұмада» сөзі — «тоңу, қату» дегенді білдіреді. Бұл қыс айы болып есептелген;

6) Жумадал-ахир — екінші жұмада. Бұл да қыс айына енген;

7) Рәжәб — жорықтар мен әскери іс-қималдарды тоқтата тұру айы. «Зорлық-зомбылықтан тыйылу» деген мағынаны береді;

8) Шағбан — «бөліну» дегенді білдіреді. Бұл айда араб тайпалары жорықтарға аттанған;

9) Рамазан — ыстық ай. Бұл айда күн көзі өсімдіктерді күйдіріп жіберген;

10) Шәууәл — көшу айы. Бұл айда араб тайпалары тұрақтарынан қозғалып, далалар мен шөлдерге аттанған;

11) Зул-қағда — «отыру, орнынан табылу» дегенді білдіреді. Бұл айда араб тайпалары өз тұрақтарынан ұзамай, орындарында отырған.

12) Зул-хижжа — қажылық айы. Ай аты арабтың «қажылық жасау» сөзінен шыққан.

Ескі кітаптарда көне қолжазбаларда адамдардың туған не қайтыс болған жылдары, сондай-ақ тарихи оқиғалары хижра жыл есебімен белгіленеді. Осы жылды қазіргі Григориан жыл есебіне қалай айналдыруға болатынын қарастырайық.

Мысалы, Абу Райхан Бируни хижраның 363 жылы туылған. Бұл біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша қай жылы болатынын есептеп шығару үшін хижра жылын 33 санына бөлу керек. 33 (365/11≈33 немесе 354/11≈32) саны шамамен хижра жылының Григориан кестесінен бір жылға озуына тең келетін мезгілін білдіреді. Бөлуден шыққан санды хижра жылынан алып, одан қалған санға 622-ні, Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдинә шаһарына көшкен жылын қосу керек. Сонда нәтиже мынадай боп шықпақ:

363 : 33 = 11;  363 — 11 = 352;  352 + 622 = 974.

Демек, Абу Райхан Бируни бабамыз біздің жыл санауымыз бойынша 974 жылы дүниеге келген екен.

Ал, енді Григорян жылын хижра жылына қалай айналдырамыз? Ол үшін осы жылдан 622-ні аламыз. Содан кейін айырманы 32-ге бөлеміз де, бұдан шыққан санды сол айырмаға қоссақ, керек есебіміздің шыққаны. Мысал үшін, Григориан күнтізбесі бойынша қазір 2011 жыл. Бұл Хижраның қай жылына сәйкес келетінін анықтайық:

2011 — 622 = 1389;  1389 : 32 = 43;  1389 + 43 = 1432.

Сонымен, қазір бізде хижраның 1432 жылы.

Біздің жыл санауымыз бойынша 20556 жылы, яғни 18545 жылдан кейін, григориан күнтізбесі мен хижра есебіндегі жыл санау жүйесі теңеседі де, хижра күнтізбесі оза бастайды.

Авторлық сілтеме:
ДОСАЕВА Т.Т., ШАКЕНОВ М.Б. Д64 Сфералық астрономия: оқу құралы /Т.Т. Досаева, М.Б. Шакенов –Талдықорған: ЖМУ. 2011. – 83 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *