Жер қыртысындағы өзгерістер. Жер қыртысы үнемі өзгерісте болады. Жер қыртысы қозғалысының екі түрі белгілі. Бірінші түрі жер қыртысының баяу көтерілуі мен төмендеуі. Мысалы, Скандинавия түбегінде теңіздің соқпа толқыны ертеректе тілімдеп тастаған тау беткейлері бар. Олар қазір толқын соқпайтын биіктікте жатыр. Дәл осы биіктікте жартастарға қағылған шығыршықтар оларға ертеде қайықтардың шынжыры байланғанын білдіреді. Қазір су бетінен бұл шығыршақтарға дейінгі арақашықтық бірнеше метрді алып жатыр. Демек, қазіргі кезде Скандинавия түбегі баяу көтерілуде, жылына шамамен 1 см көтеріледі. Ал Еуразияның батыс жағалауы төмендеп, түсіп барады. Құрлықтың бұл бөлігін мұхит суы басып кепес үшін, адамдар теңіз жағасын бойлай жүздеген шақырым бөгет салады. Мысалы, Нидерланды халқы бірнеше ғасырдан бері өздері қоныстанған жерлерді теңіз шабуылынан қорғауда. Бұл жерде жер қыртысының шөгу жылдамдығы – жылына 3 мм-ге дейін жетеді. Осыған юайланысты бөгеттердің биіктігін үнемі арттырып отыруға тура келеді. Бұл мысалдар біз қозғалмайды деп есептеген жер қыртысының баяу көтеріліп және төмен шөгіп отыратынын дәлелдейді.
Жер бетінің барлық бөлігінде құрлық баяу тербеледі. Жердің ішкі күштерінің әсерінен тау жасалу, жер сілкіну болады. Жер қыртысының баяу көтерілуі мен шөгуі жер бедерінің пішінін, құрылымын өзгертеді. Мысалы, теңіз жағалаулары – құрлыққа, шығанақтар – көлдерге, аралдар түбектершге айналады.
Екінші түрі – тау жасалу қозғалысы. Жер қыртысы майысып, бүктеліп, жарықтармен бөлінеді, ығысады. Бұл қозғалыс жер бетін қатты өзгертеді. Қозғалыс салдарынан жазықтар орнына таулар пайда болып, тіпті жер сілкінулер болуына да жеткізеді.
Жер сілкіну. Жер қыртысының айтарлықтай баяу қозгалуымен қатар, оның кейбір бөліктерінде өте тез қозғалыстар болады.ол табиғаттың жер сілкіну секілді қаhарлы құбылыстарына байланысты. Бірнеше секундтың ішінде жер қыртысының бір бөліктері көтерілсе, келесі бөліктері – бірнеше сантиметр немесе тіпті, бірнеше метр төмен түседі. Жер сілкіну жер астынан естілетін гуілге ұласады. Үйлер, көпірлер қирайды, теміржол рельстері иіліп, үзіледі. Газ және электр желілерінің бүлінуінен өрт шығады. Қираған үйлер адамдарды басып қалады.
Жер сілкіну – жер қойнауындағы ығысулар мен ыдыраулардың әсерінен туатын жер астының дүмпулері мен жер бетінің тербеле қозғалуы.
Жер астында дүмпу пайда болған орын – жер сілкіну ошағы деп аталады. Жер сілкіну ошақтары 5-10 км-ден 500-700 км-ге дейінгі тереңдікте болады. Жер сілкіну ошағынан жан-жаққа толқындар таралады. Ошақтың дәл үстіндегі жер беттінде жер сілкіну эпицентрі орналасқан. Дүмпудің жер бетіне шығатын жері эпицентр деп аталады (грекше эпи – үстіңгі, центр – шеңбердің орталығы). Эпицентрде дүмпу күші жоғары мөлшерге жетеді, мұнда ең күшті бүлінушіліктер байқалады. Эпицентрден қашықтаған сайын жер сілкіну күші азая береді.
Жер сілкіну кезінде таулардың бейнесі өте қатты өзгереді. Мысалы, ең апатты жер сілкіну 1960 жылы Чилиде (Оңтүстік Американың батысындағы Андыда) болған, жер сілкіну кезінде тау құлап, кейбір өзендерді басып қалғандықтан үлкен ойыстар пайда болды.
1987 жылы маусымда жердің күшті сілкінуінен Алматы қаласы қирап, бұзылды, жер сілкіну күші 10 баллға жетті. Жер сілкінуден тау опырылып, жер қыртысында жарықтар пайда болды. Жер сілкінісінің зардабы өте үлкен, жер сілкінудің әсерінен пайда болатын апатты құбылыстар – теңіздегі қуатты толқындар, цунами, сусымалар, жартастардың құлауы, т.б.
Жер сілкінуді зерттеу. Жер сілкіну апатынан сақтану үшін оны зерттеудің маңызы зор. Жер сілкіну үлкен апаттарға әкелетіндіктен оның қай жерде қашан және күші қандай болатынын алдын ала болжау өте маңызды. Жер сілкінуді зерттейтін ғалым – сейсмология. Оның туындауына және дамуына байланысты құбылыстарды сейсмологиялық құбылыстар деп атайды. Жер сілкіну өте сезгіш аспаптар – сейсмографпен жабдықталған сейсмикалық бекеттерде зерттеледі.
Сейсмограф (грек тіліне аударғанда «сейсмо» — «жер сілкіну», «графо» — жазамын) оның болмашы сілкінуін өлшеп, жазып отырады. Сейсмолог-ғалымдар жер сілкінудің күшін өлшеу үшін 1 балдан – 12 балға дейінгі өлшем бірлікті пайдаланады.
Қазіргі кезде Жер шарының сейсмикалық картасы жасалып, онда басты екі сейсмикалық белдеу көрсетіледі: Тынықмұхиттық және Жерорта теңіздік белдеу.
Тынықмұхиттық белдеу – Тынық мұхитының батыс және шығыс жағаларын айнала орналасқан. Бұл белдеуге жас қатпарлы таулар (Альпі,Апеннин, Карпат, Гималай, Кордильерлер, Анд, т.б.), сондай-ақ, құрлықтардың суасты шеттерінің жылжымалы белдемдері (Тынық мұхитының батыс шеттері, Алеут, Куриль, Жапония, Малайя, Жаңа Зеландия, т.б. аралдар, Кариб, т.б. теңіздер) кіреді.
Бұл белдеуде барлық жер сілкіну болатын ошақтардың басым бөлігі, яғни, 68 %-ы орналасқан.
Жерорта теңіздік белдеу – Еуразияның оңтүстігі арқылы, батыста Португалия жағаларынан, шығыста Малайя аралдарына дейін созылады. Бұл белдеуде жерсілкіну болатын ошақтардың 21%-ы орналасқан.
Біздің еліміздің оңтүстігіндегі Тянь-Шань таулары Альпі – Гималай белдеуіне іргелес жатыр. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан аймақтарында жер сілкіну жиі болып тұрады. Сейсмикалық есептеулер бойынша орташа алғанда Жер шарына жылына 1 – 2 апатты (күші 10 балдан жоғары), 9 – 15 жойқын, 50 – 100 қиратушы, 300 – 500 өте күшті жер сілкінісі болады.
Жер сілкіну өте үлкен апат әкелетіндіктен ол басқа табиғи құбылыстардың барлығынан қатерлі. Жер сілкінуді жабайы аңдар, кейбір жәндіктер мен үй жануарлары ерте сезетіндіктен, олардың мінез құлқына қарап, бұл құбылысты болжауға болады. Мәселен, құстар у-шу болып, аспанды шыр айналып ұшады, жылқы жем жемей, кісінеп, жан-жағына қарап үркеді, т.б.
Ғалымдар жануарлар тіршілігін бақылап, жер сілкінуді болжауда тәжірибелер жүргізіп отыр. Алматы қаласының маңында осындай тәжірибе бекеті ұйымдастырылған.