Жер полюстерінің қозғалысы және Жер айналуының бірқалыпсыздығы

Жер бетінің нүктелерінің ендіктерінің периодты түрде өзгеріп отыратынын 1884 жылы Кюстнер ашты. Кейіннен бұл құбылысты көптеген астрономдар да байқады. Құбылыстың растығы 1892-1895 жылдары П.К.Штернбергтің жүйелі түрде жүргізген Москва университетінің обсерваториясының (қазір ол Штернберг атындағы мемлекеттік астрономиялық обсерватория деп аталады) ендігін өлшеулері арқылы дәлелденді.

Жер бетіндегі бір меридианның әртүрлі нүктелерінің ендіктерін өлшеген кезде А нүктесінің ендігі артса, оған диаметриалды қарама-қарсы жатқан В нүктесінің ендігінің дәл сол шамаға азаятыны байқалды. Бұл, әрине, Жер полюстерінің оның бетімен қозғалысына байланысты. Келтірілген мысалда Жердің солтүстік полюсі А нүктесіне жақындайды да, В нүктесінен алыстайды, оңтүстік полюс үшін бұл құбылыс керісінше болады. Бұл құбылыс Жер осінің орнының Жер денесіне қатысты периодты түрде ауысуынан болатыны түсінікті, бірақ оны Жер осінің кеңістіктегі прецессиялық қозғалысымен шатастыруға болмайды, ол — Жердің ішіндегі массаның таралуының бірқалыпсыздығына байланысты ауытқу.

Полюстердің ауытқуы өте аз, меридианның нүктесі шамамен 0′,7 бұрышқа ауытқиды. Жер полюсі қабырғасы шамамен 30 м. болатын квадраттың ішінде өзінің нақты орнынан солтүстік полюс жағынан қарағанда сағат тіліне қарсы бағытта айналады. Жер полюсінің айналуы екі түрлі қозғалыстан тұрады:

1) Жердің Күнді айналуына байланысты периоды 12 ай болатын (жылдық период) эллипс бойымен қозғалыс;

2) Жердің ішкі массасының таралуының бірқалыпсыз болуына байланысты периоды 14 ай болатын (Чандлер периоды) шеңбер бойымен қозғалыс.

Жылдық қозғалыс жыл мезгілдерінің ауысуымен Жердегі мұхиттар суының мұзға айналуы және мұздықтардың еруіне байланысты және су массасының оңтүстік және солтүстік жартышарларға қар түрінде ауысуынан пайда болады.

Чандлер периоды – Жердің табиғи қозғалысының периоды, оны XVIII ғасырда Л.Эйлер теориялық тұрғыдан болжап кеткен. Егер Жер абсолютті қатты дене болса, онда оның айналу периоды 10 ай болар еді. Бірақ Жер жұмсақ және үнемі серпімді деформацияға ұшырайтын болғандықтан, оның полюсінің айналу периоды 14 айға созылады.

1898 жылы Халықаралық ендік қызметі (ХЕҚ) ұйымдастырылды, ол кейін Халықаралық полюстар қозғалысының қызметі (ХПҚҚ) деп аталды. Оған φ=39º08′ ендіктегі алты станция кірді, олар Италияда, Ресейде, Жапонияда және үшеуі АҚШ-та орналасты. Ал 1988 жылдың 1 қаңтарынан ХПҚҚ жабылып, жаңадан Жер айналуының халықаралық қызметі құрылды. Ол полюстің айналуы мен Жер айналуының бірқалыпсыздығын радиоинтерферометрлік әдіспен және Жердің жасанды серіктері арқылы лазерлік өлшеулер әдісімен анықтап отырады.

Авторлық сілтеме:
ДОСАЕВА Т.Т., ШАКЕНОВ М.Б. Д64 Сфералық астрономия: оқу құралы /Т.Т. Досаева, М.Б. Шакенов –Талдықорған: ЖМУ. 2011. – 83 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *