Топырақтың пайда болуы, құрамы жəне негізгі қасиеттері

Топырақтың пайда болуын ғылыми тұрғыдан бірінші рет терең зерттеген атақты орыс ғалымдары В.В.Докучаев, П.А.Костычев, Н.М.Сибирцев болды. Олардың осы бағыттағы зерттеулерін əрі қарай дамытып, толықтырулар енгізген ғалымдардың ішінен В.Р. Вильямсті, Г.Д.Глинканы, Л.И.Прасловты, И.В.Тюринді жəне басқаларын атауға болады. Топыраққа бірінші рет ғылыми анықтама берген В.В.Докучаев. Оның анықтамасы бойынша топырақ дегеніміз судың, ауаның, əр түрлі тірі жəне өлі организмдердің табиғи жағдайда бірлесіп əрекет етуі нəтижесінде пайда болған тау жыныстарының сыртқы қабаты. Топырақ басқа табғи денелермен, соның ішінде өзі пайда болған тау жыныстарымен, салыстырғанда жеке дара табиғи дене болып саналады. Өздерінің ғылыми зерттеулерінің нəтижесінде В.В.Докучаев тектік (генетикалық), ал П.А.Костычев агрономиялық топырақтанудың негіздерін қалады. Кейінірек В.Р.Вильямс топыраққа дəлірек анықтама берді. Оның айтуынша топырақ дегеніміз өсімдіктер өнім бере алатын құрлық жердің борпылдақ құнарлы беткі қабаты.

Топырақ түзілу процесі. Топырақ негізінен минералдық, органикалық жəне органоминералдық заттардан тұрады. Осылардың ішіндегі ең басымы – минералдық заттар. Олардың үлесіне барлық топырақ салмағының 80-90 пайызы тиеді. Минералдық заттар жер қыртысын құрайды жəне олар тау жыныстарынан пайда болған. Жер қыртысының тау жыныстары магмалы, шөгінді жəне метаморфтық болып үшке бөлінеді. Жер қыртысын құрайтын минералдар мен тау жыныстары əр түрлі химиялық қосылыстардан, яғни кремний, күкірт, фосфор қышқылдары тұздарынан, темір, алюминий тотықтарынан жəне таза элементтерден тұрады. Аталған қосылыстардың құрамында өсімдікке қажетті фосфор, калий, күкірт, кальций, магний жəне тағы басқа жəне элементтер бар. Топырақтың тау жынысынан пайда болуы жер бетінде қарама-қарсы бағытта жүретін бұзылу жəне топырақ түзілу құбылыстарының нəтижесінде жүзеге асады. Бұл құбылыстар табиғатта бір мезгілде бірі мен бірі тығыз байланыста жүреді.

Бұзылу дегеніміз жер бетіне шыққан тау жыныстарының бұзылып, өзгеріске ұшырауы. Ол атмосферлық (температура, жауын-шашын, жел жəне тағы басқалар) жəне биосфералық (көмір қышқыл газы, тірі организмдер) факторлардың əсерінен болады. Бұзылудың физикалық, химиялық жəне биологиялық түрлері болады.

Физиклық немесе механикалық бұзылу нəтижесінде тау жыныстары көлемі жəне пішіні жағынан əр түрлі сынықтарға бөлінеді, бірақ олардың алғашқы химиялық құрамы өзгеріске ұшырамайды. Бұл бұзылу тау жыныстарының сыртқы қабатындағы тəуліктік жəне маусымдық температураның күрт өзгеруінің нəтижесінде пайда болады. Күндіз жəне жылдың жылы маусымында температура жоғары, сондықтан тау жыныстарының беткі қабатының көлемі ұлғаяды, ал төменгі қабаты сол суық күйінде қалады. Осының нəтижесінде тау жынысының беткі жəне төменгі қабаттарының арасында жарықшақ пайда болады. Түнгі жəне салқын маусымдарда керісінше тау жыныстары салқындайды, сөйтіп олар өздерінің көлемдерін кішірейтеді. Бұл жағдайларда да тау жынысында жарықшақтар пайда болады. Осы жарықшақтарға жауын-шашын суы жиналып, олар жарықшақ көлемдерін ұлғайта түседі. Осының нəтижесінде тау жынысы əр түрлі бөлшектерге бөлініп, əрі қарай бұзылысқа ұшырап уатылады. Олар басқа факторлардың əсерінен химиялық бұзылуға ұшырайды, яғни химиялық бұзылыс басталады.

Химиялық бұзылудың салдарынан уатылған тау жынысының химиялық құрамы өзгеріп, алғашқы тау жынысында жоқ жаңа минералдар пайда болады. Химиялық бұзылуды тудыратын су, оттегі, көмір қышқыл газы жəне басқа факторлардың əсері. Осылардың ішіндегі басты фактор – су, себебі ол минералдарды жəне тау жыныстарын жұмсартып ерітеді. Химиялық бұзылу кезінде су мен тау жыныстарының арасында əр түрлі химиялық реакциялар (гидролиз, тотығу жəне тағы басқа) жүреді. Химиялық бұзылудың нəтижесінде бірінші ретте пайда болған минералдар ыдырап, олардың орындарына екінші реттегі минералдар пайда болады, сөйтіп тау жынысы одан əрі қарай уақталып, оның араларындағы қуыстылықтарға шөгінді лайлар жиналады. Сөйтіп тірі организмдердің өмір сүруіне қолайлы жағдай туады. Міне, осы мезгілден бастап биологиялық бұзылу жүреді.

Биологиялық бұзылу — тірі организмдердің жəне олардың бөліп шығаратын заттарының əсерінен тау жыныстарының механикалық бұзылуы жəне химиялық өзгеріске ұшырауы. Тау жыныстарының беткі қабатында өсетін өсімдіктер өздерінің тамыр жүйелері арқылы оларға механикалық əсер етеді. Сонымен қатар өсімдіктер мен əр түрлі микроорганизмдердің бөліп шығаратын заттары тау жыныстарының биологиялық бұзылып ұшырауына үлкен əсер етеді.Тау жыныстарының биологиялық бұзылуға ұшырауына, төменгі сатыдағы организмдердің, əсіресе қыналардың, бөліп шығаратын заттарының əсері өте зор. Өлген организмдердің қалдықтары ыдырағанда топырақта гумустық қышқылдар пайда болады, кезегінде олар тау жыныстарының əрі қарай бұзылуына əкеліп соғады. Сонымен бірге микроорганизмдер мен төменгі сатыдағы өсімдіктер тау жыныстарының беткі қабатын органикалық жəне коректік заттармен байытады. Осының арқасында тау жыныстарында жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің пайда болуына жол ашылады. Осы сəттен бастап топырақ түзілу процесі басталады.

Авторлық сілтеме:
Егіншілік негіздері. Оулық. Жаңабаев Қайырбек Шабантайұлы — Алматы, ҚазҰАҮ, 2012. 160б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *