Топырақтың негізгі белгілері

Топырақтың сыртқы (морфологиялық) белгілері бойынша ашық тау жыныстарынан айырмашылығы болады. Оларға топырақтың пішіні мен оның қалыңдығы, құрлысы, түс бояуы, гранулометриялық құрамы, құрылымы жəне басқа белгілері жатады. Топырақ пішіні деп оның беткі қабатынан топырақ түзетін аналық жынысқа дейін белгілі бір ретпен, бірінен кейін бірі, алмасып отыратын генетикалық қабаттардың жиынтығын айтады. Əрбір топырақ пішіні белгілі құрылысымен жəне құнарлылығымен сипатталады. Топырақ пішінінің қалыңдығы 20-30 см-ден 100-150 см-ге дейін ауытқиды.

Топырақтың құрылысы дегеніміз оның пішінін құрайтын генетикалық қабаттарының үйлесімі. Əртүрлі топырақта бұл үйлесім бірдей емес. Топырақтың көпшілік типтерінде қабаттардың төмендегідей ораласу сипаты бар: А-қабаты – шірінді қабат, органикалық заттардың көптігімен, түсінің қоңырлау болуымен ерекшеленеді. Бұл қабатта күл заттары мен гумустың жинақталу процесі жүреді. Қара топырақты жерлерде шірінді қабаты қаратүсті, сұр орман топырағында ашық сұрдан қара-қоңыр түске дейін, қызылқоңыр топырақтарда қоңыр-сұр түсті болады да А1, А2 тағы басқа қабатшаларға бөлінеді. В-қабаты – жуылатын, аналық жынысқа өту қабаты, ол үстіңгі қабаттан гумустың аз болумен ерекшеленеді жəне онда бірлі жарым тотықтар мен минералды тұздар жиналады. Сыртқы белгілеріне байланысты бірнеше жанама қабаттарға (В1, В2, тағы басқа) бөлуге болады. С-қабаты – мүлде қозғалмаған немесе аз мөлшерде қозғалған түзілу процесі жүрген аналық жыныс қабаты. Əрбір қабаттың қалыңдығы əр түрлі жəне бірқатар морфологиялық ерекшеліктермен сипатталады.

Топырақтың түс бояуы. Топырақ қара, қызыл, сұр, қоңыр , күлгін жəне басқа түсте болуы мүмкін. Егер топырақта қарашірінді (гумус) басым болса оның түсі қара, темір тотығы болған жағдайда қызғылт, кремний қышқылы немесе кальций карбонаты кездесетін жерлерде ақшыл болып келеді.

Топырақтың органикалық заттары. Əр түрлі дəрежеде ыдыраған органикалық қалдықтар мен гумусты топырақтың органикалық заттары деп атайды. Олар топырақтың маңызды бөлігі болып саналады.

Гумус (қарашірінді) — бір-бірімен жəне топырақтың минералдық бөлігімен тығыз байланысты болатын органикалық заттардың күрделі қосылысы. Топырақ гумусы жоғарғы жəне төменгі сатыдағы өсімдіктер, микроорганизмдер мен жануарлар өлгеннен кейінгі олардың органикалық қалдықтарынан пайда болады. Əр түрлі тірі организмдерден кейін қалатын органикалық заттардың мөлшері мен құрамы бірдей емес. Мысалы, дəнді дақылдардан кейін əр гектарда 1,5-2,0 тонна болса, көпжылдық шөптерден (жоңышқа) кейін 7,0 тоннаға дейін органикалық заттар қалады.

Топырақтағы органикалық заттардың келесі көзі – микроорганизмдер. Топырақ жай көзбен қарағанда өлі дене секілді. Бірақта, онда адам көзіне көрінбейтін қарапайымдылар, нематодалар, сонымен қатар көптеген буынаяқтылар жəне басқада тірі организмдер өмір сүреді. Мысалы, құнарлы топырақтардың 1м 2 жерінде 1,5 миллион қарапайымдылар мен 20 млн дейін нематодалар бар. Олардың көп болуына байланысты топырақты мекендейтін жануарлардың 1 гектардағы жалпы салмағы 3,5 тоннаға дейін жетеді. Олар өлгеннен кейін əр гектар жерге 0,1-0,2 тонна құрғақ органикалық заттар қалдырады.

Органикалық қалдықтар микроорганизмдердің, топырақ жануарларының, ауаның жəне ылғалдың əсерінен күрделі қосылыстардан қарапайым бөліктерге ыдырайды. Мысалы, ақуыздар пептидтер мен амин қышқылдарына, майлар глицерин мен май қышқылдарына, көмірсулар моносахаридтер мен органикалық қышқылдарға ыдырайды.Органикалық қалдықтар ыдыраған кезде күрделі органо-минералдық қосылыс гумус немесе қарашірінді пайда болады.Топырақтың физика-механикалық қасиеттерін жақсартуда жəне құнарлылығын арттыруда микроорганизмдер ерекше рөл атқарады. Сонымен бірге топырақтың құрылымын жақсартуда гумустың маңызы өте зор. Гумус топырақ бөлшектерінің байланыстылығын реттеп, олардың ілінісу күшін азайтады, топырақтың ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына жабысуын, яғни топырақ өңдегенде оның кедергісін төмендетеді.

Гумусы көп топырақтарда, олардың дымқылданып жəне құрғауының арқасында, көлемі ұлғаяды, сөйтіп топырақ пен атмосфера арасында газ айналу процесі жақсарады. Мұның өзі микроорганизмдердің тіршілігін күшейтуге, органикалық қалдықтардың тез ыдырауына, өсімдік тамырларының жақсы тыныс алуына жəрдем етеді. Гумустың арқасында топырақтың су өткізгіштік қабілеті жоғарылайды, яғни өсімдіктер мен микроорганизмдер ылғалмен қамтамасыз етіледі.

Гумустың ең басты маңызды қасиеті — ол баяу минерализияланады, сондықтан өсімдіктерді коректік заттармен бірте-бірте қамтамасыз етеді. Гумустың аз мөлшерде екендігіне қарамастан, ол топырақтың құнарлылығын арттыруда, өсімдікті коректендіруде маңызды рөл атқарады. Гумустың құрамында азоттың барлық қоры, фосфор мен күкірттің ауқымды бөлігі, аздап калий, кальций, магний тағы басқа коректік элементтер болады. Микрорганизмдердің органикалық заттарды ыдыратуының нəтижесінде элементтердің бəрі жеңіл сіңірілетін минералдық қосылыстарға айналады. Топырақтың құрамында гумусты көбейтудің негізгі тəсілдері мыналар: үнемі органикалық тыңайтқыштар беріп отыру, сидералды дақылдарды, көпжылдық шөптерді егу, қышқыл топырақтарды əктеу, топырақты жүйелі өңдеу, мелиоративтік шараларды жүргізу.

Авторлық сілтеме:
Егіншілік негіздері. Оулық. Жаңабаев Қайырбек Шабантайұлы — Алматы, ҚазҰАҮ, 2012. 160б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *