Топырақтың гранулометриялық құрамы

Топырақтың минералдық бөлігі əртүрлі минералдардан тұрады, олардың көлемі 1мм жəне одан үлкен болады. Көлемі əр түрлі бөлшектерді механикалық элементтер дейді. Топырақтың барлық фракциялары мына топтарға бөлінеді: ұсақ тасты бөлік, құм, шаң жəне лай. Ұсақ топырақ физикалық құм жəне физикалық саз болып бөлінеді. Оның 1мм ірі бөлшектерін топырақ қаңқасы немесе оның тасты бөлігі деп, ал 1мм ұсақ бөлігін – ұсақ топырақ деп атайды.

Топырақтың құрамындағы əр түрлі көлемдегі бөліктердің салыстырмалы немесе пайыздық шамасын топырақтың гранулометриялық құрамы деп атайды. Топырақты гранулометриялық құрамы бойынша жіктеуге физикалық құм мен физикалық саз бөлшектерінің пайыздық ара қатынасы негізделген. Осы көрсеткіш бойынша олар жеңіл құмды (бос, байланысты, құмдауыт), ауыр сазды (жеңіл, орташа, ауыр) жəне сазбалшықты (жеңіл, орташа, ауыр) болып бөлінеді.

Көлемі жəне пішіні жағынан əр түрлі топырақ бөлшектеріне немесе агрегатқа жіктелу қасиетін құрылымдылық, ал пайда болған бөлшектерді топырақ құрылымы деп атайды. Топырақ құрылымы агрегаттардың (бөлшектердің) мөлшеріне қарай микро, макро жəне мегақұрылым болып бөлінеді. Ал, агрегаттардың пішіні бойынша дəн, жаңғақ тəріздес жəне басқа түрлерін ажыратуға болады. Агрономиялық жағынан осылардың ішіндегі ең құндылары болып макроқұрылым, дəн жəне жаңғақ тəріздес құрылымдар есептеледі. Демек, топырақтың маңызды агрономиялық сипаты оның гранулометриялық құрамына, жылу, ауа, ылғал, коректік заттар режимдеріне тікелей байланысты. Гранулометриялық құрамы əр түрлі топырақта егіс жұмыстары əр мерзімде басталады.

Топырақтың физикалық қасиеттері. Топырақ табиғи дене болғандықтан, ол белгілі физикалық қасиеттермен айырықшаланады. Оның физикалық қасиеттеріне сыбағалы салмағы, көлемдік массасы жəне қуыстылығы жатады. Топырақтың сыбағалы салмағы дегеніміз 40С су масасының сол көлемдегі топырақтың қатты фазасына арақатынасы. Ол топырақ типіне қарай 1,25 г/см 3 тен 1,80 г/см 3 дейін ауытқиды. Топырақтың көлемдік массасы – табиғи жағдайдағы 1см 3 абсолютті құрғақ топырақ салмағы. Ол əрқашан меншікті салмақтан кем, яғни 1,0-1,4 г/см 3 аралығында болады. Топырақтың жалпы қуыстылығы деп оның барлық қуыстылығы мен бөлшектерінің арасындағы қуыстылықтар көлемдерінің қосынды жиынтығының топырақ көлеміне пайыз есебінен алынған қатынасын айтады. Топырақтың үстіңгі қабатында қуыстылық 50-60% –ке дейін, ал төменгі сазды жəне балшықты қабатында –35-49%, құмды қабатында –30-35% болады. Жалпы қуыстылық капиллярлық жəне капиллярлық емес болып бөлінеді. Капиллярлық қуыстылықта ылғал, ал капиллярлық емес қуыстылықта ауа болады. Өсімдіктің өсуі үшін жердің жыртылған қабатындағы топырақтың қолайлы жалпы қуыстылығы 50-55% болу керек.

Топырақтың физика-механикалық қасиеттеріне созылғыштық, жабысқақтық, тығыздық, қаттылық, ісіну, шөгу, серпімділік, байланыстылық жəне физикалық, “пісіп-жетілу” жатады.

Созылғыштық топырақтың өз формасын сыртқы күштің əсерінен өзгерту жəне сол өзгерген қалпын ұзақ уақыт сақтау қабілеті. Ол топырақтың гранулометриялық құрамына, ылғалдылығына жəне тағы басқа жағдайларға тікелей байланысты. Сазды, саз балшықты топырақтар жəне ылғал күйіндегі құмдауыт топырақтар созылғыш келеді. Құмды топырақ созылғыш болмайды, олардың сусып төгілу қабілеті басым.

Жабысқақтық деп топырақтың өңдейтін ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарына, сондай-ақ басқа заттарға жабысу қабілетін айтады. Топырақтың бұл қасиеті оның гранулометриялық құрамына жəне ылғалдылығына байланысты. Құрғақ жəне өте ылғал топырақтың жабысқақтық қасиеті жоқ. Топырақтың ауылшаруашылық машиналары мен құрал-жабдықтардың жұмыс органдарына жабысуы, өңдеуге жəне оның сапасына кедергі жасап, кері əсер көрсетеді.

Қаттылық — топырақтың өзіне басқа денелердің, яғни өсімдіктер тамырларының, өңдеу құралдарының жұмыс органдарының, немесе басқа қатты денелердің енуіне кедергі көрсету қабілеті. Ол гранулометриялық құрамға, құрылымға, ылғалдылыққа жəне басқа қасиеттерге байланысты. Топырақтың қаттылығы құрғақ жəне гранулометриялық құрамы ауыр болғанда жоғары болады. Топырақтың қаттылығы ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының кедергісін арттырып өсімдіктің тамыр жүйесінің өсуін тежейді.

Тығыздылық дегеніміз топырақтың бөлінуге жəне сығылуға қарсы тұра алатын қабілеті. Ол топырақ бөлшектерінің ілінісу күшіне, гранулометриялық құрамына байланысты. Балшықты топырақтардың тығыздылығы жоғары, ал құмдық топырақтардікі керісінше төмен болады. Топырақ өте тығыз болған жағдайда өсімдіктің тамыр жүйесінің өсуі мен дамуы бəсеңдеп, оның ылғал, ауа, жылу жəне коректік заттар режимдері нашарлайды.

Ісіну — ылғалданғанда топырақ көлемінің ұлғаюы, ал шөгу — кепкенде топырақ көлемінің кішірейуі. Бұл өлшемдер топырақтың гранулометриялық құрмдарына байланысты болады. Ауыр топырақтар жақсы ісінеді, ал кепкенде көп шөгеді. Топырақ ісігенде жарықшақ пайда болады, ол өсімдік тамырының үзілуіне əкеп соғады.

Байланыстылық — топырақты бөлшектеуге бағытталған сыртқы күштердің механикалық əсеріне қарсы тұру қабілеті. Ол топырақтың гранулометриялық құрамына, құрылымына, ылғалдану дəрежесіне байланысты. Ауыр топырақтардың байланыстылығы жоғары, құмды жəне ылғалды топырақтардікі төмен.

Топырақтың “физикалық пісуі” дегеніміз оның өңдеуге жарамдылығы. Ол топырақтың физика-механикалық қасиеттеріне ылғалдылығына байланысты. «Піскен» топырақ жеңіл өңделеді, құралдардың жұмыс органдарына жабыспайды, кесекке айналмайды.

Топырақ қабыршағы көктемде қар ерігеннен немесе жазда нөсер жаңбырдан жəне суарғаннан кейін топырақ дегдіген кезде пайда болады. Ол көбінесе гранулометриялық құрамы ауыр топырақтарда жиі кездеседі. Топырақ қабыршағы газ алмасуды нашарлатып, ылғалдың буланып ұшып кетуіне жол береді жəне өсімдіктің көктеп шығуына кедергі жасайды.

Авторлық сілтеме:
Егіншілік негіздері. Оулық. Жаңабаев Қайырбек Шабантайұлы — Алматы, ҚазҰАҮ, 2012. 160 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *