Топырақ түзілу процесі

Тау жыныстарында жасыл өсімдіктер өсе бастаған мезгілден топырақ түзілу процесі жүреді. Ол өте ұзақ тарихи кезеңді қамтиды жəне жер бетіндегі өсімдіктер мен жануарлар эволюциясына тығыз байланысты. Бұл дегеніміз топырақта жүретін зат жəне энергия алмасуы мен қозғалыстың біріккен құбылысы.

Бір мезгілде жəне бірімен бірі тығыз байланыста болатын процестердің нəтижесінде топырақтың түзілуі төмендегідей жүреді: — тау жыныстарының минералдары ыдырап, олардың орындарына жаңа минералдар, өсімдік қоректенетін күлді элементтер пайда болады; — тау жыныстарының бетінде органикалық заттар түзіледі, олар ыдырайды, гумустың пайда болуы жəне оның бұзылуы нəтижесінде жаңа органо-минералдық қосылыстар түзіледі, күлді жəне азотты коректік заттар бөлініп шығады; — минералдық жəне органикалық заттардың бір-біріне əсері нəтижесінде əр түрлі дəрежедегі органо-минералдық қосылыстар пайда болады; — топырақ түзілу кезінде пайда болған минералдық, органикалық жəне органо-минералдық заттардың топырақ қабатында орын ауыстыруы жəне шөгуі болып тұрады; — топыраққа ылғал жиналады, ол транспирация жəне булану арқылы қайтадан атмосфераға ұшып кетеді; — топырақ күн сəулесін сіңірудің арқасында қызады, жылуды бөліп шығарады жəне суыйды. Осы процестердің нəтижесінде өсімдіктер тамырлары төменгі қабатта жатқан тау жыныстарындағы қоректік элементтерді беткі қабатқа шығарады. Сонымен бірге ауаның көмір қышқыл газын, суды, күлді элементтерді, азотты, күн сəулесінің энергиясын пайдалану арқасында өсімдіктер органикалық заттарды синтездейді.

Топырақта органикалық заттар түзілуімен қатар оның микроорганизмдердің əсерінен ыдырауы жүреді, сондықтан қайтадан минералдық қосылыстар пайда болады, оларды өсімдіктердің келер ұрпағы пайдаланады. Сөйтіп, өсімдіктер мен топырақ түзетін тау жыныстарының, күлді элементтер мен азоттың айналысы болады. Осының нəтижесінде топырақтың беткі қабатында өсімдіктердің минералдық жəне азоттық қоректік заттары жиналады. Олар топырақ құнарлылығының бірден-бір факторы болып табылады. Бұл айналым, В.Р.Вильямстың ұсынысы бойынша заттардың кіші биологиялық айналысы деп аталды.

Табиғатта кіші биологиялық айналыспен қайтар үлкен геологиялық айналыс жүреді. Топырақ ерітіндісіндегі заттар өздерінің тұрақты қозғалыста болуының арқасында оларды атмосфереалық жауын-шашынның су ағыны мұхиттар мен теңіздердің түбіне апарып шөктіреді. Олардан шөгінді тау жынысы пайда болады. Осы тау жыныстары жер қыртысының техтоникалық қозғалысының арқасында қайтадан жер бетіне шығып, құрлық пайда болады. Бұзылудың салдарынан олардан өсімдіктер пайдаланатын қоректік заттар бөлініп шығады. Бұл құбылыс геологиялық ұзақ уақытты қамтиды, сондықтан заттардың үлкен геологиялық айналымы деп айтылады.Топырақ түзілу процесінің негізі – затардың кіші биологиялық айналымы.

Топырақ түзілу факторлары

Қоршаған табиғи орта мен топырақтың арасындағы байланысты В.В.Докучев топырақ түзілу факторлары деп атады. Оларға биологиялық (өсімдіктер мен жануарлар əлемі), аналық тау жыныстары, климат, жер бедері, топырақтың жасы жəне адамдардың өндірістік іс əрекеті жатады. Биологиялық факторларға микрооганизмдер топтары, яғни жоғарғы жəне төменгі сатыдағы өсімдіктер мен жануарлар əлемі жатады. Топырақ түзілу процесіне өсімдіктер формацисы үлкен əсерін тигізеді. Өсімдіктер формациясы ағаш жəне шөп тектес болып бөлінеді. Оның жапырақтары, сабақтары, тамырлары жəне басқа органдары топырақтағы органикалық заттардың негізгі көзі болып табылады.

Өсімдіктердің ағаш тектес формациясы ондаған, кейде тіпті жүздеген жылға дейін өмір сүреді. Бұл формация өкілдері ағаштың түрлеріне, өсетін аймағына байланысты əр гектар жерге 0,5-тен 15,0 тоннаға, ал шөп тектес өсімдіктер далалық аймақтарда 4 тоннаға дейін құрғақ органикалық заттар қалдырады. Бірақ, тез айналымдылығының арқасында топырақ түзілу процесіне ағаш тектес өсімдіктер формациясының əсері əлдеқайда күшті. Осы органикалық заттар ыдырағанда топырақта органикалық қосылыстар, алдымен гумустық заттар пайда болады. Олар өз кезінде топырақтың физикалық, химиялық, ылғалдық жəне басқа қасиеттерін жақсартады.

Топырақ түзілу процесінде бактериялардың, саңырауқұлақтардың, балдырлардың, қыналардың атқаратын рөлі зор. Олар топырақтағы өсімдіктер мен жануарлар қалдықтарын ыдыратып, ауылшаруашылық дақылдарына қажетті қоректік элементтерді босатады. Топырақты мекендейтін қарапайымдылар (инфузориялар, құрттар, насекомдар) мен жер қазушы жануарлар (қосаяқтар, аламандар, саршұнақтар, көртышқандар) топырақ түзілу процесінде үлкен рөл атқарады. Олар өмір сүру барысында топырақты органикалық заттармен байытады. Атап айтқанда, топырақта өмір сүретін омыртқасыз жануарлар əрбір гектар жерге далалық аймақта 250 кг, ал шөл аймақта 10 кг биомасса қалдырады. Сонымен қатар олар ін қазып, топырақтың қуыстылығын арттырады жəне су өткізгіштік қабілетін жоғарылатады. Сөйтіп, топырақ түзілу процесінде өсімдіктер мен жануарлар əлемінің алатын орны ерекше. Түзілу процесінде топыраққа айналатын тау жынысының үстіңгі қабатын аналық тау жынысы дейді. Ол топырақ массасының негізгі бөлігін құрайды. Аналық тау жынысы топырақ түзілгеннен кейін топырақ пен тау жынысының арасындағы төсеніш қабат болып қалады да, олардың арасында үздіксіз ылғал, суда ерігіш тұздар, жылу энергиясы жəне газ алмасу процестері жүреді.

Климат элементтеріне жел, атмосфералық жауын-шашын, температура, топырақтың жылулық, ауа-ылғалдылық қасиетері жатады. Олар өсімдік, тау жынысына, органикалық заттардың ыдырау шапшандығына жəне топырақтың минералдық бөлігінің бұзылуына əсерін тигізеді.

Жауын-шашынның мөлшеріне жəне топырақтағы ылғалдың булану жылдамдығына байланысты тұздардың қозғалу бағыты анықталады. Тұздар төмен қарай жылжып ыза сумен шайылып кетеді, немесе ыза суының көтерілуінің нəтижесінде топырақтың беткі қабатына жылжып, оны екінші рет тұздандырады. Климат жағдайына байланысты əр түрлі табиғи аймақтарда топырақ типтері қалыптасады.

Жел – климаттың бірден-бір элементі, ол физиклық мүжілу жəне жел эрозиясы процессін туғызады. Желдің əсерінен топырақтың майда бөлшектері ұшып кетіп, оның үстіңгі қабаты құмға айналады, сол арқылы тасты түйіршік топырақ дамиды.

Жер бедері топырақ түзілу факторы ретінде екі түрге бөлінеді: макробедер жəне микробедер. Макробедер үлкен аймақты қамтиды. Тік белдік жағынан үлкен ауытқушылықта болады (таулы, ойпатты, жазық жəне тағы басқа) Микробедер аласа, кедірлі-бұдырлы, тегіс емес, далалық ойпат жерлерді алып жатқан шағын аймақ. Жер бедері ылғалдың таралуына, яғни топырақтың ылғалдылығына əсер етеді. Қыраттарда судың біраз бөлігі ағып кетеді, ал ойпат жəне ой жерлерде су шамадан тыс көп жиналады да, ыза суы деңгейінің жоғары көтерілуі нəтижесінде топырақтың батпақтануына, ал ыстық аймақта сортаң қабаттың пайда болуына əкеліп соғады. Сондай-ақ, жер бедері топырақтың жылу режиміне да əсер етеді. Солтүстік беткейлер, оңтүстік беткейге қарағанда нашар қызады, ал осы құбылыс сол жердің өсімдік жамылғысына жəне топырақтың ылғал режиміне əсерін тигізеді.

Елдің жасы немесе уақыт факторы. Топырақ түзілу процесінде, оның эволюциясының рөлі ерекше. Топырақтың абсолютті жəне салыстырмалы жасын ажыратуға болады.Топырақтың абсолютті жасы елдің жасымен байланысты, неғұрлым су мен мұз қабатынан ертерек арылған жерлерде, топырақ түзілу процесі де ертерек басталған. Ең көне топырақ деп оңтүстік дала топырағын , ал ең жас деп тундра топырағын айтуға болады.

Адамның өндірістік іс-əрекеті. Топырақ түзілу процесіне табиғи факторлармен қатар адамның өндірістік іс-əрекетінің тигізетін əсері саналуан. Мысалы, тың жерлерді жырту, жасанды су қоймаларын соғу, батпақтарды кептіру, егістіктерді суару, топырақты өңдеу, танаптың жиектеріне орман алқабын отырғызу жəне басқа шаралар топырақ түзілу процесіне үлкен əсер етеді.

Авторлық сілтеме:
Егіншілік негіздері. Оулық. Жаңабаев Қайырбек Шабантайұлы — Алматы, ҚазҰАҮ, 2012. 160б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *