Жер бетінде өсімдіктердің алуан түрі өссе, жануарлардың көптеген түрлері тіршілік етеді. Жыл сайын биолог ғалымдар олардың жаңа түрлерін ашуда. Өсімдіктердің, жануарлардың көптүрлілігін бағдарлайтын жүйелеу (систематика) ғылымының мақсаты — өсімдіктер мен жануарларды әртүрлі топтарға жіктеу. Бұл жаңадан ашылған түрлерді жалпы жүйеде өз орнына орналастыруға көмектеседі. Демек, оларды топтарға біріктіреді — жіктейді.
Жануарлар мен өсімдіктерді жіктеудің негізгі бірлігі түр болып табылады. Жануарлардың жіктелуі — түрден типке дейінгі әртүрлі таксондардың бір-біріне тәуелділігі. Түр — құрылысы, тіршілік ету ортасы ұқсас, өзара шағылысып ұрпақ бере алатын және белгілі аумаққа қоныстанған даралар жиынтығы. Түр өз кезегінде популяциялардан тұрады. Популяция — белгілі бір ареалда ұзақ уақыт басқа популяциялардан оқшау тіршілік ететін, бір түрге жататын даралар тобы.
Жүйелеудің негізгі бірлігі ретінде түр ұғымын ғылымға енгізген швед ғалымы Карл Линней (1707-1778) болды.
Ғалымдар жаңа түрлерді ашып сипаттады және оларға атау берді. Алғашқыда атаулар сол түрді ашқан зоологтің ана тілінде берілген болатын. К.Линней түрлерді атауда жалпыхалықаралық латын тілін пайдалануды ұсынды. Әртүрлі мемлекеттердің зоолог ғалымдары қандай жануар жөнінде айтылып жатқанын түсіну үшін К.Линней әрбір түрге екі сөзден тұратын латын атауын берді. Атаудың бірінші сөзі — зат есім, ол жануардың белгілі бір туысқа жататынын (мысалы, «шағала») білдіреді, атаудың екінші сөзі — сын есім, түр анықтамасын («көл») береді. Нәтижесінде белгілі құстың — көл шаваласының түр атауы анықталады. Бұл атау тек соған ғана тиесілі, мұндай атаумен басқа жануар аталмайды.
Жақын түрлерді бір туысқа біріктіреді. Мысалы, қарға, құзғын, шауқарға және ұзақ қарғалар туысына біріктірілген. Жақын туыстарды тұқымдасқа біріктіреді — қарға туысы, сауысқан туысы, жорғаторғай туысы, самырсын туысы қарғалар тұқымдасына біріктірілген. Өз кезегінде жақын тұқымдастарды отрядқа біріктіреді. Көкшымшық тұқымдасы, қарғалар тұқымдасы, қарлығаштар тұқымдасы торғайтәрізділер отрядына жатады. Жақын отрядтар класты құрайды — торғайтәрізділер отряды, жапалақтәрізділер отряды, қазтәрізділер отряды құстар класына жатады. Жақын кластар типке біріктірілген. Құстар класы, қосмекенділер класы, сүтқоректілер класы желілілер (хордалылар) типіне жатады.
Қазіргі кезде жануарлардың 25 типін ажыратады. Бұлардың барлығы жануарлар патшалығына біріктірілген. Жануарлардың заманауи жіктелуі олардың арасындағы туыстық, эволюциялық қатынасты көрсетеді (32-сурет). Өсімдіктерді жүйелеу: түрлер туысқа, туыстар тұқымдасқа, тұқымдастар қатарға, қатарлар класқа, кластар бөлімге, бөлімдер патшалыққа бірігеді.
[alert style=»success»]Өз білімдеріңді тексеріңдер[/alert]
[accordion][accordion_block title=»1-сұрақ»]Жүйелеу ғылымының міндеті қандай?[/accordion_block][accordion_block title=»2-сұрақ»]Түрдің қос атауын кім енгізген?[/accordion_block][accordion_block title=»3-сұрақ»]Түр популяциясы дегеніміз не?[/accordion_block][/accordion]