Біржасушалы жануарларда заттардың тасымалдану ерекшеліктерін амебаны мысалға ала отырып қарастырайық. Ол қозғалғанда цитоплазма жасушаның бір бөлігінен екінші бөлігіне қарай құйылады. Оның құрамында болатын заттар жасушаның бүкіл бөліктеріне таралады және орын ауыстырады — бұл — енжар (пассивті) тасымалдану (53-сурет).
Қоректік заттардың бұлай орын ауыстыру механизмі өсімдіктерге ұқсас, бірақ пассивті тасымалданудан басқа белсенді тасымалдану да бар. Тіршілік теңізде пайда болған, ол орта көпке дейін организмдердің жасушаларына барлық қажетті заттарды жеткізіп беретін тасымалдау құралының қызметін атқарған. Бірақ бірте-бірте жануарлардың құрылысы күрделене түсті. Миллион жылдар бойы организмдер жетіліп, қоршаған орта суларының бір бөлігін денесінің ішінде сақтап, өзінің жеке «суқұбырын» түзді. Уақыт өте сақталған теңіз суы қанайналым жүйесінде айналымға түсетін ғажап сұйықтыққа айналды. Осылай әлемде қан пайда болды. Жоғары сатыдағы жануарлар мен адамдарда қан барлық мүшелер мен ұлпаларға қоректік заттар мен оттекті таратады (54-сурет).
Сонымен қатар қанайналым жүйесі дене температурасы мен организмдердің ішкі орта тұрақтылығын, мүшелердің өзара байланысын, ұлпалар мен мүшелердегі газ алмасуды қамтамасыз етеді. Өсімдіктерде өткізгіш ұлпа әртүрлі өткізгіш элементтерден тұратын (трахеидтер, түтіктер, сүзгілі түтікшелер) және өсімдіктің тамыр ұшынан жас өркеннің ұшына дейінгі барлық мүшелерін өзара байланыстыратын біртұтас тарамданған жүйені құрайды. Әдетте, түтіктер мен тіннің сүзгілі түтікшелері сияқты өткізгіш элементтер өсімдік мүшелерінде жақын орналасып, қатар тұратын механикалық және негізгі ұлпа жасушаларымен бірге жіпшелер немесе өткізгіш шоқтарын түзеді. Өткізгіш ұлпалар жүйесі дамыған қырықжапырақтар мен тұқымды өсімдіктер түтікті өсімдіктер тобына біріктіріледі.
Су мен онда еріген минералды заттар тамырдан жоғары қарай сабақ арқылы ағаш сүрегі бойымен көтеріледі. Бұл — заттардың жоғары ағысы. Егер сиямен боялған суға ұзын сабақты бальзамин бұтағын салса, судың сабақ бойымен жапыраққа қарай олардың жүйкелерін бояп, жоғары көтерілгенін көруге болады (55-сурет).
Сабақ бойымен өтетін түтіктер жапыраққа дейін тарамданып, жапырақта да тармақталады. Осы түтіктер арқылы су жапыраққа жеткізіледі. Судың сабақ бойымен көтерілуіне тамырдағы қысым мен жапырақтағы судың булануының үлкен әсері бар. Жапырақтағы буланған судың орнына үнемі жаңасы келіп отырады. Жапырақтағы органикалық заттар өсімдіктің барлық бөліктеріне тіннің сүзгілі түтікшелері арқылы тарайды. Бүл — өсімдіктерді қоректік заттармен қамтамасыз ететін заттардың төменгі ағысы.