Терроризм сабақтары

Адамзаттың бейбіт өміріне қауіп төндіруші құбылыс ретінде терроризм қаупі ХХI ғасырда тіптен күшейе түсті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы халыққа жолдауында көрсетілгендей халықаралық терроризм діни экстремизмге және үнемі өсу үстіндегі наркотрафикке байланысты/1/. Терроризмді ауыздықтауға Қазақстан да аса мүдделі. Себебі, терроризмде шекара жоқ. Оның соққысына әрбір мемлекеттің ұшырауы ықтимал. Қазақстан да ондай қауіптен тысқары тұрған жоқ. Кейінгі жылдарда террористік әрекеттерге қатысы бар, діни экстремистік идеологияны басшылыққа алатын халықаралық діни ұйымдастырудың біздің еліміздегі қызметтері тым белсенді бола бастады. Олар Қазақстан тәуелсіздігін, Конституция мен заңдық актілерін аяққа таптағысы келеді.

Діни ұйымдардың идеологиясына, іс-әрекеттеріне баға бере келе Республиканың Жоғарғы соты жеті халықаралық ұйымға террористік деп баға беріп, елдегі қызметтеріне тиым салды. Бұл ұйымдар «Асбат-аль Ансар», «Мұсылман бауырлары», «Талибан»,

«Боз гүрд», «Орталық Азыл моджахедтерінің жамааты», «Лашкар- и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Истлах»/2/.

Аталған ұйымдардың миссионерлері бұрын Оңтүстік Қазақстанда қызмет етсе, енді олар Батыс Қазақстанда да белсенді әрекеттер жасай бастаған. «Хизб-ут-Тахрир» діни ұйымның қызметін де заңсыз деп жариялау ұсынылуда. Бұл ұйымның 13 мыңнан астам кітапшалары мен үнпарақтары тәркіленген. Осылармен бірге «Шығыс Түркістанның ислам партиясы»,

«Өзбекстан ислам қозғалысы», «Таза ислам» (ваххабит) сияқты террористік ұйымдары мүшелерінің ел аумағында қызметтері байқалуда.

Діни экстремистік ұйымдардың мақсаты Қазақстанды тәуелсіздік даму жолынан тайдыру. Елдің шикізат қорларын әлемдік жаңа мұсылмандық халифат құру мақсатында жұмсау, әлемдік ислам мен христиан діндерінің күрес плацдармына айландыру. Қазақстанға XXI ғасыр басында осындай әлемдік қауіптердің қыспағынан шығынсыз шығу мәселесін шешу міндеті тұр.

ХХI ғасырдың басында әлемдік саяси өмірдегі басты ерекшелік терроризмнің (лаңкестік) адам өміріне қаупінің бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде етек алуы. Тіптен мемлекетаралық, этникалық қақтығыстар мен локальды соғыстарға қарағанда қандай мемлекетке болмасын терроризм қаупі басым бола түсуде.

Кейбір сараптаушылар терроризмді үшінші дүниежүзілік соғыс деп те жүр. Бұл бағаның мәні де бар. Себебі, терроризм әлемнің көптеген мемлекеттерін қамтып, шекараны бөлмей жүріп жатыр. Кейінгі онжылдықта терроризмді ауыздықтау тіптен мүмкін болмай кетті. Терроризм әлемдік тарихтың жаңа қауіпті феноменіне айналды. Оның шексіз әділетсіздігі көп жағдайда жазықсыз бейбіт адамдардың өмірлеріне қауіп төндіруінде, адам өмірін ойыншық етуінде. Соңғы онжылдықта лаңкестік әрекеттер ондаған мың адамдар өмірін қиып, миллиардтаған доллар материалдық шығындар әкелгені даусыз. Ресми деректер бойынша 2002 жылы 8 айда ғана 390 теракт болып, онда 4776 адам қаза болған. 1992 жылдан бастап терактілер саны жыл сайын 10 пайызға жуық артып отырған/1/. Терактілер әлемнің түпкір-түпкірінде дүркін-дүркін қайталануда. Оның құрбандары АҚШ-тың, Ресейдің, Пәкістанның, Индонезияның, Жапонияның, Ирактың, Түркияның, Испанияның т.б. елдердің бейбіт халқы, бейқам тұрғындары. Жазықсыз жандар саяси теке-тірестің құрбаны болуда.

Бұл ретте терроризмді қазіргі қоғамдағы абсурдтық құбылыс деуге болады. Оның өзекті, өмірлік мән-мағынасы жоқ. Себебі террористер әрекеттерінен жекелеген мемлекеттердің саясаты, қоғамдық ой-пікірлер өзгеріп жатқан жоқ. Терроризм тек қорқыныш пен үрей ғана әкеледі. Террористік топтар саяси күрестен еш нәтиже ала алмаған соң жанкештілік, өшпенділікпен кек алуға кіріскен топтар. Олар үшін кек алу, қорқыту, бейбіт адамдарды қыру саяси қарсылықтарын өз дегендеріне көндіру жолы. Осы мақсат үшін лаңкестер ешкімді аямақ емес. Көкейкесті мақсат жолында шектеп шыққан қатігездікке бару, жанпидалыққа салыну терроризмнің күрес тәсіліне айналып отыр. Террористердің ешкімді аямайтындығын, олар үшін қасиетті ештеңе жоқ екендігін, Алланың атын қаралап айуандыққа салынған қара долы күш екендіктерін Россияның Солтүстік Осетиясындағы Беслан қаласында болған 2004 жылы 1 қыркүйектегі оқиғалар дәлелдеп берді.

Террористердің 1150-ден астам нәрестелер, оқушылар, мұғалімдер, ата-аналарды кепілдікке алуы бүкіл әлемді түршіктірді. Жазықсыз жандар мектеп ішінде террористер мен мемлекеттік билік теке тіресінің құрбандығына айналды. 33 лаңкес 3 күн осыншама адамды адам төзгісіз қорлықта ұстаған. Ресей қарулы күштерінің құтқару операциясы бейбіт оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың қырылуы операциясы болды. 335 адам оққа ұшып бомба жарылысынан қаза тапты. Олардың басым көпшілігі оқушылар. 450-ден астам адам жарақат алған. Ингушетияның бұрынғы президенті, Руслан Аушев лаңкестерге барып, 26 жас балалар мен нәрестелерді босатып алды. 150-дейге адам тағдыры белгісіз. Ал Беслан мектебі мұғалімдерінің жасаған тізімі бойынша мектепте 1370 адам болған. Олардың арасынан 335 адам қаза болса, соның 170-і оқушы балалар мен 15-і мұғалімдер болған. Беслан мектебі мұғалімдерінің балалар өмірін сақтау үшін істеген әрекеттерін барлық халықтардың мұғалімдері үлгі етері сөзсіз.

Терроризмнің ғаламдық құбылысқа айналуы оның іске асуының арзандығына да байланысты. Армияны ұстауға миллиардтаған шығын қажет болса террористік әрекеттерге мұндай үлкен қаржы қажет емес. Террористік әрекеттерді мұқият, құпиялықты сақтап дайындаса үлкен шығын, адам қырғынын, қайғы-қасірет, ең бастысы ауыр үрей әкеледі. Террористер оқиғаларымен қабаттас 3 лаңкестік әрекеттер болды. Бір күнде 2 ұшақ әуеде жарылып 100-ге тарта адам мерт болса, Мәскеу метросындағы бомба жарылысынан 30-дан астам бейбіт тұрғын өлді. Бар жоғы бір аптада шешен лаңкестері 4 өте ауыр салдарлы террористік актілер жасап үлгерді. Террактілер салдарынан аз күнде ресми деректер бойынша 465 бейкүнә жандар көз жұмды. Қаншама өмір жазықсыз қиылып, қаншама жанұя жазықсыз қайғы жұтып қалды. Лаңкестіктің трагедиясы оның аяусыз әділетсіздігінде. Мысалы, шешен лаңкестерінің басшысы Шамиль Басаевтың айтуынша оның тобы екі ТУ-134 ұшақтарын жаруға 4000 доллар, Кашира шоссесі мен метродағы жарылыстарды жасауға 7 мың доллар, «Норд Ост» ойын-сауық орталығын басып алуға 8 мың евро ғана жұмсаған./6/

2010 жылы Мәскеу қаласының метросында 2 мәрте лаңкестік әрекет орын алды. Бұл оқиғадан да 20 шақты жазықсыз жандар қаза болды. Әлемдік терроризм құбылысы Иракта, Үндістанда, Пәкістанда, Испанияда т.б. мемлекеттерде қайталануда.

Алайда, Ресейде болып жатқан оқиғалар Қазақстанды бей-жай қалдыра алмайды. Себебі, Қазақстандағы экономикалық және қаржылық үрдістердің дамуы Ресейде болып жатқан үрдістерге өте ұқсас. Терроризмнің тежеусіз болуына Ресейдегі сыбайлас жемқарлықтың, коррупцияның әсері зор. Террористер ақшаға сатылатын шекарашыларды, кеден вокзал, әуежай күзеті басшыларын, т.б. бақылау органдары қызметкерлерін өте оңай сатып ала алады. Сатылатын чиновниктер бар жерде адамдар өміріне қауіп төндірушілерге тосқауылдар қою қиын. Қазақстанда бақылау органдарынан қажет деп есептесе лаңкестер өте оңай жолмен өте алатындығы күмәнсіз. Аз жалақысына жанұясын асырай алмай отырған 40-50 жастағы полиция қызметкерлерін сатып алу оңай. Ел қауіпсіздігі үшін ондай мекемелерге алдын-ала дайындалған, тәрбиеленген, ақшаға сатылмайтын жоғары білімі бар жас жігіттер мен қыздарды қызметке жақсы жалақы беріп тарту дұрыс.

Терроризм себептерінің бірі-Шешенстан мұнайында. Ресей басшылығы империя тұтастығын ойлайды. Сонымен бірге шешен мұнайынан табыс табатын орыс бизнесмендерінің мүддесі тағы бар. Шешенстан өз байлығына, өз жеріне өзі толық қожалық етуді көксейді. Осы себептермен басталған қарулы қақтығыстар аяғы әзірше толасталмай қайталанып тұрған террористік әрекеттерге ұласты. Күнделікті тыныш өмірінен, туыстарынан, жиған- тергенінен айрылған шешен содырлары ешкімді де аямауға бел буды. Оларға өмір мен өлім үшін соңғы айқастар керек. Шешен содырларының құдайдан да, адамнан да, ұяттан да қорықпайтын психологиялық халде екендігін Бесландағы және т.б. оқиғалар дәлелдеді. Лаңкестер жас нәрестелерді де, аналарды да, өрімдей өсіп келе жатқан ұлдар мен қыздарды да аяған жоқ. Өз талаптары орындалмаған соң 1150-дей кепілдегі бейкүнә жандарды қырып жіберуге ұмтылды. Олардың 335-ін атып, жарып үлгерді. Бейбіт мектептегі періштедей балаларды қырудан шешен содырларының адамдық қасиеттерден мүлдем кеткендігін көреміз. Олардың идеологиясы ислам туын жамылғанымен бейбіт өмірді уағыздайтын ислам дініне ешқандай қатысы жоқ. Құран кәрімдегі кәпірлерге қарсы қасиетті соғыс идеясын басқыншылыққа, тікелей агрессияға қарсы бүкіл халықтық соғыс деп түсінуіміз керек. Ислам діні бейбіт халықты дініне, сеніміне қарай бөлген емес. Бейбіт адамдары дін жолы үшін құрбандық етуге ешқашан шақырған емес. Демек, террористік әрекеттер ислам дінінің дәстүрлі канондарына қарсы, дінді бұрмалаудың дөрекі құбылысы деп бағаламасқа лаж жоқ. Лаңкестер ислам дінін бұрмалаушылар ғана емес, оған қарсы әрекет етіп, оған кара күйе жағушылар.

Қазіргі терроризм тамыры күрделі. Оның себептерінің қалтарыстары көп. Әр елдегі лаңкестік себептері әр түрлі. Олардың қаржыландыру көздері де әр текті. Терроризмді бизнеске айналдырған құпия топтар да бар екендігі ақиқат. Мысалы, «Әл- Жазира» телеканалының тілшісі Акрам Хузам Лондонда қандай елден, қандай мақсатқа болмасын лаңкестер даярлап беретін фирмалар бар екендігін айтады. Бұл өте үлкен бизнес. Осындай фирмалар құпия және күрделі террористік актыларды жоспарлап және іске асырып беруді міндеттене алады. Бір операция өткізу арқылы миллиардтаған доллар пайда алады/8/. Бұл фирмалардың істеріне әлемдік террористер Бен Ладен, Хаттап, Абу аль- Валид, Абу Заркави т.б. қатысты деген деректер бар. Көп жылдар бойы Ауғанстан жері содырлар дайындайтын лагерлердің мекені болғаны рас. Әлемдік терроризмнің Ауған жеріндегі орталықтары талқандалған соң олардың басшылары Пәкістан, Иран мемлекеттеріне ауысуы ықтимал. Терроризм құбылысы шекараны білмейді. Ондай топтар қандай жер өзіне қолайлы деп шешсе сол елге көше береді. Сонымен қатар көптеген мемлекеттерде, тіптен дамыған елдерде олардың құпия, запастағы базалары бар екендігі дәлелденуде. Терроризмді қаржыландырушы әлемдік қаржы топтар бар екендігі де ақиқат. Ондай топтар халықаралық қақтығыстар мен шиеленистерден өте мол пайда табады немесе көкейкесті мақсаттарын орындауға қол жеткізеді.

Кейбір эксперттер терроризм себептерін АҚШ-тың империялық саясатымен және бірполюсті әлемдік тәртіптің қалыптасуымен байланыстырады. АҚШ арнаулы мекемелері Батыс Европа елдерінде болып жатқан террористік оқиғаларға жауапты ма деген күдік бар/9/. Себебі, АҚШ- үшін халықаралық терроризмге қарсы әлемдік күрес керек. Сондықтан АҚШ-тағы оқиғалар басқа елдерде қайталануы дұрыс. Сонда дамыған елдер халықтары терроризм күреске шығады және АҚШ-тың қандай да болмасын антитеррорлық әрекетін қолдайды. Бен Ладенді, Абу Заркавиді ұстаймыз деп АҚШ қандай да болмасын елге өз әскерін немесе арнаулы топтарын енгізуге мүмкіндік алады. Мысалы, әлем баспасөзі бір елде жасырын террористік топтар бар деп шуласа жеткілікті. АҚШ халықтары қолдайды. Демек, әлемдік терроризмге қарсы күрес идеясы АҚШ-қа өзінің империялық миссиясын орындауға желеу екендігін де есептен шығаруға болмайды. Халықаралық терроризмді желеу етіп АҚШ саяси элитасы еліне арабтарды, қытайларды, латын американдықтарды кіргізуді тоқтатады, демократиялық бостандықтарды шектейді. Бұл күрес АҚШ саяси элитасына «АҚШ-тың ұлттық мүдделерін қорғау» ұранымен өздеріне ұнамайтын қандай да болмасын мемлекеттің территориясына басып кіруге мүмкіндік береді. Қазіргі терроризмнің екі қайнар көзі бар деп есептейміз. Біріншісі, терроризмнің әр елдің саяси ахуалына қатысты ішкі себептері. Мысалы, Шешенстандағы Ресейдің саясатына қарсылық Өзбекстандағы саяси басшылықтың іс-әрекеттеріне қарсылық сияқты. Екіншісі, лаңкестікті халықаралық қатынастарды жаңаша реттеу мақсатында пайдалану. Халықаралық трансұлттық күштер терроризмді өздерінің экономикалық, қаржылық және саяси мүдделерін іске асыру мақсатында пайдаланып қоздырады.

Террористік әрекеттер әлемнің түкпір-түкпірінде халықтардың бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруіне бөгет болуда. Терроризм-зорлық пен күш көрсету арқылы қылмыстық әрекеттер жасау. Оның мақсаты террористік топтың мемлекеттік ұйымға, жекелеген саяси күштерге, қаржы, бизнестік жүйелерге қойылатын талаптарын зорлықпен, қорқытумен, күш көрсетумен іске асыру. Террористік әрекеттерге бастайтын мотивтер қандай көп болса, лаңкестік әрекеттердің әдіс-тәсілдері де сондай көп. Жекелеген адамдарды тұтқынға ұстау немесе өлтіру, самолеттерді басып алу, үкіметке талап қою, мектептерді, магазиндерді, банктерді ішіндегі адамдарымен кепілдікке алу, өмірлік маңызды объектілерді басып алу арқылы су қоймасын, атом электр станциясын жарамыз деп халық пен билікті бопсалау сияқты толып жатқан лаңкестік әрекеттер тәсілдері бар. Әсіресе жарылғыш заттарды түрлі жерлерде пайдалану тіптен етек алып барады. Бағдатта, Стамбулде, Исламабадта, Ташкентте, Мәскеуде жарылғыш заттар қойылған автомашиналар жиі жарылуда. Бүкілхалықтық әлеуметтік қолдауға ие болмаған осындай саяси топтар лаңкестік күрес тәсілдерімен халық назарын өздеріне аударады. Террористер топтардың идеологиясы революциялық экстремистік мақсаттар маңына қалыптасады. Зорлықпен билікке келу арқылы мемлекет пен халыққа топтың мақсатын тану лаңкестер үшін жеңіс болып табылады. Террористік әрекеттердің басты ерекшелігі оның аса құпия жағдайда, дайындалуы және тосыннан іске асырылуы. Террористік әрекеттерді әдетте мұқият конспирацияланған, саны шағын, арнаулы лагерлерде дайындықтан өткен топтар жасайды. Террористік командалар ресми биліктің дәрменсіздігін көрсетуге немесе үкіметті қарсы әрекеттерге қарсы еріксіз барғызуды мақсат тұтады. Елдегі тұрақсыздық пен хаос террористік топтардың мақсаттарын орындауға қолайлы жағдайлар туғызады. Кейде террористік топтар әрекеттері арқылы мемлекеттік билеуші топқа қарсы қоғамдық пікір қалыптасады. Көптеген елдердегі қайшылық нүктелерінде лаңкестік әлемдік державалардың өктемдік саясатына қарсы өрістей түсуде. Ал кейбір лаңкестік күштер өз әрекеттері арқылы елдегі билеуші топты үкімет билігінен қуып өз жасақтарын немесе өздерінің өкілдерін билікке әкелуді мақсат тұтады.

Терроризм ешуақытта тікелей қарсыластар арасында ғана өрістемейді. Лаңкестік әрекеттердің құрбаны дені бейкүнә жандар. Олардың үйреншікті, бейбіт тіршілігін лаңкестік әрекеттер әп-сәтте бұзады. Бейбіт адамдар ойламаған жерден лаңкестердің мақсатының құрбанына айналады. Кепілдікке алынған адамдар тағдыры толық террористердің билігіне көшеді. Терроризмнің табиғаты аса қорқынышты, тұтқиыл және қатерлі болуы осыған байланысты. Террористік қимыл мүлдем күтпеген жерде, мүлдем бейқам сәтте, осы іске ешқандай қатыссыз ондаған, жүздеген, тіптен мыңдаған адамдардың өмірін қиятын қауіппен болуы үрей әкеледі. Бұған 2001 жылғы 11 қыркүйекте ислам террористерінің Нью-Йорк қаласындағы Бүкіләлемдік сауда орталығының зәулім ғимараттарына жасаған шабуылдары анық дәлелдейді. Тіптен АҚШ империялық қуатының символы, Американың қорғаныс министірлігі орналасқан Пентагонның өзі соққыға қарсы тұра алмады. Бір ұшақ Пентагон үйін нысанаға дөп алып жарылды. Бірер сағатта лаңкестер үш ұшақты алған нысаналарына соқтықтырып мақсаттарын орындады. Бір ғана террористік әрекеттер салдарынан бірнеше мың адам құрбан болды, жарақат алды. Ал, шешен террористері әрекеттерінен Мәскеуде соңғы жылдарда 13 теракт болып бірнеше мың адам өлген, жараланған.

Яғни әлемдегі саяси күрес барда, трансұлттық олигархиялық топтардың мүдделері барда, жекелеген мемлекеттердің империялық, зорлықшыл саясаты барда терроризм қайталана береді.

Одан құтылудың жолын іздестіру, Бесландағыдай қайғылы трагедияны болдырмаудың қарекетін жасау әр мемлекет үшін қауіпсіздік саясатының басымдылығы болып есептелуге тиісті.

Ол үшін, біріншіден терроризмге қарсы идеологиялық күрес қажет. Бұл істе исламның терроризмнің идеяларына қатысы жоғын дәлелдеу маңызды. Исламдағы жиһад идеясы терроризмге қатыссыз екендігін барлық мұсылмандарға ұқтыру қажет. Әрбір шаһид саясатқа қатыссыз бейкүнә жанның өлімі үшін барлық халықтардың қарғысына ұшырайтынын білгені абзал. Бейкүнә жандарды жәбірлеп ешкімде жұмаққа бармайды. Керісінше ондай лаңкес Алла тағаланың қарғысына ұшырайды деген – уағыз қажет. Осы қағидалар әрбір мұсылман азаматының санасына сіңген жағдайда ғана радикалды исламдық терроризмді толық тоқтатуға болады. Пәрменді діни уағыз, пәрменді идеологиялық әсер терроризмге зор тежеу болары сөзсіз. Терроризмге қарсы жалпыадамзаттық күрес болмаса олар әлемді үрей сеуіп өздеріне бағындыруға ұмтылатыны ақиқат. Террористер әкелген билік қай елде болмасын диктатура немесе тирания болатындығы тағы да ақиқат.

Екіншіден, терроризмді ауыздықтау тетіктерінің бірі елдегі қарулар мен қару-жарақ қоймаларында сақтау тәртібін күшейту. Бірде бір автомат, бірде бір оқ, бір грамм динамит бөтен адамдар қолына түспеуі керек. Мысалы, Бесландағы мектепті басып алған террористер қаруы Ингушетияның ішкі істер министрлігі қару- жарақ қоймасынан алынған деген деректер бар. Сондықтан қару қоймаларындағы күзет пен тәртіпті күшейту терроризмнен сақтану жолы.

Үшіншіден, Қазақстанда жайбарақат өмір сүруді тоқтататын мезгіл жетті. Өзбекстанда, Ресейде терроризм шындыққа айналса ол ертең біздің де есігімізді қағатыны сөзсіз. Сондықтан паспорттық режимді күшейту, күдіктілерге виза бермеу, елге кездейсоқ адамдарды кіргізбеу, әр үйді, әр дүкенді, әр мекемені, әрбір адамдар көп жиналатын орынды қатаң бақылау, күзету қауіпсіздік орындарының негізгі шараларына айналуы қажет. Әсіресе заңсыз жолмен паспорт алған террористердің еркін жүруі үлкен қауіптер әкелетіні белгілі.

Төртіншіден, терроризмнен ешбір ел қауіпсізбін деп айта алмайды. Террористер көп жағдайда өздерінің мақсат қойған жерлерінде лаңкестік пиғылдарын іске асырып кетеді. Қазір терроризм қаупі Қазақстанға да жақындап келеді. 2003 жылғы қараша айының 28-і күні Алматының орталығында орналасқан

«Отан» партиясының Алматы бөлімшесінің кеңсесі мен телефон желісі ұясында болған 2 жарылыс жәй ғана ойын емес. Бұл әрекеттердің әр жағында адам шығындарына әкелетін қауіпті лаңкестік әрекеттері тұруы ықтимал. Сондықтан Қазақстан халқына етек-жеңін жию керек. Көпшілік орындарында, мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде, мемлекеттік билік мекемелерінде, кинозалдар мен театрларда, стадиондарда т.б.халық көп жиналатын жерлерде, қауіпсіздік күшейтілуі қажет. Олардан қаражат аяуға болмайды. Күдікті адамдар мен көліктерді мұқият тексеретін аппараттар іске қосылып, лаңкестікпен күресетін арнаулы дайындықтан өткен қарулы жасақтар жарақталуы бүгінгі күн талабы. Лаңкестікке қарсы күрес топтарындағыларға жоғары жалақы төлеп оларды сатылмайтын қызметкерлер ету маңызды. Әуежай мен вокзалдарда лаңкестер құқық қорғаушыларды сатып алатын болса, лаңкестікті ауыздықтау мүмкін болмай қалады.

Бесіншіден, ашық қоғам орнату жағдайында Қазақстанда жүздеген мың шетелдіктер жүр. Оларды есепке алу, мұқият тексеру, күдіктілерімен қажетті жұмыстар жүргізуді жолға қою маңызды. Әсіресе, діни секталардың орталықтарында болып жатқан әрекеттерді бақылау шаралары маңызды. Діни секталар лаңкестік әрекеттің идеологиялық тірегі екендігін естен шығаруға болмайды. Қазақстандағы «Аль-Каида», «Шығыс Түркістанның ислам партиясы», «Курдтық халық конгрессі», «Өзбекстан ислам қозғалысы» ұйымдары бөлімшелерінің әрекеттері террористік қаупі бар деген себеппен тиым салынды/11/. Елдегі діни секталар террористік ұйымдар үшін ең қолайлы бүркеме болып отыр. Әсірісе, Өзбекстан, Қытай елдерінен келген өкілдер Қазақстан азаматтарын лаңкестік әрекеттерге баулып, үгіттейтіні анық болып жатыр. Халықаралық террористік ұйымдар, реакциялық діни секталар өз әрекеттерін «діни, ұлттық, идеологиялық қысымдарға қарсы күрес» ұрандарымен бүркемелейді. Қазақстанда жүйелі үгіт- насихат, патриоттық тәрбие, біріктіруші діни тәрбие жоқтығын, елдегі идеологиялық вакумды шетелдік радикалдық топтар өз мақсаттарына жақсы пайдалануда. Соның нәтижесінде Қазақстан халқының, қазақ этносының діни және саяси бөлшектенуі қаупі күшейе түсуде. Бұл қауіп қазір тілдік және діни бөлшектенуден басталуда. Елдің бөлшектенуі халықаралық трансұлттық қаржылық, экономикалық топтарға да пайдалы. Қазақстанның ұлан асыр шикізат байлықтарын кедергісіз тонауға әлемдік қаржылық олигархия толық мүмкіндік алады.

Сондықтан мемлекеттік құрылысқа, қазақстандықтардың бейбіт өміріне, елдегі қоғамдық татулыққа зиянды деп бағаланған шетелдік қандай да болмасын діни ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, бейресми мекемелердің қызметкерлеріне тиым салатын арнайы заңдар қабылданатын мерзім жетті. Қазақстанның діни, рухани, саяси бірлігіне қарсы мәндегі интернет сайттарын, түрлі діни әдебиеттерді, аудио-видео таспаларын елге енгізуге тиым салатын шаралар қажет. Басқаша болған жағдайда Қазақстан әлемдік қауіп қатерлер еркін өтетін транзиттік аймаққа айналып кетеді. Қазір наркотрафиктің транзиті болсақ, ертең терористік топтардың транзиті болуы қаупі күшеюде. Ондай болған жағдайда елдің тәуелсіздігі де, ішкі бірлігі де быт-шыт болатыны ақиқат. Сондықтан елде терроризмді болдырмау, әлемдік қауымтастықпен бірге әлемдік терроризмге қарсы бітіспес күрес Қазақстан мемлекетінің негізгі міндеті.

Қазақстандағы қоғамдық, әлеуметтік келісім, этникалық татулық саясатын пәрменді нығайту, қазақстандықтардың әлеуметтік мәселелерін белсенді шешу, жалпықазақстандық идеялық, және идеологиялық бірлік ел халқының тастүйін топтасуын күшейтеді. Осы стратегиялық саяси бағыт елдегі терроризм қаупін жеңудің сара жолы деп білеміз.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). — Алматы: ҚазҰАУ. 2010

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *