Страбон (біздің дәуірімізге дейінгі 64-63 жылдар — біздің дәуіріміздің 20-24 жылдары) — грек саяхатшысы, географы және тарихшысы. Ол Қара теңіздің оңтүстік жағалауындағы Амасия қаласында, Понт патшалығының бұрынғы астанасында дүниеге келген. Страбонның арғы атасы Понт патшасы Митридат Евпатордың (біздің дәуірімізге дейінгі 132-63 жылдар) әскери қолбасшысы, ал оның екінші бір туысы жоғары дәрежелі бас абызы болған. Жасы өскен Страбон көптеген саяхат жасады. Ол «Тарихи жазбалар» және 17 кітаптан тұратын «География» деген еңбектердің авторы ретінде кеңінен танымал. Страбонның «Географиясы» біздің дәуіріміздің 18 жылынан соң жазыла бастаған және толық дерлік сакталған. Ондағы материалдар былай бөлініп, рет-ретімен орналастырылған: I — кіріспе; II — Эратосфен пен Гиппарх туралы; III — Иберия (Испания); IV — Галлия; Британия және Альпы таулары; V-VІ — Италия және Сицилия; VII — Германия, Балқан және Скифия; VIII-Х — Грекия және Крит; XI — Кавказ, Закавказье, Боспор, Понт, Парфия, Гиркания және Каспий теңізіне таяу жатқан басқа да аймақтар; ХІІ-ХІV — Кіші Азия; XV — Персия және Үндістан; XVI — Алдыңғы Азия елдері (Ассирия, Бабыл, Месопотамия, Сирия, Финикия, Иудея, Арабия); XVII- Мысыр, Эфиопия және Ливия. Страбон дереккөздері ретінде барынша алуан түрлі шығармаларды пайдаланды. Атап айтқанда, мұның өзі, ең алдымен мынадай географтар мен тарихшылардың еңбектері: массалиялық Пифейдің, кизиктік Евдокстің, эфестік Артемидордың мегалопольдік Полибийдің, киреналық Эратосфеннің, скепсистік Посидонийдің, Гиппархтың, Деметрийдің, милеттік Гекатейдің, біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдың тарихшылары Геродоттың, Гелланиктің, Фукидидтің, книдтік Ктесийдің; VI ғасырдың тарихшылары Эфордың, Мегасфеннің, Онесикриттің, Аристобулдың, Феопомптың; II ғасырдың тарихшысы Полибийдің және I ғасырдың тарихшысы әфестік Артемидордың еңбектері болатын. Страбон шығармаларының үштен біріне жуығы Гомердің «Илиадасынан», әсіресе «Одиссеясынан» келтірілген деректерге негізделген, сондай-ақ Гесиод, Пиндар, Софокл, Еврипид, Каллимах сияқты ақындардың, Аристотель мен Платон сияқты философтардың шығармаларына сілтеме жасалып отырады. Жинаған материалдарды неғұрлым толық қамтып көрсетуге ұмтыламын деп, Страбон дереккөздеріне деген соншалықты дәлме-дәл мұқияттылық, тіпті қазымыр міншілдік танытуына қарамай, оларды сын көзімен саралау жағына келгенде едәуір кемшін түсіп жатты. Өзінің көптеген замандастары сияқты Каспий теңізін бұрынғысынша Мұхиттың бір шығанағы деп түсінді, Қиыр Шығыс пен Қытай, Орта Шыгыс пен Үндістан, Орта Азия, Орал мен Сібір туралы еш нәрсе де білген жоқ, ал Цейлон аралын әлде Ганг өзенінің, әлде Каспий теңізінің арғы бір жағында жатқан, ертегілерде ғана айтылатын ғажайып жер болар деп елестетті. Страбонның сөзіне қарағанда, Каспий теңізінің шығыс жағын ала жайлаған массагеттер туралы «тарихшылар өздерінің зерттеу еңбектерінде дөлме-дәл әрі шындықңа қисыны келетін ешқандай да дерек қалдырған жоқ, ал парсылардың, мидиялықтар мен сириялықтардың ежелгі тарихы жазушылардың аңқаулығынан және түрлі аңыз әңгімелердің қызығына түсіп кетуге салынушылығынан бәлендей дұрыс мәліметтерге ие бола алмады» (Арский: 63). Сондай-ақ, Қара теңіздің солтүстік жағындағы жерлер туралы деректер де үзік-үзік, бытыраңқы сипат алады. «Варварлардың (скифтер мен сарматтардың) жерлері Страбонды оншалықты қызықтыра қойған жоқ. Дегенмен де оған гректердің Ольвия, Херсонес, Феодосия, Пантикапей, Фанагория, Танаис сияқты ежелгі отарлары жақсы таныс болды. Шамасы, М. И.Ростовцевтің атап көрсеткеніндей, Страбон Қара теңіздің солтүстік және шығыс жағалауларымен жеке өзі жақсы таныс болмаған сияқты, сондай-ақ «оны сол бір алыс аймақтарға қызықтыра тарта түсетіндей еш нәрсе де бола ңойған жоң деп ойлауға да негіз бар еді» [Арский: 65-66].
Страбонның мұрасы төңірегінде адам таң қаларлық мынадай бір жағдай болды. Оның «Тарихи жазбалары» халық арасында өте-мөте танымал еді. Олардан көптеген дәйексөздер алынатын. Тіпті, Плутарх, Иосйф Флавий, Тертуллиан сияқтылар да жиі пайдаланатын. Бірақ, солай бола тұрса да, ол шығарма тұтастай, толық түрінде сақталмаған. Страбонның «Географиясын» замандастары да, өзінен кейінгі жақын ұрпақтар да бағалай қойған жоқ. Оған Страбонның мәселеге Көбінесе суреттемелік тұрғыдан келуіне принципті түрде қарсы болған Птолемейде, энциклопедист Аға Плиний де назар аударған жоқ. Бірақ ол шығарма, соған қарамастан, толық көлемінде сақталған болып шықты, сөйтіп, уақыт өте келе өзгелердің назарын барған сайын көбірек аудара бастады. VI ғасырда византиялық Стефан өзінің «Лексикон» атты шығармасында ежелгі өзге гректердің еңбектерімен қатар Страбонның шығармаларынан да қыруар көп дәйексөздер келтіреді. Страбон шығармаларына сол заманның атақты тарихшысы кесариялық Прокопий де назар аударады. Ал XII ғасырда константинопольдік епископ Евстафий (Гомер дастандарының атақты түсіндірмещісі) Страбон туралы аса зор құрметпен пікір айтты. Византиялықтар тіпті «Страбон хрестоматиясын» — Птолемейден алынған қосымша үзінділермен толықтырылған, қысқаша ғана «География» деп аталған еңбекті — басып шығара бастады. Қайта өрлеу дәуірінде Страбон шығармаларымен еуропалықтар кеңінен танысуға кірісті. XV ғасырдың бірінші жартысында Италияда «Географияның» қолжазба нұсқалары пайда болды. Ол қолжазбалар гуманистердің назарын аударды. Олар көптеген ғасырлар бойы ғылыми беделі мызғымай келе жатқан ұлы Птолемейдің сол ежелгі заманның өзінде-ақ лайықты бәсекелесі болғанын таң-тамаша қалып байқады. Міне, соның нәтижесінде және тап осы шығармасының арқасында Страбон «географияның атасы» атанып, зор құрметке ие болды.
«Географияның» ең алғашқы тізімдері X ғасырдан басталады, неғұрлым толық қолжазбасы — Париж кодексі -1393 жылы жүзеге асты. Ал 1472 жылы Страбонның «Географиясы» Ватикан кітапханасының негізін қалаушы папа V Николайдың талап етуі бойынша латын тіліне аударылды. 15.16 жылы «География» грек тілінде тұңғыш рет басылып шықты. Оның орыс тіліндегі толық аудармасын Феодор Герасимович Мищенко жасады, ол 1879 жылы жарияланды.
Пайдаланылған әдебиет: Ежелгі дуниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы: 4 томдық / Құраст. А.Н. Гаркавец. — Астана: Фолиант, 2007. Т.1: Ертедегі грек авторлары Ұлы Дала туралы / Қазақ тіліне ауд. М. Ілес, Ә. Шашаев. — 2007. — 464 б.