Құрлықтағы таулар, олардың жіктелуі

Шығу тегі пішіні және геологиялық жасы бойынша айырмашылық жасайтын ойлы-қырлы жер бетінің жиындығын жер бедері деп атайтынын білесіңдер. Жер бедерінің ең ірі элементтері – таулар, жазықтар және мұхит түбінің жер беті. Жер бетінің маңайындағы жазықтардан оқшайу көтеріліп жатқан қатты тілімденген биік бөліктерін таулар деп атайды. Таулар жердегі құрлықтың 45%-на жуығын алып жатыр.

Жер бетінде жеке орналасқан таулар өте сирек кездеседі. Кейбір таулар біріне-бірі жалғасып, жүздеген шақырымға дейін созылып жатады. Мұндай жалғасып жатқан тау тобы тау жотасы деп аталады. Тау жотасы шоғырланып, таулы өлкені құрайды. Екі жотаның аралығындағы ойыс жерді тау аңғары, тау жоталары келіп түйісетін жерді тау торабы деп атайды. Таулардың жоғары шығып тұрған бөліктерін басы деп, ал сүйір басын шыңдары дейді.

Таулар – жер бетінің жазықтардан оқшау көтеріліп жатқан қатпарлы және қатпарлы-жақпарлы құрылымды бөлігі.

Тау жотасының шоғырын Памир, Тянь-Шань, Алтай тауларынан көруге болады. Памирден оңтүстік-шығысқа қарай Жер шарындағы ең биік тау – Гималай созылып жатыр, оның ең биік шыңы – Джомолунгма (Эверест), оның абсолюттік биіктігі – 8848 м.

Құрлықтағы ең ұзын тау – Анд таулары. Бұл таулар Солтүстік америкадағы Кордильераның жалғасы. (Олардың солтүстіктен оңтүстікке қарай шамамен неше км-ге созылып жатқанын карта бойынша анықтауға болады).

Таулардың биіктігіне қарай бөлінуі. Қалыптасуына қарай таулар ежелгі және жас таулар деп бөлінеді. Ежелгі таулар аласа, төбелері тегістеу, аңғарлары кең болса, жас таулар – биік, шыңдары үшкір, шатқалдары тар болып келеді.

Таулар биіктігіне қарай аласа, орташа және биік тауларға бөлінеді. Олар физикалық карталарда қоңыр бояудың  әр түрімен бейнеленеді. Абсолюттік биіктігі 500 метрден 1000 метрге дейінгі тауларды – аласа таулар деп атайды.

Қазақстанның аласа таулы өлкелеріне Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау таулары жатады.

Орташа биіктіктегі таулар 1000м-ден 2000 м-ге дейінгі аралықта болады, оған Қырым, Карпат таулары мысал бола алады.

Биіктігі 2000 м-ден асатын тауларды биік таулар деп атайды. Мұндай тауларға Кавказ, Памир, Тянь-Шань, Алтай таулары жатады. Картада берілген таулардың биіктігін биіктік шәкілінің көмегімен анықтауға болады. Таулардың жеке шыңдарының биіктігі картада сандармен өте дәл белгіленеді.

Таулардың пайда болуы. Қатпарлы және қатпарлы-жақпарлы таулар. Адамзат биік таулардың қалай пайда болғанын бақыламауы мүмкін. Ал ғалымдар жердің тас шежіресін оқи біледі. Олар тау түзетін жыныстардың көпшілігі теңіз шөгінділерінен тұратынына назар аударды. Бұл жыныстардан бақалшақтар мен әртүрлі теңіз ағазаларының тасқа айналған қаңқалары табылды, яғни, көптеген таулар теңіздер мен мұхиттардың орнында пайда болған. Жанартау конустары да таулы жер бедерін түзеді. Бірақ жер шарында жанартау әрекетінен пайда болған таулар онша көп емес. көптеген тау жоталары теңіз түбінде пайда болған (оның себебі неде деп ойлайсыңдар?)

Бұдан бірнеше миллиондаған жыл бойы теңіз ағзалары жойыла келе, теңіз түбіне шөгіп, жиналады. Құрлықтан су ағынымен келген құм мен саз қабаттары да шөгеді. Осы шөгінді қабаттар жинала береді де, олардың салмағынан теңіздің түбі майысады, жер сілкінген кезде құрлықтың бетін, мұхиттың түбін дірілдеуге әкеліп соқтыратын күштердің әрекетінен шөгінді жыныстар қабаттары майысып, зор қатпарлар жасаған. Осындай қатпарлардың төбесі биікке көтеріліп, мыңдаған метрге жеткен мұндай тауларды қатпарлы таулар деп атайды. Қатпарлы тауларға Гималай, Кавказ, Кордильера, Альпі жатады.

Уақыт өткен сайын тау қатпарлары иілгіштік қасиетінен айырылады. Қатпарлы тауларда қайтадан тау жасалу үрдістері болған кезде, тау жыныстарының қалың қабаттары жақпарларға бөлінеді.

Жер қыртысында жарықтар пайда болып, бұрыннан бар қатпарлы аймақтардың бірі төмендеп, екіншісі көтерілген. Осы қозғалыстарадың нәтижесінде қатпарлы-жақпарлы биік таулы жүйелер қалыптасқан. Алтай, Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань таулары екінші рет көтерілуге ұшыраған.

Қатпарлы тауларға Кавказ тауын жатқызуға болады. Тау жоталарының басым көпшілігі қатпарлы болады.

Таулардың өзгеруі. Таулар сыртқы, ішкі күштердің әсерінен жылу мен суықтың, су мен тірі ағзалардың әсеріне бұзылады.

Температураның ауытқуынан тау жыныстарының бетінде жарықтар павйда болады. Бұл жарықтарда су жиналады. Ол қатады да, қабырғаларды керіп, жарықты үлкейте түседі, нәтижесінде жақпар тастар жарылып, бөлшектеніп кетеді.

Таулардың өзгеруіне угілудің тигізетін әсері зор. Үгілудің – физикалық, химиялық және органикалық түрлері бар. Ауаның температурасы ауытқуының, ылғалдың және тірі ағзалардың әсер етуі салдарынан тау жыныстарының бұзылуы мен өзгеруін, яғни, сыртқы күштердің әсерінен тау жыныстарының өзгеруін үгілу деп атайды.

Сыртқы күштерге үгілу, ағын сулар мен жерасты суларының, мұздықтар мен теңіз толқындарының және адамның шаруашылық әрекеті жатады.

Физикалық үгілу – температураның күрт өзгеруінен болады, тау жыныстары күндіз қатты қызып, түнде қатты суынады, осыған байланысты тау жыныстары шытынап, жарылады. Жарыққа кірген су өзінің көлемін үлкейтіп кернейді де, тастар жарылып, бөлшектеніп кетеді.

Химиялық үгілу – тау жыныстарының минералдық құрамы жыныстар мен ауадағы заттардың (оттегінің, көмірқышқыл газының және басқалардың) өзара әркеттесуі нәтижесінде, әсіресе әртүрлі су ерітінділерінің әсерінен өзгеріп отырады.

Химиялық үгілу су мен ауаның әсерінен жүреді. Тау жыныстарының ішіне су сіңіп, оларды ерітеді және тау жыныстарын және оларды құрайтын минералдарды күрделі химиялық өзгерістерге ұшыратады.

Органикалық үгілу – өсімдіктер мен жануарлар тау жыныстары мен мирнералдарға әсер етіп, оларды бұзатын ерітінділер бөліп шығарады. Мүк, қына, т.б. өсімдіктер мен жануарлар бактериялары тау жыныстарының өзгеруіне әкеледі. Олар органикалық заттарды шірітіп, топырақ түзеді.

Тау суы мен өзендердің тасу екпіні қатты болады. Олар жоталарды кеулеп, тар әрі терең шатқал жасайды.

Өзендер бұзылған жыныстарды теңіздер мен мұхиттарға ағызып, алып кетеді. Сөйтіп, таулар бұзылады және бұл үдерістер үздіксіз болады. Үгілудің үш түрі де бірін-бірі толықтырып, бірімен-бірі байланыста болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *