Рамазан Тоқтаров

Рамазан Тоқтаров жазушылық пен журналистіктің тізгінін тең ұстап, төте тартып келе жатқан қаламгер. «Парасат» пен «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналы сияқты беделді басылымдарда жауапты жұмыс атқарған. Шабыты мен шабысынан бір танбайтын жуан тобық қалам торысы кесек шығармалармен қатар эссе-толғаулар мен сын мақалаларды да жиі жазады.

Ол 1935 жылы 13 қаңтарда Павлодар қаласында туған. Кереку қаласында туып, орыс ішінде өскен ол қазақша орта мектеп бітіріп, Алматы шет тілдер институтына түсті. Оны ойдағыдай тәмамдап, француз тілінің маманы болып шықты да, туған қаласына оралып, облыстық газетте шығармашылық жолын бастады. Оның қазақ, орыс, француз тілдерін еркін білуі бірыңғай қазақ жазушысы боп қалыптасуына кедергі келтірмей, қайта өнімді еңбек етуіне құнарлы білік көзі болғаны айдан анық. Әдебиетке алпысыншы жылы «Ертіс перзенті» атты әңгімелер жинағымен енген Рамазан Тоқтаров содан бері оннан астам роман, төрт-бес повесть берді. Әсіресе прозаның роман сияқты жүгі ауыр жоталы жанрын дамытудағы оның — еңбегі айырықша. Романдарының саны жөнінен қазақ әдебиетінде қазір оның алдына түсер жазушы жоқ десе де болады. Былайша айтқанда, ол қазіргі қазақ прозасының қара атаны іспетті. «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Жөндеп», «Полигон», «Ақ боз атты елес» деген атаулары тәрізді олардың тақырыбы да әр алуан.

Кешегі Ақаңдар мен Жақаңдардың аяғын іле-шала шығып тағдырдың талай теперішін көрген қарт мұғалім Қоңыраттан бастап, ертелі-кеш туған жер тағдыры толғандырып, ұдайы оның өткені мен өркені, ертеңі ойландырып жүретін жас ғалым Бозжанға дейінгі аралықта ол қазақ зиялыларының тұтас бір тұлғалар легін жасап берді. Кейіпкерлерінің көбі арман-қиялдың ғана емес, қарекет-қимылдарының адамдары, тарих тереңіне сүңгіп, сындарлы пікір түйетін ойлы азаматтар. «Сусамырдағы» Божанның мына бір толғанысын алайықшы. «Тағы да көзінің алды ала-шұбарланып, қар жауған сықылдана беріп еді. Қар емес, аспан асты, күннің көзі — аққулар. Мойындары аппақ қудай болып созылып, қиқу сап ұшып барады. Біресе олар жылтыр тастарға қызыл бояумен қолдан салған сурет құсап елес береді. Солар, солар… Ата-баба тәңірлері! Дүние жүзі халықтарының ішінде қазақтар ғана аққуға оқ атпайды. «Аққуды атқан адамның үрім-бұтағынан түк қалмайды» деп есептейді. Өйткені аққу — қазақтың шыққан тегі. «Қазақ» деген түбірінің өзі — сол. Орталық Қазақстан далаларында Қусақ деген көл аттары жиі кездеседі. «Қазақ» деген терминнің алғашқы аталуы сақтар мен қулар одағынан шыққан есім». Осындай ұшқыр болжамсыз ұтқыр ғылым тумайды да ғой.

Рамазанның «Ертіс мұхитқа құяды» шығармасында байырғы қазақтың тұрмыс-тіршілігі, түрліше жан иелерінің тағдырлары, іс-әрекеттері кесек те шоқтықты бедерленеді. Аян қарияның небір ардақты істері, адамшылықөнегесі, даналық дәрістері тамаша суреттелген. Адуынды, алды бар да арты жоқ, даңғойлау да Далақбай інісі Арынның келіншегі Шери Аян қарияның қайырымды-мейірімді тұлғасын — ізгіліктен жаралған болмысын көл-көсір сезіммен көсілте жоқтайды. Романда автор Қоңырат, Нұрым, Меңдеке, Бекет, Мәлике, Шұнақ, Смағұл, Қалима бейнелерінің әрқайсысын өзіндік дара ерекшеліктерімен көрсеткен. Мұның өмір шындығы да осынау жандардың көзімен қабылданып бейнеленген.

Рамазан Тоқтаров XX ғасырдың соңғы қырық жыл бедерінде әдебиетіміздің проза жанырында ересен бұрқыраған жігер-қайратпен өнімді де жемісті еңбек етті. Жазу өнерінің тылсым да күрделі сырларын өзінше дербес таныммен меңгеріп, сөз кенін бейнетшіл қажырмен мол қопарды. «Бақыт», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Тұлпардың сыны», «Таңбалы жартақтың құпиясы» тәрізді бірнеше роман туындатты. Ал «Бітеу жара» атты естеліктері әдеби-рухани өмірімізден бірталай сыр шертеді.

«Жазушы — қоғамның әдеби хатшысы» деген ұғым-тіркес бар. Жазушы қоғамның әдеби хатшысы ғана емес, оның алдыңғы қатарлы идеяларын көркемдікпен кестелеп жүзеге асырушы ізгі ниетті қайраткер де. Ол өзіне дейінгі арғы-бергі өмір көріністерін парасаттай келе, негізінен, өз дүниесінің қазынасын ұсынады. Бірақ, жазушы ондай мүмкіндікке бір күнде жетпейді. Хас шығармашылық биігіне көтерілу үшін жазушы сан түрлі соқпаққа түсіп, ұзақ қиыншылықтар мен ізденістерді басынан өткеруіне тура келеді.

Осыдан шығарып айтуға болар, Рамазан Тоқтаровтың «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты романы оқырманын әртүрлі кереғар ойларға жетеледі. Көз алдыңыздан бұл жазушының бүкіл шығармашылық өмірбаяны тізіліп өткендей болады. Жай өткен жоқ, оның бүкіл бұлтарыс-бұралаңы, өрі мен ылдиы, шырқау шыңдары мен құлдырау сәттері, «міне, біз мұндай едік» дегендей әрқайсысы өзінше белгі беріп, көңіл көкжиегіне сурет салғандай зуылдап өтіп жатады. Ромазан Тоқтаров бүгінге дейін көлемді-көлемді он шақты роман жазып үлгіріпті. Ірілі-уақты басқа шығармаларын былай қойғанда да осылардың өзі бір адам үшін қыруар іс.

Жазушы осы жылдарда асқан байыптылықпен, өнімді еңбек етті. «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Жендет» атты романдар бірінен соң бірі дүниеге келді. Дау дамайы көп, абыройы аз осы сын жанрынада ат ізін жиі салып, аға буынның, өз замандастарының тындырған шаруалары жайында ара-тұра баспасөз бетінде өз ойларын ортаға салып жүрді. Демек, алпыстың асқарына көтерілгенше жазушы әдебиет мүддесі үшін күресте өз шеберлігін барлық жағынан шыңдай түсті деуге толық негіз бар.

Мен Р. Тоқтаровтың соңғы жылдары жарық көрген «Сусамыр», «Ғасыр наны» атты екі романын оқып шыққанда қаламгер туралы бұрынғы білігімнің аяғы аспаннан келгендей болды. Жазушы оқушы қабылдаған әуелгі қалыбында қалып қоймай, үнемі өсу, жаңа шығармашылық сипат табу жолында болған. Оның бұрынғы «Ертіс перзенті», «Бақыт», «Терістік шұғыласы» атты кітаптары мен «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Ғасыр наны» романдарының аралығында жазушының қалам сілтесінде адам айтқысыз үлкен өзгерістер баршылық. Әсіресе, «Ғасыр наны» қазақ жеріне үлкен алапат әкелген тың игеру заманының қыр -сырын ашып қана қоймай, қазақ жұртшылығының басында болған психологиялық төңкерістерді нағыз суреткерлікпен баяндап бере алды. Романның басты кейіпкері Сержанның сүйіп қосылған жары — Лиза есімді орыс қызы. Екеуі бірін-бірі ұнатып, қанша жарасып тұрсын, ақыры ортақ тіл табыса алмай, ажырасады. Романның коллизиясы — саясат, одан қалса — ұлт тағдыры, жаңағы екі бейне екі ұлттан әдейі символикалық негізде алынып отыр. Бір елді екі бірдей ұлт басқарып тұра алмайды, оған қазіргі күндері анық көз жетпей отырған жоқ па? Кезінде автордың осы позициясына қатаң айып тағылып, оған қоса «романда тың көрінбеді, механизаторлардың өмірі ат- үсті жалаң суреттелген» деген сияқты адамның күлкісін келтіретн сыңаржақ пікірлер айтылған.

Жұмыр жер — адамзаттың ортақ үйі. Романдағы уақыт — мәңгілік осы шақ. Тағдыр — құрбандыққа сұранған өмір. Махаббат — өмірге сұранған құрбандық. Елдік — таразының екі басы. Жаулық — жүзеге аспаған махаббат. Қан төгіс — мен-мендік дағдарысы. Кездейсоқтық — өте қысқа мерзімде жасалған тарих. Көшпелілер есте жоқ ерте замандарда Америка құрлығынан шыққан. Жалғыз көшпелілер емес, бүкіл азиялықтар. Үнемі Батысқа қарай жылжудан туған құбылыс. Батыс — құбыла; көшпенділер өлген адамының басын солай қаратып қояды. Шығыс — оларға кері жүріс, амалсыздық күні. Тынық мұхитының айналма иірімдері қатынас жолына айналған. Қазіргі кечуа тілі. Кеч — көш, аккен — ақ күн, күндіз. Сақтар мен хуннулар одағы, ұлы Хунзак. Амарукан, жылан патшалығы немесе айдаһарлар елі — жер-дүние жаралғалы бірге жасасын келе жатқан қауымдар. Амарукан (Американ) — жер асты патшалығы. Самұрық құс, сақ құлақтар мен желаяқтар; «Ертөстікте» бар. Күн астындағы Күнекей сұлу — Перудің қызы. Құдірет дауысты Имма Сумак соған келеді. Сақы Мұңлының (Сакия Муни) анасының есімі — Майя. Дала кезген диуана өзінің тегін тым әріден шығарады. Бес жүз жылдығы тойланғалы отырған Христофор Колумб Американың шығыс пұшпағына ғана жеткен. Америго Веспуччидің де ол құрлықтың есіміне жармасуы даулы мәселе. Америка, Амарукан — ежелден құлаққа сіңісті, тілге оралымды алтын тамырлы сөз.

Бақ — ауысады, ырыс — жұғысады. Инктер мен майя жұрттарының мәдениеті он бесінші ғасырдың аяғында құлдырау дәуірінде еді. Ақырзаман дауылына ұрынған. Испандар — алып жартасты құлатқан соңғы бұршақ. Европа теңізшілерінің қолына түскен таңбалы жарғақ — сол көне мәдениеттің көзі; жол маршруты, әлде ми жетпес оқулығы. Сегіз әрпіне ұқсаған геометриялық сызықтар ол елдерде әлі де мол-мол ұшырасады. Адамзат аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ, еркін көсіліп өз үйінде, «өлең төсегінде» отыр. Алыстан келер жауда, іштен шалар ұры-қары да жоқ, бәрі — сол бір үйдің ішінде шуласып тұрып жатыр. Уақыт — бір кеңістік үстінде өтіп жатқан мәңгілік осы шақ. Бар өмір құрбандыққа сұранса, өмірге сұранған құрбандықтар арқылы тіршілік пен идеал есесі тынымсыз толыға бермек. Бұл романды Ғайса туған күннен тартып екі мың жылға созылған адамзат ғұмырының басы мен соңынан бір-ер дерек беруге арналған хикая десе де болады. «Абайдың жұмбағы» — белгілі жазушы Рамазан Тоқтаровтың оныншы романы. Мұның алдында оның әр жылдарда «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Терістік шұғыласы», «Тұлпардың сыны», «Жердін үлгісі», «Ғасыр наны», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы» атты көлемді туындылары жарық көрді. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл романхамсасында жазушы ақынның туғанынан бастап дүниеден өткеніне дейінгі тұтас бір дәуір панорамасын жасауды мақсат еткен. Қазақ елі Россияға өз еркімен қосылғанымен, ол әлі де екі айырық жол үстінде тұр еді. Осы тұстағы қанжүректі қайғылы еткен толғақты көп мәселелердің дүниеге Абайдай дананы әкелуі — тарихи заңды құбылыс. Ақынның тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін поэзиясының қуат көзі «қор болып, құрып» бара жатқан халқының іштен тынған мұңымен тығыз астасып жатыр. Романда жалғыз Абайдың ғана емес, оның XIX ғасырда жасаған әйгілі тұстастары, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалиханов пен орыстың ғұлама жазушысы Ф.М. Достоевскийдің Семей қаласында бас қосқан жылдары, сол сияқты Абайдың өзінің ақын шәкірттері, оның жас өркенді тәрбиелеу бағытында сіңірген ғибратлы істері мен кемеңгер ақынның ел басына арнаған бағы заманда халықпен бірге соққан ұлы жүрегі, өзге де көп жайлар романхамсаның кітаптан-кітапқа жалғасқан сюжет бойынша қызықты желі болып өріліп, айшықты көркем тілмен бейнеленеді.

Көркем шығарма — өмір оқулығы, ізгілік-сұлулық шырағы, параcат әлемі, жүрек қазынасы екендігі әлімсақтан белгілі. Сөз деген дәру әрі қару. Оның сұлу сиқыры, әуезі — көркемдік сезіміңді, көкірек сарайыңды көріктендіріп, гүлдендіріп, дүниетанымыңды тереңдетеді, рухани қасиеттеріңді еселеп көбейтеді. Бұл ретте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рамазан Тоқтаровтың әдеби-шығармашылық әлемі — қаламгерлік-шеберлік қырлары, сенім-сезім сырлары — адам баласының болмыс-бітімі мен тұрмыс-тіршіліктің шырштың, бұралаң жолдарындағы тағдыр-талайын, ішкі жан-дүниесінің әр алуан құбылыстарын, қайшылықты іс-әрекеттерін, бір сөзбен қайырғанда, кейіпкерлерін ұстараның жүзінде, иненің ұшында ұстап суреттеуге, соншалықты аласапыран күйге түсіруге бейім.

Жазушы Рамазан Тоқтаров өзінің Абай туралы жаңа шығармасын роман-хамса деп атапты. Бұл — жаңалық. Бізде роман сынды күрделі жанрдың неше түрлі үлгісі бар. Екі томдық дилогия, үш томдық трилогия, төрт томдық эпопея бізге бұрыннан таныс болатын.Р.Тоқтаров енді бес кітаптан тұратын кесек туынды ұсынды. Оны жоғарыда айтқанымыздай, роман-хамса деп атады. Екінші жаңалығы — бұл шығарма өзге емес, ұлы Абай туралы. Міне, осы тұста алдымен басын ашып алатын бір мәселе бар. Бізде Абай өмірінен жазылған ұлы классигіміз Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі эпопеясы бар. Сол еңбегі арқылы М.Әуезов өзін де, Абайды да бүкіл дүние жүзіне танытты, Осы шығарма арқылы біздің бәріміздің жадымызда қалыптасқан ұлы ақынның бедерлі бейнесі қалды.

Ендеше бұл хамсаның өмірге жолдама алуға хақысы бар ма? Бақсақ, әбден бар екен. Ол турасында шығарманың прологындағы автордың бірсыпыра дәйекті дәлелдерінің біреуін ғана келтірейік. «Әр дәуір, заман талабы оның ғарышты кезген өз уақытының мерейі үстем Абайын сомдай береріне шүбә келтіріп болмас», — дейді ол. Енді осы тұжырымды біз де өзімізше таратып көрейік. Абай біз үшін- ұлы ұстаз, кемеңгер ақын, данышпан ойшыл. Халқымыздың рухани көсемі. Оның өзі де, сөзі де, өсиеті де мәңгілік. Қазақ қазақ болып тұрғанда, Абай аты өшпейді. Абай сөзі өлмейді. Бірақ заман өзгереді ғой. Оның ғылым-білімі, ой-санасы, өмір салты өседі. Жаңа сапаға көшеді, жаңа сатыға көтеріледі. Сонда, жаңағы Тоқтаровша айтқанда, әрдайым мерейі үстем болып қала беретін Абайы да өзгеруі керек қой.

Тіпті Абайдың өзі мен сөзі өзгермесе де, өскен, өзгерген қазақтың оны ұғынуы, түсінуі жаңаша болмай ма? Демек, Абай оларға әрдайым жаңа бір қырларынан ашылуы біздің Абайымыз, мәңгілік Абайымыз, әр заманда оның өзіндік төл Абайы болады дейтініміз де сондықтан болса керек. Роман-хамсада Әуезовпен бәсекелесуде, оны қайталауда, әсіресе Әуезовті қайта қарау әрекеттері де атымен жоқ. Мұнда үлкен өмірдің біз білетінбілмейтін өзгеше бір қырларын ашу, өзгеше бір деректерін діттеу, өзгеше бір оқиғаларын баяндау, соларды келістіре суреттеу арқылы бұрын білетін Абайдың бұған дейін білмей келген жаңа бір бейнесін мүсіндеп шыққан көркем хикая бар. Соның барлық өткелегінен өтіп келгенде, біз жарық дүниеге шыр етіп келген сәби күнінен бастап бақиға аттанған қайғылы сағатына дейінгі 59 жыл өміріне түп-түгел куә болып, көз алдымызға таныс Абайдың бұрын өзіміз көрмеген бейтаныс әулие бейнесін елестетеміз.

Роман-хамса әрқайсысы өз өрісімен дамып, өзгеше тынысын тауып отыратын бес бөлімнен, яғни бес кітаптан тұрады. Әрқайсысының демтынысы өзінде, бас-аяғын бүтіндер бес хикая. Олардағы оқиға өзегін ұстап тұрған негізгі кейіпкерлері кітап тақырыбының астында жақшаға алып көрсетілген: 1. Толғақ (Кенесары — Құнанбай — Қодар). 2. Жұлдыз құрбандык, (Шоқан, Достоевский, Құдайберді). 3. Қызғаныш (Халиолла, Михаэлис, Шәкәрім). 4. Хақиқат мекені (Саққұлақ шешен, Мұса мырза, Долгополов). 5. Нұрсипат (Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов, Мағауия). Осы бес кітаптағы баяндалатын оқиғалардың барлығына ортақ өзек те, ондағы адамдардың бірімен-бірін байланыстырып отыратын дәнекер де, оларды бір кітаптан екінші кітапқа ауыстырып отыратын өткелде — Абай, соның өмірі.

Жақша ішінде аты аталған адамдардың бәрі де тарихи тұлғалар. Олардың бірсыпырасы, өздеріңізге мәлім, Абайдан бұрынырақ өмір сүрген, яғни өмірге одан ертерек келген. Бірақ, ескінің көзіндей болып Абай заманына дейін жеткен солардың әрқайсысында, олардың ісі мен сөзінде алдыңғы заманның, яғни ғасырдың алғашқы жартысындағы оқиғалардың жаңғырығы бар. Ал, қалғандары болса Абайдың өз тұстастары, ғасырдың екінші жартысында жасаған, сол кезеңнің өз өкілдері. Сөйтіп, бұл роман-хамсада Абайдың өзі өмір кешкен соңғы елу жыл ғана емес, бүкіл XIX ғасырдың демтынысы бар.

Өткен ғасырдағы үш алып Ыбырай, Шоқан, Абай үшеуінің жас шамасы деңгейлес бола тұрып, олардың қазақ даласының бір өңірінде туып, бірін-бірі көрмей-білмей кеткені біз үшін орны толмайтын өкініш еді. Бұл жай ғана өкініш емес, тағдырдың өзі маңдайымызға жазып тұрып, таңдайымызға татырмаған, құдайдың өзі беріп тұрып, пешенемізге бұйырмай кеткен сыбағамыз. Әсіресе, қазіргі Қостанай облысының жерінде, бір ғана Тобыл мен Обаған өзендерінің арасында туып, бірімен-бірі кездесе алмаған Ыбырай мен Шоқан, немесе Семейдің топырағын қатар басып жүріп, бірін-бірі сырттай ести жүріп жүздесе алмаған Шоқан мен Абай араларында айтылмай кеткен сөздер біздің аузымыздан жырылып түскен несібеміз еді.

Рамазан Тоқтаров өзінің осы романында әлгі оқпандай ол қылықтың бір қуысын толтыруға әрекет жасапты. Ол Абай мен Шоқанды кездестіреді. Бір емес, үш мәрте. Алғашында кадет корпусын бітірген жас офицер Шоқан әкесімен бірге Құнанбай ауылына келеді, Сонда алғыр дарыны мен зерек зейінін аңғарған он жасар Абайды ұнатып қалып, келесі жылы Семей медресесіне әдейі іздеп барады. Қасында досы Достоевский бар. Үшінші жолы Шоқан Атбасарда болыс сайлауына түсіп жатқанда Абай әкесіне еріп барып жүздеседі. Осының үшеуінде де Шоқанның Абайға аңқылдаған ақ көңілден айтқан ағалық ақылы мен ақ тілегі: оқы, ғылымға тереңдеп сүңгі, сонда өмірге көзің ашылады. Ақындық өнеріңді дамыта бер, әбден ойланып барып, қағазға түсіріп жаз, сонда өлмейтін өнерің ұрпақтарға қалады.

Осы ақыл Абайдың бүкіл өмір бойына көкейінде мәңгілік орнан қалған өсиет сөздері болады да, Шоқанның жарқын бейнесі мұның көз алдында асқан адамгершіліктің үлгісі ретінде үнемі елес беріп жүреді. Өмірде кездеспесе де кездесуі әбден мүмкін адамдардың бір-біріне ыстық ықыласын осылай шындыққа айналдырған жазушы қиялы барынша құрметтеуге лайық деп ойлаймын. Жас Абайға осы үшеуінен кейін қатты әсер еткен бір адам — ел ішінде Шайхы атанып кеткен Дәулетбай қажы. Ол мұсылманша терең білімді, Шығыс ғұламалары мен ақындарының мұрасына жетік және сол білгенін халықтың игілігіне қалтқысыз жұмсап жүрген бір елгезек, жанкешті кісі. Сол Шайхы ата Абайдың медреседе оқып жүргенде Шығыстың жеті жұлдызын өзіне пір санап, солардан медет тілеп жазған бір шумақ өлеңінен Шәмсиді ерекше бөліп алып, сол жайында Абайға көп-көп әңгіме айтады.

Толық ныспысы Шәмсиден Гебризи атанған бұл ғұлама кезінде Жәлелдин Ұрыми сынды әйгілі ақынды тәрбиелеп шығарғанын жырдай қылып баяндайды. Өлер алдында өзі Абайға дәл сондай ұстаз табуды, ондай адам кездесе қалса, ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамай, шынайы жебеушім деп қабыл алуды өсиет етеді. Көп ұзамай, дәл сондай ғұлама ұстаз бұған нәсіп болатынын болжап айтады. Айтқандай-ақ, Абайға ондай ұстаз кездеседі. Ол — кәдімгі өзіміз білетін қадірменді Евгений Михаэлис. «Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» деп Абайдың өзі мойындаған бұл кісінің ақынға деген шынайы достық ықыласы мен білімдарлық ыждаһаты романда мейлінше сыпайы ізеттілікпен өте тартымды суреттеледі. Жалғыз Михаэлис емес, одан бұрын-соңды танып біліс болған орыстың зиялы адамдары атап айтқанда, сол Михаэлиспен рухани туыс Долгополов, Гросс, Коншиндерден бастап, әртүрлі лауазымдағы интеллигент шенеуніктер: заңгер Лосовский, ояз бастығы Измаилов, генералдар Цеклинский, Колпаковский, белгілі ғалым Потаниндерге дейін әрқайсысы өз кезегімен Абайға иіліп ілтипат білдіреді. Соған орай, олармен араласа жүре, ой-пікір алыса жүре, Абай да өзінің табиғи даналығын, білім деңгейінің өскендігін көз алдарында танытып отырады. Солардың ерекше сый-құрметіне бөленеді.

Романда Абайдың азаматтық, адамгершілік бейнесінің ерекше жарқырап, жайнай көрінетін данышпандық тұлғасының, ақындық дарынының ерекше кемелденген тұстары көп-ақ. Оның Михаэлиске еріп, Ұлытауға баруы, сол жерде қазақ тарихынан терең тебірене сөз сөйлеуі, сол үшін әкімшілік орындарына сезікті көрініп, Омбыға апарылуы, онда губерниялық сот мәжілісінде не бір маңғазданған қасқалар мен жайсаңдар алдында көсіле сөйлеп, бәрінен мойын оздыруы, сөйтіп, өзін ақтап шығу үстіне билік орнындағы әкімдерден құрметке бөленуі, Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» мен Шоқанның сот реформасы негізінде қазақ даласын басқарудың тұтас бір жүйесін жасап беруі, т.б. оқиғалар — ел алдында, жоғары әкімшілік орындары алдында Абай беделінің асқақтап көтерілуіне айқын айғақтар болып көрінеді.

Жинақтап айтқанда, Рамазан Тоқтаровтың бұл туындысы қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі үлес.Көркемдік дәрежесі жоғары, мазмұны бай, ұлы Абай бейнесін өз заманының мәнді оқиғаларымен, көкейкесті проблемаларымен табиғи байланыстыра отырып, шынайы суреткер шеберлігімен сомдаған бағалы туынды. Әсіресе, Рамазанның тіл байлығы, суреттеу шеберлігі, кейіпкер бейнесін сомдау машығы оқырманды ерекше тәнті етеді. Сондықтан бұл ірі шығармаға Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі өте орынды болды.

Тарихи өткен дәуір шындығын суреттеу барысында жазушылар қолда бар тарихи фактілерді тұтастай алып екшеп, сұрыптаумен қатар олардың құрамдас бөліктерін де ой елегінен өткізеді. Жазушының суреткерлік нысанасына орай тарихи деректердің кұрамдас бөліктерінің қайсы бірі мүлде қысқартылады, енді бірінің орнына өмірде болмаған, бірақ характер логикасына, тарихи құбылыстардың, жағдайдың даму зандылықтарына толық сәйкес келетін басқа бір деталь ойдан қосылады. Осы тұрғыдан келгенде жазушы тарихи деректер мен құжаттарды, фактілерді романда шеберлікпен пайдаланғанын көреміз. Олай дейтініміз Орталық мұрағатта кездесетін Абайға қатысты құжатты деректерде Абай атына айтылатын арыз-шағымдардың біразы ел ішіндегі рулар мен ауылдар атқамінерлері арасындағы бәсеке, даушар; болыс сайлауына қатысты. Сондай құжаттың бірі 1877 жылы күзде Семей облыстық мекемесіне Жанкебек-Сыбан, Алжан елінің елбасыларынан түскен. Өмірбек Қарымсақұлы бастаған 9 кісі елбасылар мен құрметті кісілер таңбаларын басып, облыстық ұлықтарға мынадай мазмұнда арыз жөнелткен; «Абай біздің сайлаған адамдарымызды сайламай. Қамбар Биғозы баласы һәм Ибраһим Құнанбай баласы һәм Оралбай Байтоқа баласы ынтымақта болып, орталарынан пәре жүргізіп, елді бұзып, уә қорқытып, Тоқтыкөшік Ерғазы баласын болыстың орнына сайлатты» деп көрсетіп, болыстыққа, болыс кандидатына, билік қызметке сайланған үш кісінің әрқайсысынан 30 жылқы, 1 түйе және тайтұяқ алғанын атап, әскери губернаторға шағынған.

Каламгерге қанша жерден көркемдік еркіндік тән дегенмен, тарихи ақиқатты, ел-жұрт әдет-ғұрып, діл-тіл қағидаттарын аттап өтуге, жазба әдебиетіміздің жәдігерліктерін қалай болса солай дерексіз пайдалана беруге құқы жоқ екенін ескеріп өткіміз бар. Мәселен, шығармада қазақ және орыс халықтарының ғылыми әдебиетіндегі ұлы тұлғалары Шоқан Уәлихановтың, Федор Достоевскийдің бала жастағы және бозбала Абай мен Құнанбай үйінде, Ақымет Ыриза медіресесінде ұшырасулары мен әсерленулері суреттелетін тұстар тарихи негізсіз болжамдар екені талассыз. Біз қанша жерден солай болуын тілеп, өзіміз қалаған болжамдарға барғанымызбен тарихылық дегенді де ұмытпағанымыз жөн. Әрбір басқан қадамдарын боямағанымен жүрген-тұрған, көрген-білгендер күнделік, ғылым-танымдық еңбектер қалпында қағазға түсіріп жүруді үрдіс еткен Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевскийлер жазбаларында қалған Абайға қатысты деректемелердің көбісі таза қиялдан туындаған.

Халық арасында аты әйгілі болып, өздерінің асыл қазына — әдеби шығармаларымен елге танылып жүрген ақын жазушыларымыз көп-ақ. Кейінгі ұрпаққа мұра болып қалар ұлы ғұламалар еңбектері, әрине, біз үшін асылдың асылы болып саналады. Заманымыздың сондай тума таланттарының бірі — өзінің «Жердің үлгісі», «Ертіс перзенті», «Ғасыр наны», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Абайдың жұмбағы» сияқты көркем шығармаларымен белгілі, мақтан тұтар жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың сахибы- Рамазан Тоқтаров. Рамазан Тоқтаров шығармалары бүгінгі күні әдебиет әлемінде өз орнын тауып, зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ. Олар өз еңбектерінде Р.Тоқтаров прозасындағы елеулі мәселелерді көтерген. Р.Тоқтаров ХХ ғасырдың соңғы қырық жыл бедерінде әдебиетіміздің проза жанырында орасан бұрқыраған жігер-қайратпен өнімді, жемісті еңбек етті.

Авторлық сілтеме:
Көпбаева М.Р. К41 «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңашыл ізденістер: Оқу құралы. — Тараз: «Тараз университеті», 2014. — 158 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *