Психиканың даму кезеңдері туралы қазіргі кездегi түсініктер

Психика мен оның дамуының пайда болу мəселесі, яғни генезисі тығыз байланыста болады. Сондықтан психиканың даму үрдісіне деген жалпы көзқарас психиканың пайда болу мəселесінің теориялық шешімінің ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл мəселенi принциптік тұрғыдан шешудің бірнеше жолдары бар екені белгілі. Ой философиясы тарихындағы “антропсихизм” деп аталатын бұл көзқарас Р.Декарттың атымен байланысты. Оның мағынасы мынада: психиканың пайда болуы адамның пайда болуымен байланысты, психика тек адамда ғана болады. Осылайша адам психикасының тарихының басталуы мүлдем сызылып тасталған. Бұл көзқарасты жақтаушылар қазіргi уақытта да кездеседі. Басқа, қарсы теория, панпсихизм жайлы, яғни табиғаттың жалпылама жандылығы туралы, ілім деп аталады. Бұл қарама-қарсы көзқарастар аралығында, танымал көзқарас, биопсихизм бар. Биопсихизмнiң мəні: ол психиканың кез-келген материяның қасиетімен емес, тек қана тірі материяның қасиетімен танылады /5,7/.

Айтылған мəселенi шешетін тағы да бір көзқарас ол психиканы кезкелген тірі материяның қасиеті емес, жүйке жүйесі бар ағзалар ғана таниды. Бұл көзқарасты нейропсихизм концепциясы деп атайды. Материалистiк психология бұл концепциялардың біреуін де сөзсіз қабылдай алмайды. Психология ғылымы мүлдем басқа жағдайлардан пайда болып, өз алдына психиканың шығу тегі туралы сауалға жауап іздеуге, өмірдің бұл күрделі түрін тудыратын шарттарды сипаттауға тырысады. Өмірдің пайда болуының негізгі шарты болып, қоршаған ортамен зат алмасусыз тіршілік ете алмайтын, ақуызды күрделі молекулалардың пайда болуы саналатыны белгілі. Олар өздерінің тіршілігі үшін қоректенуге жəне тіршілігіне колдау беретін заттарды қоршаған ортадан игеруі қажет; сонымен бірге олар өздерінің қалыпты тіршілігін бұзатын қажеті жоқ заттарды сыртқы ортаға шығарып отыруы тиіс. Бұл екі үрдістер – ассимиляция жəне диссимиляция – зат алмасудың құрамды бөліктері жəне бұлар ақуызды күрделі құрылымдардың тіршілік етуінің негізгі шарты болады.

Бұл ақуыз күрделі молекулалар (коацерваттар) пайдалы заттардың əсеріне немесе осы заттардың игерілуіне себін тигізетін шарттарға жəне олардың ары қарайғы тіршілігіне қауіп төндіретін жағымсыз əсерлерге жауап қайтаруға мүмкіндік беретін ерекше қасиеттерге ие. Мəселен, бұл молекулалар қоректік заттардан басқа, бейімделуге ықпал етуші жарыққа да, жылуға да жағымды жауап қайтарады. Олар шамадан тыс əсер етушілерге, олардың қалыпты тіршілігіне кедергі жасайтын механикалық немесе химиялық əсерлерге жағымсыз жауап қайтарады. Зат алмасу үрдісіне енбейтін бейтарап əсерлерге олар жауап қайтармайды.

Коацерваттардың индифференттік əсерлерді жауапсыз қалдыра отырып, зат алмасу үрдісіне енетін əсерлерге реакциясы тітіркену деп аталады жəне органикалық емес материядан органикалық материяға өту кезінде байқалады. Осыдан кейін мынандай қорытынды жасауға болады: кезкелген тірі ағза барлық сыртқы тітіркендіргіштерге талғаммен қарайды жəне осылайша тірі материяның жаңа қасиетін — өзін-өзі реттеуді қалыптастырады. Тітіркену – бұл биологиялық бейнелеудiң қарапайым түрі, өсімдіктер мен жан-жануарлар эволюциясының барлық кезеңдеріндегі барлық тірі ағзалар оны меңгерген. Бұл — маңызды биологиялық (биотикалық) ықпалдардың əсеріне тірі ағзаның жауап қайтару қабілеттілігі. Сонымен, органикалық дүниеге өту кезінде-ақ бейнелеудiң жаңа түрі пайда болады. Тірі материяға өту кезіндегі бейнелеудiң дамуы, оның алғашқыда, кейбір жағдайларда органикалық емес дүниедегі бейнелеуге тəн болатын тік таңба мінезін жоғалтуынан білінеді. Алайда ол өзінің кездейсоқ енжар мінезін де жоғалта отырып, алғаш рет дене тіршілігінің қажетті шарты болып қалыптасады.

Өмірлік маңызды əсерлерге қатысты тітіркену үрдістері, тітіркенудің арнайы жоғары түрлерін білдіру жəне оларды келесі ұрпақтарға бере отырып сақтау, əдетте өсімдіктер өмірі деп аталған, өмірдің даму кезеңін сипаттайды. Өсімдік тамырының топыраққа тереңдеп өсуі немесе жарықтың түсуіне байланысты өзегінің қисая өсуі, немесе өсімдіктің күн сəулесіне қарай бұрылуы сияқты құбылыстар – мұның бəрі биотикалық əсерлерден тітіркенудің нəтижесі. Өсімдіктер өміріне маңызды бір жағдай тəн. Биотикалық əсерлерге алмасудың күшеюімен жауап қайтаратын өсімдіктер, тікелей зат алмасу үрдісі кезінде, бөгде əсерлерді “байқамайды”. Олар қоршаған ортаға белсенді бейімделе алмайды. Мəселен, жарық немесе ылғал көздері тіптен жақын бола тұрып, оған тікелей əсер етпесе, жарықтың немесе ылғалдың болмауынан қурап қалуы мүмкін.

Тіршіліктің бұл енжар түрінен эволюцияның келесі кезеңіндегі тіршілік түрлері – жануарлар өмірінің кезеңдері – бірден ерекшеленеді. Психикалық бейнелеудiң бастапқы түрінде болатын сезімталдық кез-келген, тіпті өте қарапайым, өміршең денеге тəн болатын тітіркенудің дамуы барысында пайда болады деген жорамалды А.Н.Леонтьев /8/ енгізді. А.Н.Леонтьевтің жорамалы бойынша, жануарлар, тікелей зат алмасуға енетін биологиялық маңызды əсерлерге ғана емес, өмірге қажетті əсерлердің пайда болуын білдіретін болса, биологиялық маңызы жоқ, “бейтарап” əсерлерге де жауап қайтарады. Басқаша айтқанда, жануарлар қоршаған ортаға белсенді бейімделiп, тіршілікке қажетті жағдайларды іздейді жəне ортаның кез-келген өзгерісіне жауап қайтарады. Тіршілікке қажетті əсерлердің пайда болуын білдіретін бейтарап, биологиялық маңызы жоқ тітіркендіргіштерге жауап қайтару қабілеттілігін сезімталдық деп атайды. А.Н.Леонтьевтің жорамалына сəйкес, сезімталдықтың пайда болуы психиканың пайда болуының объективтік биологиялық нышаны /1/.

Егер бейтарап тітіркендіргіштер тіршілікке маңызды əсерлердің пайда болуын білдіре бастаса, онда сезімталдық тіршілік етуді оларға байланысты түбегейлі өзгертеді. Ең бастысы мынада: тіршілік иесі қоршаған ортаға белсенді бейімделе бастайды, ондағы əрбір өзгеріске белсенді жауап қайтара бастайды, яғни өсімдіктер əлеміне қарағанда, жеке мінез-құлықтың құбылмалы түрлерін қалыптастыра бастайды. Алғашқыда мұндай жеке құбылмалы мінез-құлықтар баяу қалыптасады бірақ, бұған қарамастан, біржасушалылар жылуға сезімтал болғанымен, жарыққа сезімтал болмайтындығын эксперимент жүргізу кезінде-ақ (мысалы, неміс ғалымы Брамштедт жасаған эксперимент) байқауға болады. Егер оларды бір бөлігі жарық, бір бөлігі қараңғы бірқалыпты жылытылған камераға салсақ, олар камерада біркелкі таралады. Егер, керісінше, камераның бірқалыпты жарықтанған бір жағын қыздырса, олар камераның қыздырылған шетіне жиналады. Алайда, камераның қыздырылған шетіне ұзақ уақыт жарық түсіріп, қыздырылмаған шетін қараңғыласа, онда жағдай өзгереді, температураның көтерілуінің сигналын білдіретін жарыққа біржасушалылар сезімтал бола бастайды. Өсімдіктерден өзгешелігін білдіретін, қарапайым тіршілік иелерінің мінез-құлқы салыстырмалы түрде қарағанда, баяу өзгереді, жəне де пайда болған өзгерістер осылайша баяу жоғалады.

Биотикалық əсерлерге қатысты, сезімталдықтың жəне тіршілікке маңызды əсерлердің пайда болуы мен олардың іздерінің жай сақталуын білдіретін бейтарап тітіркедіргіштерге қатысты тітіркенудің сипатталған үрдістері біржасушалы жануарлардың тірлігін қолдауға жеткілікті, бірақ көпжасушалыларға ауысқанда олар жеткіліксіз болады. Көпжасушалыларға ауысуы тірлік ету жағдайларын айтарлықтай қиындатады: сыртқы ортаға бейімделудің белсенділігі арта түсiп, күрделі қозғалыстар мен қозудың тез пайда болуын қамтамасыз ету қажеттілігі туады. Бұл көпжасушалы құрылысының айтарлықтай күрделенуіне, тітіркенудің арнайы рецепция талшықтарының бөлініп шығуына жəне эволюцияның кейінгі кезеңдеріндегі бұлшық ет талшықтары орындайтын функцияны тудырушы талшықтардың пайда болуына, сондай-ақ диффузиялы, тор тəрізді жүйке жүйесінің сипатында болатын, қарапайым жүйке жүйесінің құрылуына əкеліп соғады.

Мұның бəрін iшек құрылымының түрiне (мысалы, медуза, актиния немесе теңіз жұлдызы) жататын, қарапайым көпжасушалыларға қатысты дене құрылысынан анық көруге болады. Көпжасушалылардың бұл даму кезеңі қозудың өткізгіштігінің бірнеше есеге үдеуімен (тор тəрізді жүйке жүйесінің пайда болуының салдарынан) сипатталады. Алайда өзінің артықшылықтарына қарамастан, диффузиялы жүйке жүйесінің шектеулері болады: қозу тор тəрізді жүйке жүйесі арқылы жануардың барлық денесіне біркелкі таралады. Қабылдап қана қоймай, сонымен қатар алынған ақпаратты өңдейтін, жадылайтын тұрақты жетекші мүшенің болмауы, бұл деңгейдегі мінез-құлық мүмкіншіліктерін айтарлықтай шектейді. Бұл кемшіліктер эволюцияның кейінгі кезеңдерінде, əсіресе, жер беті тіршілігіне ауысқанда жəне анағұрлым күрделі ганглиозды жүйке жүйесінің қалыптасуы кезінде жойылады. Жер бетіндегі тіршілікке өту тіршілік ету жағдайының қиындауына байланысты болады. Психикалық бейнелеу тек биологиялық тұрғыдан тітіркендіргіштерге жауап қайтарудан ғана көрінбей, сонымен қатар ортаның биологиялық мəні бар белгілерінен əсер алған жағдайда хабарлай алған кезде ғана көзге түседі. Басқаша айтқанда, психикалық тітіркендіргіштер арасындағы ең қарапайым байланыстардың өзін бейнелей алу қабілеттілігінен басталады. Соның нəтижесінде алда болатын оқиғаны алдын ала болжау механизмі қалыптасады, ал мұның өзі алда болмақшы əсерге тойтарыс беруге даярлануды қамтамасыз етеді. Мəселен, жəндіктер дыбысы немесе иісі арқылы өзіне қажетті тамақты жəне басқа жыныстағы əріптесін тауып алады. Алайда дыбыс та, иіс те биологиялық қажетті қанағаттандыра алмайды, олар тек тамақтың бар екендігі немесе екінші жəндіктің ұрғашы не еркегі екендігі туралы белгі ғана береді. Гүл иісі араның ұшу бағытын реттейді т.б.

Авторлық сілтеме:
Намазбаева Ж.И. Жалпы психология: Оқулық. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ Психология институты, 2006. – 249б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *