Нəсілқалыптасу үдерісінің факторлары

Табиғи сұрыпталу нəсілгенез факторларының арасындағы ең басты, əсіресе, нəсілқалыптасудың алғашқы сатыларында рөлді атқарады. Мысал ретінде əртүрлі нəсіл өкілдеріндегі пигменттену эволюциясын қарастыруға болады. Терінің түсінде, құрамында меланин пигменті бар, тері клеткалары – меланоциттердің жауапты екендігі бəрімізге белгілі. Барлық адамдардың, альбиностардан басқаларында, тері клеткаларында меланин бар, оның мөлшері генетикалық түрде басқарылады. Негізінде, пигменттің жасалуы, тирозиннің меланинге айналуын катализдейтін, тирозиназа ферментін бақылайтын геннің бар болуымен анықталады. Бірақ та, терінің пигментациясына тирозиназадан басқа тағы бір фермент əсер етеді, оған ақ терілі адамдардың клеткаларында кездесетін жəне ондағы меланин мөлшеріне əсер ететін басқа ген жауапты. Осы фермент синтезделген кезде, меланин аз мөлшерде бөлінеді жəне тері ақ түсті болады. Керісінше, ол фермент жоқ болған кезде (синтезделмегенде) меланин көп мөлшерде бөлінеді де, тері қара түсті болады. Терінің түсі үшін меланин-ынталандырушы гормонның да маңызы бар деп есептеуге мүмкіндік беретін деректер бар. Осылайша тері түсін бақылауда, ең кем дегенде, гендердiң үш жұбы қатысады.

Тері түсiнiң нəсілдік белгі ретіндегі маңыздылығы күннің жарықтандырылуы мен D дəруменінің өндірілуі арасындағы байланысымен де түсіндіріледі, ол организмдегі кальцийдiң теңгерімін ұстап тұру үшін қажет. Бұл дəруменнің молдығы кальцидiң сүйектерден бөлінуіне жəне олардың морттығына алып келеді, ал кальций жетіспеушілігінің нəтижесі мешел ауруына шалдықтырады. Қалыпты кезде синтезделетін, D дəруменінің мөлшері, меланин қабатынан тереңірек орналасқан клеткаларға дейін енетін күннің сəулелену мөлшерімен реттеледі.

Терiдегi меланин неғұрлым көбiрек болған сайын, ол жарықты азырақ өткiзедi. Тағамдарды D дəруменімен жасанды байыту əдістерін ойлап тапқанға дейін, адамдар D дəруменін алуда күн жарығына тəуелді болды. D дəрумені қажетті мөлшерде синтезделуі үшін, яғни кальцийдiң қалыпты теңгерімін сүйемелдеп ұстап тұру үшін, ақшыл терiлi адамдар күн радиациясы анағұрлым əлсіз болып келетін экватордан қашық географиялық ендікте мекендеуi керек. Керiсiнше, қара терiлі адамдар экваторға жақын орналасқандары абзал. Əр түрлi пигменттелген терісі бар адамдардың аймақтық бөлінуі белгілі бір дəрежеде географиялық ендiктiң функциясы болып табылады.

Еуропеоидтардың алға қарай едəуiр шығыңқы болып келетін жіңішке мұрыны жұтқыншақ жолын ұзартады жəне тарылтады, осының арқасында суық ауа жақсырақ жылынады, ал бұл көмей мен өкпені салқын тиюден қорғайды. Дамыған қан тамырлары бар шырышты қабаттың дамуы, жылуберілудің артуына мүмкіндік туғызады. Бұйра шаштар басты қатты қызып кетуден жақсы қорғайды, өйткенi онда ауа қабаттары түзіледі. Бастың жоғары созылыңқы болып келуі, кең жəне аласа орналасқан бастан гөрі, əлсiзiрек қызады. Бұл белгiлердің бейімделгіштік болып келетіндігі анық. Осылайша, табиғи сұрыпталу мен мутациялардың нəтижесiнде көптеген нəсiлдiк белгiлер тіршілік етуінің географиялық орта жағдайларына бейімделу ретінде пайда болған.

Метисация мен оқшаулануға байланысты үдерістерді жан-жақты қарастырайық. Адамдар жоғарғы палеолит кезеңінің өзінде-ақ, Жер шарымыздың өмір сүруге қолайлы барлық түпкірлеріне жеткен болатын. Адамдардың кейбір жеке топтары осы кезде адамзаттың қалған бөлігімен байланысынан ұзақ уақытқа айырылатын. Сыртқы əлеммен еш байланыссыз осылай тіршілік ету оқшаулану деп аталады. Адамдарда бұл екі түрлі себеппен: аумақтың географиялық (географиялық оқшаулану) қиыншылықтарымен немесе əлеуметтік факторлармен (мəдени оқшаулану) белгіленуі мүмкін.

Əдетте, адамдар тобының оқшаулануы қол жеткізуге аса қиын аумақтарында–алыс аралдарда, таулы далаларда, адам жүре алмайтын ормандарда жүреді. Сонымен қатар оқшаулану əр түрлі ауқымда болуы мүмкін. Мысалы, қос Американың да үндістері мыңдаған жылдар бойы Ескі əлем адамдарынан толықтай дерлік оқшауланған болатын, алайда, екі бүтіндей континент аймағында ғана! Сонымен қатар, Анд пен амозониялық сельведегі аздаған топтар, өз кезегінде, басқа үндістерден толықтай оқшауланған. Австралия аборигендерінің (байырғы тұрғындары) қалған əлемнің адамдарымен мыңдаған жылдар бойына ешқандай байланыстары болмаған, бірақ континент ішінде олар үшін өте алмайтын географиялық тосқауылдар болмады, өйткені тіпті, атақты австралиялық шөлдерді де айналып өте алатын еді. Бірақ Австралияда да басқа байырғы тұрғындардан толықтай дерлік оқшауланған топтар бар, мысалы, шығыс жағалау тауларындағы барринес пигмей тайпалары.

Кейде географиялық тосқауылдар біршама басқаша сипатта болады. Африкадағы пигмейлердің оқшаулану жағдайлары осындай. Пигмейлер өмір сүретін, тропиктік жаңбырлы ормандармен олардың көршілері бантулар өмір сүріп жатқан саванналардың арасында қандай да бір еңсерілмейтіндей шекара жоқ. Орман мен саваннадағы өмір сүру жағдайларының орасан зор айырмашылықтары осындай шекара қызметін атқарады. Ұзын бойлы адамдар жаңбырлы орманда өмір сүре алмайды, ал қысқа бойлыларға саваннада өмір сүру өте қиын. Сонымен қатар, олардың арасындағы мəдени жəне сауда алмасу тұрақты түрде жүріп тұрады, алайда орман мен саванна тұрғындарының арасында гендердің алмасуы біршама əлсіз жүреді, əсіресе, ол пигмейлерден бантуларға қарай негізделіп бағытталғанда. Кейбір жерлерде аралас популяциялар пайда болғанымен де пигмейлер мен саванна тұрғындарына тəн типтер өздерінің ерекшеліктерін жоғалтпайды.

Мəдени оқшаулану кезінде мүлдем басқа жағдай орын алады. Қоғамда басқа топтың адамдарымен тілдесуге тыйым салынған кезде, мəдени оқшаулану пайда болады. Тек өз тобының ішінде ғана некеге тұру ғұрпы эндогамия деп аталады. Тыйымдар өте əр түрлі болып келеді, бірақ дінге байланысты шектеулер бəрінен жиірек кездеседі. Əлеуметтік топтардың айырмашылығына байланысты тыйымдар, əдетте, аса қатаң болмайды. Үндістандағы касталық жүйе осының анағұрлым белгілі мысалы болып табылады. Оның бар болуының себебіне байланысты, Үндістандағы əлеуметтік топтардың антропологиялық айырмашылықтары аса маңызды жəне нəсілдік ауқымға дейін жетуі мүмкін. Əлеуметтік оқшауланудың арқасында, Оңтүстік Үндістанға жүздеген жылдар бұрын əкелінген африкалық құлдардың антропологиялық жағынан өзгермеген ұрпақтары осы күнге дейін өмір сүруде. Сібірдің əр түрлі түкпірлерінде өмір сүріп жатқан, көнеге сенушілер тобы осының басқа мысалы болып табылады. Арменияға ХІХ ғасырда қоныс аударған, діни сектаның өкілдері молокандармен де тура осындай жағдай қалыптасқан. Діни оқшаулану молокандардағы барлық бастапқы нəсілдік белгілердің толығымен дерлік сақталуына алып келді. Оқшауланудың əсері əртүрлі болуы мүмкін. Осы себепті де белгілер ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз сақталуы мүмкін, мысалы, австралиялық аборигендердің бас сүйегінің көлемділігі мен тістерінің ірі мөлшері байқалатындай дəрежеде эволюциялануы, мысалы, сол аборигендерде ағарған шаштардың пайда болуы. Өте үлкен популяцияда немесе өзара байланысқан популяциялардың ортақтылығында жаңа белгінің сақталу мен бекіну мүмкіншілігі аз мөлшердегі популяциялармен салыстырғанда, азырақ болады. Екінші жағынан, өзінің таралуында əлсіз шектелген популяциялар, ортаның жаңа жағдайларымен соқтығысуы жəне көрші топтармен араласуы мүмкін, осылай олар жаңа белгілерді иеленеді. Ұзақ уақыт бойы ортаның өзгеріссіз жағдайларында тіршілік еткен топтардағы белгілердің заңды түрде өзгеретін себебі болмайды жəне бұндай өзгерістер болған жағдайларда да, тек кездейсоқтық сипатта ғана болуы мүмкін. Осылайша оқшаулану нəсілдік типтердің алуан түрлілігінің сақталуына жəне оның қайта жаңғыруына алып келеді.

Жер шарындағы халықтар санының артуы қазіргі кездегі планетамызда толықтай оқшауланған топтардың қалмауына ақырындап алып келді. Алайда, алыстағы аймақтардың тұрғындары, мысалы, Оңтүстік Америка ормандарының үндістері мен Филипин таулы аудандарындағы аборигендердің кездесу мүмкіншіліктері өте аз. Этникалық жəне əлеуметтік себептерге (эндогамия) байла — нысты оқшаулану, тіпті, қазіргі ірі мегаполистерде өз мəн-мағынасын сақтап келеді. Сондықтан оқшаулаушы тетіктер қазіргі əлемде де əсер етіп жатыр.

Метисация (немесе екі əр түрлі нəсілдердің будандасуы) кері құбылысты бейнелейді. Адамзаттың түрлік бірлігін ұстап тұру, метисацияның ең маңызды мəнісі болып табылады. Қандай да бір тұрғындар тобының ұзақ уақыт бойы оқшаулануының нəтижесінде, адамның жаңа түрінің пайда болуына алып келу жағдайлары, тарихта тіркелген. Өсімтал ұрпақты алу мүмкіншілігі, түрдің гибридологиялық өлшемі түр бірлігінің маңызды көрсеткіші болып табылады.

Адамзаттың бүкіл тарихы, өте əр түрлі нəсіл өкілдерінің арасынан өсімтал ұрпақты алу мүмкіндігін растау болып келеді. Аралас нəсіларалық топтар қазіргі кезде бүкіл Сібірде қоныстанған, анағұрлым жарқын мысал ретінде, қоныс аударылған орыстар жəне жергілікті халықтар-эвендер мен ительмендердің-араласуы нəтижесінде пайда болған, долгандар мен камчадалардың бүтіндей халықтарын еске түсіруге болады. Оңтүстік Африкада реоботиялық бастардтардың халықтары өмір сүруде, олар голландиялық колонистер мен аборигендер-готтентоттардың ұрпақтары болып табылады. Бұдан басқа кейбір нəсілдер, тіпті, басқа нəсілдердің араласуы нəтижесінде ғана пайда болған. Оралдық нəсіл, қазақтар жататын оңтүстік-сібірлік нəсіл, эфиоптық нəсіл, дравидиялық нəсілдер осындай болып келеді. Орталық пен Оңтүстік Африкада жəне əлемнің басқа да бөліктерінде, бүтіндей мемлекеттер бірден үш нəсілдердің араласуынан (еуропеоидтық, моңғолоидтық жəне негроидтық) пайда болған халықтармен қоныстанған. Бұндай топтардың сенімді жіктелуі жүргізілмеген, дегенмен антропологтар бұндай талпыныстарды да жүзеге асырған. Соңғы бірнеше жүзжылдықтарда бірден пайда болған бірнеше аралас нəсілдер жайында айтуға болады. Тағы бірнеше нəсілдерді, олардың қалыптасуы кезінде, қазір де бақылауға болады !

Метисация қарама-қарсы екі құбылысқа:

  • Бір жағынан, əр түрлі антропологиялық типтердің араласуы олардың айырмашылықтарының тегістелуіне алып келеді.
  • Екінші жағынан, пайда болған аралас (метистік) нұсқа, заңды түрде, бастапқыларынан өзгешеленген болып шығады.

Аралас топтағы белгілер, алғашқы топтардағы белгілер жағдайының арасындағы ортаны көрсетпейді. Белгілердің бүкіл кешені мүлдем орташаланбайды. Осылайша жаңа антропологиялық типке бөлінген жаңа нұсқа пайда болады. Бұндай жаңа нұсқа салыстырмалы түрде немесе толықтай оңашалану жағдайына жиірек ұшырайды жəне онда жаңа белгілердің комбинациясы дамиды жəне бекінеді.

Тұрғындардың нақты тобын зерттеу кезінде метисация нəтижелері мен автохтонды дамуды ажырату қиын болып жатады. Тіпті, бұл үдерістер жиірек қатарласқан түрде жүреді. Сондықтан, ғалымдар оралдық жəне эфиоптық нəсілдердің шығу тегі туралы ортақ шешімге келе алмай отыр. Бір көзқарасқа сəйкес, бұл нəсілдер қазіргі таралған аймағында ұзақ уақыт бойы тəуелсіз даму барысында қалыптасқан, ал олардың морфологиялық кешендері өзгеше жəне аса ежелгі болып келеді. Екінші пікір бойынша, оралдық та, эфиоптық нəсілдер де көрші аймақтардағы антропологиялық типтердің араласуын көрсетеді. Антропологиялық мəліметтерде қос көзқарас та расталған жəне осы нəсілдердің шығу тегінің жұмбағы əлі де өз шешімін күтуде.

Оқшаулану мен метисация, антропологиялық белгілердің сақталуына немесе араласуына ғана, алып келмейді. Қоршаған орта əсерінен популяцияларда тəуелсіз болып жатқан генетикалық жиіліктердің өзгеру үдерісін автогенетикалық деп атайды. Оқшаулану, мысалы, гендердің қалқып жүруі (дрейф генов) арқылы популяция генотипінің өзгерісіне алып келуі мүмкін. Əр түрлі кездейсоқтықтардың əсерінен популяциялардағы гендердің жиілігі бағытталмаған түрде, бірақ өте едəуір өзгеруі мүмкін. Солай, мысалы, Орталық Австралия мен Соломон аралдарындағы нагалия тайпасында ақшыл шаштылар орталықтары тəуелсіз түрде пайда болды. Белгілерді басқаратын гендердің қалқып жүруі популяцияның генетикалық құрылымын өзгертуге қабілетті. Гендердiң дрейфi нəтижесiнде популяциялардың бейнесі 50 ұрпақ бойына, яғни шамамен, 1250 жыл бойы өзгеруі мүмкін екендігі есептеп шығарылған болатын. Некелердің барлығы дерлiк тек эндогамиялы болатын оқшауланған популяцияларда аллельдi жұптардағы рецессивті гендердiң кездесу ықтималдығы едəуiр жоғарылайды, ал гетерозиготалылық деңгей төмендейді жəне гомозиготалы күйіндегi рецессивтердің шоғырлануы артады, бұлар гендердің дрейфiнің мəнісi болып табылады. Некелердің басым көпшілігі бірнеше ұрпақтар бойына өз тобының iшiнен ғана құрылған популяцияларда уақыт өте келе, нəсiлдiк ерекшелiктердiң байқалатындай өзгерiстерi болуы мүмкін, бұлар бастапқы кезде ұқсас болған популяциялардың əр түрлi болып шығуына алып келеді. Бейімдеушілік қасиеті жоқ мұндай айырмашылықтардың пайда болуы жеке белгiлердiң пайда болу жиiлiгіндегі жылжудың нəтижесi болып табылады. Олар бiр ерекшелiктердiң мүлдем жойылып кетуіне, ал басқаларының кеңінен таралуына алып келедi. Нəсілдік белгілердің өзгерісі сияқты, сақталуы да жыныстық сұрыпталу арқылы жүзеге асады. Некелік серікті таңдау мен іріктеу қарама-қарсы екі үрдістің негізінде жүргізіледі. Бір жағынан, топтың орташаланған нұсқасына біршама жақындатылған, анағұрлым стандартты некелік серік таңдалады, өйткені дəл осындай биологиялық тип, уақыт арқылы сынақтан өткен жəне өзінің жоғары бейімделгіштігін дəлелдеген. Екінші жағынан, аналықтар əрқашанда ең жақсысын, ерекшесін жəне ешкімде жоғын қалайды. Сондықтан өзгелерден бір қасиетімен ерекшеленіп тұратын некелік серік жиірек таңдалады. Бұл жерде мода секілді құбылыс та өз рөлін атқара бастайды. Сонымен қатар, əрине, жеке қажеттіліктерді де ескермеуге болмайды.

Нəсілдік белгілер бірыңғай кешен түрінде тұқым қуаламайды, ал нақты бір адамда олардың қандай да бір типіне сəйкес келуі мүлдем міндетті емес. Алайда популяция немесе тіпті популяция — лар тобының ішіндегі өзгергіштікті бағалай келе, белгісіз бір бейнені айқындап алуға болады, міне, бұл нəсіл деп аталады. Жекеше жəне популяциялық едəуір өзгергіштік, нəсілдер шекарасының тым көмескіленуіне алып келеді, əр түрлі нəсілдердің арасында көптеген ауысулар болады.

Популяциялардың өзара араласуының мəнісі өте ертеден-ақ зор болған жəне жас нəсiлдердiң қалыптасуы кезінде тіптен, жоғары мəнді иеленеді. Өте ерте заманда біршама ілгері дамыған түрлері ежелгі түрлерімен қатар тіршілік еткен, бұл соңғыларының жойылуына ғана емес, сондай-ақ, олардың өзара араласуына, яғни метисациясына, да алып келді. «Жас» нəсілдердің ішінен анағұрлым көзге түсетіні солтүстiк америкалық түрлi түстi нəсiл (АҚШ-тың негр тұрғындары) болып табылады, олар орман негроид нəсiлдерiнің банту нəсілдерімен, сонымен қатар, солтүстiкбатыс еуропалық, альпiлiк, жерорта теңiздiк, мүмкiн, басқа да нəсiлдермен араласуының нəтижесiнде пайда болған. Ғалымдардың есептеуі бойынша, метисацияның нəтижесiнде, АҚШ-тың негроидты популяциясында, шамамен, 20 пайызға дейін еуропеоидтық гендер бар. Оңтүстiк-африкалық түрлi түстi нəсiл банту, бушмендер жəне готтентоттардың (соңғылары Жер бетіндегі анағұрлым ежелгi халық болып саналады) негiзінде пайда болды. Қазіргі кезде Гавай аралдарында еуропеоидтардың, моңғолоидтардың жəне полинезиялықтардың метисациялануы салдарынан жаңа нəсiлдiк топ қалыптасып келеді. Оңтүстiк Америка елдерінде тұрғындардың нəсiлдiк жағынан араластардың үлесі жоғары екендігін бразилиялық киносериалдардан жақсы көруге болады.

Қазiргi кезеңдегі нəсiлдердің келешегі бiздiң заманымызға əсер етіп жатқан бірқатар факторлармен анықталады. Жер шарындағы халықтардың санының артуы жалғасуда, олардың көші-қоны көбеюде, нəсiларалық некелердің жиiлiгi жоғарылауда. Соңғы екi факторлардың арқасында, келешекте адамзат бiртұтас нəсiл болып қалыптаса бастайды деген болжамдар да бар. Сонымен бiрге, өзіндік ерекше гендерінің үйлесімі бар жаңа популяциялардың қалыптасуына байланысты нəсiларалық некелердің басқа да салдары болуы мүмкiн.

Жерде қоныстану кезінде адамдар əр түрлі табиғи жағдайларға тап болып отырды. Бірақ, жануарлардың түрлері мен түршелеріне соншалықты қатты əсер еткен бұндай жағдайлар, олардан сапалық жағынан ерекшеленген адамзат, нəсілдеріне соншалықты қарқынды əсер ете алмады, ал адамзат болса табиғатты уақыт өткен сайын көбірек пайдалануда жəне оны өзінің қоғамдық еңбек үдерісі кезінде өзгеріске ұшыратып жатыр. Индустриялды қоғамның адамы табиғатты белсенді түрде өзгертеді жəне сыртқы орта жағдайларын өз қажеттілігіне қарай ыңғайластырады (батпақты құрғатады, орманды шабады, кондиционері бар үлкен ғимараттарды тұрғызады, жолдар мен туннельдерді салады, жарықтандыру мен жылытуға үлкен қуат көздерін пайдаланады жəне т.б.).

Көптеген нəсілдік белгілер əр түрлі адамдық топтардың эволюциясында, күмəнсіз, белгілі бір бейімдеушілік мəніне ие болған болатын, бірақ кейінірек, қоғамдық сипаттағы факторлар рөлінің артуы мен табиғи сұрыпталудың əсерінің ақырындап, əлсіреп жəне толықтай дерлік тоқтауына байланысты, осы қасиеттерін едəуір деңгейде жоғалтқан. Нəсілдердің дамуы үшін олардың жаңа аймақтарға қоныстануы алғашқы кездерде маңызы зор болған болса, осының арқасында адамдардың көптеген топтары əр түрлі табиғи жағдайларға тап болып, бір-бірінен ұзақ уақыт бойына бөлек тіршілік етті. Олардың тағамдану түрлері де сəйкесінше өзгерген.

Алайда, кейінірек, адамзат санының артқанына қарай, нəсілдік топтардың өзара жақындасуы да күшейе түсті, бұл олардың бірбірімен тығыз араласуына алып келді. Нəсілдік өзгергіштік жекеше емес, топтық сипатта болады жəне ол жайында айтқанда, популяциялық деңгейден бастап, қарастырған жөн болады. Қандай да бір нəсілдік ортақтылықты құрайтын, морфологиялық жəне генетикалық тұрғыдан ұқсас популяциялар, өзара кездейсоқ емес, қайта шығу тегі немесе басқа да тарихи себептердің арқасында байланысқан. Нəсіл мен кез келген нəсілдік ортақтылық жекелеген тарихи ұйымдасқан элементтерден құралған, бірақ бұлар, Алайда, жеке адамдар емес, тұтас популяциялар болып келеді. Нəсілдік өзгергіштіктің бейнесі популяциялық өзгергіштіктердің бейнелерінен, құрастырылады. Осы екеуінің жиынтығы адам түрі өзгергіштігінің барлық байлығын құрайды. Əр популяцияны жеке адамдардың қосындысы ретінде емес, қайта өзінің өзгешелігі бойынша топтық қасиеттердің қайталанбас үйлесімі ретінде зерттей бастады. Популяциялық тұжырымдама популяциялық генетиканың, жаңаша биометрияның, эволюцияның математикалық теориясының жетістіктеріне сүйенеді.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *