Нəсілдердің морфологиялық сипаттамасы

Нəсілдерді бір-бірінен ажырататын негізгі морфологиялық белгілерге: бастағы шаштардың түрі; беті (сақал, мұрт) мен денесіндегі түкті қабаттың сипаты мен даму деңгейі жататындары. Ол Ер адамдарда əйелдермен салыстырғанда: шаштың, терінің жəне көз қарашығының түсі; жоғарғы қабақ, мұрын мен еріннің пішіні; дене ұзындығы немесе бойы, аяқ-қолдардың ұзындығы, сүйек пен бұлшықеттердің даму деңгейі, дене үйлесімі анағұрлым айқынырақ көрінеді. Пигментациялану да маңызды нəсілдік белгі болып табылады. Теріде пигмент (меланин) эпидермисте орналасады. Ересек адамдардың терісінің анағұрлым терең қабаттарында, дермсында, пигмент болмайды. Тері түсі үшін, қанның ұсақ қан тамырларының (капиллярлардың) тері қабатынан көрінуінің, едəуір маңызы бар. Бұндай көріну ақшыл терілі адамдарға тəн жəне олардың терісіне қызғылт түс береді.

Нəсілдерді бөлу үшін, тірі адамдар жəне бас сүйектер арқылы, антропологтар зерттейтін бас пен беттің əр түрлі белгілерінің маңызы зор. Бастың абсолютті диаметрінен жиірек оның ең үлкен ұзындығын маңдай мен қарақұс нүктелерінің арасын (172-198 мм) жəне ең үлкен көлденеңін төбелері арасындағы (129-159 мм) нүктелерін өлшейді. Екінші өлшемнің біріншіге пайыздық қатынасы «бастың көрсеткіші» (70-88) деп аталады; егер де ол 75.9-дан төмен болса долихокефалия жайында («ұзынбастылық»), егер де 76.0-ден 80.9-ға дейін болса мезокефалия жайында, егер 81.0-ден артық болса, брахикефалия («қысқабастылық») жайында айтылады. Солтүстік жəне Орта Азияның, Солтүстік Американың көптеген халықтары өкілдерінің бет пішіндері біршама жалпақ болып келеді, сонымен қатар Балқандағы, Альпідегі, Еуропаның солтүстігіндегі еуропалықтардың брахикефалиялық топта рында да басымдылықпен кездеседі.

Өте жіңішке бет пішін бушмендерге, пигмейлерге, Эфиопия халықтарына жəне африкалықтардың кейбір топта рына, Оңтүстік Еуропа мен Үндістанның көптеген халықтарына, ОңтүстікШығыс Азия негритостарына тəн. Кейбір физиологиялық жəне биохимиялық көрсеткіштері бойынша да нəсілдердің арасында айырмашылықтар бар: терінің бірлік ауданынан бөлінетін тердің қарқындылығы еуропеоидтарға қарағанда, негроидтарда жоғары, қан плазмасындағы холестерин деңгейінің орташа көрсеткіші, керісінше, еуропеоидтарда біршама жоғары болады. Кез келген адам нəсілдерінің құрамынан оған ұқсайтын жəне аса ұқсамайтын өкілдерін де кездестіруге болады. Тура солай кіші нəсілдердің арасынан да басқа нəсілдерден өте ерекшеленетін, аса айқын байқалатын жəне салыстырмалы түрде аз ғана өзгешеленетіндерін де кездестіруге болады. Кейбір нəсілдер əр түрлі нəсілдердің белгілерін көрсетіп, аралық сипатта болады. Геном деңгейіндегі тұқым қуалаушылық материалдардың полиморфизмі мен модификациялық өзгергіштігі адам заттың морфофизиологиялық полиморфизмінің негізіне жатады. Бұндай факторлар тек жеке дара алуан түрлілікті ғана емес, сонымен қатар адамзаттың нəсілдерге түрішілік топтық саралануын жəне бейімделген экологиялық типтерін қамтамассыз етеді.

Адам нәсілдерінің негізгі түрлері

Еуропеоидтық нəсіл

Тері түстері өте ашық түстен бастап қараторы түске дейін құбылады. Пиренеи-Альпі-Балқан-Кавказ-Тянь-Шань ендігіндегі таулы жүйелерден бастап, солтүстікте қарай орналасқан популяцияларда көз қарашығы ақшыл жəне шаштары ақшыл түстілер едəуір көп кездессе, Еуропаның солтүстік-батыс жəне солтүстік-шығыс бөліктері анағұрлым депигменттелген болып келеді. Пигменттелудің Еуропа бойынша таралу картасы мұз басу картасын елестетіндігі баяғыдан-ақ байқалған. Сондай-ақ еуропеоидтардың көп бөлігінің шаштары мен көздері қара болып келетіндігін де ескерген жөн. Осы көзқарас бойынша терінің түсі, еуропеоидтарды тұтас бір топқа біріктіру кезінде, олардың біршама маңызды белгісі болып саналады. Шаштары, əдетте, жұмсақ жəне тік немесе толқынды болып келеді. Бұйрашаштылық пен ұсақтолқындылық жиірек Оңтүстік аудандарында байқалады, бірақ басқа жерлерде де кездейсоқ кездеседі. Мұрындарының кеңсіріктері, əдетте, орташа немесе биік, қырлы, тік не қоңқиған болып келеді. Солтүстік аудандарда таралған популяциялардың ішіндегі мұрыны иілген адамдардың ұшырасу жиілігі 30-40 пайызға жеткен.

Жоғарғы қабақтың қиығы солтүстік аудандағы топтарда біршама жақсы дамыған, ал оңтүстік аудандардағы популяцияларда ол мүлдем болмайды. Көз қиығы көлденеңінен орналасқан (анығырақ айтқанда, көздің сыртқы бұрышы байқалатындай жоғары көтерілген). Бет пішінінің көлденеңінен көрінісі күштіден (яғни, бет жүзі өте клиногнатты) қалыптыға дейін өзгереді. Соңғы сипаттама солтүстік-шығыс топ — тарына жиірек ұшырасады. Бет пішінінің тігінен көрінісі ортомезогнатты болып келеді. Үшінші реттік түкті қабаты жақсыдан қалыптыға дейін дамыған. Кейде түктілігі (əсіресе, дененің) орташа алғанда əлсіз дамыған топтары да кездеседі. Олар солтүстікте жəне оңтүстікте шектелген, аралық зонада үшінші реттік түкті қабат, əдетте, күштірек дамыған болып келеді. Дене ұзындықтарының топ бойынша өлшемі жоғары мəннен орташадан төменірек мəнге дейін ауытқиды. Жоғарыда айтылғандай, дене сəйкестілігі үшін мезоморфия тəн.

Негроидты нəсіл

Тері түстері қара торыдан сарғыш қоңыр реңкке дейін болады. Қара торылары айқын басымдылықпен кездеседі, бірақ өте қаралары көп емес. Африкадағы ашық көзді негрлердің ұшырасуының бірлі жарым жағдайлары сипатталған. Олардың кездесу жиілігі мутацияға жақын. Австралиялық аборигендердің аздаған жиілікпен болса да, шаштары ашық түсті даралары кездесетін популяциялары бар; ондайлар бірінші кезекте балалардың (10-15%) жəне аздап жас əйелдердің арасында ұшырасады. Папуастар арасында жирен шаштылыққа қарай аздаған беталыстың бар болуы сипатталған. Шаштарының түрлері өте қатты бұйрадан үлкен толқындыға дейін (австралоидтардың бұтағында). Мұрындары орташадан биік немесе аласа кеңсірікті, өте жиірек кеңейген, аздап шығыңқы жəне талпиған (папуастарда сондай-ақ, аса шығынқы жəне арқа жағы дөңес) болып келеді. Еріндерінің жиірек өте көп бөлімі шырышты болады. Бетінің альвереолярлы бөлімі алдыға шыққан (прогната). Бет пішінінің көлденеңінен көрінісі орташа немесе күшті.

Дене ұзындығының орташа шамасының түрлендірілуі өте маңызды. Аталған үлкен нəсілде, кем дегенде, екі пигмоидты тип бар (негриллилер жəне негритостар). Қарапайым аласа бойлы нұсқалары да (папуастар жəне т.б.) кездеседі.

Моңғолоидты нəсіл

Тері түсі — қара торы түс тен ашықтау түске (негізінен солтүстік азиялық топтарында) дейін кездеседі. Шаштарының түстері қаралау, кейбіреулерінің шаштары өте қою қара түсті де болады. Шаштары, əдетте, қатты жəне тік, бірақ Оңтүстік Азияда толқын шашты топтары да бар, Солтүстік Азияда биязы шаштылары да аз емес. Мұрындары, əдетте, жіңішке, кеңсіріктері кіші немесе орташа биіктікте, алдыға аздап шығады, бірақ мұрыны қатты шығыңқы нұсқалары да бар. Жалпы алғанда, мұрындары мөлшері мен түрі бойынша едəуір түрленеді, моңғолоидтардың сипатты белгісі ретінде тұрақтап қалған «кішікене мұрындылық» жайындағы стереотиптерге қарама-қайшы. Жоғары қабағының қиығы жақсы дамыған. Эпикантус 90-95 пайыз жиілікке дейін жетуі мүмкін, бірақ көптеген топтарда ол сирек (Америка, Оңтүстік Азия) кездеседі. Көзінің сыртқы бұрышы көтеріңкі. Үшінші реттік түкті қабат бетінде нашар дамыған жəне денесінде мүлдем дерлік болмайды. Дене ұзындықтары негроидтарға қарағанда, аз түрленген, бірақ өте аласа бойлы, шынайы ұзын бойлы топтары да өте аз кездеседі.

Австралоидтарды жиірек жеке нəсіл түрінде бөледі, негроидтар секілді, олар да қаратерілі (олардың терілері шоколад түстес болып келеді), бірақ олар толқынды қара шаштарымен, ірі басымен жəне кеңейген, əрі тегіс мұрыны бар көлемді бетімен, алдыға шығыңқы иегімен, беті мен денесінде біршама болып өскен түктерімен сипатталады. Австралоидтар Австралияның байырғы тұрғындары болып табылады. Алайда австралоидтарды жиірек негроидтарға жатқызады.

Кейде американоидтарды да бөліп қарастырады (америкалық үндістер), олардың терілері қара торы, бет сүйегі шығыңқы, мұрындары мен эпикантусы шығыңқы, өте қара шашты болып келеді. Алайда жақында ғана, қазіргі ДНҚ-типтеу əдістерін қолдана отырып, американоидтарды моңғолоидтарға жатқызуға болатындығы айқындалады. Олардың арғы ататектері Орта Азиядан шығып, бұрын Евразия мен Солтүстік Американы қосқан (қазіргі Беринг бұғазы) мойнақ арқылы Солтүстік-америкалық құрлыққа өтіп кеткен.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *