Мұхтар Мағауин өмірі мен шығармашылығы

Қазақ әдебиетінің биік шоқтығы, алыптардың алыбы, ХVІІІ ғасырдағы жыраулар әдебиетін жандандыра түскен, қаламы қарымды қайраткер Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-71 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, ҚР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізеді. Қазпи-де 1976-78 жылдары аға ғылыми қызметкер, доценті, 1984-86 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған.

Тұңғыш әңгімесі «Кешқұрым» 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Отан соғысынан кейінгі бейбіт ауыл өмірі мен қала тіршілігі, қазіргі интеллегенция, студент жастар өмірі мен халықтар достығы тақырыптарына арналған «Ақша қар» (1969), «Бір атаның балалары» (1973), «Қияндағы қыстау» (1977), « Көк кептер» (1979) повестер мен әңгімелер жинақтары, жастар тақырыбына арналған «Көк мұнар» (1971; орыс тілінде1975), ХҮІ ғ-дың аяғы мен ХҮІІ ғ-дың бас кезіндегі қазақ даласы мен орыс елінің тарихи қарым-қатынасы, екі ел арасындағы дипломатиялық достық байланыстарды шыншылдықпен, көркем бейнелеген «Аласапыран» (1-кіт., 1981; 2-кіт. 1983; орыс тілінде-1985, 1989; ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984) роман-дилогиясы жарық көрді. ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясы туралы «Қобыз сарыны» (1968; орыс тілінде 1970) монографиясында хандық дәуірде өмір сүрген ақын, жыраулардың творчествосын зерттеп, жүйеледі. Ғалым-жазушы халқымыздың өткені мен бүгінін терең толғаған шұрайлы туындыларымен қатар ежелгі Түрік дәуірінен бастау алатын «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» сияқты көне әдеби нұсқалар антологияларын бастырып шығарған. Таңдаулы әңгімелері мен повестері орыс тіліне аударылып, «Тазының өлімі» (1978), «Жыланды жаз» (1984), «Лирикалық шегініс» (1986), деген атпен республикалық және Ресей баспаларынан жарық көрді. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тіліне аударылды.

М.Мағауин алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұртшылықтың назарын өзіне аудара білген қаламгер. Мысалы, әдебиет ғылымындағы тұңғыш еңбегі «Қобыз сарыны» кітабы бірден-ақ ғалымдар назарына іліксе, «Ақша қар» атты алғашқы әңгімелер жинағы да сөз қадірін түсініп, көркемдікке сұқтана білетін оқырманды еріксіз өзіне қаратты. Сондай-ақ жазушының шығармашылық қуатын айқын білдіретін бірінші романы «Көк мұнар» да осындай эстетикалық әсерге бөледі. Өзінің бойындағы қуатты қиялын шығармашылық шабытпен тиянақты білімін дарынды жас қаламгердің іркіп бұғаулап ұстап отыра алмауы мүмкін емес еді. Туған халқының шөлеркеген рухани тілегін қанағаттандырып, мейірін басу үшін жасалған тоқтаусыз еңбек нәтижесіз болған жоқ. Жазушы қаламынан әдебиетте ізі қаларлық, көптеген әңгіме мен повесттер, романдар мен хикаялар, зерттеу еңбектері туды.

М.Мағауинның қаламынан туған бірнеше әңгімелері «Тіленші», «Кешқұрым», «Ватерлоо көпірі», «Алтыбақаннан соң», «Әйел махаббаты», «Жаңылысу», «Тарпаң», «Күтпеген кездесу», «Тұлымханның бақыты», «Менің балаларымның туысқан ағасы», «Қияндағы қыстау», «Архив хикаясы», «Иесіз», «Алтын тіс» кейінірек жазылған «Шеше», «Өткінші», «Болезнь Боткина», «Тәртіпті азамат», «Әбдіғаппар сері», «Биік үйдегі Бөрібасар» сияқты бірсыпыра әңгімелері бар. Бұлардың басын біріктіріп тұратын ортақ көркемдік нышан адамның жан дүниесін ашу жолындағы жазушының өзіне тән қарапайым машығы, қайшылықты құбылыстарды тосын иіріммен жеткізе алуы. Оқырманның қабылдауына сай белгілі көркемдік канонмен дамып келе жатқан сюжеттік желінің аяқталуы М.Мағауин әңгімелірінде қашан да тосын. Автор қалыптасқан идея үрдісті бұзып, шығарманың соңындағы көркемдік түйінді бұған дейін оқырман ойына келмеген басқа бір арнаға лып еткізіп аударып жіберуге бейім.

Жетпісінші жылдар қазақ прозасында көркемдік құбылыс болып табылған шығармалардың бірі – М.Мағауинның «Тазының өлімі», «Қара қыз» атты повесттері. Бірінші шығармадағы назар аударатын көркемдік ерекшелік ойды астарлап жеткізуге бағытталған символикалық нышандар, философиялық түйіндеулер. Бас кейіпкері – Тазы, яғни ит болғанымен шығармадағы айтылатын негізгі мәселе – адам тағдыры, халықтық асыл қазынамыз жақсы салт-дәстүрге деген заманалық көзқарас. Автордың бір ұтып тұрған жері – кеңес дәуірінде ашық айтуға болмайтын ұлттық мәселелерді қазақи салт-дәстүрмен ой-толғамдарды символикалық нышандар арқылы ишаралап беруі. Кейінірек М.Мағауин жануарлар өмірін негіз ете отырып, «Көк кептер» әңгімесін, «Жыланды жаз», «Құмырсқалар көтерілісі» хикаяттары мен «Шақан-шері» романын жазып шықты. Бұлардың қайқайсысы да қазақтың ұлттық салт-дәстүрін әр қырынан көркемдеп көрсете білумен бірге, адамның жан-дүниесіндегі күрделі құбылыстарды хайуанаттармен қарым-қатынас арқылы ашуды көздейді.

«Қара қыз» повесі зиялы қауым арасындағы әлеуметтік-моральдық болмысты шынайы суреттеумен назар аударады. Онда сөз болатын нәрсе 60- 70-ші жылдар аралығындағы интелегенцияның, оның ішінде ғалымдар өмірінің кейбір сыр-сипаттары, шығармада көтерілетін жалған ғалымдар мәселесі өз кезеңіндегі қоғамды толғантқаны сөзсіз. Повесте көтерілген мәселенің журналисттік жанрға лайық кейбір өткінші жекелеген жағдаяттар емес, көркем шығарманың арқауына татитын қоғамдық құбылыс болуы.

Жазушының бұдан басқа повесттері де жазылу мәнерімен айтар ойының тосын да тиянақты болуымен назар аударады. Мысалы қазақтың киелі домбырасын жан жүрегімен меңгерген ғажайып талант, дәулескер күйші Тоқсаба қарттың күрделі өмір жолына арналған «Көкбалақ» замандастар тағдырындағы махаббат аты ұлы сезімнің алатын орны жайында сыр толғаған «Өмір жолы» повесттері баяндау тәсілімен жазылса да, сыршыл да көркем дүниелер болып шықты. Бірінші шығармада өлім аузында жатқан қарт күйшінің ақырғы сәтін суреттейтін прологтан басталып, шегіністер арқылы оның бүкіл өмірбаянына шолу жасауға құрылған – бұл туындыда «Соқтықпалы соқпақсыз» өмір сүрген күйшінің ғана тағдыры айтылып қана қоймайды, қазақ басынан кешкен түрлі нәубет кезеңдері де жүйе-жүйесімен сөз болады. Шығарманың өн бойында оқырманның жан-дүниесіне тарихи шыншылдығымен әсер етер тұстары баршылық. Әсіресе басқа жұрттарға залалы жоқ көшпелі халықтың Қазан төңкерісінен кейінгі талапайға түскен ауыр тағдыры жүргек баяндаулар арқылы трагедиялық ахуал деңгейіне көтерілген.

Ал адамның жеке басына қатысты аяулы сезімдердің бірі – махаббат жайлы сыр шертетін «Өмір жыры» повесінің айтар ойы, идеялық көркемдік желісі басқаша сипатта көрінеді. Жазылу формасынан да байқалатын шығарманың әрбір тармағында жеке-жеке хикая баяндалып отырады. Оларды әңгімелеп беретін кейіпкерлер де бөлек, оқиғалардың өріс алу қалпы да әр алуан. Соған қарамастан, шығарманың көркемдік-идеялық түп қазығы махаббат сезімі жайлы ұстанатын авторлық позициясы ортақ. Әр тараудың бас кейіпкерлері композитор, суретші және жазушы шығармада шартты түрде алынғанымен олардың бойынан даралық және типтік сипаттарды оңай табуға болады. махаббат жайлы көзқарастарының әртүрлі болып шығуы олардың әртүрлі мамандық иелері екендігіне ғана байланысты емес. Жеке индивидум ретінде көрсететін өзіндік адами ұстанымдарына байланысты. Осы екі шығармада философиялық пайымдаулар жиі-жиі кездеседі.

М.Мағауин повестері туралы әңгіме болғанда жиі ауызға алынатын шығармалардың бірі – «Бір атаның балалары». Ұлы отан соғысы жылдары Қазақстанға түрлі ұлт өкілдерін өкіметтің жүз мыңдап тоғытып жібергені, ал оларды қазақтардың шамалары келгенше қонақжайлықпен қарсы алғаны өмір шындығы. Повест кейіпкері Ахмет нәсілі, тегі басқа өңшең жетім баланы бауырына сыйғыза білген кең жүректі жан. Кезінде оны сыншылар интернационализмді дәріптеген туынды ретінде саясатқа байланыстыра отырып, оң бағалаған болатын. Шынтуайтқа келгенде бұл шығарма қазақ халқының кең пейілділігін, дарқандығын көрсете алуымен де ұлт оқырманы үшін қымбат дерлік.

Келесі сөз жазушының романдары жөнінде. Оның алғашқы көлемді туындысы кезінде сыншылар тарапынан әр түрлі бағаланған «Көк мұнар» романы. Шығарманың бас кейіпкері – Едіге өзінің асқан таланты мен күшқуатын бойына сыйғыза алмай жүрген, өзінің зерттеу объектісі өзі үшін олқы көрінетін арманы асқақ азамат. Ол өзінің елеулі жаңалық ашатынына және таяу келешекте қазақ романдарының дүниежүзілік аренаға шығатынына сенімді. Тегеуренді талантымен бірге қиялшыл Едігенің сезімталдылығы көбінесе басқа жұрттың көңіл-күйіне көзқарасы мен үйлесе қоймайды. Бұл біржағынан эгоизммен астаса жатқанын мойындау керек. Қалай болған күнде де Едігенің кеңестік қатаң ұстанымымен идеологияның шеңберіне сыймайтын асқақ дарын иесі екендігі сезіледі.

Филология ғылымдарының докторы Ш.Елеукеновтің: «Романның өн бойынан қаһарманның арсыз деп кінәларлық бір штрих кездеспейді». Жазушы бас каһарман бойындағы өзара текетірескен қайшылықтарды, мінезқұлық, көзқарастары, қақтығыстары арқылы ұтымды көрсеткен. Едігенің қатты ұнататын нәрсесі — екеу: ғылым мен Гүлшат. Соңғысы — өзі сұлулығына, сымбаттылығына бола жақсы көрген ару қыз. Ғылымдағы жетістіктеріне мерейі өсіп, болашағына оптимистік рухпен көз жүгірткен кезде ол махаббат мәселесіне де астамшылықпен қарағандай болады. Сүйген қызына деген қарым-қатынасында эгоистік нышан белгілердің орын алатынын осы кез. Ғылым жолындағы атақ — даңқты сүйген қыздан жоғары қою сөз жоқ адам бойындағы асыл сезім махаббатқа жасалған қиянат.

Өзінің еңбегінен де айналасындағы адамдардың ғылыми ой-жүйесі мен дүниетанымынан да барақат тауып қанағаттанбаған бас кейіпкер ақыр соңында қиыр шығысқа қарай тартып отырады. Бір жағы романтикалық сипаттағы осынау түсініксіз жанның өзі өмір сүрген қоғамнан орын таба аламай, рухани тоқырауға ұшырауы, тұйыққа тірелуі әсер етеді.

Сонымен бірге бұл шығармада адам баласының жаратылуы және әлеуметтік тұрғыдан дамуы тарихын, дүние ұстанымын баян ететін тараулар бар. Бұл кеңестік идеология тұрғысынан алып қарағанда, идеялық қисынсыз принцип болатын. Бірақ автор шығармасын саясатқа емес, жүрек қалауына, көркемдік-эстетикалық принциптерге бағындыра білді. Жалпы М.Мағауин туындыларының уақыт желімен мүжілмей, оқырмандар ұрпағына кезек-кезек қызмет ете беретіні даусыз. Оның романдары, әңгімелері мен хиқаяттары төл әдебиетіміздің пайымдық — парасаттық деңгейін тереңдеткен, көркемдікбейнелеушілік деңгейін биіктеткен сүбелі үлес болды. «Тазының өлімі», «Жыланды жаз», «Бір атаның балалары», «Мұрагер», «Көк мұнар», «Шахан шерілердің» қай-қайсы да – тек әдебиетіміздегі ғана емес, замандастарымыздың жан дүниесіндегі толқыныстар мен сілкіністерге айта қаларлықтай ықпал ете алған тегеурінді туындылар.

Олар бүгінгі заманның ең зәру тебіністерімен үстірт үндеспейді, тұңғиықтан жалғасып жататын жер асты ағындардай әрі астарлы, әрі жұмбақты жүйелестік танытады. Оқушының аузына оңай ас ұсынбай, ойына тосын сауалдар ұялатып, жанын жаңа ізденістерге құлшынтады. Адамға адамнан жұмбақ ештеңе жоқ екендігін ұқтырады.Оның иығын жаншып, жүрегін езетін қай кесепаттың басында да тек өзі тұрғанын сездіреді. Байлық қуған ашқарақтың ел түгілі жерді жұтатынын, билік қуалаған баққұмарлықтың тұтас мемлекеттерді түгімен жұтып, талай ұрпақтарды кіріптарлыққа ұрындыратынын түсінуге мәжбүр етеді. Адам үшін де, қоғам үшін де бар трагедияның басы нәпсіге тежеу таба алмау екендігін еріксіз мойындатады. Рас, бұл-жеке суреткердің ғана жеткен жетістігі емес. Күллі әлемдік ақылойдың алған асуы. Оған өз ұлтының күллі адамзатпен тарихи тағдырластығын, рухани өзектестігін жіті пайымдаған суреткерлер ғана жете алады. Мұхтар Мағауин – бүгінгі әдебиетіміздегі өреге көтеріле алған сирек тұлғалардың бірі.

Қазақ тарихының бұған дейін айтылмай келген қалтарысты кезеңдері жайлы тереңінен қарпып індете жазған романдарының бірі – «Аласапыран». Филология ғылымдарының докторы Т.Сыдықовтың: «Роман тоқырау кезеңінде жазылса да, қаламгер әділеттің ала жібін аттамай, тарих туралы ақиқат сөз, айнымас шындықты бұрмаламаған» деп бағалауы бұл эпикалық туындының тарихи көркемдік маңызын айқын білдіреді. Екі томнан тұратын диологияның фабуласына қазақ ханзадасы Ораз-Мұхамметтің қатар жатқан екі жұрт: қазақ пен орысты байланыстырған тосын тағдыры негізге алынады. Кең байтақ қазақ даласының оңтүстік аймағында өмірге келіп, еркіндіктің таза ауасымен тыныстап өткен жас Ораз-Мұхамметтің елтану, билік құру жөніндегі алғашқы қадамдары адами көзқарасының қалыптасу кезеңі ібірсібір жұртына сапар шегуі кең тыныспен сипатталады. Қазақ мекендеген өлкенің қай пұшпағында өзімсініп, иемденіп алуға бейім бір топ қазақ сұлтандары мен бектері басқа жұрттармен шектес жатқан бөтен географиялық қоғамдық ортаға қазіргі Батыс Сібір өлкесіне бас тірейді.

Қазақстан халық жазушысы Қ.Жұмаділов: «Сонау Алтын Орда ноғайлы дәуірінен бергі қазақ хандығының тарихын терең зерттеген Мұхтардың мол білімі мен суреткерлік шеберлігі «Аласапыранда» жақсы үйлесім тапқан»- деп пікір айтқан.

«Аласапыранға» дайындық , ақтарылған әдебиет, жинаған дерек, тараутарау ой- талғамдар турасын айтқанда, дәл сондай тағы екі емес, төрт-бес кітап жазып шығу қажет болар еді,- Томас Манн өзінің бір романын қалай жазғаны туралы роман жазған, жетпістен асып, жазуын жеріне жеткеріп отырған, біз де сөйтер едік, мүмкін, сөйтерміз де, әзірше роман туралы емес, шолу-ақпарға қанағат етесіз, бір «Аласапыранды» нұсқалау үшін осындай жиырма кітапқа жетерлік дерек, мағлұмат жинағын ғана білесіз.

Мәселен, тек қана «Ғадибек — қызылбас елшісі» деген тарауды жазуға дайындық барысында бүкіл Иран тарихын, парсы жұртының әдет-салтын танып білуге, әсіресе, ұлы Аббас шахтың заманы, сол тұстағы Иранның саяси, әскери ахуалы, халықаралық жағдайы тұсында кең әрі нақты ұғым алған, Мәскеуге келген қазақ елшісі Құл-Мұхамедпен кездескен Ғади-бектің жеке басы — кім екені, қайдан шыққаны, не істеп, немен тынғаны турасында жақсы білген. Бұл – романдағы тоқсан тарау жұмыстың кішкентай бір тармағы ғана, онда да ең ауыры емес.

Романның жағырапиялық негізгі өрісі — Қазақстан, Ресей, Хан-Кермен жайын айтпағанда, бүкіл Қырым тарихы, Реч Посполита тарихы түбегейлі қарастырылды. Ресейдегі Смута — Бұлғақ дәуірі — сол замандағы нақты құжаттар негізінде жан-жақты әрі терең зерттеледі. Бұлғақ болмысы, оның барысында өткен қыруар оқиға өз алдына, романда көрінуге тиіс,екінші емес, үшінші, төртінші қатарда тұрған жекелеген тұлғалар — мәселен, Марина Мнишек, бас гетман Станислав Жолкевский, Василий Шуйский патша, Михайло Салтыков бояр, патшаның бас воеводасы Иван Болотников, казак атаманы Иван Заруцкий, орыс- поляк гетманы Роман Рожинский, поляк гетманы Ян-Петр Сапега,- осылардың әрқайсысы туралы бір-бір диссертация жаза алатын жағдайда жеткен. Ал көп көрінбесе де роман фаблуласында елеулі қызметі бар Петр Урусов, Борис Годунов, Екінші Дмитрий, бірер рет қана көрінетін қырымлы Жаһанша мырза, Сібірлік Махметқұл мен Алтын Орда әулетінен шыққан Арслан-Әли сұлтандар тұрыпты ғой, аттар ғана аталып өтетін Бірінші Дмитрий мен Шах-Әли хан төңірегінде бір-бір романға жетерлік дүние жиналды, оның сыртында санатқа енбеген қаншама адам, көгенге ілінбеген қаншама оқиға қамтыды — он саулықтың есебін шығару үшін тым құрса жүзге дейін санай білу керек болады. Десе де, бүкіл Еуразия тарихы, Бұлғақ ағымы, жекелеген тарихи тұлғалар болмысы — тек оқиғалық, сыртқы көрініс қана. Ескі заманның тыныстіршілігін аңду, халықтардың тұрмысын, салтын тану, тарихи тағлымды байыптау — ол да оқумен, ізденіспен келмек.

Ең қиыны — сол заман адамының жан дүниесіне үңілу еді. Одан да қиыны — көңілдегідей кейіптеген шығармаңызды жалмауыздың аранына, дүлейдің табанына түсірмей, аман-есен өткізу еді. Ол ауырлық — жасаған заманның артқан жүгі. Қыруар жұмыс — өзің тілеп алған сыбаға. Сенен бұрынғылардың үлесі, сенен кейінгілердің еншісі. Біздің өзгеше жағдайтөбеңнен ұрып, табаныңнан қарып, екі өкпеден қысып отырған арсыз, дүлей заманға тап келуіміз. Амал жоқ еді, шара жоқ еді. Енді бәрі өтіп кеткен кезде өкінудің орны жоқ. Аңғалдың емес, ақымақтың ісі болар еді. Жасаған уақытымызға да, жазған шығармаларымызға да өкінбейміз. Өкінер іс –осы «Аласапыранды» және басқа да үлкенді- кішілі дүниелерді орыс тіліне аударту жолында жұмсалған қыруар күш, өлшеусіз уақыт. Әлбетте, зияны тиген жоқ, септігін көрдік, тамырымызды бекітіп, өрісімізді тиянақтадық…

Әдеби оқудың сыртында тарихи тағылым бар. Халықтың қасиетін бағымдау үшін әуелі өз тарихынды білуің керек. Біздің жұртымыздың тарихи құжаттарда нақты таңбаланған жиырма бес ғасырлық бай тарихы бар. Соның кейінгі мың жарым жылының дерегі тіпті мол, айрықша бедерлі. Біз- озық мәдениет жасаған ұлы халықтың перзентіміз. Орыс отаршылдығы жаныштаған соңғы жүз елу жыл болмаса, тарихқа мәлім екі жарым мың жылдық адамзат шеруінде менің бабамның кеудесі биік болды, тұрмыстіршілікте ғана емес, ой мен санада, өнер мен сөзде еркін ғұмыр кешті, батыстың, шығыстың ешбір нәсілі жетпеген азаттық аясында өсіп-өркендеді. М.Мағауиннің жазудағы барлық жақсы қасиеті — сол бабамыздың тікелей мұрасы. Тарихта білудің, Атаның Аруағын танудың арқасы. М.Мағауин артықшылығын сезіну нәтижесінде «Менің бойымда Елтеріс, Естемірлер, Қол-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!»- деген екен зілді қапас заманда кітапқа түскен тірі суреті- Едіге деген жас қазақ «Көк мұнар» романында сонау 1971 жылы. Бізге күш берген — сол қуатты қан, бізді сүйреген — сол құдыретті Аруақ.

«Аласапыранға» алыс, жақын дайындық және тікелей жазу кезінде ОразМұхамед жүрген жолды түгелге жуық сүзіп өткен, жері жат, тынысы бөлек Рязань мен Муром, Суздаль мен Владимр өлкелерін, қолдан толығымен шыққан Қиян Дала мен Қырымды ең бастысы — Хан-Кермеңді таныған. Мұның бәрі — қажетті, мәнді, бірақ үстеме дәйек еді. Шын мәнісінде, «Аласапыранға» М.Мағауин өмір бойы қастерлеп жинаған табиғат эскиздерін, таңдаулы слайдтары мен ең жақсы күнге сақтаған түрлі — түсті деректі таспалары түгел кетсе керек. Жанды сурет қана емес, көңіл түпкіріндегі сырлы, мұнды сезімдер, мыйдың барлық қатпарындағы ой толғам, парасат- пайым- табиғат берген, тағдыр сыйлаған ең асыл, ең қымбат қазынамызды осы кітаптың бетіне төкті…

Оның ұзақ жолындағы ең үздік мезгіл «Аласапыранның» бірінші кітабы басталып, тәмамдалған 1980 жылдың жазы, бірінші бөлім – «Қазақ даласы»- Алматыда аяқталған, екінші бөлім- «Ібір-Сібір жұрты» Қырымға еңсерілді. Алматыға қайтып оралған да, үшінші бөлім- «Орыс елімен» жалғастырып, қоңыр күзде бітірдік — барлық уақытта да Күннің қуаты аса белсенді болды. Мұндай, Күн бетіндегі жалынды лапыл, мөлшерден артық сәуле шоқтары шығуы жиырма — отыз жылда бір-ақ рет қайталанатын құбылыс екен, адам денсаулығына зиян деседі, күн қызуынан сақтану керек дейді. Қара теңізде шомылып жатқанда, түске таман нақты өлшеміне дейін айтып, ескертіп отырды, ал сол Күн-Анамыздың сол жылғы артық қуаты жазушыға айрықша күш қосқан сияқты. «Аласапыранның» бірінші кітабы ішінара үзілістерімен қосып есептегеннің өзінде алты ай жазда тәмам болыпты.

М.Мағауинның барлық шығармалары осылай үш рет көшіріліп, ең соңғы мәшіңкеден кейінгі нұсқасында тұрақты қалыпқа түскен еді. «Аласапыран» ғана қолжазбадан соң бірден мәшінкеге көшірілген, романның үлкендігінің әрі уақыттың тығыздығының салдары, бірақ бір орамы кем түскенімен, серпініміз қатты болып межелі деңгейінен табылды. Ораз-Мұхаммед өмір сүрген дәуірінде және бір мемлекет құру, ұлттық бірлікті күшейтуден артық мүдде болмағаны бізге мәлім. Осындай жағдайда халыққа жақсылыққа үміт артар жолбасшы ретінде көрінген жас сұлтанның кенет көзден ғайып болуы өкінішті-ақ жағдай еді. Ал, оның жат жұртта хан сайланып, билікке қол жеткізуі тарихи құжаттармен дәлелденген.

Бір басына жетерлік атағы мен билігі бола тұрса да оның тағдыры қайғылы еді. « Оның трагедиясы туған жерден алыстығы, отансыздығы. Бұған да кейіпкер кінәлі емес, аласапыран заманның құбылып соққан желі мен селі кінәлі. Қазақ сұлтанын жәбірлеген кездейсоқ жалған патша мен патшайымның күдікшіл ниеті. Осы кездейсоқтықтың дауылында болған Россияның басы дауға қалған»,- деп Бақытжан Майтанов дұрыс атап өтті. Дилогияның негізінде өмірде, тарихи болған адамдар мен істер алынған. Атап айтқанда, қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі Ораз Мұхаммед аңдаусызда Сібірдегі орыс воеводасының қолына түсіп, тұтқын ретінде Мәскеуге апарылып, еліне қайтуына еріксіз болса да, орыс патшасының сыйқұрметіне бөленіп, ал оны патша Ресей жауларына қарсы соғыстарда әскер беріп қол бастатқаны, Б.Годунов патша таққа отырған кезде Қасымов қаласының ханы болып тағайындалғаны, кейін Ресей жерінде аласапыран тар заманда, яғни, кім жалған, кім шын патша екендігін халық айыра алмай жүрген қиын заманда қасындағы дұшпандардың қастығы, өштігі мен көре алмаушылық, күншілдігінің құрбаны туралы тарих, құжаттарында деректер мен фактілер сақталған. Былай қарап отырсақ, қазақ сұлтанның тұтқынға түсірілуі, патшаға апарылуы үлкен әлеуметтік, саяси астары бар екені көрініп тұрады. Ондағы мақсаттары өз ел іштерінде қырық пышақ болып таққа таласып жатқандарды өшіктіріп, бір жағынан сый-сыяпат көрсетіп, құрметті атақтар беріп, бір-біріне айдап салып, түпкілікті одақтасы етіп алып, әскер бере отырып жауларына қарсы айдап салу — орыс патшалығының ерте кезден бері ұстанып келе жатқан амалы, тәсілі болғаны баршамызға белгілі.

Кейбір тарихи құжаттарда, жазушы Мұхтар Мағауиннің көрсетуі бойынша, Ораз-Мұхаммедтің орыс еліне еріксіз тұтқын ретінде барды десе, ал кейбір деректерде екі елдің арасын жалғастырушы достықтың символы десе, ал кейбірінде оның патша қолына түсуі Сібірде аулап жүрген кезде байқаусызда алданып, тұтқынға алынуы жай нәрсе емес, патша саясаты үшін елеулі оқиға болғандығы көрсетіледі. Яғни, тарих шындығына келетін болсақ, орыс патшасы Ораз – Мұхаммедтің өз тізгінін ұстап отырған қазақ хандығының аса қадірлі адамы екенін біліп, бірінші оны қолға түсіріп алып, Тәуекел ханмен одақтасуы анағұрлым ұтымды еді.

Мұндай оқиғалар тарих беттерінде бұрын аз болмаған. Яғни, патшаның бодандығын мойындағысы келмеген хандар мен сұлтандардың біразы алдап қолға түсіріліп, аманат ретінде ұсталынып, еліне қайтарылмағаны мәлім. М.Мағауиннің желісі бойынша да Ораз Мұхаммедтің халі де әлгі айтқанның бір көрінісі болған еді. Ал, ондағы Ресей патшалығының мақсаты қазақ мырзаларының арасынан осындай талай-талай адамдарды өз қарауларына түсіріп, уақыт өте келе оларды шоқындырып, графтық, князьдық, тағы басқа атақтар беріп, Ресейдің аса беделді шонжарлары етіп алып, өз қаны бір қазағына қарсы айдап салып, осы шонжарлардың көмегімен қалған қарапайым бұқара халықты шоқындырып, орыстандырып, тілінен, дінінен, ділінен бездіріп, мәңгүрт, маргинал ұлтқа айналдыру, тіпті, қазақ деген елді тарих сахнасынан жойып жіберу болды.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин «Аласапыран» романында XVI ғасырда билік құрып тұрған Тәуекел ханның кезеңі қазақ тарихындағы ең бір ауыр кезең болғанын, ең зұлмат жауы — Бұхар ханы Абдолла болғанын, осы жаудың қазақ жеріне маза бермей, астана болған қалаларымыз Түркістан мен Сауранды басып алғындығын тарих жылнамаларына сүйене отырып, осы бір тарихи шындықты көркем шындықпен бейнелейді. Осындай ауыр кезеңде Тәуекел ханның Ресеймен одақтастық құруды көздеп елшілер жібергені заңды да.

Сонымен қоса романда Ресейдегі алмағайын кезеңнің шындығы да мол орын алады. Жазушы Мұхтар Мағауиннің айтуы бойынша, тарихта да, романда да Ресейдегі аласапыран кездегі халықтың сансыз қиыншылыққа ұшырағаны, елдің аштықтан, үздіксіз тоқтамайтын соғыстан, ақсүйектердің сатқындығынан қарапайым жұртшылық өз патшаларының кім екенін ажырата алмай сенделгені баяндалған. Жазушы бұл романда замана шындығын түсіне отырып, және сол шындықты мейлінше шыншыл күйде бедерлеген. Автор тарихи шындықты тарата отырып, адам тағдырлары мен замана шындығына орай өзгертіп отырған. Қаламгер М.Мағауин өз елін, өз жерін шын сүйген, сол елі үшін құрбан болған Ораз Мұхаммед тағдыры арқылы бүкіл дәуір келбетінің шындығын көрсеткен. Сондай-ақ, романдағы Ескер жерінде орыстар салып жатқан Тобыл, Түмен қалаларының тарихи да шын болған оқиғалар. Оған тарихшы В.И. Кочедамовтың, Б.О. Долгихтың «Родовой и племенной состав народов Сибири в XVIII веке» деген еңбегі, тағы басқа тарихшылардың материалдары дәлел бола алады.

Тарихшылардың барлығында Ораз Мұхаммедтің Мәскеуге келгені 1588 жыл деп көрсетіледі. Бірақ оның келу себебі әр түрлі түсіндіріледі. Оның біреуінде ханзаданың өз еркімен патшаның қол астына қызметке келгенін айтса, бұл пікірді Вельяминов-Зернов та қостайды.

Ораз Мұхаммедтің тұтқындалып барып, Мәскеуге әкелінгендігінің өзі тарихта әр тарихта әр түрлі көрсетеді. Оның бірінде Ораз Мұхаммед Сібір ханы Сейтекпен бірге Тобыл қаласына шабуыл жасап, сол соғыс кезінде қолға түскен деп жазылса, ал екіншісінде Сібір ханы Сейтектің бұрын Көшім хандылығының қол астында болып, кейін тастап кеткен Қадырғалимен бірге құс салған боп жүріп, әдейі қаланы барлауға келгендігін, олардың арам пиғылын орыс воеводасы біліп қойып, алдап қолға түсіргенін айтады.

М.Мағауин бұл деректердің шындыққа жақындығын біліп, кейінгі оқиғалардың өрбуіне негіз етіп алған. Ал, енді 1594 жылдағы қазақ даласынан келген елшіліктің грамотасындағы Ораз Мұхаммедті еліне қайтаруын өтінуі де қалай да оның Мәскеуге өз еркімен келмегендігін дәлелдейді. Романдағы Тобыл воеводасы Данило Чулковтың Ораз Мұхаммедке, Сейтек ханға қонақасы бергені тарихи шындық екендігін Сібір жылнамаларында көрсетіледі.

«Аласапыранның», «Швед жорығы», «Нарва түбіндегі ұрыс» деген тарауларында Ораз Мұхаммедтің воевода сайланып, 3 мың әскерде басқарып, шведтердің басшысы Сигизмундке қарсы жорыққа қатысқаны туралы фактілерді де архив құжаттары растайды. Тарихта елшіліктің басты мақсаты қазақтардың өз жауларымен соғыста одақтас табу, олардан от қарудың тетігін үйрену үшін және қарулы әскер сұрау деп көрсетілсе, романда да бұл мәселе сөз болған.

Тарихта да, романда да Ораз Мұхаммедті қайтару туралы 3 рет Құл Мұхаммед елші басқарған елшілік келген екен, оның ешқайсында Ораз Мұхаммед еліне қайтпайды. Оның трагедиялық өлімі туралы да әр түрлі деректер бар. Бір деректердің көрсетуі бойынша, Ораз Мұхаммед өзінің жасақтарымен және Жалған екінші Дмитриймен бірге аңға шығып, оны Жалған патша Анадария маңында қылыштап өлтіріп, денесін сол суға лақтырып, ал Ораз Мұхаммедтің достарына «Хан мені өлтірмекші болды, жанымдағының көмегімен аман қалдым. Ол Мәскеуге қашып кетті»,- деп жалған айтады. Ораз Мұхаммедті өлтірген жерде оны да қылышпен шауып, досының өшін алған дейді. Ал, кейбір деректерде Ораз Мұхаммедтің өлімінің тарихи шындығы былай баяндалады: Ораз Мұхаммедтің ұлы Мұхаммед Мұрат Жалған Дмитрийге оны әкесінің өлтіргісі келетіндігін айтып қойып, әкесіне үлкен сатқындық жасайды. Өз басының қамын ертерек ойлаған Дмитрий Ораз Мұхаммедтің ұлының көмегімен оны аңда жүргенде өлтіреді. Ал, романда Ораз Мұхаммедке сатқындық жасаған оның жиені МұратМұхаммед деп көрсетіледі. Ұлы туралы сөз болмайды. Себебі, М.Мағауин Ораз Мұхаммедтей жанның асыл тағдырына деген оқушы қауымның құрметінен гөрі , жадағай аяныш басым болып шығатынын, ал Ораз Мұхаммед туған баласынан да оны таппаған жалғыз бейбаққа айналарын белгілі сыншымыз Жанғара Дәдебаев өзінің «Жазушы еңбегі» атты кітабында атап көрсетті.

М.Мағауин өзі суреттеп отырған дәуір шындығына, басты кейіпкерлерінің тағдырына қатысты қазіргі тарих ғылымына белгілі және әлі де болса белгісіз тарихи документтерді, фактілерді зерттеп, білудің нәтижесінде бізге осы «Аласапыран» атты романын сыйға тартты. Оның суреттеп отырған тарихи дәуір шындығы көркемдік жағынан болсын , ғылыми тұрғыда болсын мейлінше нанымды, дәлелді де дәйекті. «Аласапыран» дилогиясы халқымыздың жанды шежіресіне айналды. Онда қамтылған кезеңде сол бір алыс заманның хал-ахуалын бізге таныптүсінуге дәнекер боларлық туынды. Ондағы өмір шындығы көркем шындықтың бастауы, ал көркем шындық өмір шындығының көркі мен ақиқатын танытты. Осы орайда Ж.Дәдебаев: «М.Мағауиннің ойлау парасаты мен шеберлігі жоғары суреткерлік тұрғы биігінде тоғысып, парасат шеберлікпен, шеберлік парасат байлығымен ұштасқанда, әдеби шығармаға қойылар басты шарттарих шындығы мен жазушы еңбегі арасында әсем келісім, көркемдік жарасым салтанат құрған»,- деп дұрыс атап көрсетті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи шындық, сол тарихи шындықты қайта тірілтер көркемдік шындық бар. Жазушы М.Мағауин сол шындықтарды түйсінген, өзін сүйіп оқитын оқырманның көңілінен шыққан. «Аласапыран» — өзінің қайталанбас ерекше көркемдігімен, айрықша тарихи образдарымен өз халқымыздың арғы дәуірлерінен хабардар етіп, сол замана шындығын кейінгі ұрпқтарымыздың санасына құятын, тегін танытып, еліміздің тарихын қадірлеуге үйрететін дараланып тұрған құнды шығарма десек артық айтпаймыз.

Авторлық сілтеме:
Көпбаева М.Р. К41 «Мұхтартану» арнаулы курсының мәселелері»: оқу құралы. — Тараз: «Тараз университеті», 2014. — 110 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *