Мұхтар Әуезов туралы шығарма

Мұхтар Әуезов — халқымыздың қайта өрлеу ауқымындағы ренессанстық тұлға. Ол өзінің энциклопедиялық құлашты білімімен, асқар талантымен рухани өмірдің көптеген салаларында жарқырап көрініп, бүкіл қазақ мәдениетіне ықпал жасады. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамы қойған талаптар оны сол кезеңдегі басқа да аса көрнекті қазақ зиялылары сияқты әрі жазушы, әрі ғалым, әрі қоғам қайраткері болуға еріксіз ұмтылдырды. Бұл қайта өрлеу дәуірінің міндеттері еді. Сол себепті де Мұхтар Әуезовтің сан қырлы таланты оның өнердің қазақтар үшін бұрын белгісіз болып келген түрлері мен жанрларын түңғыш қалыптастырушылардың қатарынан көрінуіне айқын жол ашты. Әуезов — қазақ елінен шыққан тұңғыш кәсіби драматург, ұлттық театрдың тұңғыш режиссері әрі үйымдастырушысы, тіпті тұңғыш кәсіби әдебиеттанушы да. Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүріп оқушы-студент кезінің өзінде-ақ ұлы Абай туған өлкеде, атақты Ойқұдық жайлауында екі киіз үйді жалғастыра тігіп, оның «Еңлік—Кебек» атты тұңғыш пьесасы бойынша спектакль қойылды, ал кейін бұл пьеса ұлттық драматургияның інжумаржанына айналды, жазушы есіміндегі қазіргі академиялық драма театры 1926 жылы өз шымылдығын осы спектакльмен ашты. М.Әуезов сонымен бірге түңғыш әдеби киносценарийлер мен опера либреттоларының алғашқы авторы болды.

Мұхтар Әуезов дарынының кең ауқымында ұлы жазушы таланты мен ірі ғалым — ойшылдың таланты табиғи ұштасып жатыр. Оның жазушылық лабораториясында бір ғана көркемдік идея – ұлы Абай тағдыры асқақ міндет ретінде оның бүкіл өмірінде құлшынысына қанат берді де, өзінің өзекті тақырыбы да Абай болды, шығармашылық өмір жолының басталуында Абай тұрса, ғылыми қызметінде де Абай тұлғасы басты зерттеу обьектісі болды. Бала кезінен Абай өлеңдерінен сусындап, ақын әлемінің құдіретті қуатын бойына сіңіріп өсті, барлық баянды өмірін тұтас дерлік ұлы ақын өмірбаяны мен әдеби мұрасын зерттеуге, насихаттауға, кеңестік қоғамдағы тоталитарлық жүйенің шабуылынан қорғауға арнады, қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа саласы – Абайтану ғылымының негізін қалап дамытты, өзінің ұлы Абай туралы баға жетпес зерттеу еңбектерімен ғұлама ақын рухын көтерді, қайта тірілтті, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы екендігін толық дәлелдеп берді де, оны жеке дара тұлға ретінде емес, бүкіл түп тамырымен халық мәдениетінің қалың қойнауына бойлаған алып тұлға ретінде бейнелей, зерттей отырып, туған ұлтының санасезімін жаңа сатыға көтерді, сөйтіп қазақ әдебиетін дүниежүзілік аренаға көтеріп, әлемдік әдеби процесске қосты.

Мұхтар Әуезов өз бойында ренессанстық негізді жинақтаған, өз талантының сан қырлы байлығымен туған халқының рухани қуатын неғұрлым толық бейнелеген қайталанбас тұлға. Бұл тұста жазушы, ғалым, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, ойшыл Әуезовтің асқан зор күш-жігері біртұтас арнаға құйылып жатыр. Оның ұлылығы да осында.

Мұхтар Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы — әдебиетшінің, оның қаламгерлік қарымының ой-арманы мен мақсатмұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық. Жазушы-ғалымның өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық кызметте де, өмірде де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді. Жазушының білім алған оқу орындары мен ғылыми педогогикалық, жазушылық, ғалымдық, қайраткерлік қызметі. Шығармашылық өмірбаяны және қайраткерлік қызметі. 1919 жылы мұғалімдік семинарияны ойдағыдай бітіріп, Семей губерниялық атқару комитетінде ұлттар бөлімінің меңгерушісі, онан соң төрағасы болып қызмет істейді. Алғашқы көркем әңгімесі — «Қорғансыздың күні» 1921 жылы жарияланады. М.Әуезов 1922 жылы Орынборда, Қазақ Орталық атқару Комитетінде жауапты қызметте болды. Бұдан соң Ташкентке келіп, қызметке орналасады, әрі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқиды. Мұхтар Әуезовтің бірталай әнгімелері 1922—1923- жылдарда Ташкент қаласында шығып тұрған «Сана», «Шолпан» журналдарында басылған («Кешкі дөң басында», «Түнгі ауыл», «Қысты күнгі дала», «Қысқы түн», «Сыбанның моласында», «Сөніп жану» т.б.).

«Адамдық негізі — әйел» (1917), «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Оқу әдісі», «Ғылым тілі» (1918) секілді мақалаларында ол оқу-ағартудың, мәдениеттің маңызды мәселелерін көтереді. Мұхтардың 1923 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінде қырғыз эпосы «Манас» туралы жасаған баяндамасы ғылыми қауымның назарын аударады.

1923 жылы М.Әуезов Ленинград университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еліміздегі ең атақты жоғары оқу орындарының бірінде сабақ алу, аса көрнекті ғалымдардың дәрістерін тыңдау оның білім өрісін ерекше өсіреді. Семей губерниялық атқару комитетінің шақыруымен Мұхтар Әуезов 1924 жылы еліне оралып, қазақ педагогикалық техникумында сабақ береді. Ол осы жылы орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне толық мүше болып өтеді, көп ұзамай бөлімше төрағасының орынбасарлығына сайланады. 1924 жылдың қысында М.Әуезовтің басқаруымен Семейде Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған ғылыми жиналыс өткізіледі. Онық көркем прозадағы бір топ туындысы да осы кезең жемісі («Жетім», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» т. б.). Драматургия, аударма, сын-зерттеу еңбектері де қатарласа туып жатады. Бұған 1923 жылы жазылған «Бәйбіше — тоқал» драмасы мен «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеулері, «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер» деген аудармасы мысал бола алады.

М.Әуезов осы кезде ел арасынан, құйма құлақ қариялардан ауыз әдебиеті нұсқаларын, ең маңыздысы — данышпан ақын Абайдың өлеңдерін үздіксіз жинап, жазып алып, жариялап отырды.

1925 жылы М.Әуезов Ленинград университетіне қайта келіп, үзілген оқуын жалғайды, оны 1928 жылы бітіріп шығады. Ленинградта оқыған кезінде М.Әуезов білімін жан-жақты кеңейтіп, тереңдетумен бірге жазушылық жұмыстарын да қатар жүргізді. Оның ендігі шығармаларында ескі қазақ ауылындағы таптық кайшылықтар мен күрестер сырын көрсету өткірлене түседі. «Қарагөз» трагедиясында Мұхтар бұрынғы казақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздікті, жастар басындағы еріксіздікті тамаша суреттеді. «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) повестерінде ел өміріндегі күрделі мәселелерді көтерді.

1928 жылы Ленииград университетін бітірген М.Әуезов Ташкентке келіп, орман техникумында әдебиеттен сабақ береді, 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университеті түркология кафедрасына аспирантураға түсіп, онда 1930 жылдың октябріне дейін болады.

Отызыншы жылдар — М.Әуезовтің түрлі жанрда еңбек еткен тұсы. Бұл кезде ол ғылымизерттеушілік жұмысын оқытушылықпен берік ұштастырады, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арнап оқулықтар жазуға, хрестоматиялар құрастыруға қатысты.

Ауыз әдебиетін зерттеуді Мұхтар Әуезов шығармашылық мақсатта да жүргізген. 1934 жылы жазылған «Айман — Шолпан», одан біраз кейінірек туған «Қарақыпшақ Қобыланды», «Бекет» пьесалары — осындай игілікті ізденістердің нәтижесі. Абайдың әдеби мұрасын ұзақ тексеру «Абай» пьесасын жазуға әкелді. Мұның өзі жазушының әрқашан ғылыми және көркем творчествоны қатар алып жүргенін, бұл күрделі шығарма жасаудың белгілі бір шартына айналғанын көрсетеді.

М.Әуезовтің отызыншы жылдардағы шығармашылығынан қазіргі заман тақырыбына жазылған еңбектері елеулі орын алады. Колхозды ауылдың жағдайын аралап көру, сана мен салттағы өзгерістердің сырына көз жіберу жазушыны жаңа ауыл өмірінен шығармалар жасауға шабыттандырды. «Білекке білек», «Үш күн» (1934), «Іздер», «Шатқалаң» (1935), «Бүркітші» (1937) атты әнгімелері сондай туындылар.

Замана шындығын драмалық шығармаларда көрсетуге де М.Әуезов бұл тұста белсене кірісті. «Октябрь үшін» (1933), «Түнгі сарын», «Тартыс (1934), «Тастүлек» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1938) тәрізді пьесаларда революциялық дәуір мен социалистік құрылыс жылдарының оқиғалары қамтылды. М.Әуезовтің ең жақсы аудармалары да соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде жасалды. Ол аударған Шекспирдің «Отеллосы», Гогольдің «Ревизоры», Погодиннің «Аксүйектері», Треневтің «Любовь Яроваясы» казақ көркем мәдениетінің төл туындысындай жатық шықты. Кейінірек бұл аудармалар катарына Шекспирдің «Асауға тұсауы», Тургеневтің «Дворян ұясы» қосылды.

40-50-жылдар жазушының таланты жанжақты кемелденіп, ең үздік шығармаларын берген кезі. М.Әуезовтің бұл мезгілдегі басты табысы — төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» (1942-1956) роман-эпопеясы. Соныммен қатар суреткер қаламынан осы кезеңде көптеген очерктер, әңгімелер, повестер туды («Асыл нәсілдер», «Түркістан солай туған» т. б.).

Елуінші жылдардың соңғы тұсында М.Әуезов осы заман тақырыбына бірнеше роман жазуды көздеп, үлкен жоспар жасайды. Осы мақсатпен ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас, Созақ, Түркістан, Мақтарал аудандарын аралап, халықтың тұрмыс тіршілігімен, мәдениет жағдайымен танысты, малшылыр, мақташылар өмірінен бірнеше очерктер жариялады. Өкінішке қарай, суреткер өзінің алдына қойған ұлы ниетін толық жүзеге асырып үлгермеді, төрт кітапқа мөлшерленген романның бірінші бөлімін ғана жазып қалдырды, ол шығарма «Өскен өркен» деген атпен жазушы қайтыс болғаннан кейін ғана басылып шықты.

М.Әуезов 1932-1934 жылдарда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, 1934 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен лекция оқыды. 1951-1953 жылдарда М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болды.

Жазушыға «Абай» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал төрт кітаптан тұратын «А6ай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болды (1946). Ғылымды дамытудағы көп жылдық ұланғайыр қызметі үшін ол«Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген кұрметті атақты иеленді.М.Әуезов көптеген қоғамдық қызмет атқарды. Ол екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты (1955, 1959) болып сайланды. Совет Одағының Бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі ретінде ол халықаралық конфереренцияларға қатысып, өзінің жалынды, шыншыл сөзімен жер жүзінде баянды бейбітшілік орнату, әлемдегі прогресшіл күштердің ынтымағын арттыру үшін қызу ат салысты.

Бүкіл саналы өмірі мен дарын қуатын, қайрат жігерін туған халқына, ұлы Отанына қалтқысыз қызмет етуге арнаған, өзі өмір сүрген кезеңдегі социалистік реализм әдебиетін асыл шығармаларымен байытқан аса көрнекті жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезов артына өшпес мұра қалдырды. Ол 1961 жылы 27 маусым күні Москва қаласында қайтыс болды.

М.Әуезовтің «Өз жайымнан мағлұмат» автобиографиясындағы тарихи деректер. Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің XX ғасырдағы биік шыңы — ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айырығына келген қазақ өмірінің барлық әрі мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткер туралы талай-талай ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны М.Әуезов шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына әлдеқашан-ақ именбей енгеніне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді.

Ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезовтің көркем мұрасы біздің төл әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің де бағалы жетістігі екені тарихи шындық. Оның шығармашылық карымы ауқымды да бай. Романшы, драматург, әдебиетші ғалым, аудармашы – бұл ұлы қаламгер дарынның толық емес тізімі. Оның Абай туралы жазған эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің алтын қорына мәңгілік енді.

Қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алатын орны ерекше. М.Әуезов – ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын арттыруға, әдеби тілді байытуға ересен зор еңбек сіңірген ХХ ғасырдың ұлы жазушысы. Шығармашылық сапары өткен ғасырдың алғашқы жылдарындағы дауылды дүрбелеңімен, яғни қазан төңкерісімен тұстас келген суреткер 20- жылдардың бас кезінде жазылған «Қорғансыздың күнінен» «Абай жолы» романэпопеясына, «Еңлік-Кебек» трагедиясынан «Қарақыпшақ Қобыландыға», отызыншы жылдардағы әңгімесі – «Білекке білектен» — «Өскен өркен» романына, эпос, әдебиет тарихы туралы мақалаларынан КСРО халықтары әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық және интернационалистік сипат мәселелеріне арналған терең теориялық зерттеулеріне дейін ұзақ та жемісті жол кешті. Оның бүкіл қазақ әдебиетінің асқақ тұрған күмбезіндей «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік даңққа ие болды. М.Әуезовтің таңдаулы шығармалары осы заман әдебиетінің жер жүзілік көлемде танылған жаңашылдығын зор қуатпен дәлелдеді.

Авторлық сілтеме:
Көпбаева М.Р. К41 «Мұхтартану» арнаулы курсының мәселелері»: оқу құралы. — Тараз: «Тараз университеті», 2014. — 110 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *