Минералдық ресурстар: шығу тегі, таралуы, түрлері

Минералдық ресурстар қоғам мен адамзат дамуының тіршілігінде әртүрлі материалдарды пайдаланудың басты негізгі көзі болып саналады. Құрылыс материалы тастар, металл кендері, көмір, кейінірек мұнай газ, басқа да минералдық ресурстар адамдардың қажетіне қолданыста XX ғасырдың бірінші жартысында өндірілген барлық қазба байлықтар өткен ғасырларда адамдар тұтынған мөлшерден көп артты. Пайдалы қазбаларға деген қажеттілік жылдан-жылға өсуде.

Бүкіл әлемде өзін-өзі пайдалы ресурстармен толықтай қамтамасыз етіп отырған бірде-бір мемлекет жоқ. Батыс Еуропа елдерінің басым бөлігі әлі күнге дейін шеттен кен шикізаттарын импорттап отырғаны белгілі жағдай (темір және маргенец рудалары, хромит және боксит, мыс рудасы, никель, қалайы, вольфрам т.б. шикізат).

Отын-энергетика ресурстары

Біздің ғаламшарымыздың минералды отынының жиынтық жалпы геологиялық (болжамдық) қорлары 12,5 трлн т асып түседі, оның 60%-дан астамы көмірге, 12%-ға жуығы – мұнайға және 15%-ы – табиғи газға, қалғаны – тақтатастарға, шымтезекке және отынның өзге түрлеріне келеді. Минералдың отынның қорларында көшбасшы орын алып отырған көмір ресурстары (тас көмірдің және қоңыр көмірдің барланған қорлары 5 трлн т асып түседі, ал шынайы қорлары 1,8 трлн т жуық құрайды) жер шарында барлық жерде дерлік кездесіп отырады. Көмірмен Еуропа және Азия, Солтүстік Америка, Африка және Аустралия жақсы қамтамасыз етілген. Көмірге ең кедей құрлық – Оңтүстік Америка. Көмір ресурстары әлемнің 100-ге жуық елінде барланған. Олардың негізгі қорлары дамыған елдерде шоғырланған, бұл айтылғаннан ерекшелік – дамушы елдердің арасында көмірдің айтарлықтай қорларына ие болып отырған Үндістан және Ботсвана. Көмірдің жалпы геологиялық қорларының шамамен 80% тек үш елге – Ресейге, АҚШ-қа, Қытайға келеді. Одан әрі қорларының кему тәртібімен Австралия, Канада, ГФР, Ұлыбритания, Польша, ОАР келе жатыр. Көмірдің сапалық құрамы, жекелей алғанда, қара металлургияда пайдаланылатын кокстелетін көмірдің үлесі елеулі маңызға ие. Олардың үлесі Аустралия, ГФР, Ресей, Украина, АҚШ, Үндістан және Қытай секілді елдердің көмір қорларында ең көп болып отыр. Көмірді қазып шығарудың тиімділігі көбіне-көп оның жату жағдайларына байланысты болып келеді. Ашық (карьерлік) тәсілмен шығару тиімді болып табылады. Бұл тәсіл АҚШ-та (Батыс бассейн), Ресейде (Канск-Ачинск бассейні және т.б.), Қазақстанда (Екібастұз бассейні), Австралияда, Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) қолданылады.

Дүниежүзілік қордың жартысына жуығын құрайтын, көмірдің жалпы геологиялық қорлары бойынша (5,3 трлн т) Ресей әлемнің барлық елдерінен асып түседі, ал барланған қорлары бойынша (202 млрд т) АҚШ-тан (445 млрд т) және Қытайдан (272 млрд т) қалып отыр. Ресейдің жалпы қорларының 90%-ы Сібірге және Қиыр Шығысқа келеді, мұнда өздерінің өлшемдерімен Тунгус (2,3 трлн т жуық көмір бар және дүниежүзіндегі аса ірі болып табылады), Таймыр, КанскАчинск, Кузнецк, Иркутск-Черемхово, Минусинск, Лена, Оңтүстік Бурят, Буреин, Сахалин бассейндері ерекше көзге түсіп отыр. Елдің еуропалық бөлігінің солтүстігінде (Печора), орталығында (Подмосковье) және оңтүстігінде (Ростов облысындағы Донецк көмір бассейнінің шығыс қапталы) және Оралда (Кизел, Оңтүстік Орал, Челябинск және т.б.) орналасқан бассейндер анағұрлым азырақ қорларға ие болып отыр. Көмірдің сапалық құрамы алуан түрлі – жоғары сапалы тас көмірлер (99 млрд т, немесе барланған қорлардың 49%-ы), оның ішінде антрациттер де, кокстелетін көмірлер және төмен сапасымен ерекшеленетін қоңыр көмір де бар. Кокстелетін көмірдің ресурстарына Печора, Кузнецк, Донецк және Оңтүстік Якутия бассейндері ие. Көмір елдің еуропалық бөлігінде ең тереңде жатыр. Шығыс аудандардың бассейндерінде (Канск-Ачинск, Кузнецк, Оңтүстік Якутия және т.б.) көмірді ашық (карьерлік) тәсілмен қазып шығару мүмкіндігі бар. Шығыстағы аудандардың бассейндерінің оңды қасиеттеріне сондай-ақ көмір қабатының үлкен – орташа алғанда 40 м-ден 100 м дейін қуаты да жатады. ТМД елдерінен, Ресейден өзге, Украина (Донецк, Львов Волын бассейндері және т.б.) және Қазақстан (Қарағанды, Екібастұз, Убаган бассейндері және т.б.) көмірге бай. Грузия (Ткварчели, Ткибули), Өзбекстан (Ангрен), Қырғызстан азырақ қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда дүниежүзілік шаруашылықтың көмір ресурстарымен қамтамасыз етілгендігі айтарлықтай зор (отынның басқа түрлерімен салыстырғанда анағұрлым көбірек). Көмірді дүниежүзілік қазып шығарудың қазіргі деңгейі кезінде (жылына 4,5 млрд т) барланған көмір қорлары 1000 жылдан көбірек уақытқа жетуі мүмкін. Мұнайдың барланған қорлары 270 – 300 млрд т, анық қорлары — 140 млрд т деп бағаланып отыр. Көмір ресурстарынан өзгешелігі, мұнай ресурстары жер шарында аса бірқалыпсыз орналасқан. Мұнайдың барланған қорларының жартысынан астамы теңіз кен орындарына, континенттік шельф аймағына, теңіздердің жағалауларына ұштасқан.Мұнайдың ірі жиналып қалулары Аляска жағалауларының маңында, Мексика шығанағында, Оңтүстік Американың солтүстік бөлігінің теңіз маңындағы аудандарында (Маракайбо ойпаты), Солтүстік теңізде (әсіресе Британ және Норвег секторларында), Баренц, Беринг және Каспий теңіздерінде, Африканың батыс жағалауларының маңында (Гвинея шығанағы), Парсы шығанағында, Оңтүстік-Шығыс Азия аралдарының маңында және басқа да жерлерде табылған. Дүниежүзі елдерінің арасынан Таяу және Орта Шығыстың дамушы елдері (Сауд Арабиясы, Ирак, БАӘ, Кувейт, Иран, Катар, Бахрейн және т.б.), Латын Америкасының (Мексика, Венесуэла, Эквадор және т.б.), Африканың (Алжир, Ливия, Нигерия, Габон), Оңтүстік-Шығыс Азияның (Индонезия, Бруней және т.б.) дамушы елдері мұнайға әсіресе бай. Оларда мұнайдың дүниежүзілік қорларының 4/5 бөлігінен астамы шоғырланған. Дамушы елдерден өзге, мұнайдың аса ірі қорларына Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Канада, Румыния және әлемнің кейбір өзге өнеркәсібі дамыған елдері ие болып отыр. Ресейге мұнайдың әлемдік барланған қорларының шамамен 4,8-5% (13-14,5 млрд т) келіп отыр. Осы көрсеткіш бойынша Ресей Сауд Арабиясынан (25,4%), Ирактан (11%), Кувейттен (9,3%), Ираннан (9,1%), Венесуэладан (6,8%) артта қалып отыр, бірақ АҚШ-ты (2,4%), Қытайды (2,4%) және т.б. басып озуда. Ресейдегі мұнайдың барланған (баланстық) қорларының 70%-а жуығы осында әлемдегі аса ірі Самотлор кен орны пайдаланылатын Батыс Сібірдің Томск және Тюмень облыстарында орналасқан, ал басқа кен орындарының ішінен Сургут, Нижневартовск, Усть-Балык, Мегион, Федоров, Шаим, Соснин-Совет және Красноленинск кен орындары көзге түседі. Ресей мұнайының барланған қорларының қалған бөлігін Поволжье (Альметьев, Ромашкин, Бугуруслан кен орындары – Татарстан Республикасында, Самара облысында Муханов кен орны және т.б.), Солтүстік аудан (Усинск. Ухтинск, Возейск, ОңтүстікШапкинск, Оңтүстік-Хылчуюк және т.б. кен орындары), Солтүстік Кавказ (Дағыстан және Грозный мұнай-газды провинциялары), Шығыс Сібір (Марковск кен орыны) және Қиыр Шығыс (Сахалин аралындағы Оха) өзара бөлісіп отыр. ТМД елдерінен мұнайдың ірі көздері Әзірбайжанда (Апшерон түбегінің және Каспий шельфінің кен орындары – Мұнайлы Тастар, Тұрғын аралы және т.б.), Қазақстанда (Орал-Ембі бассейні; Маңғышлақ түбегіндегі Өзен және Жетібай кен орындары; Атырау облысындағы Теңіз кен орны; Бозашы түбегі және т.б.); Түркменияда (Челекен, Небит-Даг), Өзбекстанда (Ферғана аңғары), Қырғызстанда (Нефтеабад, Әндіжан және т.б.) орналасқан. Көлемі азырақ кен орындарына Украина (Долинск, Бориславск, Радченковск, Зачепиловск кен орындары) және Белоруссия (Припят ойпатындағы Речицкое кен орны) ие болып отыр.

Жалпы әлем бойынша мұнай шығарудың қазіргі деңгейі (жылына 3 млрд т жуық) кезінде мұнайдың барланған қорларымен қамтамасыз етілгендік 45 жыл құрайды. АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 жылдан әзер асады, Ресейде – 20 жыл, ал Сауд Арабиясында 90 жыл құрайды, Кувейтте және БАӘ-де – 140 жылға жуық. Табиғи газдың әлемдік барланған қорлары 144 трлн. текше м деп бағаланып отыр. Табиғи газдың ресурстары әдетте мұнай кен орындарына жақын жерде жатады, сондықтан газдың ең көп қорына мұнайға бай елдер: Таяу және Орта Шығыс, ТМД елдері (Ресей, Туркменстан, Өзбекстан, Қазақстан), Солтүстік Америка және Латын Америкасы елдері (АҚШ, Канада, Мексика, Венесуэла), Солтүстік Африка (Алжир, Ливия), Батыс Еуропа (Норвегия, Нидерланды, Ұлыбритания), Орталық (Қытай) және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері (Бруней, Индонезия). ие болып отыр. Ресейде табиғи газдың дүниежүзілік барланған қорларының 1/3 бөлігі (47 600 млрд текше м) шоғырланған. Бұл әлемде екінші орын алып отырған Иранның қорларынан (21 200 млрд текше м) 2 еседен аса асып түседі және АҚШ-тағы (4654), Норвегиядағы (3800), Алжирдегі (3424), Туркмениядағы (2650), Қазақстандағы (1670), Нидерландтағы (1668), Ливиядағы (1212), Ұлыбританиядағы (574) өндірілген өнімдерге қарағанда анағұрлым көбірек. Ресейдің табиғи газының негізгі қорлары (оның бүкіл барланған қорларының 80%-ына дейіні) Батыс Сібірдегі Тюмень облысына келіп отыр. Мұнда облыстың оңтүстігінде табиғи газдың Ресейдегі және дүниежүзіндегі аса ірі кен орындары: Уренгой, Медвежье, Ямбург, Заполярное, Надым, Бованенков, Арктикалық, Крузенштерн, Новопортовск және т.б. кен орындары орналасқан. Сондай-ақ Поволжьенің (Астрахань газ-конденсат кен орыны және т.б.), Оралдың (Орынбор кен орны), Солтүстік (Вуктыль, Войвож, Штокманов, Ардалы кен орындары және т.б.), Солтүстік Кавказ (Краснодар өлкесіндегі Ленинград және Староминск кен орындары, Адыгей Республикасындағы Майкоп кен орыны, Солтүстік Ставрополье және т.б. кен орындары), Шығыс Сібір (Марковск, Пилятин, Криволук және т.б. кен орындары) және Қиыр Шығыс (Усть-Вилюй кен орыны және т.б. аудандарының табиғи газ қорлары айтарлықтай. ТМД елдерінің арасында Түркменияның (Ачак, Шатлык, Май және т.б. кен орындары), Қазақстанның (Қарашығанақ және т.б.), Өзбекстанның (Газли, Мубарек және т.б.), Әзірбайжанның (Карадаг) газ әлеуеті жоғары болып отыр. Қорлары бойынша шағын кен орындары Украинада (Дашавск және Шебелинск кен орындары) бар.

Әлем экономикасының табиғи газбен қамтамасыз етілгендігі оны шығарудың қазіргі деңгейі (жылына 2,2 трлн текше м) кезінде 71 жыл құрайды. Қазіргі ядролық энергетиканың негізін құрайтын уран кендері елдердің шағын тобында – Солтүстік және Латын Америкасы (Канада, АҚШ, Бразилия), Африка (ОАР, Нигер, Намибия), Батыс Еуропа (Франция), ТМД (Ресей) елдерінде шоғырланған. Уран кендері Австралияда да бар. Ресейде уран кендерінің аса ірі кен орындары Шығыс Сібірде (Чита облысының оңтүстігі) орналасқан.

Жанғыш пайдалы қазбалар көмір, мұнай және газды құрайды. Олар жылу мен энергия қуатын бере отырып энергетикалық ресурстарды құрайды. Көмірдің негізгі әлемдік қоры – Азия, Еуропа және Солтүстік Американың ірі 10 алаптарында орналасқан. Мұнайдың ең ірі қорлары – Парсы шығанағы мен Батыс Сібірде, сонымен қатар теңіздік қайраңдарда (Каспий, т.б.) шоғырланған.

Минералды ресурстар классификациясы

Кенді қазба байлықтары

Кенді қазба байлықтары қара және түсті металдарға бөлінеді. Қара метал қорларының негізгілері: темір және марганец кендері Бразилияда, Канадада, Ресейде, Украина, Австралия, АҚШ, Үндістан және Қазақстанда орналасқан.

Негізгі мыс кен орындары – Чили (Оңтүстік Америка), АҚШ, Замбия және Конго Демократиялық Республикасында (Африканың мыс белдеу аймағында) елімізде Орталық Қазақстан мыс кен орындарына бай, Қалайы – Азияның Тынық мұхит аймағындағы «қалайы белдеуін» қамтиды Алюминий өндірісіне қажетті шикізаттардың 2/3 әлемдік қоры бес мемлекетте шоғырланған: Австралия, Гвинея (Африка), Ямайка (Антиль аралдары), Суринам және Бразилия (Оңтүстік Америка).

Төменде осы металл кені ресурстарының негізгілеріне тоқталамыз. Металл кендеріне темірдің, марганецтің, хромның, алюминийдің, қорғасынның және мырыштың, мыстың, қалайының, алтынның, платинаның, никельдің, вольфрамның, молибденнің және т.б. кендері жатады. Оларды шығару мөлшерлері және құрамы жекелеген елдердің экономикасына, өнеркәсіптің дамуына және орналасуына елеулі әсерін тигізеді.

Темір кендері қара металдар өндіру үшін негізгі шикізат болып қызмет етеді. Темір кенінің болжанған әлемдік қорлары 600–800 млрд т, ал барланған қорлары — 260 млрд т деп бағаланып отыр. Кендегі темірдің мөлшері орташа алғанда 40% құрайды. Темірдің пайыздық мөлшеріне байланысты кендерді бай және кедей деп бөледі. Темірдің мөлшері 45%-дан жоғары болатын бай кендер байытусыз қолданылады, ал кедей кендер алдын ала байытудан өтеді. Темір кендерінің ресурстарына көптеген дамыған және дамушы елдер ие болып отыр. Олардың қорлары бойынша Ресей, Бразилия, Аустралия, АҚШ, Канада, Қытай, Үндістан, Франция, Швеция көзге түсіп отыр. Ірі кендер сондай-ақ бірқатар өзге елдерде: Ұлыбританияда, Норвегияда, Люксембургте, Венесуэлада, ОАР-да, Алжирде, Либерияда, Габонда, Анголада, Мавританияда, Украинада, Қазақстанда, Әзірбайжанда орналасқан. Ресейде темір кенінің барланған (баланстық) қорлары кендегі темірдің орташа 35,9% мөлшері кезінде 55,6 млрд т. құрап отыр. 50-дан 69%- ға дейін темір бар бай кендер де бар. Темір кендерінің қорлары елдің ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Темір кендерінің баланстық қорларының жартысынан астамы (31,9 млрд т) Еуропалық Ресейдің орталығында (Белгород, Курск, Воронеж және Орлов облыстары) орналасқан Курск магнит аномалиясы (КМА) бассейнінде шоғырланған. Курск магнит аномалиясы, әлемдегі аса ірі темір кені бассейні, орасан зор қорларымен ғана емес, шикізаттың жоғары сапалық көрсеткіштерімен, оның жатуының қолайлы таугеологиялық жағдайларымен де сипатталады. КМА кендеріндегі темірдің орташа мөлшері жалпы алғанда Ресей бойынша орташа көрсеткіштерден асып түседі және 41,5% құрайды, бай кендерде (гематиттер) 55–65% темір болады. Осында басым болып отырған темірлі кварциттер (кенде (35% темір бар) оңай байытылады және жер бетіне жақын жатады, бұл оларды шығаруды ашық тәсілмен жүргізуге мүмкіндік береді. Пайдаланылып отырған кен орындарының арасында Яковлев, Лебединск, Стойлинск (Белгород облысында) және Михайлов (Курс облысында) кен орындары көзге түсіп отыр.

Темір кендерінің көлемі азырақ кен орындары еуропалық Солтүстікте (Мурманск облысындағы Ковдор және Оленегорск, Карелия Республикасындағы Костомукша), Оралда (Свердлов облысындағы Качканар кен орындары тобы және Орынбор облысындағы ОрскХалилов тобы көзге түсуде), Сібірде (Кемерово облысындағы Таулы Шория кен орындары, Хакасия Республикасындағы Абакан және Тейск, Иркутск облысындағы Ангара-Илим және Краснояр өлкесіндегі Ангара-Пит темір кені бассейндері) және Қиыр Шығыста (Якутияның оңтүстігіндегі Алдан кен орындары тобы және т.б.) орналасқан. ТМД елдерінің арасында, Ресейден өзге, темір кенімен Украина (Кривой Рог бассейні және Керчь кен орыны), Қазақстан (Қостанай облысындағы Соколов-Сарыбай, Лисаковск, Качар, Аят кен орындары және Қарағанды облысындағы Атасу кен орындары тобы), Әзірбайжан (Дашкесан кен орыны) жақсы қамтамасыз етілген.

Әлем шаруашылығының темір кенімен қамтамасыз етілгендігі оны шығарудың қазіргі деңгейі (жылына 0,9–1,0 млрд т.) кезінде 250 жыл құрайды. Қара металдар өндірісінде болат қорыту кезінде металдың сапасын арттыру үшін арнайы қоспалар ретінде қолданылатын легирлеуші металдар (марганец, хром, никель, кобальт, вольфрам, молибден) үлкен маңызға ие. – Марганец кендерінің қорлары бойынша ОАР, Габон, Бразилия, Үндістан, Қытай, Австралия, Украина, Грузия; никель кендерінің қорлары бойынша – Жаңа Каледония (Меланезиядағы аралдар, Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігі), Канада, Индонезия, Филиппины; хромиттер кендерінің қорлары бойынша – ОАР, Зимбабве; кобальт кендерінің қорлары бойынша – Заир, Жаңа Каледония, Австралия, Индонезия; вольфрам және молибден кендерінің қорлары бойынша – АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Австралия ерекшеленеді. Ресей легирлеуші металдардың жекелеген түрлері бойынша (марганец, хром және т.б.) тапшылықты сезініп отыр, бұл ел аумағында бұлардың ірі кен орындарының жоқтығымен байланысты болып отыр. Марганец және хром кендерінің қорлары негізінен Оралда (Свердлов және Пермь облыстары) және Сібірде (Кемерово облысы, Краснояр өлкесі, Тыва, Чита облысы) шоғырланған. Никель кендері Норильск кенді ауданында (Талнах, Октябрь кен орындары) және Кольск түбегінде, никель-кобальт кендері – Оралда (Халилов кен орны), кобальт кендері – Тывада, вольфрам-молибден кендері — Кабардино-Балкарияда (Тырнауз кен орны), молибден кендері – Забайкальеде табылған. ТМД елдерінен әлемдік маңызы бар марганец кендерінің қорларына Украина (Никополь және Үлкен Токмак кен орындары), Грузия (Чиатур кен орны) және Қазақстан (Жезді кен орны), хром кендерінің қорларына — Қазақстан (Ақтөбе облысындағы Дон кен орны), никель кендерінің қорларына – Украина (Побуг кен орны), мыс-молибден кендерінің қорларына – Армения ие болып отыр. Ресей минералды-шикізат ресурстарының осы түрлері бойынша өзінің ішкі қажеттіліктерін ТМД-ның тізіп көрсетілген елдерінен жеткізулермен қанағаттандырып отыр.

Түсті металдар индустрияның қазіргі салаларында кең қолданысын тауып отыр. Қара металдардың кендерінен өзгешелігі, түсті металдардың кендері пайдалы элементтердің өте төмен пайыздық мөлшеріне (кей кездері пайыздың оннан бір және тіптен жүзден бір үлестері) ие. Алюминий өнеркәсібінің шикізат базасын бокситтер, нефелиндер, алуниттер, сиениттер құрайды. Шикізаттың негізгі түрі – бокситтер. Олардың болжанған қорлары 50 млрд т, барланған қорлары 20 млрд т деп бағаланып отыр. Бокситтердің аса ірі кен орындары Латын Америкасында (Бразилия, Венесуэла, Ямайка, Гайана, Суринам, Гаити, Доминикан Республикасы және т.б.), Африкада (Гвинея, Камерун, Мали) және Австралияда орналасқан. Бокситтерге сондай-ақ шетелдік Еуропаның (Франция, Греция, Венгрия және т.б.), Азияның (Үндістан және т.б.) және ТМД-ның (Ресей, Қазақстан) кейбір елдері ие болып отыр.

Ресейде бокситтердің қорлары салыстырмалы түрде көп емес және елдің алюминий саласының қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етпейді. Табылған бокситтердің мөлшері және сапасы бойынша Оралдың (Свердлов облысындағы Солтүстік-Орал, Башқұртстандағы Кукша және Ново-Пристан, Челябинск облысындағы Оңтүстік-Орал кен орындары), Солтүстік-Батыс (Ленинград облысындағы Тихвинск кен орыны), Солтүстік (Архангельск облысындағы Солтүстік-Онега және Коми Республикасындағы Оңтүстік-Тиман кен орындары) аудандардың кен орындары ерекшеленеді. Бокситтер, сондай-ақ Сібірде (Кемерово облысында, Ангара өзені бассейнінде Краснояр өлкесінде, Шығыс Саяныда Бурятияда) табылған.

Ресейде нефелин кендерінен алюминий қорыту және саз балшық өндіру іс-тәжірибеде қолданылады. Нефелиндердің кен орындары Мурманск (Хибин) және Кемерово (Кия-Шатлыр) облыстары мен Краснояр өлкесінде (Ужур) орналасқан. Әлем шаруашылығының бокситермен қамтамасыз етілгендігі оларды шығарудың қазіргі деңгейі (80 млн т) кезінде 250 жыл құрайды. Басқа түсті металдар (алуға арналған шикізаттың мыс, полиметалл, қалайы және т.б. кендер) әлемдік әлеуеті алюминий өнеркәсібінің шикізат базасымен салыстырғанда көбірек шектеулі. Дүниежүзінің мыс кендерінің жалпы геологиялық қорлары 860 млн т құрайды, осылардың 450 млн т барланған қорлар. Олар негізінен алғанда Азия (Үндістан, Индонезия және т.б.), Африка (Зимбабве, Замбия, Конго), Солтүстік Америка (АҚШ, Канада) және ТМД (Ресей, Қазақстан) елдерінде шоғырланған. Мыс кендерінің ресурстары Латын Америкасы (Мексика, Панама, Перу, Чили), Еуропа (ГФР, Польша, Югославия елдерінде), Австралия және Мұхит елдерінде (Австралия, Папуа–Жаңа Гвинея) де бар. Ресейде мыс кендерінің қорлары бойынша Орал (Свердлов облысындағы Дегтяр, Красноурал, Кировоград кен орындары, Башқұртстан Республикасындағы Сибай, Орынбор облысындағы Гай және т.б.), Сібір (Чита облысындағы Удокан кен орны және Краснояр өлкесіндегі Норильск кен орындары) және Солтүстік Кавказ (Қарачай-Черкесиядағы Урупское кен орны) басты орындар алып отыр. ТМД-да мыс кендерінің қорларының бөлінуінде Қазақстанның (Жезқазған, Қоңырат, Саяқ, Бөшекөл және т.б. кен орындары), Өзбекстанның (Алмалық кен орны), Арменияның (Кафан, Агарак, Каджаран кен орындары), Грузияның (Маднеуль кен орны) үлесі зор. Оларды шығарудың қазіргі көлемі (8 млн т) кезінде әлем шаруашылығының мыс кендерінің барланған қорларымен қамтамасыз етілгендігі шамамен 56 жыл құрайды.

Қорғасын мен мырыш қорытуға арналған шикізаттың негізгі түрі, онымен қоса көп жағдайларда құрамында мыс, алтын, күміс, селен, теллур, серу және т.б. материалдар бар полиметалл кендері болып табылады. Қорғасын мен мырыштың жалпы қорлары (металлға қайта есептегенде) тиісінше 200 және 300 млн т, ал барланған қорлары – 100 және 250 млн т. құрайды. Полиметалдардың қорлары бойынша әлемде жетекші орындарды Солтүстік (АҚШ, Канада), Латын Америкасы елдері (Мексика, Перу) және Австралия алып отыр. Полиметалл кендерінің ресурстарына сондай-ақ Батыс Еуропа (Ирландия, ГФР), Азия (Қытай, Жапония) және ТМД (Қазақстан, Ресей ) елдері иеленіп отыр. Ресейде полиметалл кендеріне Сібір (Алтай өлкесіндегі Салаир кен орны, Бурятия Республикасындағы Озерное, Краснояр өлкесіндегі Горевское, Чита облысының Нерчин ауданындағы Савинское), Қиыр Шығыс (Приморье өлкесіндегі Тетюхе кен орны) және Солтүстік Кавказ (Солтүстік Осетия Республикасындағы Садон кен орны) бай. ТМД-дағы полиметалл кендерінің өзге ірі көзі – Қазақстан. Елдің кен орындары республиканың шығыс (Лениногор, Зыряновск, Белоусов және т.б.) және оңтүстік (Ащысай, Текелі) бөлігінде орналасқан.

Қорғасын (жылына 2,5 млн т) және мырыш (жылына 4,5 млн т) шығарудың қазіргі әлемдік көлемі кезінде олардың барланған қорлары тиісінше 40 және 55 жылға жетуге тиіс. Қалайының жалпы қорлары – 8,3 млн. т., барланған қорлары – 3,8 млн т. Қалайының әлемдік қорларының көпшілік бөлігі Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия (Үндістан, Таиланд, Малайзия және т.б.) және Латын Америкасы (Боливия) елдерінде орналасқан.

Ресейде қалайының ресурстары Сібірде (Чита облысы) және Қиыр Шығыста (Магадан облысында Колыма өзенінің жоғарғы ағысы, Саха-Якутия Республикасындағы Яна өзенінің бассейні, Приморск және Хабаровск өлкелері) шоғырланған. Ресей әлемнің өзге елдерінің арасынан асыл металдардың (алтын, платина), асыл тастардың (ақық, яшма, тау сутасы, зүмірет, топаз, сапфир, аметист, көктас және т.б.) және алмастардың қорларымен ерекшеленеді. Ресей алтынының болжанған қорлары 150 мың тонна, барланған қорлары шамамен 5 мың т деп бағаланып отыр. Алтынның барланған қорлары бойынша Ресей тек ОАР-ға ғана жол береді, бірақ Канададан, Австралиядан, АҚШ-тан және т.б. елдерден айтарлықтай асып түсіп отыр. Ресейде алтынның негізгі кен орындары Қиыр Шығыста (Магадан және Амур облыстары, Саха Республикасы), Сібірде (Чита облысы, Краснояр өлкесі) және Оралда орналасқан. Орташа жылдық 100–150 т шығару кезінде Ресейдің алтынның барланған қорларымен қамтамасыз етілгендігі шамамен 30– 35 жыл құрайды. Платина тобының металдарын өндіру (жылына 130- 140 т) және алмас шығару (жылына 20-25 млн карат) бойынша Ресей дәл солай тек ОАР ғана жол беріп отыр. Платина кендері Краснояр өлкесінде (Норильск ауданы), Коль түбегінде (Мончегорск кен орны) және Оралда бар. Осылардың қорлары 200 млн карат деп бағаланып отырған алмастардың кен орындары Архангельск облысында (Беломорье), Саха-Якутия Республикасында (Вилюй өзенінің бассейні) және Оралда орналасқан. Бағалы тастардың әр алуан түрлерінің кендері Оралда, Забайкальеде. Таулы Алтайда, Саянда орналасқан.

Металл емес пайдалы қазба байлықтары

Бұл шикізаттар жөніндегі мәліметтер мардымсыз. Бірақ та ізбестассыз цемент өндірісі және шойын қорыту мүмкін емес. Қарапайым сазбалшық кірпіш өндірісінде ақбалшық (каолин) – фарфор және фаянса өндірісіне қажет. Күкіртсіз күкірт қышқылын алу мүмкін емес. Гипс құрылыс пен медицинада қолданылып қоймай, бояу өндірісіне қажет. Асбест болса отқа төзімді киімдер жасауда және шифер өндірісіне қажет. Ас тұзының химия өндірісіндегі рөлі зор.

Осылардың ішінен тау-кен химия шикізатын қарастырамыз. Тау-кен химия шикізатының аса маңызды түрлеріне фосфат кендері, калий және ас тұздары, күкірт және т.б. жатады. Фосфат кендері және калий тұздары минералды тыңайтқыштар өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылады. Фосфат кендері ТМД-да (Ресей, Қазақстан), Солтүстік Америкада (АҚШ), Африкада (Марокко, Тунис, Алжир, Сенегал, Бенин), Азияда (Иордания, Израиль), Рождество және Науру аралдарында өздерінің кен орындарымен көрсетілген.

Ресей құрамында фосфор бар шикізаттың екі түрімен – апатиттермен және фосфориттермен көрсетілген. Апатиттердің әлемдегі аса ірі кен орны (Хиба) Коль түбегінде орналасқан. Фосфориттердің негізгі кен орындары елдің еуропалық бөлігінің аудандарында: Орталық (тиісінше Мәскеу және Брянск облыстарындағы Егорьевск және Полпинск), Волга-Вятка (Киров облысындағы Вятка-Кама), Орталық-Черноземье (Курск облысындағы Шигровск) аудандарында орналасқан. Сібірде және Қиыр Шығыста бар кен орындары нашар игерілген және көлемі үлкен емес. ТМД елдерінен фосфориттердің ірі кен орындарымен (Қаратау және Ақтөбе) Қазақстан ерекшеленеді. Калий тұздарының жалпы әлемдік қорлары 80 млрд т, барланған қорлары – 20 млрд т болып бағаланып отыр. Олардың аса ірі кен орындары Канадада (Саскачиван бассейні), Ресейде (Пермь облысындағы Соликамск және Березняки кен орындары), Украинада (Калуш, Стебник), Германияда, Францияда, АҚШ-та орналасқан. Калий тұздарының әлемдегі 30 млн. т болып отырған қазіргі жылдық шығарылуы кезінде олардың барланған қорлары 70 жылға жетеді. Ресей тек калий тұздарының ғана емес (әлемдік қорлардың 16%-ы), ас тұзының да ірі қорларына ие болып отыр. Ас (тас) тұзы сода, хлор, натрий сульфатын, құрғақ натр және т.б. өндіруге арналған шикізаттың негізгі түрлерінің бірі болып табылады. Оның қорларымен, Ресейден өзге (Пермь облысындағы Верхнекамск бассейні, Астрахань облысындағы Баскунчак көлі, Сібірдегі Прибайкалье және т.б.), АҚШ, Канада, ГФР, Франция, Бангладеш, Пәкстан, Австралия, Украина (Артемов және Славинск кен орындары) және т.б. ерекшеленіп отыр.

Күкірт ең алдымен күкірт қышқылын алу үшін пайдаланылады, күкірт қышқылының басым бөлігі фосфат тыңайтқыштарын, улы химикаттар өндіру кезінде, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде пайдаланылады. Ауыл шаруашылығында күкіртті ең алдымен өсімдіктердің ауруларымен күресу үшін пайдаланады. Табиғи күкірттің айтарлықтай қорларына АҚШ, Мексика, Польша, Франция, ГФР, Иран, Жапония, Украина (Раздольск және Яворов кен орындары), Түркменстан (Гаурдак кен орны) ие болып отыр. Ресейде күкірттің ірі кен орындары Самара облысында (Алексеев, Ведий, Каменнодольск кен орындары, Камчаткада және Курил аралдарында табылған. Оралда күкірт қышқылын алу үшін кеңінен қолданылатын күкіртті колчеданның қорлары орасан зор.

Көптеген минералды ресурстар сарқылатын топқа жатады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, мырыш 44 жылға, қорғасын 53 жылға, газ 48, мұнай 55 жылға, мыс 113 жылға, никель 110, күміс – 45 жылдық қоры бар. Егер де ұтымды пайдаланбасақ, бұл қорлардың таусылуы тез арада болмақ.

Адамзат баласы ежелгi заманнан берi алуан түрлi минералды шикiзаттарды пайдалануда. Бiрақ оларды қолданудағы жаңа сандық және сапалық өзгерiстер, ХХ ғасырдың ортасынан ғылыми-техникалық революция нәтижесiнде туындады. Дүниежүзiнiң көптеген елдерi қазiргi таңда табиғат ресурстарын үнемдеу саясатын ұстанғанына қарамастан, оған деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Әсiресе соңғы ондаған жылдар iшiнде минералды ресурстарды өндiру көлемi шамадан тыс мөлшерде көбеюде. Жыл сайын планетамыздың түкпiр-түкпiрiндегi жер қойнауынан 100 млрд. т-дан астам алуан түрлi отын және минералды шикiзаттар алынады [4]. Минералды ресурстарды өндiру жағынан ең алдымен АҚШ, Қытай мен Ресей көзге түседi (41-ға жуығы), ал тау-кен өндiру жағынан алғашқы ондық елдерi (iшiнде Қазақстан да бар) дүниежүзiнде өндiрiлетiн шикiзаттың 64-тен астамын бередi. Мамандар есебiнде ХХI ғ. ортасына дейiн тау-кен қорларын өндiру iсi 5 есеге жуық өспек, ол құрлықпен қатар материктiк қайраңдағы кен орындарын игеру есебiнен де жүргiзiледi. Қазiргi таңда минералды ресурстарды тұтыну қарқыны, олардың барланған қорларының ашылу арақатынасынан асып түсiп отыр. Осы себептi көптеген елдерде оларды тиiмдi пайдалану мәселесi күн тәртiбiне қатаң қойылған. Дүниежүзiлiк мұхит қойнауының минералды ресурстарын игеру проблемасы адамзат болашағы үшiн аса маңызды орында.

Жалпы, әлемде өндiрiлген минералдық шикiзаттардың үлесiне келсек, 84,6 отын-энергетикалық кешен саласына, 7,9 қара металлургияға, ал 1,9 түстi металлургияға, 5,6 басқа салаларға тиесiлi. Соңғы жылдары бағалы металдар көлемi өсуде. Қазiргi уақытта дүниежүзiнiң 169 мемлекетi минералдық ресурстар өндiредi. Әлемдiк экономикада минералды кен байлықтарды өндiрудiң жалпы мөлшерi 10 млрд т-ға жуықтады. Оларды әрқайсысы 1 млрд. т-дан аса өндiретiн көшбасшылар – АҚШ пен Қытай елдерi, сонымен қатар Аустралия, Канада, Ресей, ОАР-дың да үлесi зор. Бұл көрсеткiш бойынша, Украина оныншы, ал Қазақстан он үшiншi орында. Өндiрiлетiн шикiзатының көптүрлiлiгi жағынан елiмiз дүниежүзiнде тоғызыншы, ал ТМД бойынша екiншi орында. Елiмiздiң минерал-шикiзат кешенi әлемдiк рынок талабына сай бейiмделуде. Қазақстан, негiзiнен, сыртқа шикiзаттар мен жартылай фабрикаттар шығаруда әрi олар елiмiздiң экспорттық рейтингiсiнде басымдық көрсетуде (қосымшадағы 22-кестенi қараңдар).

Минералды ресурстар дегенiмiз — шаруашылықта қолданылатын қазба байлықтар және шөгiндi жыныстар кен орындарының барланған белгiлi қоры. Оның iшiнде кендi пайдалы қазбалар: қара металдар (темiр, марганец, хром, титан, ванадий); түстi металдар (мыс, алюминий, қалайы, қорғасын, мырыш, вольфрам, молибден, кобальт, никель); бағалы (алтын, платина, күмiс) және радиоактивтi (радий, уран, торий) металдар болып ажыратылады.

Әдетте, металдардың кен орындары кешендi болып келедi, өйткенi олардың құрамында бiрнеше минерал түрлерi қосарланып кездеседi. Кенсiз қазба байлықтарға металл емес жанбайтын қатты тау жыныстары мен минералдар жатады [6]. Олар өз кезегiнде құрылыс материалдары (құм, саз, әктас, мәрмәр, гранит, т.б.); химиялық шикiзат (күкiрт, фосфат, калий тұзы, т.б.); металлургиялық шикiзат (асбест, кварц, т.б.); асыл тастар мен әшекейлi iстерге қажеттi минералдар болып бөлiнедi.

Отын ресурстарының, жер қабығының жылжымалы қатпарлы таулы өңiрлерi мен ежелгi қалқандарда кездесетiн кендi қазбалардан ерекшелiгi – олардың шығу тегi органикалық болғандықтан, платформалар мен тауалды иiндерiнде орналасқан. Минералды отын ресурстары құрамына: таскөмiр және қоңыр көмiр, мұнай мен газ, жанғыш тақтатас пен шымтезек жатады.

Минералды ресурстар қорын сақтау жолында оларды қайта пайдалану немесе басқадай материалдармен (пластмасса, керамика, т.б.) алмастыру жолдары жүзеге асырылуда. Табиғатта ыдырамайтын мұндай заттарды көптеп өндiру экологиялық проблемаларды ушықтырып, биосфераны ластап, табиғи ландшафтыны бұзуда. Осы себептi, табиғаттан алынатын әрбiр минералды шикiзат барынша толық кәдеге жаратылуы тиiс. Өйткенi жер қойнауынан шығарылатын қазба байлықтардың дайын өнiмдер алуда 20%-K ғана жұмсалады. Табиғат ресурстарының осылайша тиiмсiз пайдаланылуы салдарынан ұзақ жылдар бойы олар игерiлген аудандарда үйiндi түрiнде орасан зор кен қазбалары жиналып қалады. Ендiгi жерде қалдықсыз немесе аз қалдықты өндiрiстер құру мiндетi тұрды. Мұны дүниежүзiнiң өркениеттi елдерi өзара байланыс орнату арқылы – технологиялық, экологиялық, ұйымдастырушылық бағытта кешендi түрде жүзеге асыруға атсалысуда. Жаңа ғасыр адамзат баласы үшiн минералдық ресурстарды игеру iсiнде екiншi реттiк пайдалануды iске асыру дәуiрi болмақ. Оның мәнi – экономикада басты шикiзат көзi өндiрiс қалдықтарының материалдары болып, ал негiзгi қазба байлықтар резервтiк рөл атқарады.

Авторлық сілтеме:
Мазбаев О. Б., Увалиев Т. О. Дүниежүзінің табиғат ресурстары географиясы: Оқулық. — Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2013 ж. 244 бет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *