Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ақындығы

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. 1863 жылы Байжан деген қазіреттің ұйымдастыруымен Баянауылда медресе ашылады да, әкесі бес жасар Жүсіпті соған оқуға береді. Жүсіп оқуға өте жас түссе де, өзінің алғырлығымен, зеректігімен бірден көзге түседі. Ол алғашқы қыстың өзінде хат танып шығады да, 7 – 9 жасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер тарғын» сияқты батырлар жырын және шығыс қиссаларының біразын жатқа соғатын болады. Жүсіп он бес жасына дейін медресе оқуында болады. Әуелі Нажмидден қазіреттен кейін Омбыдан келген Қамар қазіреттен оқиды. Мәшһүр-Жүсіп ақындық өмірінің алғашқы кезеңінде, он алты жас пен отыз жасының аралығында, қыз-келіншектерге, өткендегі батырларға арнап өлең – жыр шығарып жүреді. Ел аралап, сөз зергерлерімен жиі жүздесіп, сөз өнерін меңгереді. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды.

Жүсіп 29 жасында, 1887 жылы Ташкент, Бұхара қалаларына барып, ол жақта тоғыз айдай уақыт болып, шығыс мәдениетімен танысумен бірге діни білімін де көтеріп қайтады.

1888 жылдан бастап бірінші қазақ газеті «Дала уялаты» бетінен МәшһүрЖүсіптің мақалалары мен өлеңдері жиі көрініп отырады. Ақын бұл жылдары ұрлықтардың әділетсіздігін, байлардың зорлықшылдығын, ел ішінде өріс алғаннадандықты сынайды, елді өнерге, отыршылыққа шақырады. Ең бастысы, халықтың ауыр тұрмысын көрсетеді.

1894 жылы, 36 жасында Мәшһүр-Жүсіп Орта Азия жаққа екінші рет саяхат жасайды. Ақын бұл сапарларында бар жерден де халықтың ауыр өмірін көре түсіп, өз үнін батыл шығара бастайды. 1888 жылдардан бастап Мәшһүр-Жүсіптің халық өмірін белсене жырлай бастағанын ескере отырып, 1888 – 1905 жылдардың арасындағы еңбегін ақындық өміріндегі екінші кезең, сапа жағынан мүлде жаңа кезең деп білеміз.

Мәшһүр-Жүсіптің ақындық өмірінің үшінші кезеңі 1905 – 1912 жылдарды қамтиды. Ол әсіресе 1905 – 1907 жылдары саяси санада батыл көрінуімен байланысты. Бұл кезеңнің айырмашылығы сол – патша үкіметінің 17 қазанындағы манифесінен кейін қазақ халқының наразылығы өсе түсумен бірге, патшаға сеніп алданғаны Мәшһүр-Жүсіп шығармаларынан анық көрінеді. Ақын 1907 жылы Қазан баспасынан «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы», «Хал-ахуал» деген үш кітабын бастырып шығарды. Ақын бұл үш еңбегінде де патша манифесіне сеніп кеңшілік күтеді, қазақ даласын жайлаған жоқшылық пен теңсіздіктің күштілігін де, себебін де ашып береді, ашына сынайды. 1905 жылғы патша манифесі алдау боп шыққағалы Мәшһүр-Жүсіптің баспа бетін көрген шығармалары қайта қаралып, кітапты басып шығарушылар да, оның авторы да қуғынға ұшырауынан анық көрінеді.

Шамамен, 1913 жылдан бастап, Мәшһүр-Жүсіптің өмірінің ақырына – 1931 жылға дейінгі аралық уақытты ақын өмірі мен творчествосының төртінші кезеңіне жатқызамыз. Бұл кезде ақын жазудан мүлде қол үзіп кетті деуге болады, өйткені анда-санда туған-туысқандарына хаттары, бірен-саран өлеңдері болмаса, ел өміріне белсене араласып, жазғандары мүлде аз.

Ақынның соңғы жылдар ішінде үндемеуін оның жігерінің жасып, үмітінің тозып, 1907-1912 жылдары күшейген қуғыннан қорғалақтап қалғанынан деп білу керек.

Көп уақыт Мәшһүр-Жүсіп совет заманы тұсында ештеңе жазбады делініп келді. Ол пікірлердің бекер екендігін жаңадан табылған бір топ өлеңдері де дәлелдесе керек. Әйтсе де жасы келіп қалған дығы бар, жеке қайғысы бар, түрлі себептермен бұл кезде сирек жазған. Мысалы, 1915 жылы оның әйелі қайтыс болса, 1921 жылы 18 маусымда Ташкент қаласында мұғалімдік етіп жүрген Әмин деген баласы 34 жасында қаза табады. Әмин Мәшһүр-Жүсіптің: «бір балам бар өзімнен өте туған» деп үлкен сенім артқан баласы екен. Қазақ ССР Ғылым академиясындағы МәшһүрЖүсіп қолжазбаларының арасында Әминнің де бір топ өлеңдері бар. Оның, әсіресе, 1916 жылғы халық наразылығы жөнінде жазғандарының ішінде жоғары идеялы өлеңдері баршылық.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев 1931 жылы 27 қарашада қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Ескелді деген жерде дүние салды. Сүйегі күні бұрын өзі салдырған бейіт үйіне жерленген. Жоғарыда атап кеткеніміздей, 1888 жылдардан бастап шыға бастаған «Дала уалаяты» газетіне Мәшһүр-Жүсіп Көпеев өз мақалалары мен өлеңдерін жиі бастырып, ел өміріне маңызды деген мәселелерді өзінше көтеріп отырған. Сол кездегі қазақтың демократ ақын-жазушыларының көтерген негізгі тақырыптарының бірі халықты өнер-білімге, отырықшылыққа шақыру болса, Мәшһүр-Жүсіп те сол ойды өзінше осы газет бетінде көтереді.

1890 жылы халықты кәсіпке, отырықшылыққа шақырған ойларын былай деп түйеді:

Деп айттым пайда қыл деп бозбалаға
Меңіреулер біреу түртпей қозғала ма?
Мал да бақ, егін де сал, сауда да қыл
Бостан-бос жүрмедеймін құр далада.
Мәшһүр-Жүсіптің тағы бір үлкен еңбегі сол — әйелдерге білім берудің қажеттігін батыл қуаттап, өзінше болса да дәлелдейді. Ол былай деп жазады: Ғылым «еркекке бір есе керек болса әйелге он есе керек». Олай деу себебін ақын өзінше дәлелдермен тұжырымдайды. Біріншіден, оның еркекке қарағанда, оқуға мүмкіншілігі аз, сондықтан қамқорлыққа еркектен гөрі де әйел зәру. Екіншіден, әйел оқыса, баланың жанында көп болатындықтан, баласында білімді ғып шығаруға көп көңіл бөлер еді дейді. Автор сонымен бірге бала тәрбиесі жөніндегі пікірлерін де ортаға салады. Баланың жақсы болып өсуі үшін ата-анасы білімді болсын, қоршаған ортасы, әсіресе, көршілері үлгілі адамдар болсын дейді. Баланың өнерсіз, жалқау надан боп келетіні шала тәрбиенің нәтижесі екенін ашады.

Ең бірінші тоқталатын өлеңіміз – ақынның 37 жасында жазып, кейін 1907 жылғы « Хал-ахуал» жинағына кіргізген өлеңі «Бұлбұл мен Қаршығаның айтысы», Мәшһүр-Жүсіп бұл өлеңінде Бұлбұл арқылы халық қамын жоқтаушы ақынның, яғни, өзінің бейнесін жасайды да, оны Қаршығаға, өз пайдасын ғана ойлайтын ел билеушілердің өзімшіл қолшоқпарларына қарсы қояды. Өлеңнің басында Бұлбұл Қаршығаға келіп екеуінің басында екі түрлі жай бар екенін айтып, себебін сұрайды. Ол Қаршығаға сен болсаң «билердің оң қолында» жүресің, тамағың да тоқ, беделің де сыйлы. Мен болсам, «әр түнді сайраумен» өткіземін, сондағы іздейтінім бір қызыл гүл, ол ашылса, бақытты болар ем, бірақ ашылар емес» дегенді айтады да:

Зарлаймын ұзын түні көрермін деп,
Көре алмай ашылғанын қасіретім көп.
Ғұмырымда бір ашылған уақытын көрмей
Барамын бұ жалғаннан уайым жеп, —

деп, мұңын шағып, не істеуі керегіне одан ақыл сұрағандай болады. Қаршыға жатып келіп Бұлбұлды сөгеді. Бір гүлге ғашық боп түні бойы сайрайтындығың сенің ақымақтығың, өйткені өз пайдаңды ойлай білмейсің. Мұратқа жеткің келсе, мен сияқты үндемес бол, күштілерді тыңдай бер дегенді айтады. Қаршығаның бұл көзқарасын Бұлбұл өте дәл сынап, өте әдемі жауап береді. Сен тамақ үшін сатылып, бір ұрттам үшін қан үшін бір құс өлтіресің, бүйтіп қор болып жүргенше өлгенің жақсы еді. Ал мен мұратыма жетпесем де өзіме — өзім ризамын, өйткені ісім дұрыс дегенді айтады.

1907 жылы Қазан баспасынан Мәшһүр-Жүсіптің үш кітабы шықты дедік. Бұл кітаптарының бәрінде де ақын патшаның манифест шығарғанына назар аударады, манифест арқылы жақсылық орнайды деп сенгендігін білдіреді. Бірақ оны жергілікті әкімдер халықтан жасырды деп, олардың бұрынғы ниеттерінен қайтпай отырғандарына назаланады.

Сондай-ақ, Мәшекеңнің ел арасынан жиған біраз фольклорын мұралары ақынның өзі тірі күнінде 1907 жылы Қазан баспасынан шығарған «Сарықарқаның кімдікі екендігі» атты кітабының қара сөзбен жазылған нұсқасында көптеп кездеседі. Бұл еңбек 1990 жылы Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы шығармаларының I-томына (құрастырушы С.Дәуітов) енгізілді, тек өлеңмен жазылғаны толық та, ал қара сөзбен жазылған көлемді бөлігі түсініктеме ретінде көп қысқартылып берілген (екі еседей). 1990 жылғы кітапта «Он сан ноғай білген соң, Орманбет би өлген соң, бұл Сарыарқаны қара қалмақ…» деген тіркес соңындағы көп нүктенің орнында «Қатысыбан» деген сөз түсіп қалып отыр (Қатысыбанқалмақтың ханы-Н,Ж.).

Ақынның бұл еңбегінде: өзінің әлеуметтік-философиялық ойлары, дүниеге деген көзқарасы,тарыхқа өзінше баға беруі,оның жақсы-жаман жақтарын көре білуі, кейінгі үрім-бұтаққа арнаған үлгі-өнеге, өсиеттері жинақталып берілген. Сол сияқты Олжабай батыр, Жасыбай батыр,Шоң би туралы тарих үшін құнды деректер де,жер-су аттарына байланысты аңыздар да, Орта жүзден қажыға алғашқа болып барған уақ Нүркен бай, т.б. хақында айтылған деректер, этнографиялық мәліметтер мен фольклор үлгілері де баршылық.

Сонымен қатар Мәшһүр-Жүсіп өз қолжазбасындағы кейбір өлең жырлардың В.В. Радловтан алынғанын ескертеді. Солтүстік өңір, Бұхар, Ташкентке барған сапарында Мәшһүр-Жүсіптің белгілі адамдарымен: Жәңгір төре, Саққұлақ шешен, Сыздық төре, Ақан сері, Көшек қожа мен Күдері қожа тұқымдары, Абылай хан тұқымдары, Мәделі қожа тағы басқалармен кездескені бізге ақын жазбаларынан мәлім. Бұл деректерге қарап отырып, Мәшһүр-Жүсіп жазбасында кездесетін Абылайға, Кенесары мен Наурызбайға қатысты аңыз-әңгімелерді т.б. Сыздық төре Кенесарыұлы мен Абылай хан тұқымдарынан алуы мүмкін десек, ал, шежіре, Бөгембай тағы басқа батырлар төңірегіндегі мәліметтерді Саққұлақ шешенмен, айтыс ақыны Күдері қожаға қатыстыны оның тұқым-жұрағатынан, Ақан сері мен Мәделі қожа өлеңдерін олардың өз ауыздарынан жазып алды деуге де болады. Әйтсе де, мұның біразы шындыққа жақынырақ болса, біразы сәйкес келмеуі де мүмкін. Мәселен, ақын жазып кеткен «Кенесары, Наурызбай өлімі туралы» әңгімесі соңында мынадай дерек бар: «Өлтіруге көзі қимай Тілеуғабыл Наурызбайды үш ай (тоқсан күн) сақтапты. Ақырында Тілеуғабыл өзі бір жаққа кеткенде, жанкүйері өлген қырғыздар қоқиланып келіп, өлтіріп тастады» дейді. «Наурызбайды өлтіргендер дәнемеге де ұшыраған жоқ»,−десіп мұны қырғыз жұртының өздерінің жиһан кезген, орыс қолына түсіп, жер аударылғандары айтысады. Болмаса, Кенесары, Наурызбай қырғызға түскенде туғаным жоқ», — делінген.

Ақынның «Жарылғап пен Абылай хан» әңгімесінде мынадай дерек кездеседі: « Бұрынғылар аңыз қылған: «Қазақта байлық, бектік, ұрлық−үшеуі бір тұқымға сыйған емес. Жалғыз-ақ осы үшеуі Жарылғапқа сыйған. Не үшін? Бұған дуа кеткен. Абылай хандай аруақты ерден дуа алған!− делінген сөз. Баймұрын мырзаның тұңғышы Шотақ байда көрдік. Мінезі−қойдай қоңыр, мырзалығы−жиексіз мыржа, әулие дерлік, табиғат иесі бір адам еді. Сол Шотақтың бәйбішесінен туған Исақ, Ермек-Мұса, Секербай заманындағы ұрының атақты дөкейі болды. Былтыр мен биыл атағы шығып жүрген Қышқашта сол Жарылғаптан шыққан ұры. Тірі болсаңдар, естисің. Қышқаштан дөкей Шатынауық шыққанын». Қазақстан мектебі, № 6, 1993, 79б.)

Бұл мәліметке сүйенсек, әңгіме негізінде тарихта болған оқиға желісі жатады да, оны жеткізуші не Жарылғап ұрпақтары, не сол маңайдағы Жарылғап нәсілін жақсы білетіндер деп тұжырымдауға болады. Мұндай шығарма ішінде кездесетін кейіпкерлер мен оқиға желілеріне түсініктеме беру басқа жинаушыларға ғарағанда Мәшһүр-Жүсіп әдістемесінің өзгешілігін таныта отырып, оның тарихи шындыққа жақын болуын негіздейді.

Мәселен, шағын ғана «Төйте тәуіп» әңгімесінің өзінде-ақ, сол жердің не себептен «әулиелі Ақкөл» атануын Мәшһүр-Жүсіп былай деп жазған: « Бұл қозғаннан шыққан−Төйте тәуіп. Қызылтауда Жосалы деген жерде қоныс қыстады. Таң намазын сол жерде оқып, бесін намазын Ақкөлдің жағасында оқып, бір түн түнеп жатып, ертеңгі бамдатты сол жерде оқып, өмір бойы әдет қылған дейді. Ақкөлдің «әулиелі Ақкөл» атанғаны сондықтан дейді. Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап, бәріне де бірдеме депті, бір қатын құр қалыпты. Ол қатын назаланып жылап: «Осынша қатын бәрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма көзіңіз жетті ме?»−деп, жылап қоя берген соң,− «Бар, бердім!»−депті. Сол бала Жарылғап: Ақтанберді баласы жанысбай болған екен дейді».

Ал, « Абылай ханның түсі» жазбасында: «Шымкент, Сайрам барып, оған Әбдірахман деген сартты ие қылды. Онан Жизақ үстіне барып, бір қоңыраттың байы қонақ қылып, сол түні оның бір келіні ұл туып, ол баланың атын Абылай қойған. Ол Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болған. Жер ауып жүрген бір Қайып деген ұрпағына сөйлестік»,− делінген дерек келтіріледі де, әңгіме әрі қарай жалғасын табады. Бұл үзінді соңында мәліметтер де осы әңгіменің жазылынып алу тарихы есебінде жүрері анық. Сол аталған Төйте тәуіп лепесімен туған баланың есімін, тегін, бәрін дәл көрсетуі МәшһүрЖүсіптің бұл деректі сол қаһармандар туып-өскен жердің адамдарынан естігенін аңғартады деп санаймыз.

Мәшһүр-Жүсіптің «Атасының аты біленбей өз аты шыққан ерлер» атты еңбегінде де белгілі бір әңгіменің жазылынып алыну тарихына қатысты дерек бірге берілген: «Қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досболдан, атаға жүйрік дегенмен шығыс жұртының біреуі ата сұрапты. Сонда өзінен Адам атаға шейін сырғытып айта беріпті. Адам атаға барғанда, «Адам атасы кім?−дегенде. −Адам атасы−Арслан,−депті. Естіп тұрған ғауымдар: −Жарықтықтың атаға жүйрігі-ай! Адам атаның атасының атын да біледі,−деген. «Мұндай атаға жүйрік жан тумас»−десіп, дүркірей-ақ жөнеліпті. Ол кісінің айтуы»… Көріп отырғанымыздай Мәшһүр-Жүсіп бұл әңгімені нақты кімнен жазып алғанын дәл көрсетіп отыр. Яғни әңгіменің жеткізушісі болып, қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досбол алынған. Бұны зерттеуші-ғалымның жинау әдістемесінің бір ерекшелігі деуге болады. Қайталап тұжырымдайыз: бұлай әңгіменің жазылып алыну тарихының берілуі Мәшһүр-Жүсіп жинаушылығының басты ерекшелігін, өзіндік жинау әдістемесінің басқалардан артықшылығын, өзгешілігін танытады.

Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының «Сүлеймен пайғамбар мен құмырсқа» атты әңгімесі және «Сүлеймен пайғамбар мен байғыз» өлеңі бар екені белгілі. Бұл шығармалар сюжетінің бастау көзін іздесек, «Құран кәримге» тірелеміз: «Сүлейменнің (Ғ.С.) жыннан, адамдардан, құстардан әскерлері жиналды… Ол бұлармен ақыр құмырсқаның ойпатына келген сәтте бір құмырсқа: «Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер! Сүлеймен, оның әскерлері білмей жаншып кетпесін», — деді. М.Б.Пиотровский еңбегінде осы фабула қайталанып, соңында Сүлейменнің мұны естіп, құс тілін білетіні үшін жаратушыға ризашылық білдіруі келтіріледі.

Мәшһүр – Жүсіпте құмырсқа сақтандырудың естіген соң, Сүлеймен оны шақыртып алады. Құмырсқа: «Менімен тілдесіп, жауаптассаңыз, құлағыңыздан қақ түбінен орын беріңіз. Әйтпесе, біріміз – көкте, біріміз – жерде, сөзіміз түгел бола ма?» — деп сұрайды. Құмырсқа – оны айтқаным: «Аналар басып кетеді де, сендер жаншылып қаласыңдар!» дегенім емес. «Алма алмадан реңк алады. Ат есекпен бір ақырда тұрса, мінездес болады. Желге ұшып жеңіл тартып жүргендерді тамаша қыламын деп, пікір, зікірден бос қалып, ғафыллардан болып құдай қасында тапталып, уатылып қаларсың!» дегенім еді. Құмырсқаның: «Сұрасам, құдайдың қзі неге бергенін айт: жұрттан бөлек не берді?! – деген сауалына Сүлеймен өзіне билеу үшін желді, билік үшін жүзікті бергенін айтады. Ал, құмырсқа желдің де, жүзіктік те мақтаныш бола алмайтынын өзінше дәлелдейді. Одан әрі Сүлейменнің: «Құдай жаратуда қайсымызды жақсы жаратты?» — деген сауалын құмырсқа орнықты жауап береді: «Бұл турадан хабарым бар. Хамидур шүкір жаратуында осы отырған сенен мені жаратты. Неге десең: өзге дүниене қарағанда, басың кіші, миың аз: Ақылыңның аздығы – сол! Менің өзге дүниеме қарағанда, қарның жуан: тойымдығың жоқ, қанағатың аз. Тойымы жоқ қанағатсызда қасиет бола ма?! – дейді. – Менің өзге дүниеме қарағанда, бөксе тарпым жуан: сол үшін өз қаралдымдан үлкен нәрселерді көтере беремін. Ақылымды көп қылып, тамақ үшін уайымды жоқ қылып, өзімнен зорды көтеретұғын күш беріп жаратты. Мұнан артық жаратылу бола ма?!- дейді». Әңгіме соңында құмырсқаның: «Жалғыз бидай жеті жыл жеуіме жарайды», деуіне шүбә келтіріп, Сүлейменнің оны жеті жыл бір бидаймен қамағаны құмырсқаның сол мерзімде жарты бидайды ғана жарытып, пайғамбардың қатесін бетіне басқаны баяндалады. Әңгіме былай тәмамдалады: «Хазірет Сүлеймен тоба қылып құмырсқадан қанша үгіт- насихат алып, өзінің білместігіне, оның білімділігіне қайыл болды. – Менен соңғы патша болғандар мұнан ғибрат алсын! Біреудің көзге көрінісі құмырсқадай болса да, тауып айтқан сөзіне құлақ салып тұра қалсын! – деп, кітапқа жаздырып, кейінгіге қисса қылып кетті». Бұл әңгіменің кеңейтілген нұсқасы «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы санында жарияланды. Құран кәримнің 27 – нәміл сүресінде Сүлеймен мен құмырсқа лебіздеусуінен кейін Сүлеймен мен Бөбісек деген құс әңгімесі берілген: (Сүлеймен Ғ.С.) Құстарды түгендейді де: «Бөбісекті неге көрмеймін, немесе ол жоғалып кетті ме?» — дейді… Сонда ол көп кешікпей-ақ келіп: «Сен білмеген нәрсені білдім. Сондай-ақ Сәба мемлекетінен анық хабар келтірдім», — деді. «Расында оларға патша болған бір қатын таптым. Оған әр түрлі нәрсе берілген әрі, оның үлкен тақты бар» ( Шахыл қызы Былқыс қатын патша бар еді. Б.М.К.Р.). «Оны да, елін де Алладан өзге күнге табынғанын көрді. Шайтан оларға істеген істерін әдемі көрсетіп, жолдан тосқан. Сондықтан тура жол таба алмайтын көрінеді».

Мәшһүр- Жүсіп пен Шығыс мәдениеті (оған ежелгі түркі мәдениеті де кіреді) үндестігі дегенде белгілі бір тақырыптағы, оның ішінде дәстүрлі баламаны пайдаланудағы, сабақтастық мәселесіне көңіл бөлгіміз келеді. Әлем әдебиетінде ертеден махаббат пен сұлулық үйлесуінің тұрақты нышаны, символдық белгісі ретінде бұдбұл мен гүлді жұптастыра алудың жиі қолданылып келгені белгілі.

Мәшһүр жас шағында Шығыстың араб, парсы, түрік тіліндегі әдебиетінің шәкірті болды. Өйткені, Мәшһүр Жүсіп ортағасырлық мұсылмандық шығыстың көрнекі ақындарының туындыларын, араб, парсы, түркі әдебиетінің діни тақырыптарындағы қисса-дастандарын жаттап, елге таратып, насихаттап таратушы ретінде халық арасында аты шыққан еді. Шағастың әлемге әйгілі «Мың бір түн», «Шахнама» кітаптарын, шариат негіздерін, ислам философиясының негізгі бастауы Құран-Кәрімді жетік білген. Шығыстың ұлы ойшыл ақындары Фердоуси, Сағди, Жәми, Руми, Қожа Хафиз, Науаи еңбектерін түпнұсқадан оқып, жатқа білген.

Шығыс сюжетіне құрылған «Гүлшат-Шеризат», «Көреұғлы» және діни тақырыпта ислам ілімі мен Құран-Кәрім хикаяларымен үндес «Жер мен Көк», «Миғрат», «Пайғамбардың дүниеден өтуі», «Ғани Арыстанның әңгімесі» және тағы басқа шығармаларын жазған.

Қазақтың белгілі ақыны Мәшһүр Жүсіптің шығармаларының 20 томдығын шығару 2001-2016 жылдарға жоспарланған болатын. Бұл- үлкен істің бастаушысы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Е. Арын. Осы орайда сол 20 томдықтың редакторлар алқасымен таныстуруды орынды деп білеміз. Олар: Е. Арын, С. Қирабаев, А. Құсайынов, Қ. Мәшһүр-Жүсіп (жауапты редактор), С. Қасқабасов, Р. Нұрғалиев, С. Бегимов, М. Әбусейітова, С. Дәуітов, Д. Қамзабекұлы, Н. Жүсіпов, Е. Жүсіпов. Бұл ғалымдар жайдан-жай топтастырылған жоқ. Олар бұрын да, қазір де Мәшһүр-Жүсіп шығармаларын жариялауға ат салысып, ақын томдарын әзірлеу жиындарына қатысып, пікір білдіріп келген білікті мамандар. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларын басты рудың неге кешеңдеп қолға алынғаны да белгілі. Алдымен ақынның 1907 жылы Қазан қаласында басылған 3 кітабі: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптары 1912-1913 жылдары Ресей патшасы цензурасы назарына іліккені, сол кезде ақын шығармаларын жариялауға тыйым салынып, өзі қуғынға ұшырағаны мәлім. Патша заманында теперіш көрген ақын Кеңес билігі кезінде де қысымнан босаған жоқ. Рас, 1940-1950 жылдар аралығында ақын шығармалары мектепте оқытыла бастады. Әйтсе де елуінші жылдар басындағы «Ұлтшылдықпен күрес» науқаны Мәшһүр-Жүсіпке де салқынын тигізді. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының мектеп оқулығынан шығуымен бірге, оның өзі көзі тірісінде салдыртқан кесене де үкімет нұсқауы бойынша, адамдар қолымен талқандалды. Әйтсе де И. Сталиннің жеке басына табынудың КПСС XX съезінде 1956 жылы сыналуы, көп ұзамай С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлиннің және басқа да азаматтардың ақталуы ақын шығармаларының алдымен жоғары оқу орны хрестоматиясында (1959ж.), кейін газет-журнал беттерінде жариялана бастауына жол ашты. Осы орайда ақын таңдамалысының 1,2 томдары 1990,1992 жылдары Алматыдағы «Ғылым» баспасынан жарыққа шықты.

Мәшһүр-Жүсіп еңбектерін топтап , қарастырғанда, үш салаға бөлуге болады. Бірінші, ақынның өз өлеңдері мен поэмалары. Екінші, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинауы. Үшінші, ғылымның әр салаларына қатысты жазып қалдырған түрлі зерттеу еңбектері. Мәшһүр–Жүсіп туындылары аз да болса, орыс тіліне де аударылды. Ақынның бір өлеңі Мәскеуден 1940 жылы шыққан «Дала әндері» («Песня степей») антологиясына енсе, екінші бір өлеңі («Шайтанның саудасы») Ленинградтан 1978 жылы шыққан «Қазақстан ақындары» жинағына (құрастырушы. М. Мағауин) енді. М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты коллективі құрастыруымен 1965 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихы» еңбегінің 2-том, 2-кітабында да Мәшһүр-Жүсіп туындылары біршама қарастырылған. Қазақ ССР Ғылым академиясындағы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қызметкерлері әдебиет тарихына қатысты кітаптарында көп материалдарды Мәшһүр-Жүсіптен алғанын жап-жақсы көрсетіп келеді. Мәселен, 1982 жылы шыққан «ХV – XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» кітабында Марғасқа жырау, бұқар Қалқаманұлы, Көтеш Райымбекұлы туындыларының көбі Мәшһүр-Жүсіптің қолжазба қорынан алынғаны айтылады. Мәшһүр-Жүсіп есімі, еңбектері мәні Мәскеуден 1966 жылы шыққан «Қысқа әдеби энциклопедиясының» үшінші томында да, Алматыдан 1975 жылы шыққан «Қазақ совет энциклопедиясының» жетінші томында да берілген. Кейінгі жылдары шыққан бес томдық Қазақ ССР тарихында да Мәшһүр-Жүсіп қайшылықтары ескеріле отырып, сонымен қатар оның еңбектерінің елеулі мәні атап көрсетіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *