М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының қазақ әдебиетіндегі орны

М.Әуезов 1929-1939 жылдары қуғын-сүргіннің тауқыметін тарта жүріп, өз өмірінің басты кітабы — «Абай жолы» эпопеясына аса ыждаһаттылықпен дайындалды. Осы уақыт аралығында Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын шығарды, ақын туралы деректерді жинастырды, оның өмірбаяндық, шығармашылык жолын ғылыми тұрғыдан бір ізге мұқият түсірді. Әлем әдебиетінің түрлі жанрдағы үздік шығармаларын аударып, тәжірибе жинақтады, сонымен қатар ғылыми жұмыспен де ұдайы шұғылданды. Болашақ эпопеяның алғашқы тарауы «Татьянаның қырдағы әні» деген атпен жарияланды. Осыдан бастап М.Әуезовтің қалған өмірі тек Абай бейнесін көркем бейнелеуге арналды десе де болғандай. Бұл оның табиғи талантының барынша ашылып, дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне жол салды.

Ол табиғаттың, тағдырдың, ақылзейіннің, түйсіктің, өмірлік және көркемдік тәжірибенің барлық құдірет-күшін «Абай жолына» сарқа пайдаланды десе де болғандай. Кеңестік қоғамның сан алуан қиянатын көріп жатқан халқына рухани күш-қуат беруге ұмтылды. Бұл эпопея арқылы халықтың тарихи зердесін қалпына келтіріп, көшпелі жұрттың ғажайып тіршілігін халық жадында қайта жаңғыртты.

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетінің ғана емес әлем әдебиетінің де аса көрнекті, танымал шығармасы. Әйгілі романның идеялықкөркемдік биік жетістігін дүние жүзінің әдебиет, өнер қайраткерлері үнемі аса жоғары бағалап отырды. Солардың бірі орыс жазушысы К.Федин «Ұлт туралы толық, тұтас түсінікті жазушының өнері береді. М.Әуезов өзінің «Абайымен» менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті самал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ боп кеткен тәріздімін»,- деп жазды.

«Абай жолы» сияқты ғажайып көркем шығарма бір ұлтты әлемге танытудың кепілдігіне жіберілген рухани елші міндетін атқарды деп бағалауға әбден болады. Француздың кемел ойлы кемеңгері, талантты жазушысы Луи Арагон: «Мен оның шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл шығарма кеңес әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын»,- деп бағалады. Бұл берілген баға барлық шетел жазушыларының ортақ пікірі еді. Бұл пікірлердің ортақ түйіні аталған роман қазақ әдебиетінің зор жетістігі болғанын дәлелдейді. Сондай-ақ, М.Әуезов те ұлы ақын Абай өмірі мен шығармашылығын кең де кемел зерттеген, роман жазарда мол дайындық жасағанын жоғарыда айттық.

«Абай» романының алғашқы үзінділерінің жариялануы. М.Әуезовтің Абай мұраларын сәби күнінен жаттап, сауат ашып ер жетуі, ақын мұралары туралы шындықты біліп өсуі болашақ романға негіз салды. Жазушы ұлы ақынның көп өлендерінің қандай себептен туып, кімдерге арналғанымен бала күнінен, шәкірт кезеңінен таныс еді.

Романның бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарық көрді. «Абай» атты бұл екі кітап қазақ әдебиетінің зор табысы болды. Жазушы К.Фадеев 1949 ж. Парижде сөйлеген сөзінде: «Қазақ әдебиеті «Абай» секілді романдары арқылы жер жүзілік мәні бар әдебиетке айналды»,- деп ерекше атап көрсетті. Кемеңгер жазушы Әуезовке 1949 жылы осы жарық көрген екі кітап үшін бірінші дәрежелі мемлекеттік сыйлық берілді (ол кезде Сталиндік сыйлық). Үшінші кітап «Ақын аға», «Абай жолы» деген атпен 1950, 1952ж. басылды. Төртінші кітап «Абай жолы» 1956 жылы жарияланды. Төрт кітаптан тұратын эпопеяға 1959 жылы кеңестік қоғамның ең жоғарғы сыйлығы Лениндік сыйлықтың лауреаты атағы берілді.

«Абай жолы» кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің тұңғыш роман-эпопеясы. М.Әуезов Абай өмір сүрген қоғамның тартыстары мен күрестерін, ізгілік пен зұлымдық шайқастарын, көркем тұлғалардың өткенін, бүгінгісін қамтып, екшелген, жинақталған шындықты айту міндетін алдына қойды, сөйтіп шешімін тапты. Ұлы ақынның жеке бастық іс-әрекеттері дәуірдің көкейкесті мәселелерімен орайластыра баяндалды.

Эпопеяның желілерін тұтастырып тұрған негізгі арна — Абайдың және оған тілектес топтың озбырлыққа қарсы күресі. Абай бастаған жаңашыл буынның халық бақыты үшін батыл айқасқа шығатын кезі өте көп. Эпопеядағы әрбір тараудың әңгімесін жалғастырып тұрған негізгі арқау бар. Ол — ақын, азамат халық мүддесі үшін жаны ауыратын Абайдың өмірі, оның творчестволық, әлеуметтік қызметі. Романның құрылысы Абайдың ұзақ та қажырлы ақындық, қайраткерлік қызметін танытуға бағындырылған.Ғасырлар бойында қалыптасып қалған ескілік ғұрыптарын қаз-қалпында сақтағысы келгендерге қарсы жаңадан туындап келе жатқан прогрессшіл күштердің күресін көрсету, халық бойындағы буырқанған күштің тарихи орнын көрсету — эпопеяның негізгі идеялық бағыты.

«Абай жолы» эпопеясының алғашқы басылымдары, толықтырылып, түзетілу жолдары. Эпопеяның тағдыры алғаш рет 1943 жылы талқыға түсті. Басты қарауылға ең алдымен сол кезеңдегі ұғым бойынша үстем тап өкілі болып саналатын Құнанбай образы ілікті. Шабуылға шығушылар романда «трагедия, драма жоқ»; «таптық тартыс жоқ», «шығарма ешқандай үлгіге сай келмейді», «феодалдық роман», «кедей кейіпкер жоқ», «рушылдықты қоздырады», «Құнанбай — солардың көсемі» деп баға берді. Әділдік айтып, шындыққа иландырған төрелікті алғашқылардың бірі болып жазушы Ғ.Мүсірепов айтты. Ол: «байларды қойдай қу қамшымен» сарынына еріп, біз арғы кезде бардың бәрін теріске сайып, безіп келдік. Халық шығармаларын жауып тастап, Абайдың өзін «көп қатын алған феодал, аға сұлтан, Құнанбайдың баласы» деп маңымызға жақындатпадық. Ал, Мұхтардың «Абай» романы — әрі бүгінгі тілектен туған, әлі күнге дейінгі бұл жөніндегі қатемізді түзеп берген бірінші еңбек», — деп кесіп айтты.

Бұл айтыс 10 жылға, эпопеяның жазылу мерзімі 20 жылға созылды. 1953 жылы тамыздың 11 күні жазушылардың «Абай» романын талқылау туралы ең соңғы мәжілісі өтті. Баяндаманы Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов жасады. Бұл ең соңғы талқы болды. Әр қилы бағыт болса да әдебиет қорындағы елеулі шығарма деп бағаланды. Бұл жазушы үшін де, қазақ ұлтының рухани мәдениеті үшін де үлкен жеңіс болды.

«Абай жолы» эпопеясы арқылы М.Әуезов алдына ұлы мақсат қойған еді. Қазақ ұлтының тұрмыстық және рухани тарихының өмірі. Абай заманымен тұйықталып, енді көшпелі әлемнің көріністері жаңа сипатқа ие бола бастап еді. Өмір сүрудің өзіндік философиясын тапқан көшпелі қауым әлемдік өркениеттің құшағына кіріп, сіңіп бара жатты. Сол көшпелі әлемнің өзімен бірге жоғалатын құбылыстарының жұмбағын барынша қайшылығымен, қасіретімен Абай бейнесі арқылы адамзатқа ашып берді. Өйткені Абай замана ылауында жетіліп, XX ғасырға маңдайын тірегенге дейінгі көшпелілердің ақыл-ойының, рухани азапрахатының, салт-сана, дәстүр түзілісінің жиынтығы, көшпелілер мәдениетінің адамзат алдындағы берген есебі іспетті дана тұлға болатын. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» деп заманына өксуінің, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп өз үнін қосуының, «мен ішпеген у бар ма?»,- деп күйінуінің, «өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң, енді өзырқың»,-деп отаршылдыққа ұшыраған өз елінің тағдырына шарасыздықпен үміт үзе қарауының себебін Абайдың тағдыры мен танымы арқылы терең жеткізеді.

Шыңғыс Айтматовтың: «Мен мұны қазақ халқының жалпы адамзаттық көркем ой парасатының маржанына қосқан тікелей үлесі деп бағалаймын. «Абай» эпоепеясы – бұл біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз, ол біздің ортақ мандатымыз… қымбат қазынамыздың көркемдік және адамгершілік байлығымыздың, өзіміздің көшпелі мәдениетімізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сөзімізді игеру жолындағы қол жеткен игіліктері үшін берген ортақ есебіміз…Дүниеде қазақ тілі мен қазақ елі барда – М.Әуезов есімі де дәлел болады», — деп баға беруі көп жайтты аңғартады.

«Абай» және «Абай жолы» романдарын жасау» — дейді автор, «менің бүкіл творчестволық өмірімдегі сүйікті ісім десем болады». Бұл жазушының көп салалы бай творчествосының байтақ арнасы, шырқау биігі. Қазақтың ұлы ғалымы, тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев әйгілі роман-эпопеяны жарты ғасырлық «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп бағалады. Бұл бағада үлкен пікір түйіні бар. Мұнда, біріншіден, романда мезгіл жөнінен Абай өміріне байланыстыжарты ғасыр қамтылатыны ескерілсе, екіншіден, Абай өмірімен қатар, жарты ғасыр бойындағы тұтас қазақ өмірінің суреті жасалғандығы түйілген. Ұлы реалистік шығарманың әрі дүние танытқыш, әрі эстетикалық қасиеті оны халық өмірінің энциклопедиясы деп тануға толық право береді. Бір кездері «Евгений Онегин» романын В.Белинский орыс өмірінің энциклопедиясы десе, Лев Толстой творчествосын В.И.Ленин «Орыс революциясының айнасы» деп бағалағаны тарихтан мәлім.

Суреткер М.Әуезов 60 жылға жуық өмір сүрген Абайды бала шағынан бастап өлеөлгенше бастан кешкен қилы-қилы жағдайда, ортада, қақтығыста алып көрсетіп, оның адамгершілік характерінің, әлеуметтік көзқарасының, ақындық талантының қалай дамып, қалай қалыптасқанын нанымды, жанды образбен дәлелдеген.Эпопеяның әр кітабында Абай өмірінің әр кезеңі бейнеленген. Кітаптан кітапқа өсіп отыратын Абайдың тұлғасы мен характері оның жасына, тәрбиесіне, арманына лайық өзіндік ерекшеліктерімен бейнеленген.

Эпопеядпағы образдар жүйесі. Шығармадағы әйелдер бейнесі. Эпопеядағы орталық тұлға типтік характер – Абай. Ол бүкіл бір халықтың рухани адамшылық келбетін елестете алатын бейне. Абай сөзі мен ісі соншалық нақты, әрбір әрекетіне нандыратын тұлға, заман мен халық қамын терең толғайтын үлкен ойшыл, ұлы ақын сипатында көрінеді. Абайдың көркем бейнесін жасауға ақынның өз өлендерінің көп көмегі тигенін жазушы ризашылықпен еске алады. Суреткер Әуезов ұлы ақынның реалистік шығармаларын туғызған жағдай мен себептер табиғатына терең бойлау арқылы оның өмір жолына терең қанығады. Абай халық қиялында қаншалық биік сатыда тұрса, роман оның көркем бейнесін соншалық жоғары деңгейде көрсетеді, бұл жазушының үлкен жетістігі. «Абай жолы» эпопеясын жазу тәжірибесін баяндаған мақаласында жазушы ескіліктің қырағы қорғаушысы Құнанбайды, жаңалық пен жақсылықтың, әділдік пен адамшылықтың күрескері Абайды орталық қаһармандар дейді. Дәуірлеп тұрған сол каһарлы Құнанбайлар мен Абай және оның серіктерінің арасындағы тартыс әке мен баланың арасындағы жай бір түсініспестік емес, кең мағынасындағы заманалық шайқас, ескі мен жаңаның күресі болып өз шешімін тапқан.

«Абай жолы» романында суреттелген тарихи шындық XIX ғасырдың ақырғы шеніндегі 20-30 жыл уақытты қамтиды. Бұл қазақ тарихындағы өте бір маңызды дәуір. Сонымен бірге ол Абайдың ақындық творчествосының толысқан, туған халқына қамқорлық еткен және қайраткерлік қызметімен өз отанының болашақ тағдыры үшін көп толғанған ойшылдық қызметінің де әбден өріс алып, кемеліне келген кезі. М.Әуезов Абай образын шындыққа лайық тарихи процеспен, халық өмірімен тығыз байланыста алып суреттейді. Тарихи жағдайды байыптасақ, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында өзгеріс, жаңалық аз болған жоқ. М.Әуезов осы өзгерістерді айқын көрсетіп, отаршылдық саясаттың ауыр зардабын, асқындағанқайшылықтарды, әлеуметтік теңсіздікті, ел ішіндегі шым-шытырық күресті баса суреттейді.

М.Әуезов бейнелеген оқиғалар мен құбылыстар тарихи процестің даму тенденциясын дәл тауып, халық өмірінің негізгі салаларын қамтиды. «Абай» романында бірыңғай дала көрінісі, ауыл көрінісі, ру тартысы, қаймағы бұзылмаған тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, қысқасы сол кезеңдегі феодалдық, патриархалдық қоғам суреттеріне көбірек назар аударылса, келесі «Абай жолы» романдарында қала, базар, закон, завод көріністері, ондағы патша өкіметінің чиновниктері, қала байлары, саудагерлері, қолөнершілері, діни адамдар, жұмысшылар, интеллигенция өкілдеріне көбірек назар аударылады. Алғашқы кітаптарда ру тартысы басым болса, кейінгі кітаптарда әлеуметтік теңсіздік негізделген күрестер көбірек байқалады, алғашында Абай әкесі Құнанбаймен қарсыласса, кейінгілерде оның ізбасарларымен (Тәкежан, Жиренше, Оразбай), патшашылдармен қарсыласады. Алдыңғы кітаптарда Абай, Дәркембай, Базаралы жатақтармен Михаэлс тәрізді бірен-саран жер ауған халықшыл-демократтармен ғана пікірлес болса, соңғы кітаптарда Павлов сықылды революционерлермен, Сейіттей жұмысшылармен, Әбіш, Дәрмен сықылды жаңашыл жастармен пікірлес болады.

«Абай жолы» — халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осындай тамаша бірлікті тарихи шындыққа сай және көркемдік шеберлікпен көрсету М.Әуезовтің ұлы творчестволық жеңісі боп табылады. Романның екінші кітабында Абайдың ақындық талантының толысуы, орыс әдебиетінің қазынасынан нәр алуы, шығармаларында қоғам өміріндегі көкейкесті мәселелерді көрсетуі, жаңа сапалы жазба әдебиеттің игі дәстүрін салу кең баяндалған. Мұны жазушының өзі де атап көрсеткен болатын. «Менің алдымда тұрған міндет – дейді М.Әуезов – қаһарманның (Абайдың) тек қоғам өмірімен тікелей байланысты іс-әрекетін, көңілкүйін зерттеп көрсету ғана емес, сонымен бірге оның творчестволық психологиясын, шығармаларында жүзеге асқан ақынның мақсат, ниеттерінің реалды тарихи түп-тамырын ашып көрсету болды» және автор осы мақсаттарына да толық жетті деп баға беруге болады.

«Абай жолының» үшінші, төртінші кітаптарында бас кейіпкердің сөз өнері де, ойшылдығы да, азаматтықкүрескерлігі де кемелденген кезінің оқиғалары суреттеледі. Бұл романдарды Абайдың демократиялық көзқарасының қалыптасуы, халық мүддесі жолында бел шешіп тартыс алаңына шыққан сәттері, халыққа жасаған қамқорлығы, соңына ерген өнерлі қауымға жасаған ұстаздығы, биік өнегесі тартымды баяндалады. Абайдың Қарамола сьезіндегі сөздері мен әркеттері – Қарашығынға қарсы шығуы, жатақ егіншілерінің еңбек ақысын байлардан өндіріп беруі, айдаудан келген Базаралыға қамқорлық көрсетуі, Оспанның мал-мүлкін бөліске салу тұсындағы туралықтары, Семей қаласына аса қауіпті оба ауруы тараған кезде елді аман сақтап қалуға қажыр-қайрат жұмсауы, т.б. кесек-кесек оқиғалар қаһарман тұлғасына жан-жақты реңк бере түседі, дәлірек айтқанда биікке-биікке көтере түседі.

Абайдың қоғамдық ой-санасын, халықтың көзқарастарын, демократиялық орыс мәдениетінен алған тағылымын, азаматтық қайраткерлік тұлғасын бейнелеуде эпопеяның төртінші кітабының мәні ерекше зор деп айтсақ қателесе қоймаймыз. Мұнда да барлық оқиға барысына Абай әртүрлі жайтта араласады. Ата ұлы болмай, халық ұлы болуға ақынның Әбдірахман, Мағауия сынды балалары, Дәрмен сықылды жас достары да бейімделіп, жаңашыл күштер құрамы ұлғая түседі. Семейдегі оба ауруының зардабы тұсында Абай шала молдалардың іс-әрекетін әшкерелеуі нанымды бейнелейді.

Төртінші кітаптағы ең шырқау, шоқтықты оқиға – Тобықты мен Бөжей елінің жер дауы. Бұл шығарманың орталық қаһарманы Абайдың азаматтық, ойшылдық, халықшылдық қайраткерлігін сынға салатын оқиға. Кектескен туыстарынан басына қатер келетінін білсе де, ол әділ төреліктен жалтармайды, атаның баласы емес, адамзаттың баласы екенін дәлелдейді.

«Абай жолы» эпопеясының мәні мен құны Абайдай тарихи адамның өмірін, ой-пікірін дұрыс бейнелеумен шектелмейді. Оның келесі бір ерекшелігі – ол Абайдың ақындығына байланысты ерекшелік. Мұны ұлы Әуезовтің өзі былай ескертеді: «Ақын туралы жазғандықтан – менің еңбегімнің «Петр бірінші», «Емельян Пугачев» немесе «Степан Разин» (А.Толстой, С.Злобин) типтес романдардан айырмасы бар. Менің алдымда тұрған міндет қаһарманның тек қоғам өмірімен тікелей байланысты іс-әрекетін, көңіл-күйін зерттеп көрсету ғана емес, сонымен бірге оныңтворчествосының психологиясын, шығармаларында жүзеге асқан ақындық мақсатты ашып көрсету болды»,- дейді.

Романның басынан аяғына дейін ең алдымен терең ақындық сыр шертіледі, ақындық үн, әуен естіледі, ақындық тыныс, ырғақ естіледі. М.Әуезовтің құдіретті күші ақындық талантының мықтылығы – ол Абайдың ақындық табиғатын жете түсініп, оның ақындық жанының диалектикасын ең нәзік құбылыстарына дейін тауып суреттейді. Абайдың атақты лирикалық және сатиралық өлендерінің қандай жағдайда, қалай туғанын романның сюжеттік желісінде орын тапқан оңды суреттер мен образдардан көреміз. Атап айтқанда, «Жалт етпес қара көңілім не қылса да», «Жазды күн шілде болғанда», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Мәз болады болысың», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Өлсем орным кара жер сыз болмай ма?» т.б. өлендерінің бәрі Әуезов романындағы қызықты оқиғалар мен эпизодтардың сырын түйіп, көптеген психологиялық сарындарға, көркем картиналарға, романның терең лиризміне арқау болды.

Эпопеядағы Абай бейнесінің жан-жақтылығы. Роман эпопеядағы Абай бейнесінің даралық сипаты. Эпопеяда үстем тап өкілдерінің бірнеше буынының іс-әркеттері қамтыла баяндалады. Тәкежан, Майбасар, Әзімбайлар маңайындағы кедей елге жасаған сан зорлықтары суреттеледі. Бейбіт елдің шырқын бұзып, берекесін кетіретін, халық мүңшысы Абайдың өмірін улайтын, тілінен зәр төктіретін, сарсаңға салатын – осы секілді кереғар құбылыстар. Қарсыластары Абайдың әділет жақтаушысы болғанына, момынның ақысын алып бергеніне, зұлымдықты әшкерелегеніне қарсы шығады, кектеседі. Абай өлеңінде сыналатын қоғам бойындағы сырқаттар романда айқын сипатталады.Абайдың болыс, билерді, елді алатайдай бүлдіретін атқамінер пысықтарды өшпестей етіп таңбалаған өлеңдер жазуы, жер мен жесір дауында шындыққа жүгінуі, ақынға деген өштікті өршітті, басына қауіп-қатер төндірді.

Эпопеяның өн бойында Абайдың шындық, әділдік үшін арпалысы желі болып тартылады. Ақынның таланты кемелденіп, шығармалары халыққа кеңінен таралған сайын, замана дерттерін таңбалаған сайын ақынның дұшпандары да көбейеді. Жақыннан да, алыстан да бой көрсеткен жауларының бірі – Оразбай. Өзінің қатал өктемдігі, кекшілдігі жағынан ол Құнанбайдан кем түспейді. Бір кезде Құнанбай Қодарды өлімге бұйырса, енді Оразбай Абай сөзін айтып, таратқаны үшін кедей жігіт Сейітті тірідей көмдіруден шімірікпейді. Жазушының ол туралы: «Оразбай болса, ол әлдеқалай аңдамай басқан, байқамай адасқан кісі емес. Ол өзінің жаманшылығын анық, берік жолы ғып ұстаған кісі. Оның аты Оразбай емес» дейді, жауыздықтың ұзақ, қатал айқасы осындай жат әрекеттерге дейін баруы таңқаларлық жайт емес.

«Абай жолында» еңбекші халық өкілдерінің көптеген жарқын бейнелері бар. Бұлардың ісәрекетін, үміт-арманын, қоғамдағы орнын көрсету – романдағы жетекші сарындардың бірі. Қарапайым халықтың қайнаған ортасын таныстыру, мұңымен сырын сездіру, жүрек түкпіріндегі тілек-талабын айту – эпопеяның жарқын сипаты. Халық өкілдері Дәркембай мен Базаралы тұлғалары толыққанды бейнелер. Мұның бәрі Абайдың халықпен пікірлес болуынан айқын көрінеді.

Дәркембай — намысын жібермейтін өткір тілді, өжет адам. Ол қандай тауқымет болса да қайсарлықпен көтереді және өзге кедейлерге ұйытқы, ақылшы бола біледі. Ақылы дана, көңілі сара қарт: «Күйі бірдің – күні бір. Туысым, аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар»,- дейді.

Жалпы XIX ғасырдың соңғы елу жылындағы қазақ өмірінің көркем шежіресі болып табылатын ұлан-ғайыр эпопеяда барлық қыр-сырымен халық бейнесі жасалды десек, сол халық өкілдері ішіндегі бедерлі бейнелер Дәркембай мен Базаралы, Балағаз бен Абылғазыдан, Дәрмен мен Сейітке дейінгі ондаған кейіпкерлер – олардың әлеуметтік ортасы, қоғамдық қоршауы. Осылар арқылы автор романдағы жүздеген типтер мен характерлер ішінен уақыт озған сайын сынынан өтіп өсетіндерін де, келешегі жоқ өшетіндерін де өмірдің өзіне іріктетіп, сұрыптатады.

Қазақтың сөз өнеріндегі «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айырықша әсем образдар галлереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты. Роман-эпопеяда ірілі-ұсақты, үлкенді-кішілі 100-ге жуық әйелдер бейнесі бар. Романдағы әр бейненің тастан қашалғандай бедер табатыны сондай, әрқайсысы-ақ жиынтық бейне болып, есіңде қалады. Кітаптағы бар ожданы тап-таза, иманнан құйылғандай мейірім-шафһатқа толы Зере – асыл әжелердің үлгісі, салқын қанды, сарабдал, сабырлы ақыл иесі Ұлжан – ардақты аналардың үлгісі, бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін «Ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан – қол жетпес арман секілді махаббаттың үлгісі, әні, сәні жарасқан аяулы Әйгерім – сұлу жар үлгісі.

Шығармада алуан түрлі әйелдер тұлғасын көрсетуді тереңдете түскен Зере де, Ұлжан да тек отбасы көлемінің қамымен шектелген жандар емес, олар ағайын тыныштығын, келер ұрпақтың адамшылық жолмен жүруін қалайды, өз балаларындағы ақыл, парасат, мейірімді осы мақсатқа жұмсайды.

Абайдың алғашқы махаббаты Тоғжанға тағдыр қоспаған өкініш романда мұңды саздай естіледі. Абай сүйгеніне қосыла алмау өксігін ұзақ уақыт ұмыта алмайды, жан жарасы Әйгерімді тапқаннан кейін ғана жазылады. Тоғжанның да, Әйгерімнің де түлғалары әсерлі, шыншыл өрнектелген.

Романда Салтанат, Керімбала, Салиқа секілді қыздардың бейнелері де келісті шыққан. Бұлардың өмір жолдары түрліше баяндалғанымен, бәріне ортақ ұқсастық бар. Ол – ескі заманның қатал, әділетсіз салты, әйел теңсіздігі. Абайдың жан-тәнімен сүйген ғашығы да сол әдеттің құрбаны болды. Қоғамдық сананың өсуіне байланысты әйел еріктілігі мәселесінің барған сайын күн тәртібіне қойылуы Салиқа қыздың дауын шешу кезінде ерекше сезіледі. Бұл оқиға ақын Абайдың «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңді жазуына түрткі болады.

Өзінің осы тамаша эпопеясы арқылы М.Әуезов ұлы ақынымыз Абайға арнап жоқтық та таңбасын түсіре алмайтын, уақыт та уытын дарыта алмайтын ғажайып көркем ескерткіш жасады. Ақынның қазақ топырағында орнаған бұл ескерткіші оның нұрлы бейнесін бүкіл әлемге паш етті. Сүйікті жазушысы М.О.Әуезовке туған халқы сол үшін дән риза, мәңгілік қарыздар және ғұмыр бойы ұмытпай құрмет тұтады.

Авторлық сілтеме:
Көпбаева М.Р. К41 «Мұхтартану» арнаулы курсының мәселелері»: оқу құралы. — Тараз: «Тараз университеті», 2014. — 110 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *