Корей халқының ұлы ақыны Хан Ён Унның өмірі мен шығармашылығы

Хан Ён Ун 1879 жылы тамыздың 29 күні Чуннам провинциясы Хонсон ауылында дүниеге келген. Жастайынан қытай жазуы ханмунды, қытай классикалық әдебиеті мен қытай философиясын тереңдетіп оқытатын «Соданг» мектебінде білім алған. Жастайынан өте зерек, өжет, білімпаз болып өседі. Өзінің шығармашылық өмірін қырық жасында бастаған. Жапонияда «Комавая» колледжінде буддизм, батыс философиясын, математика пәндерін оқыған. Ол Жапония, Маньчжурия, Сібірге де саяхат жасаған. Жиырма алты жасында монах атанып, оған «Манхэ» есімі берілген. Оңтүстік Кореяда Манхэ идеясын зерттеумен айналысатын ұйым бар. Ол Кореяда буддизмнің дамуына зор үлесін қосқан. Әкесі Хан Ын Чжун Хан Ён Унға әрдайым ел үшін жанын аямай соғысқан, өз өмірін елі үшін сарп еткен елдің жадында қалған батырлардың ерліктері жайлы әңгімелеп айтып беріп отыратын. Сол уақытта Хан Ён Ун іштей «мен де сол батырлар сияқты болсам ғой»- деп қиялдайтын көрінеді. Хан Ён Ун 18 жасында қытай тілін, әдебиетін, философиясын оқытатын «Соданг» мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. 1897 жылы «Тонхак» атты шаруалар көтерілісіне қатысқан. Шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан соң Хан Ён Ун өзінің кіндік тамған жеріне оралуды жөн көреді. Елге қайтып бара жатқан жолда «өмір деген не?» деген сұраққа жауап іздеумен болады. Жауапты діни тақырыптағы кітаптардан тапқандай болады. Ол дін жолына бет бұрады. Сораксан тауларының беткейінде орналасқан «Пэктамса» храмына барып діни қызметкер болып орналасады. 1903 жылы Хан Ён Ун Ресейдің Владивосток жеріне саяхатқа шығады. Алайда саяхаты сәтсіз аяқталады. Владивостокқа барар жолда антижапондық ұйымның мүшесі деген айыппен жапондықтарға ұсталынып ресейлік милиционердің жіті тексеріс жүргізуіне байланысты антижапондық ұйымға еш қатысы жоқ екені дәлелденіп өлім аузынан аман қалады. Еліне оралып 1904 жылы ежелгі дәстүрдің салты бойынша 14 жастағы Чонан Чонмен тұрмыс құрады. Чонан Чоннан Пэгук есімді ұл сүйеді. 1905 жылы Хан Ён Ун баласын, әйелін тастап, дін жолына біржолата бет бұрады. Сораксан тауының беткейіндегі «Пэктамса» храмына қайта оралып буддизм діні жайлы уағыздалатын дәрістерді тыңдап одан өзіне тағылым алып діни кітаптарды оқып зерттеумен айналысады.[69,26-27] Буддизм мен батыс философиясын тереңдетіп оқу мақсатымен Жапониядағы Комавайа университетіне оқуға түседі. 1912 жылы «Чосон пульгё юшимнон» деп аталатын буддизм діні жайлы жазылған көлемді кітап басып шығарады. 1918 жылы Хан Ён Ун халықты ағарту мақсатымен «Юшим» атты діни сипаттағы журналды жарыққа шығарады. 1919 жылы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқаны үшін «ұлт жауы» деген айып тағылып жапондықтарға ұсталынып абақтыға отырады. Жапондықтар Хан Ён Унды тергеуге алып ұлт-азаттық көтеріліске шыққанының мәнін сұрағанда, ақын былай деп жауап берген көрінеді. «Бостандық дегеніміз- бүкіл тіршілік атаулысына берілген өмір. Бейбітшілік бұл фәнидің сыйы. Сондықтан бостандықта өмір сүрмейтін адам өлікпен тең, бейбітшіліксіз өмір сүретін адам ең бақытсыз адам»-деп айтқан екен. Осылай деп жауап қатқан ұлт қаһарманы Хан Ён Унның ұлт жоқтаушысы, ұлт жанашыры болғанын осы бір сөзі айғақтай түсері анық. Ол тәуелсіздікті көксеген ұлт зиялыларының бірі болған. Ол антижапондық «Жаңару қоғамы», «Мадан» атты буддистік ұйымды басқарған. 1918 жылы «Идеализм» атты журнал арқылы тек буддизм жайында ғана емес, ағартушылық негіздегі мақаланы, «Сезім» атты өлеңін жариялап әдебиетке қызығушылығын танытты.1922 жылы абақтыдан босатылып шыққан Манхэ Хан Ён Ун абақтыда күн кешкен кездері жазған «Гибискус гүлін екпекшімін» деп аталатын өлеңін «Кэбёк» яки «Таңғы шық» журналына жариялайды. Аталмыш өлеңнен ақын Хан Ён Унның тайсалмас қайсар ерік жігерін, тәуелсіздік таңының келетініне нық сеніммен қарайтынын, берілмес қайсар күш, жігерді көруге болады.

Ол антижапондық «Жаңару қоғамы», «Мадан» атты буддистік ұйымды басқарған. 1918 жылы «Идеализм» атты журнал арқылы тек буддизм жайында ғана емес, ағартушылық негіздегі мақаланы, «Сезім» атты өлеңін жариялап әдебиетке қызығушылығын танытты.[30,///]. 1926 жылы жарыққа шыққан Хан Ён Унның «Сүйіктімнің үнсіздігі» атты өлеңдер жинағы халық ілтипатына бөленіп халық тарапынан үлкен бағаға ие болды. Чхве Донг Хо ғалымның айтуынша, Хан Ён Унның «Сүйіктімнің үнсіздігі» атты өлеңі проза түріндегі лирика. Себебі ғалымның пікірінше, 1920 жылы «чаюси» жанрындағы поэзияның өрнектері әлі байқала қоймаған шақ, сондықтан да «чаюси» жанрындағы поэзия әлі толық орныға қоймаған шақ. Бұл өлеңнің чаюсиден ерекшелігі проза түрінде мазмұндалғандығы және буддистік идеологияға негізделген ой-тұжырымдарды қамтитындықтан аталмыш «чаюси» жанрындағы поэзиядан айрықшаланатынын байқаймыз. 1920 жылдардағы әдеби бірлестіктердің құрамындағы ақындар өз дәуірін қайғы, қасіретке толы «қаратүнек заман» деп ұғынған болатын. Сол замандағы әдеби бірлестіктердің құрамында болған ақындардың басым көпшілігі батыс әдебиетіне еліктеп утопияға беріліп декадентшілдік сипаттағы сентименталдық өлеңдер жазса, жасы қырыққа таяп қалған ел ағасы атанған Хан Ён Ун буддистік идеологияның негізіне сүйеніп, керісінше адамды үмітке жетелейтін өлеңдер жазған. [69,124] Ғалым Чхве Донг Хо ақын Хан Ён Унның «Сүйіктімнің үнсіздігі» атты өлеңіне қатысты мынадай пікір айтады. «Хан Ён Ун өз өлеңінде әр түрлі көркемдік әдіс, тәсілдерді қолданған сонымен қатар, оның өлеңінен ерге тән тайсалмас қайсар күшті байқауға болады. Қиындыққа қарсы төтеп бере алатын ерге тән қайсарлықты көруге болады»-деп жазады. Хан Ён Унның «Сүйіктімнің үнсіздігі» атты өлеңіндегі сүйіктісі қош айтысып кетіп қалса да, автордың қайғы мұңға беріліп сары уайымға салынбағаны Хан Ён Ун поэтикасының қуаттылығын, ерекшелігін айқындап тұр»-дейді ғалым Чхве Донг Хо.[69,139] Оның буддизм идеологиясы негіз болатын өлеңіндегі «шексіз махаббат» жоғалтқан жеріне деген махаббат, Бодхисатваға деген махаббат және де бір адамға деген махаббат ретінде түсінуге болады. «Ним» ұғымы Хан Ён Ун поэзиясының жүрегі, басты тақырыбы болып саналады. Зерттеуші Ким Ханктон осыған байланысты былай деп жазған: «Ним атауының мәні көптеген түсініктің жиынтығы: туған жер, ұлт, барлық зат. Будда, сүйген ғашығы, досы. Осының бәрі өмірлік бұлақты құрайды. Ним кетіп қалса да, әрдайым оның жадында бар, онсыз өмір сүре алмайды. Сонымен қатар, «ним» оның поэзиясындағы басты объект болып саналады»- дейді. Ал Чон Босам ғалымның ойынша, ним-буддистік әлемнің ақиқаты, шындығы. Хан Ён Унның «Сүйіктімнің үнсіздігі» атты өлеңінде кетіп қалған ғашығына деген сағынышы мен шексіз махаббаты бейнеленген. Бұл өлеңде сүйген ғашығын «жоғалтқан жері» ретінде, «кетіп қалған сүйіктісі» ретінде, «Бодхисатва» ретінде де көруге болады. [1,482- 492] Негізінен Манхэ (Хан Ён Ун) өлеңіндегі «сүйіктісі» әрдайым үнсіз тұратын «сүйіктісін» білдіреді. Ол корей поэзиясындағы парадоксты керемет бейнелеп көрсеткен ақындардың бірі.

Хан Ён Ун бұл өлеңде оқырман қауымның алдында өзінің ақын ретінде көрінуінен ұялатынын айтады. Оның романтизмге тұнған лирикасын оқыған әрбір жан қайғы мұңға беріліп қайғыратынын айтады. Содан болар оқырмандарының ұрпақтары оқымағанын қалайды. Себебі оның лирикасы сол сұрапыл заманның шындығын жырлап тұр. Хан Ён Унның лирикасы сол сұрапыл заман әкелген зардаптың жемісі деп қарастыруға болады. Ностальгияға тұнған махаббат лирикасы келешек ұрпақты қызықтырмауы мүмкін деп ойлайды ақын. Осылайша ол жарқын болашақтың келеріне кәміл сенгенін көруге болады. Әдебиеттанушы Чхве Донг Хоның пікірінше, ақын Хан Ён Унның “Ол шақта менің өлеңімді оқи қалсаңдар, менің өлеңім көктемдегі гүлдер алқабындағы қурап қалған гүл ұқсап көрінуі мүмкін, сірә” деген өлең жолдары арқылы айтқысы келгені бұл оның өлеңінің келешекте қурап қалған гүлге ұқсап көрінуі мүмкін екені, хош иісін жоғалтқан гүл ұқсап көрінуі мүмкін деп тұр. Жапон отаршылдығы кезінде жазылған өлең егеменді ел Кореяның халқына не пайда әкелер деп ойлаған да шығар дейді ғалым Чхве Донг Хо.[69,148] Хан Ён Унның ең тамаша туындысының бірі «Менің жолым» атты өлеңі.

Менің жолым 
Хан Ён Ун

Бұл дүниеде жол дегенің көп.
Тауда тасты жол бар. Теңізде қайықтың жолы бар. Ауада ай мен жұлдыздың
жолы бар.
Өзен жағасында балық аулайтын адам құм үстінде ізін қалдырады.
Жасыл алқаптан шөп жинайтын қыз гүлді жасыл даланы басып жүреді.
Зұлым адам қылмыс жасап күнәнің жолымен жүреді.
Әділ адам әділдік үшін әділеттілікті көксеп пышақтың астына түседі.
Батыс жақтағы тауда бататын күн қызғылт аспанды басып жүреді.
Көктемгі таңғы шық гүлді өбіп сырғанайды.
Ал менің жолым бұл әлемде екеу ғана:
Біреуі сүйіктімнің құшағына тосылу болса
Екіншісі өлім аузына тосылу жолы.
Егер сүйіктімнің құшағына кіріп пана таба алмасам, өлім аузына тосылудан
да қиын қауіпті де азапты жолға тап болғаным.
Эх, менің жолымды кім салған екен.
Эх, бұл дүниеде сүйіктімнен басқа ешбір жан менің жолымды салып бере
алмайды.
Менің жолымды сүйіктім салып берді делік, бірақ өлімге апарар жолды
неліктен салып берген екен.

Авторлық сілтеме:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Корейтану және жапонтану кафедрасының «6M021000-Шетел филологиясы» мамандығы бойынша магистранты Жакупова Сағыныш Бауыржанқызының «Корей поэзиясы дамуының ерекшеліктері (1910-50 ж.ж.)» тақырыбындағы магистрлiк диссертация жұмысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *