Тірі организмдер бір-бірімен қоректеніп, күрделі қоректік торлар құрайды. Белгілі бір өсімдік түрлі шөпқоректі жануарлардың жиі пайдаланатын қорегі болады. Ал ол шөпқоректі жануарларды жыртқыштар қорек етеді. Сонымен қатар шөпқоректі жануарлардың бір ғана биологиялық түрі бір уақытта түрлі өсімдіктермен қоректенуі мүмкін, ал бір түрге жататын жыртқыштардың құрбаны түрлі шөпқоректілер болуы мүмкін. Өсімдіктекті және жануартекті қорекпен қоректенетін — қорек талғамайтын жануарлар да кездеседі. Кейде жеу тізбегі мен ыдырау тізбегі өзара шырмалған болады. Мысалы, ыдырау тізбегіндегі өлі организмдердің қалдықтарымен ұлулар, құрттар, шаянтәрізділер қоректенуі мүмкін, олар өз кезегінде ірі жыртқыштарға қорек болады. Қорыта келгенде, көптеген қоректік тізбектер өзара шырмалады, сөйтіп күрделі қоректік торлар түзеді.
Қоректік тізбек жақсы анықталған құрылым болып табылады. Табиғатта қандай да бір организм түрі тек бір қоректік тізбектің құрамында ғана болуы сирек кездесетін жағдай. Ол көбінесе бірнеше қоректік тізбектердің құрамына енеді және олардағы орналасу реті түрліше болуы мүмкін (1-сурет).
Мұның нәтижесінде қоректік жүйелер қалыптасады. Қоректік жүйелердің болуы экожүйелердің айтарлықтай тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Егер орта жағдайларының өзгеруіне байланысты қандай да бір өсімдік түрінің сан мөлшері күрт төмендесе, онымен қоректенетін жануарлардың саны шамалы ғана төмендейді, себебі олар басқа қорек көзіне ауысады. Ал жыртқыш жануарларға бұл жағдай ешқандай әсер етпеуі мүмкін, өйткені олардың қорек қоры өзгермейді десе де болады.
Жеке қоректік деңгейлердің энергетикалық байланысын сатылы пирамида түрінде көрсетуге болады, онда бір қоректік деңгейден келесіге ауысқанда ол жіңішкере береді. Егер көлемі әр қоректік деңгейдің өніміне үйлесімді тік бұрыштарды бірінен кейін бірін қойса, онда қоректік пирамида түзіледі. Мұндай пирамиданы экологиялық пирамида деп атайды (2-сурет).
Экологиялық пирамида ережесі. Экологиялық пирамиданың әр деңгейінің көрсеткіші оның алдыңғысынан 10 есеге жуық төмен болады. Экологиялық пирамиданың әр деңгейінен келесіге энергияның 10%-ға жуығы өтеді. Бұл жағдай 5 буынды қоректік тізбектің соңғы 5-буыны өсімдіктерде қорға жинақталған энергияның тек 0,01%-ын ғана қабылдайтынын көрсетеді. Осы себепті қоректік тізбектердің ұзындықтары шектеулі болады — құрлық биоценоздарында, әдетте, 3 — 5 буындық тізбектер кездеседі. Осының негізінде экологиялық пирамидаларды құрастырады.
Экологиялық пирамида — экожүйенің барлық деңгейлеріндегі өсімдіктер мен жануарлардың (шөпқоректілердің, жыртқыштардың, басқа жыртқыштармен қоректенетін түрлердің) арасындағы қарым-қатынастардың графикалық бейнесі.
Мысалы, бір бүркітті азықтандыру үшін кем дегенде бірнеше қоянды аулап алу қажет. Ал ол қояндарды асырау үшін өте көп мөлшердегі алуан түрлі өсімдіктер керек. Мұндай жағдайда пирамиданың төменгі жағы кеңейген, ал жоғары жағы үшкірленіп аяқталған үшбұрыш тәрізді болады.
Алайда пирамиданың мұндай пішіндері барлық экожүйелерге тән емес. Кей кездерде олар керісінше аударылған күйде болуы мүмкін. Атап айтқанда, бұл орманның қоректік тізбегіне қатысты, өйткені ормандағы ағаштар шөптердің рөлін, ал жәндіктер шөпқоректілердің рөлін атқарады. Бұл жағдайда бірінші реттік шөпқоректі жануарлардың деңгейі сан жағынан өсімдіктер деңгейінен едәуір жоғары болады (бір ағаштан өте көп мөлшердегі жәндіктер қорегін табады), сондықтан экологиялық пирамиданың бір деңгейіндегі организмдердің саны, негізінде, олардың дене мөлшеріне тікелей байланысты болады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Очкур Е.А., Құрманғалиева Ж.Ж. — Биология. 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017. 256 б.