Қоғамның əлеуметтік құрылымы туралы түсінік

Социология ғылымының тарихында бұл мəселе өте маңызды, негізгі мəселелердің бірі. Əлеуметтік құрылым туралы социологияда əртүрлі концепциялар аз емес. Оларды топтастырғанда екі бағытты ажыратуға болады. Социологтардың бір тобы əлеуметтік құрылымды, оның элементтерін, яғни құрастырушы заттарын, процестерін нақты өмірде объективтік түрде бар деп түсіндірсе, ал екінші бір бағыттары таптарды, əлеуметтік топтарды, жалпы əлеуметтік құрылымды тек қана сананың, адамның ойының нəтижесі деп түсіндіреді. Бірінші бағыттағы социологтар құрылымдық функционализм деп аталатын топқа, ал екінші бағыттағылар символдық интеракционизм деген көзқарасты қолдайтындар тобына жатады. Біз осы бірінші концепцияны, яғни құрылымдық функционализмді қолдаймыз, осы теориялық бағытты методологиялық басшылыққа аламыз. Біздің ойымызша қоғамның əлеуметтік құрылымы нақты, объективтік құбылыс, ол өзгеріп, дамып отрырады, оның жаңа элементтері, бөлшектері пайда болуда. Əлеуметтік құрылым біртұтас əлеуметтік организм ретінде қарастырылады. Осы организмнің, дененің, құбылыстың өзі динамиканың өзгерістері, оны құрастыратын элементтерден тұрады. Ал ол элементтер болса өзара қатынаста, байланыста, бірігуде болуы негізінде олар құрылымды жасайды. Əрбір құрылымдағы бөлшектер, элементттер белгілі бір істер атқарады. Олардың атқаратын істерін, қызметін социологияда функция деп атайды. Сонымен, құрылымдық функционализм деген концепцияның негізін қабылдай оырып, осы концепция арқылы біздің қоғамдағы қазіргі кездегі өтіп жатқан əлеуметтік процестерді, оның ішінде əлеуметтік құрылымдағы өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік аламыз. Қазіргі дүниежүзілік социологиядағы əлеуметтік құрылым туралы көптеген көзқарастарды біз соңынан қарауымызға болады. Ал бірінші мəселе — əлеуметтік құрылым деген не? Оған қандай анықтама беруге болады? Қазіргі “Социология” атты оқулықтарда əртүрлі, кейде əр мазмұнды анықтамалар жиірек кездеседі. Əлеуметтік құрылым деген ұғымды, өте кең мазмұнда пайдалануға болады. Қоғамның əлеуметтік құрылымы дегенде, кейде біз қоғамның барлық жақтарын қамтимыз. Мысалы, қоғамның экономикалық, əлеуметтік, саяси, рухани т.б. жақтары, элементтері бар. Біз бұл мағынада қоғамда біртұтас құбылыс ретінде қарасақ, осы айтылған оның элементтерін, бөлшектерін құрылымды жасайтын, құрастырушылары деп түсінеміз. Социологияда қоғамды осындай түрде қарастыруды, яғни өте кең, үлкен, ауқымды түрде түсінуді социеталдық түсіну деп көрсетеді. Қоғамдың əлеуметтік құрылымын бұл бағытта түсіну біздің қарауымызға кірмейді, бұл біздің тақырыбымыз емес.

Қоғамның əлеуметтік жағы, дербес əлеуметтік құрылым. Біздің негізгі мəселеміз осы əлеуметтік құрылым. Біз бұл ұғымды, категорияны тек қана өзіндік мағынада пайдаланғанымыз жөн болады. Осы мағынада пайдалансақ əлеуметтік құрылым дербес қоғамдық құбылыс, біртұтас, нақтылы, өзіндік бөлшектері, элементтері бар əлеуметтік организм. Əлеуметтік құрылым дегеніміз əлеуметтік топтардың, страталардың, таптардың жəне əлеуметтік институттардың жиынтығы, олардың байланыстары, ара қатынастары. Сонымен, əлеуметтік құрылым, біріншіден, белгілі бір элементтерден, нақты топтардан тұрады, солардың қосындысы, жиынтығы. Ол əлеуметтік топтар, олардың бірінен бірінің өзгешеліктері, айырмашылықтары бар. Екіншіден, айтылған топтар өзара қатынастарда, түрлі байланыстарда болады. Осы қатынастар, байланыстар əлеуметтік құрылым социологиясының негізгі проблемалары, мəселелері.

Əлеуметтік құрылымның басты, негізігі элементтері əлеуметтік топтар, страталар, таптар дедік. Ендігі мəселе осы топтарды анықтау, оларға дұрыс анықтама беру. Əлеуметтік топтар деген жалпылама ұғым, бұл ұғымға негізінде қоғамдағы адамдар топтарының бəрі де кіреді. Бірақ та, əлеуметтік топ деп қоғамда кездесетін адамдардың барлық тобын айта беруге де болмайды. Мысалы, кейбір адам топтарының, оларды біріктіретін, құрастыратын əлеуметтік белгілері болмауы да мүмкін. Оларды топ деп айтуға болмайды. Əлеуметтік топтың өзіндік əлеуметтік белгілері бар. Мысалы, əлеуметтік-кəсіби топ деген де ұғым бар. Ондай топтарды да біз əлеуметтік топқа да жатқызамыз, қоғамның əлеуметтік құрылымына енгіземіз. Əлеуметтік топқа кіретін үлкен топ – ол тап. Тап деген ұғымның ғылымда пайда болуы XVIII ғасыр. Осы кезеңде француз, одан кейін ағылшын ойшылдары тап деген ұғымды саяси құрылымда түсіндіру ісіне пайдаланған.

Сонымен бұл категория экономикалық, əлеуметтік топтарды белгілеуге қолданылуда. Осы ұғымның, анықтамасы тарихтан өткен əртүрлі ғалымдардың еңбектерінде берілген. Əлі күнге дейін анықтамалар берілуде. Анықтамалар əр түрлі, əр мазмұнды. Көбінесе тап деген ұғым екі мағынада беріледі. Біріншісі, кең мағынада. Бұл мағынада тап дегеніміз өндіріс құрал-жабдықтарына белгілі қатынасы бар, қоғамдық еңбек бөлінісінде нақтылы алатын орны бар, ерекше əдістер арқылы алынатын табыстарының өзіндік мөлшері бар үлкен əлеуметтік топтар. Осындай үлкен əлеуметтік топтар қоғамның дамуының барлық кезеңдерінде орын алған, қазіргі қоғамда да орын алады. Бірақта қазіргі Батыс социологиясында бұл мағынада қолдану кең кездеседі. Көбінесе тап деген ұғым тар мағынада жиі қолданылады. Бұл мағынада тап дегеніміз, əлеуметтік топтар, страталар. Олардың ең басты белгілері: кіріс, табыс, мамандық, билік, білім деңгейі, мəдениет, т.б. Бұл мағынаны алғанда таптың кейбір белгілері, мысалы, меншік, қоғамдық еңбектегі орны аса маңызды емес. Əлеуметтік құрылымға кіретін топтардың бірі əлеуметтік-демографиялық топтар. Əрине, бұл топтар социологияның арнайы салаларында қаралады. Мысалы, демографиялық социологияда, не болмаса əлеуметтік демографияда. Бірақта осы топтар əлеуметтік құрылымдағы орны туралы біз қысқаша айтып кетуді жөн көрдік. Əлеуметтік – демографиялық топ дегеніміз əрі əлеуметтік, əрі демографиялық белгілері бар топ. Қоғамда олардың аттары белгілі. Олар, зейнеткерлер, жастар, əйелдер, ер адамдар. Мысалы, зейнеткерлердің өзіндік демографиялық белгілері бар. Олардың көпшілігі жасы үлкен адамдар. Олардың əлеуметтік белгілері өзіндік өмірі, тұрмысы, психологиясы, əлеуметтік жағдайы, дүниеге, үкіметке, мемлекетке көзқарасы бар. Əлеуметтік, материалдық тұрмысы да басқа топтардан айрықшалау, соған байланысты əлеуметтік, саяси қимылдары да ерекше.

Жастар — демографиялық топ. Бірақта оларды тек қана жас жағынан ажырататын топ ретінде шектеуге болмайды. Жастар ерекше əлеуметтік топ. Олардың əлеуметтік белгілері бар. Өзіндік өмір салты, психологиясы, идеологиясы бар. Жастардың алда болашағы бар, қоғамдағы, өмірдегі процестерді өзінше түсінеді, жүріп жатқан реформалар туралы олардың ерекше ой-пікірлері бар. Қысқаша айтқанда олардың əлеуметтік, рухани белгілері, ерекшеліктері толып жатыр. Сондықтанда, біз жастарды əлеуметтік топ ретінде қарастырамыз.

Əйелдер — демографиялық топқа жатады. Бұл мəселе жөнінде шыққан кітаптар, жазылған еңбектер аз емес. Бірақ та, əйелдер де əлеуметтік жағынан алғанда ерекше топ. Олардың, əлеуметтік ерекшеліктері туралы көп айтуға болады. Мысалы, əйелдердің қоғамдағы əлеуметтік жағдайы, тұрмысы, құқығы, денсаулығы, қоғамды, мемлекетті басқарудағы орны, саяси-қоғамдық ісі, еңбекке қатынасы, білім деңгейі, мамандығы, рухани өмірі, отбасындағы, бала тəрбиелеудегі ролі, т. б. Осы айтылған белгілердің бəрінде демографиялық емес, əлеуметтік белгілер, əлеуметтік көріністер. Сондықтанда, осы топтың əлеуметтік ерекшеліктерінің көбірек екендігін айта келіп, біз оны жеке бір ерекше топ ретінде қарастырамыз. Əлеуметтік құрылымға кіретін келесі топ қала жəне ауыл тұрғындары. Бұл мəселені жеке қарастыруға болады.

Əлеуметтік құрылымға сословие, каста деген топтар да кіреді. Олар адамдардың шыққан тобы, бірлестігі, жиынтығы. Тарихи жағынан алғанда сословиелер таптардан бұрын пайда болды, бірақта таптық қоғамда олар таптармен бірге қоғамда орын алып жатты. Сословиелік құралымдардың кейбір қалдықтары бірқатар елдерде əлі күнге дейін орын алады. Сословие дегеніміз заңдармен құқықтық түрде, не болмаса дəстүрлер, əдет-ғұрып арқылы бекітілген жəне осыған байланысты ұрпақтан ұрпаққа қарай, беріліп отыратын, əлеуметтік топтың құқығы мен міндеттері.

Европада IV ғасырдан XIV ғасырға дейін негізгі стратификациялық топтар сословиелер болған. Мысалы, Францияда сословие деп əр дəрежедегі страталарды атаған. XVIII ғасырдың аяғында, Француз революциясының қарсаңында, бұл елде үш сословие болғаны тарихқа белгілі. Олар дворяндар, діни сословие жəне үшінші сословие деп аталатын қалың бұқарадан тұратын топтар болған. Бұл жайда айта кететініміз, тек қана дворяндар, яғни ең жоғарғы сословиеге жататындар өзінің нəсілдік, ұрпақтық құқығын сақтай алатындығы. Мысалы, əкесі дворян болса, баласы да, туғантуыстары да осы сословиеге міндетті түрде жататын. Ал қалған сословиелердің сословие деп аталғанымен де ондай құқығы болмаған. Сословиелік əлеуметтік құрылым орта ғасырларда көпшілік елдерде орын алған. Мысалы, Ресейде үш сословие орын алған. Олар дворяндар, діни сословие, шаруалар. Соңынан бұл елде басқа да сословиелер пайда бола бастаған. Сословиелік құрылым қазақ даласында да орын алған. Қазақ жерінде хан, сұлтан, төрелер, одан кейін қожалар сословиесі болған. Бұл сословиелер үстемдік еткен, елді басқарған жəне олардың статусы атадан балаға көшіп отырған. Əдет-ғұрып, дəстүр бойынша, Шыңғысханнан бастап тек қана соның тұқымдары хан, сұлтан болуға, таққа таласуға мұмкіндік алатынды. Бұл ең жоғарғы сословие. Бұларда европалық, азиялық елдердегідей сословиелік белгілер мен құқықтар орын алған. Қазақ даласында көпке дейін сақталып келген əліде қалдықтары бар сословие қожалар деп аталады. Қожа əрі сословие, əрі ру ретінде қалыптасқан. Сословие ретінде қожалар (көпшілігі) діни, миссионерлік іспен айналысқан, олардың статусы өте жоғары болған. Қожалардың ісі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берген. Ал ру ретінде қожалар қазақтардың ру жүйесіне кірмеген. Сондықтан олар қазақтардың руы деп қарастырылмайды. Қысқаша айтқанда, қазақ даласындағы сословиелер ру дəрежесінде берілген, бірақ та олардың жоғарғы лауазымы хан, сұлтан, қожа деген сословиелік статусқа байланысты болған. Ал Европаны алсақ, онда рулық белгі сословиелерде көрсетілмеген. Қазақтың қалың бұқарасы шаруалар, байлар, кедейлер, орта шаруадағы адамдар жоғарыда айтылған сословиелерге кіре алмаған, бұлар төменгі сословиені құраған. Бірақ та, осы бұқара халық, өзіде əр-тұрлі, осы күнгі терминмен айтқанда, страттарға бөлінген. Халықтың өзіндік əлеуметтік құрылымы орын алған. Олар жоғарғы топ, орта топ, кедей топтар.

Əрбір сословиенің өзіндік ішкі құрылымы болады. Оның ішінде тұрлі атақтар, дəрежелер, рангалар бар. Ол мəселені біз бұл жерде талдай жатпаймыз. Сословиелік жүйе 5 мың жылдай қоғамда орын алған. XVIII ғасырға дейін дұние жұзінде бұл жүйеден күшті əлеуметтік құрылымда жүйе болмаған. Ал соңғы 150 жылдың ішінде бұл жүйе бүкіл дүние жүзінде құрып кетті десе де болады. Бірақ та, кейбір Европа елдерінде, мысалы Ұлы Британияда, Азия елдерінің кейбіреулерінде осы жүйенің қалдықтары осы күнге дейін кездеседі.

Каста дегеніміз социологияда əлеуметтік топ ретінде қаралады. Бұл да страта, əлеуметтік стратификацияның белгілі бір өткен тарихта орын алған элементі. Кейбір елдерде касталық құрылым өте маңызды орын алған, бірақ та онда қоғамдар өте қатал, жабық, деспотиялық қоғамдардың қатарына кіреді. Касталық құрылым көп елдерде болмаған. Бұл тарихта сирек кездесетін құрылымдардың, жүйелердің бірі. Зерттеушілердің айтуы бойынша осындай касталық жүйе Индияда жəне Африканың кейбір елдерінде орын алған, əлі күнге дейін сол елдерде кездеседі. Бірақта “каста” деген ұғымның мазмұнын кейбір зерттеушілер кеңірек түсіндіріп, касталық XX ғасырда біраз елдерде орын алған дейді. Осы ғалымдардың түсіндіруінде тоталитарлық режимдердің бəріндеде касталар болды дегенді айтады. Олай болғанда каста дегеніміз белгілі дəрежесі, əлеуметтік статусы, рангасы бар жабық топ болады. Шын өзінің классикалық мəнісінде каста /нəсіл/ əлеуметтік топ, ал ол топқа жату адамның шығу тегіне байланысты. Ол өзінің кастасының шеңберінен шықпайды, сол кастада дүниеге келеді, үйленеді, тұрмыс құрады, сонымен дүниеден кетеді. Кастаның өзіндік кəсібі, өмір салты, өмірге көзқарасы, психологиясы, əдетғұрпы, дəстүрі болуы тиіс. Бұл əлеуметтік құрылымды қарастыратын қазіргі кезеңдегі теориялардың бірі əлеуметтік стратификация деп аталады. Кейбір зерттеушілер əлеуметтік құрылымды əлеуметтік стратификациямен теңдестіріп те қарайды. Өте жақын болғанменде негізінде бұлар өзгешеліктері бар ұғымдар. Əлеуметтік стратификация дегенде біз қоғамдағы болып жатқан жіктеу, яғни ажырату процесін қарастырамыз. Əлеуметтік стратификация дегеніміз қоғамды топтарға, таптарға, стратарға бөлу, ажырату, олардың ара қатынастарын іздестіру. Əлеуметтік стратификация деген ұғым қоғамдағы айырмашылықтарға, ажыратуларға, қайшылықтарға басты назар аударса, ал əлеуметтік құрылым қоғамның тұтастығына, оның интегративтік процестеріне көбірек көңіл бөледі. Қазіргі социологияда көбірек көңіл əлеуметтік стратификация деген ұғымға бөлінеді. Оның себептері бар. Біріншіден, бұл XX ғасырда қалыптасқан жаңа теория, екіншіден, қазіргі дүниеде басымырақ орын алып отырған процесс, ол топтарға бөліну, яғни жіктеу процесі. Əлеуметтік стратификация деген теорияның негізгі ұғымы “страта”. Страта дегеніміз социологияға геология ғылымынан енген термин екен. Осы ғылымда страта жердің қыртысы, қабаты деген мағынаны береді. Социологтар бұл ұғым арқылы қоғамдағы топтарды белгілейді. Батыс социологтарында бұл ұғым кең орын алған. Кейбір социологтар қоғамның өзі тек қана страталардан тұрады деп, бұл ұғымның мазмұнын өте кеңейтіп жібереді. Мысалы, қазіргі Ұлы Британия социологы Э. Гидденс страта деген ұғымның мазмұнын бергенде, бұған таптар, сословиелер, касталар, құлдар кіреді деп түсіндіреді. Қоғамда тек қана страталар бар, ал олар əртүрлі нақтылы аттармен белгіленуі мұмкін. Бірақ та, социологтардың біразы страта деп белгілі бір сан жағынан шағын, тіпті кіші топтарды да айта береді. Американдық социологияда страта деп кез-келген адам топтарын түсінушілік те бар. Бірқатар жағдайда страталар өте көп болып кетуі мұмкін. Страталардың өзіндік белгілері, бірінен бірін ажырататын көрсеткіштері бар.

Бірақ та страта тап бола алмайды, олардың тапты құрайтын белгілері жетіспейді. Социология тарихында қоғамның əлеуметтік құрылымы мəселесі ең басты, өзекті мəселенің бірі болып келеді. Бұл мəселенің мағынасы өте терең, жан-жақты. Нақты əлеуметтік құрылым қоғам дамуына байланысты өзгеріп отырады. Əсіресе осы өзгеруде мықты ықпал жасайтын құбылыс экономикалық құрылым, оның өзгеруі. Бірақ та қоғамның əлеуметтік құрылымына əсер ететін басқа да құбылыстар аз емес. Мысалы, саяси дамулар, процестер, өзгерістер. Оның ішінде мемлекеттің типтері, режимдері, биліктің түрлері əлеуметтік құрылымға өте мықты ықпал жасайды. Əлеуметтік құрылымға əсер ететін құбылыстың бірі – рухани өзгерістер, идеология, қоғамдық сана. Əлеуметтік құрылымның жылдам өзгеріп отыратын элементтерінің бірі — əлеуметтік институттар. Сонымен, осы əлеуметтік құрылымға байланысты толып жатқан теориялық, ғылыми мəселелер бар. Осы мəселелерді біз ірі социологтардың еңбектерінен табамыз. Социология ғылымының өзі жеке ғылым ретінде XIX ғасырда пайда болды. Оның негізін салушылар К. Маркс, О. Конт, М. Вебер, Э. Дюркгейм, П. Сорокин сияқты ірі социологтар. Сондықтанда біз осы айтылған ғылымдардың көзқарастарына аздап тоқталғанды жөн көрдік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *