Ким Со Вольдің өмірі мен шығармашылығы

Ким Со Воль — Ким Чжон Сиктің лақап аты. Со Воль — мөлдір, таза ай деген мағынаны білдіреді. Ким Со Воль қарапайым шаруа отбасынан шыққан. Ақын Пхенань провинциясының Кваксан уезіндегі Намсадан ауылында дүниеге келген. Ақынның кемеңгер қайталанбас тұлға болып өсіп жетілуіне атасының көмегі орасан зор болған. Со Вольдің әкесі психикалық ауытқу дертіне шалдыққаннан соң, әкелік міндетті оның атасы Ким Сан Чжу атқарды. Со Вольдің үлкен дарын иесі, тұлға болып қалыптасуына атасының берген тәрбиесі, өнегесінің тигізген әсері мол. Жасөспірім кезінде көңілді, қуатты жігерлі болып қалыптаса бастаған Со Воль жасы ұлғайа келе, уайымшыл болып, жалғыздыққа беріліп жайдары жаз көңіл мінезінің өзгеруі әкесінің айықпас дерті де әсер еткен болу керек. Со Вольдің өмірі үлкен қайғы мен қасіретке толы болды. Әкесінің айықпас дертке шалдығуы, Жапония отарында қанауда болған елінің қайғы қасіреті, азапқа толы өмірді сүруге мәжбүр болған жандардың өмірі Со Вольдің жанын жегідей жеді. Со Воль өмірден қажығанда өлең жазды, батыс әдебиеті мен шығыс әдебиетінің классикалық поэзиясымен сусындап нәр алды. Ким Со Воль өлеңді, поэзияны өзіне дос тұтты. Оның өмірлік серігі де жан жүрегі- поэзия болды. Ол жан рахатын поэзия деген кәусар бұлақтан тапты. Атасы Со Вольге жастайынан қытай тілі мен әдебиетін үйреткен. Ким Со Воль бала кезінен бастап әдебиетке, поэзияға құштар болып өсті. Ақын он үш жасынан бастап Тан династиясының кезіндегі Қытайдың классикалық шығармаларын, өлеңдерін аудара бастайды. Оның бұл хоббиі классикалық поэзияға деген махаббатын оятып, поэтика өнерінің тылсым сырына үңілуге себепкер болды.

Ақын өмірбаянымен таныстырып кетейін. Ким Со Воль 1917 жылы Намсандағы мектепті бітірген соң, Чончжудағы орта мектепке түседі. Сол мектеп қабырғасында оқып жүргенде, атақты ақын әрі аудармашы Ким Окпен танысады. 1920 жылы Осан мектебін бітіріп, Сеулдегі америкалық “Пэджэ” колледжіне оқуға түседі. 1921 жылы ақын колледжді тастап кетеді. Кейін Ким Со Воль өзінің кіндік тамған туған жеріне оралып, Импхо мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. Осы уақытта ол өзінің алғашқы өлеңдерін жазған. Кейін сол өлеңдері топтастырылып “Азалия” атты өлеңдер жинағы болып басылып шығады. Мұғалімнің жалақысы өте төмен болғандықтан отбасын асырау қиынға соқты. Со Вольді отбасының мүшкіл халі қатты алаңдатты. Содан Со Воль басқа да мамандықты меңгеріп алу қажет деп түсініп, Жапониядағы Токио университетіне оқуға түседі. Жапонияда өмір сүру қиын болғандықтан, 1923 жылы еліне қайта оралады. Еліне оралған соң, біраз уақыт бойы жұмыс іздеумен болады. 1924 жылы Со Воль Кусон қаласындағы “Тона Ильбо” газетінің жергілікті бөлімшесіне жұмысқа орналасады. Баспада жұмыс атқарып жүріп, шығармашылықпен де айналысатын боламын деп үміттенген ақын көп ұзамай ол жерден де кетеді. Ким Со Воль сол кездегі әдеби бірлестіктерге мүше болып кірмегенмен батыс әдебиетін ерекше сүйіп оқитын. Тіпті Ким Со Воль ағылшын ақындарының өлеңдеріне үлкен қызығушылық танытып аударып та көрген. Қазіргі таңда ақынның ағылшын тілінен аударылған үш өлеңі сақтаулы. 1924 жылдың соңында Ким Со Воль туған жеріне оралып, ауыл шаруашылығымен айналыса бастайды. Сол жылы Кусон уезіндегі Кваксан ауылына жер аударып көшіп кетеді. Сол уақыттан бері ақын шығармашылығы мен өмірі жайлы мағлұматтар жоқ болғандықтан, ақын өмірі мен шығармашылығы жайында бейхабармыз. 1934 жылдың 24 желтоқсанында ақын өзіне өзі қол жұмсап өмірімен қош айтысқан.

Ким Со Воль поэзиясы әдеби көркем сөзге бай, нағыз романтика десе де болады. Жалпы, оның бүкіл болмысын, оның көз жасын, қайғысы мен мұңын мәңгіге халық жүрегінің түкпірінен орын алған асыл қазынасы өшпес өлеңдерінен көруге болады. Ким Со Воль өлеңдерін халық өлеңі не болмаса дәстүрлі өлеңдер деп атаған. Қазірдің өзінде Ким Со Воль ақындай көп оқырманы бар ақын жоқ дейді. Неліктен Ким Со Воль ақынның өлеңдері көп оқылады деген сұраққа төрт дәлел бар. Алдымен, корей халқына тән «хан» сезімін бейнелеген, екінші, қызға тән нәзік дауыспен танылған лирикалық өлеңінің ерекшелігі, ұлттық әндердің ырғағымен ұлттық стильдегі өлеңді жазған және де ұлттық сананы қалыптастыруы болып табылады. Ким Со Воль өлеңдері халық әндерінің ырғағына негізделіп жазылғаны рас. Сондықтан халық Ким Со Вольді халық әндерінің ақыны деп атайды. [9,21]. Ким Со Воль өлеңін талқылай келе, біз еске алмай кететін тұсымыз халқына арналған махаббатымен ұлттық санасына қатысты мәселе. Ким Со Воль тек біз ойлайтын шынайы махаббатты жырлаған жоқ, еліне деген сүйіспеншілік тұрғысындағы махаббатты жырлаған. Өзінің апатияға түскендегі сезімімен «хан» сезімін шын көңілмен әндетіп, өз оқырмандарын баурап алатын иронист болған. [9,27]. Ол екпінді, тегеурінді күшпен келетін қарсылық танытатын өлең жазбаса да, халықтың шынайы өмірін әндеткен ақын ретінде танылуының себебі мынада. Ким Со Воль «халықтың ақыны» деп аталуының өзінде халық ақыны мен ұлт ақыны деген екі түрлі мағынаны қамтиды. Ким Со Вольдің өлеңдері шынайы өмірді нақты түрде дәлелдеп, жапон отаршылдығы кезінде корей ұлтының басына төнген қасірет пен қайғыны жырлап, қараңғы ғасырда өмір сүрген корейліктердің жүрегіне демеу болды деген тұрғыда халық өлеңдері деп айтуға болады.

Әдебиетші, ғалым әрі ақын О Сэ Ённың айтуынша, 20 жылдардың атақты ақындары Хан Ён Ун, Ли Санг Хва және Чжу Ё Хан ғашығына деген махаббатын шын көңілмен әндеткен ақындар болып табылады. Дегенмен, ғалымның айтуынша, бұл ақындар өз жерін жоғалтқан соң, зұлым қара заманды махаббат жыры ретінде жазған дейді. Осылайша, ғалымның пікірінше, Ким Со Воль өлеңдерінде оның махаббаты жырланғанымен, ақынның жыр әлеміне үңілсек, астарлы мағынаны қамтитынын байқауымызға болады дейді. [9,33].

Корей поэзиясына батыстың ықпалы тигенімен, ұлттық дәстүрге сүйенген ақындардың өлеңдері қазірге дейін корей халқының жүрегінің түкпірінен орын алған ең сүйікті өлеңдері болып табылады. XX ғасырдың ең атақты корей ақындары Ким Со Воль мен Хан Ён Ун лирикасында халық мұңы бар. Ұлттық әндердің әуендері сіңген біртуар ақын Ким Со Вольдің өлеңдері корей халқына ғана тән «хан» сезімін әдемі жеткізген. Ким Со Вольдің лирикалық поэзиясын кең ауқымда түсінуге болады. Оның өлеңдері әуенді және жүректі тебірентерлік әсем әуенді, ұлттық стильдегі лирикалық поэзия деп атауға болады. Ким Со Воль лирикасы гуманизм идеясымен адамзаттық идеалдармен кең қамтылған. Оңтүстік Кореяның тілтанушысы Ю Чон Хо Ким Со Вольді «біздің өлкенің ақыны» деп атайды. Зерттеуші Ю Чон Хо «халық ақыны» деген атқа тек Ким Со Воль лайық деп таниды. Өткен замандардағы атақты ақындар өз өлеңдерін «ханмун» жазуында жазған, ал корей поэзиясының шеберлері «сиджо», «каса» жанрларында жазған ақындар көбінесе билік басындағыларға тиесілі болғандықтан оларды халық ақындары деп атауға келмейді деп тұжырымдайды. Сонымен қатар, XX ғасырдың ұлы ақындарының бірі Хан Ён Ун өлеңдерінің шумағы ұзын болып келетіндіктен және де атақты ақын Чон Чжи Ённың тым жаңа үлгіде жазылған өлеңдеріне байланысты Ю Чон Хо корей елінің «халық ақыны» деп атауға тек Ким Со Вольді лайық деп санайды. 1925 жылы жиырма үш жастағы Ким Со Воль өзінің «Азалия» атты өте танымал жыр жинағын басып шығарды. Тауда өсетін гүл азалия Кореяның табиғатын әсемдеп тұрған ұлттық символының бірі. Зерттеуші Ю Чон Хо осы «Азалия» өлеңінің өзі Ким Со Вольді Кореяның «халық ақыны» деп атауға әбден лайық деп танытады деген. [8,167-170].

Ким Со Воль лирикасы қоштасу, сағыныш пен аңсаудан құралған өлеңдер. Ким Со Воль (1903–1934) өзінің азғантай ғұмырында екі жүзден астам өлеңдер жазып қалдырған. Ким Со Воль шығармашылығы жайлы корейлік тілтанушылардың пікірлері әр түрлі. Солтүстік Кореяның тілтанушысы Ом Хо Соктың ойынша, Ким Со Воль- реалист ақын болған. Ал Оңтүстік Кореяның тілтанушысы Син Донъук та Ким Со Вольді реалист ақынға жатқызады. Оның поэзиясында романтизм өрнектері бар реалист деп санайды. Және де зерттеуші Ом Хосок: «Ким Со Воль Ким Со Воль болып қалады, егер де оның өлеңінің ерекшелігі басқа ақындарға игілік болатын болса, онда Ким Со Воль одан әрі Ким Со Воль болудан қалушы еді. Оның өлеңінің қайталанбайтын және де өзіне ғана тән болғандығынан» деп жазған. Ким Со Воль өлеңдерінің әуенділігі, ән түріндегі лирикасы, қарапайым түрдегі ауызекі тіл барша халыққа жақын әрі тиімді. Кейбір деректерге жүгінсек, Ким Со Воль поэзиясын орыс халқының танымал ақыны Есенин лирикасымен ұқсас дейді. Халық әндеріне сүйенген екі ақынның өлеңдері әуенді болып келеді. Екі ақынның жақындығын шығармаларындағы ауыл мен табиғат жайлы сыр шертуінен байқауға болады. Өлең мазмұнымен екі ақын өлеңдерінің әуенді түрдегі формасы ауылда қарапайым адамдардың арасында бірге өмір сүрген өміріне байланысты делінген. Ауыл, табиғат жайлы жырлаған осы екі ақынды көптеген әдебиет сыншылар «шаруа ақыны» деп санағанымен, олар халық жадында әрдайым тек халық ақыны ретінде қалды. Ким Со Воль фольклорға романтикалық тұрғыда қараған. Ким Со Воль үшін фольклор оның шығармашылығының құнды қайнар көзі болып есептелді. Сондықтан ақын өз шығармашылығын мазмұнымен формасы жағынан халық әніне ғана жақын өлеңдермен шектеу қоя алған жоқ. Оның өлеңдеріндегі дыбыстық және интонациялық жүйеде сөздердің, шумақтың қайталануы байқалады. Грамматикалық, синтаксистік параллелизм, анафора, эпифора, аллитерация қолданылған. Ом Хосок ғалымның айтуынша, Ким Со Воль поэзиясында табиғат ол үшін поэтикалық тұрғыда тебірену де емес, қайғының негізгі құралы да емес, тек эстетикалық арман, мұратын білдіруде септігін тигізген дейді. [8,170-176]. Табиғат арқылы ақын қоғамдағы қайғылы жайтты бейнелеген. Оның өлеңіндегі табиғат адамның дүниетанымымен жан-дүниесін суреттеп, табиғат әсем бейнеленген. Ким Со Вольдің «Тауда гүлдейтін гүл» атты өлеңі ең танымал өлеңінің бірі болып саналады.

Өткен күннің әңгімесі

Ким Со Воль

Тыныш, қараңғы түн орнаса,
Бұлыңғыр шамның алауына түн орнаса
Жалғыздықта қайғыда тек жалғыз болғандықтан
Бекерден көз жасын ағызып мен жылаймын.

Мен бұған дейін көз жасын білмей
Кішкене дүниені өткіздім.
Ол кезде өткен күннің әңгімесін де
Еш қайғы білмей жаттадым.

Бірақ сүйіктім қоштасып кеткен соң
Мені тастап кеткеннен соң
Өткен күндердегі естелік болып қалған заттар
Бір бірден жоғала берді.

Бірақ сол кезде жатталып қалған
Өткен күнгі әңгіме ғана қалды.
Күндер өткен сайын өткен күнгі әңгіме
Бекерден бекер менің денемді жылатады. [23, 219].

Ким Со Воль ақынның таңдаулы өлеңдерінің бірі болып саналады. Бұл өлеңнің әні бар. Естісең, баяу, қайғылы мотив түріндегі ән. Баяу әуеннің ішінде өткен күннің әңгімесі тізіліп тұр. Ақынның жүрек түкпірінде ерекше сюжет, кадр болып қалған өткен күнгі әңгіме, өткен күндердегі әсем, қуанышты сәттер жалғызсырап тұрған ақынды іштей жылатып тұр. Ақын сүйіктісімен қоштасып, жапан далада жалғыз қалғандай күн кешіп тұр. Тыныш әрі қараңғы түн жалғызсыраған ақынның досы. Әдебиет сыншысы Джо Ён Хан: «Ким Со Вольдің өлеңі ештеңеге тәуелсіз халық иісі тамған өлең», «бір сөзбен айтқанда дәстүрлі ақын» деп баға берген. Сонымен қатар зерттеуші Джо Бён Чун: «Біздің ұлттың әдеби өмірінде аяғына дейін тұрған ұлттық, халық әндерінің әуенін сол бетінде бейнелеп жеткізген ақын» деп баға берсе, тағы да француз әдебиеттанушысы әрі сыншы Ким Хён «Ким Со Вольдің өлеңі-болашаққа негізделген әлемді жаңа әуенмен бейнелеп шығарған, осы тұрғыда жаңа халық әніне ұласады.» деп баға берген. [21//].

Ким Со Воль лирикасындағы фольклорлық дәстүр

Жиырмасыншы ғасырдың 20-шы, 30-шы жылдарындағы корей поэзиясы өзіндік әуезділігімен, жаңашылдығымен, дәстүрлі әндердің әуенінің қанықтығымен, корей халқына ғана тән ұлттық нақышта өрілген әуезді үнімен ерекшеленеді. Ал осы жиырмасыншы ғасырдың 20-шы жылдарындағы корей поэзиясының іргетасын қалап, оны биік шыңға, шарықтау биігіне жеткізген ұлы классиктер, 20-шы жылдардағы корей поэзиясының корифейлері Хан Ён Ун, Ли Санг Хва, Юн Донг Чжу мен Ким Со Воль мәңгілік халық жадында қала бермек.

Корей әдебиетінде өзіндік әуенімен танылған өшпес із ұмытылмас мұра қалдырған ұлы талант иесі Ким Со Воль поэзиясы жайлы сөз қозғайтын болсақ, Ким Со Воль ақынның поэзия әлемі мен жан-дүниесіне тәнті боларсыз. Со Вольдің поэзия әлемі өзіндік әуезділігімен, өзіндік әуенімен ерекшеленеді. Ким Со Воль поэзиясын үлбіреген гүлге, мұхит тереңіндегі жауһар жақұт тастарға баласақ артық болмас. Ақын сол сұрапыл сұм заманда әсемдікке, әдемілікке, әдемі де әсем әуезді әнге толы поэзияны дүниеге әкелуінің өзі ғажап емес пе?

Ким Со Вольдің дарындық қабілеті 1920 жылы ашылған. Ақын сол уақытта барша жұртқа танымал «Тауда гүлдейтін гүл» атты өлеңін дүниеге әкелді. Халық қазынасы саналатын халық әндерінің әуендері мен әуезді үнін, әдемілік пен әсемдікті Ким Со Воль лирикасынан көруге болады. Ким Со Воль ақынның лирикасы оның қарапайым халыққа етене жақындылығымен, ұлттық нақышта өрілген әуезділігімен, сезім иірімдерінің әдемі үйлесімділік таба білгенімен, терең философиялық ой, толғаныстарға толы болуымен ерекшеленеді. Ким Со Воль поэзиясының түп тамыры фольклорлық әндерден бастау алатындығынан және де халық арасында кең таралғандықтан ба халық әнінен кем түспейді. Ақынның өлеңдерін жаттап алып сүйіп оқитын жас пен кәрі оны «халық ақыны» деген атаққа лайық деп санап солай атап кеткен. Ким Со Воль ғұмыр бойы елінің бостандығын, Отанын аңсап өткен ақын. Ақын тәуелсіздікті аңсаған, Жапония езгісінде өмір сүруге мәжбүр болған елінің халіне қатты алаңдаған. Отанының әсем табиғатын, туған жеріне деген махаббатын, сағынышын жырлаған өлеңдері бойға рух, жігер беретін патриоттық үлгідегі өлеңдері де бар. «Тау», «Үйімді сағындым», «Қарлығаш» сияқты өлеңдерінде ақын өз Отанынан, туған жерінен тыс бөтен елде өмір сүруге мәжбүр болған жанның жай-күйін шебер суреттеген. Сонымен қатар ақынның «Құрғақшылық», «Егін егуге тұрарлық өзіміздің жеріміз болғанда ғой» деген өлеңдері қарапайым шаруалардың қиыншылыққа толы өмірін шебер суреттеген. Сол уақыттағы адамды және барша адамзатты толғандыратын мәселелер ақынның «Өрт», «Сеул түні» өлеңдерінде өз шешімін тауып шынайы өмірдің қыр сыры суреттелген. Ақын өлеңдері романтизм бағытында өрбіген. Сондықтан ақынның махаббат лирикасына тоқталмай кету мүмкін емес.[4,94] Ақынның махаббат лирикасына «Азалия» өлеңінен басқа «Күн тау шыңына батса да», «Ұмыта алмаймын», «Сүйіктіме», «Сүйіктімнің әні» сияқты өлеңдері жатады. Жалпы аталмыш өлеңдерде ақынның жан жүрегі халық жүрегімен ұштасып жатыр. Халықтың тауқыметі ақынды толғандырмай қойған жоқ. Сондықтан оның өлеңдері меланхоликалық сипатқа ие. Дегенмен ақын осы өлеңдері арқылы халық жүрегінен орын тапты. «Халық ақыны» атанып, мәңгілік өшпес мұра қалдырды. Кейбір сыншы, әдебиетшілер Ким Со Воль поэзиясындағы махаббат лирикасын тек сүйіктісіне деген махаббаты ретінде қарастырады. Дегенмен сол қатал заманның бұғауында өмір сүрген ақын өз Отанының тәуелсіздігін аңсаған ақын. Отанын сүйіктісіне теңеп «сүйіктім» деп тебірене жырлауы әбден мүмкін. Менің бұл пікірімді ғалым, әдебиетші О Сэ Ённың сөзі нақтылай түспек. «Ким Со Воль халықтың алтын қазынасы болып саналатын ел арасында қаншама ғасыр бойы шырқалып айтылып келген халық әндерінің әуенін негізге ала отырып, корей халқының шынайы болмыс-бітімін, қадір қасиетін, корейлік ұлттық нақышта шебер суреттей білген жаңа заман әдебиетінің тарихындағы ұлы лирик ақын. Ақын өлеңдерінде корей халқына тән «хан» сезімін шебер жеткізе білгендіктен халық оны «халық ақыны» деп атап кетті. Себебі лирикалық халық әндерінде аталмыш «хан» сезімі ең маңызды компоненттердің қатарына жатады. Алайда ақын сол сұрапыл сұм заманда Жапонияның отарында болған қара халықтың жан күйзелісін, халықтың сол уақыттағы сана-сезімін махаббатан жапа шеккендегі сезіммен бейнелеген деп қарастыру қажет.»- деп тұжырымдайды.[1,19] Осыған байланысты Ким Со Воль лирикасы терең философиялық идеяларға толы екенін байқауға болады. 1920 жылдары корей поэзиясына Батыстан романтизм, натурализм, символизм, гуманизм сияқты ағымдар еніп қана қоймай, өз әсерін тигізіп үлгерген еді. 20 жылдардағы корей поэзиясында көптеген ақындардың өлеңдерінде батыстық ағымдардың ықпалы байқалады. Батыстық ағымдардың, оның ішінде символизмнің ықпалын сол 1920 жылдардағы корей ақындарының поэзиясынан айқын аңғаруға болады. Олардың өлеңдері проза түріндегі поэзия болды. Яғни «верлибр» жанрындағы өлеңдер болды. Алайда ақындар корей поэзиясының даму жолы оның түп тамыры болып саналатын «минёде» деп ұғынды. Яғни халық әндерінің әуендерін негізге ала отырып ұлттық нақышта өрбитін өлеңді жазуды мақсат тұтты. Алайда бұл мақсаттары жүзеге аса қойған жоқ.

Әдебиетші, ғалым Чжон До Хённың сөзіне сүйенсек, Ким Ок, Чжу Ё Хан, Хонг Са Ён, Ким Донг Хван сынды ақындардың басым көпшілігі «чаюси», яғни батыстық үлгідегі еш ережеге бағынбайтын еркін түрде жазылатын өлеңдерді жазып келгеніменен, кейіннен халық әндерін, яғни минёні қайта жаңғырту мақсатында жаңа үлгідегі, ұлттық нақыштағы өлеңді жазуға белсене араласып кетті. Алайда минёнің түпкі мән-мағынасына терең бойламағандықтан, минёні, яғни халық әндерін жете түсінбегендіктен шығармашылық әлемде айтарлықтай жетістікке жете алған жоқ.

Со Вольдің халық ақыны атанып ел ілтипатына бөленуінің себебі ел жүрегіне жақын халық әндерінің әуендерімен өрілген өлеңдерді шығаруына байланысты. Ежелгі корей мифтері мен аңыздарындағы кейіпкерлер образдарының өлеңдерінде суреттелуі мен әңгімеленуін алып қарайтын болсақ, Со Воль лирикасы шынында фольклорлық сипатқа ие. Со Воль бала кезінен бастап классикалық әдебиетке қызығушылығы мол болды. Ол өз халқының, қытайдың классикалық әдебиетін, батыс әдебиетін де сүйіп оқыды.

Со Вольдің алтын қазына іспеттес фольклорлық сипаттағы өлеңдерді жазып қалдыруында оның туып өскен жері Чончжудың таңғажайып әсем табиғатының алар орны ерекше. Олай дейтінім, Чончжудың әсем табиғаты, ондағы тауы мен өзен көлдері ақынды шабыттандырмай қойған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, халық ақыны Ким Со Вольдің ұлы дарын иесі болып қалыптасуында оның ортасы үлкен септігін тигізген.

Авторлық сілтеме:
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Корейтану және жапонтану кафедрасының «6M021000-Шетел филологиясы» мамандығы бойынша магистранты Жакупова Сағыныш Бауыржанқызының «Корей поэзиясы дамуының ерекшеліктері (1910-50 ж.ж.)» тақырыбындағы магистрлiк диссертация жұмысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *