ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы қоғамдық-əлеуметтік, тарихи саяси жайттар

Қазақ халқының тарихында əрбір кезеңнің өзіндік тарихы, болмыс-бітімі мен кескін-келбеті бар. Сақтар, ғұндар дəуірін айтпағанның өзінде, біртұтас түркі жұртының қасиетті ордасы болған Түркі қағанатының, уақыт өте келе, Дешті-Қыпшақ жерін мекендеген қыпшақ қауымдастығының, Шыңғыс хан шапқыншылығынан соң əлемге əйгілі болған атақты Алтын Орданың, қоғамдар алмасып, заманалар өзгерген соң, Қазақ хандығының дербес, тəуелсіз мемлекеттік құрылымға ие болуы – бəрі де тарихта, адам баласы ғұмыр кешкен мезгіл мен мекенде айрықша орны бар, ізі қалған тарихи оқиға, құбылыстар.

Соңғы кезеңде əлем ғалымдары тарапынан белгілі бір дəрежеде қалыптасқан ғылыми түсінікке азды-көпті өзгерістер еніп, біртұтас түркі əлеміне деген қызығушылық пайда болғаны жасырын емес. «Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс» (Киплинг) деген менмен көзқарастар түбірімен қайта зерделенуде. Еуроцентристік (еуроорталық) ағым өкілдерінің өмірге əкелген байлам-пайымдарына күдікпен қараушылық белең алуда.

Қазақ – түркі жұртының бел баласы. Бай тарихы бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай рухани мұрасы, Ұлы далада қалыптасқан дархан мінезі бар, ақсүйектік, мəрт мінезі, биік рухы бар. Дəл осы халық əлемдік деңгейде сөз өнерін асқақ биіктерге көтерді. Халықтың сөз өнері адамзат баласы ойлап тапқан тарих, философия, саясат, əлеуметтану, тіл білімі, мəдениеттану, педагогика, риторика, психология сияқты ғылым түрлерімен қатар, сот, адвокатура, айыптаушы т.б. қызметін қоса атқарды. Қазақтың сөз өнері этика мен эстетиканың негізін қалады. Қазақ халқының бірнеше мыңжылдықтар бойында жасаған сөз өнері – оның жүріп өткен жолының шежіресі. Ұлттық сөз өнерінен сырт қалған тарих, болмыс пен бітім, кескін мен келбет жоқ.

Əдебиет – халық тарихының көркем суреті. Шежіресі. Тарих ғылымы атқаруға тиісті міндет, миссияны көп реттерде əдебиеттің атқаратыны жасырын емес.

Қазақтың бай тарихында ең бір ауыр да күрделі, қиын кезең – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы. ХVІІІ ғасырдың кезінен бастап, Ресей империясына бодан болу үдерісі түрлі тарихи, саяси, қоғамдықəлеуметтік жағдайлардың арқасында алып империя тарапынан барынша кеңінен көсіліп, отарлау саясатын жедел жүргізуге мүмкіндік бере қоймады да, ХІХ ғасырда Орта Азия жерінде бірнеше мемлекеттердің (Ресей жəне Еуропа мемлекеттері) мүддесі тоғысқандықтан, отарлау ісі қарқынды жүргізілді. Ресейден халық арасында «Қарашекпен» деген атауға ие болған келімсектер Қазақстанның барлық өңірлеріне, əсіресе, егін шаруашылығы мен мал өсіруге қолайлы Орталық Қазақстан өлкесіне жаппай келе бастады. Жаппай орыстандыру саясаты белең алды. Ата-баба дəстүрі, ұлттық болмыс табанда тапталды. Шіркеулер бой көтерді. Шығыс елдері, мұсылман əлемі шетқақпай болды. Жер-су атаулары жаппай орыс атауларымен атала бастады.

ХІХ ғасырда орыс шаруаларының билікке қарсы наразылығын сəл де болса басамыз деген ниетпен патша өкіметі оларға жер бермек болып, қазақ даласына қоныс аудартты. Қарапайым қазақтар сырттан келген бірде-бір келімсекке қиянат көрсеткен жоқ. Төріне шығарды, ас-суымен бөлісті. Уақыт өте келе, əлгі келімсектер байыды, олардың есімдерімен бүкіл Қазақстан жерінде жер-су атаулары пайда болды. Тарих тереңіне үңілсек, ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығына Жоңғария мемлекеті шабуыл жасап, аса сұрапыл қантөгіс ұрыс бірнеше жылға созылса да, босқан қазақ шет елдерге жаппай өтіп кеткен жоқ-ты. Олар өз елінде, өз жерінде қалды. Арқа қазағы үдере көшіп, Оңтүстік аймаққа, Сыр бойына беттесе де, шекара асып, басқа елге кеткен жоқ. Ал, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан жеріндегі тұрғындардың жерге орналасу, ғұмыр кешу жағдайына қарасақ, ең шұрайлы, сулы-нулы деген өңірлер патша билігінің шешімімен көп қоныс аударушыларға берілген екен. Негізгі өмір сүру дағдысы көшпелі мал шаруашылығына негізделген жергілікті халық сусыз, нусыз жерлерге ауысты. Бүкіл қазақ даласының географиялық атауларын зерделеп, сараламай-ақ қояйық, картада бір ғана Орталық Қазақстан жеріндегі Миньковка, Петровка, Покорное, Карнеевка, Евгеньевка, Шербаковское, Киевка, Пржевальское, Буденный, Калинин, Чапаев, Карбышевка, Ульяновка т.б. жерлер – қазақ жеріне келген келімсектер көшінен хабар береді жəне қызыл большевик, коммунистер есімімен аталған елді-мекендер, жер-су атаулары.

Қазақ үшін ең киелі ұғым – Жер. Ұлт ұғымында Жер-Отан, атамекен. Отбасы. Үрім-бұтақ. Əулет. Тек қазақ қана тағдырдың жазуымен өз елінен жырақта ғұмыр кешсе де, бақилық боларында өзін туған жеріне əкеп, жерлеуді өтінеді. Сыртта жүрген əр қазақтың босағасында бір түп жусан не туған жердің бір уыс топырағы түйілген түйіншектің ілулі тұратыны ақиқат.

Бұлардың бəрін айтып жатқан себебіміз, ХІХ ғасырда жерден айыру Ресей империясының Қазақстанды отарлаудағы саясатының ең шырқау шыңы еді яғни отарлау саясаты күшіне мінді. Жағдай асқынды. Дəл осынау зұлымдық саясаттың ұлттық сөз өнерінде көрініс табуы тарихи қажеттіліктен туындаған еді. Адамзат баласының тарихында халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жампоздар көп болған. Сондай елжандылығы үшін зардап шегіп, қиянат көргендері де аз емес. Жалпы, тəңірі болмысына ақындықты бұйыртқан тұлғалардың тағдыры жеңіл болмаған. Тым əріге бармай-ақ, іргелі ел болып табылатын Ресей тарихына үңілсек те, көп жайтты аңғаруға болады. Бодандық емес, азат санаға ұмтылғаны үшін Ресейдегі ақынжазушылардың көпшілігі, əсіресе, танымалдары зардап шекті. Николай патшаның жарлығымен Рылеев дарға асылды, Пушкин 38 жасында дуэльде өлді, Грибоедовты Тегеранда бауыздап өлтірді. Небары 27 жасында Лермонтов дуэльде өлді, Веневитиновты қоғам 22 жасында мерт қылды, Кольцов 33 жасында өлді, аштық пен жоқшылыққа ұрынған Белинский 35 жасында өмірден озды, Баратынский 12 жыл айдаудан кейін азап шегіп өлді, Сібірдегі каторгалық ауыр бейнеттен соң Бестужев Кавказда жап-жас күйінде қайтыс болды.

Бұндай жағдайлар жалғыз Ресейде ғана емес, рухани игілікті жасаушылар мен қатыгез қоғамның, биліктің арасындағы кереғарлықтан басқа өңірлерде де болғанын тарих жақсы біледі. Махамбет, Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Шəкəрім, Сəкен, Бейімбет, Ілияс т.б. тағдыры бұл ойымызға толықтай дəлел бола алмақ. Патшалық Ресейдің отарлау саясатына заңды түрде мұрагер болған кеңестік билік жүйесі тұсында зардап шеккен ақын-жазушыларды толықтай тізіп көрсетпесек те, жоғарыда аталған ұлтымыздың бір туар перзенттерінің тағдыры да көп нəрсені аңғартса керек.

Дəл сондай тағдыр ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-əлеуметтік ауыр жайтты жырлаған Орталық Қазақстан өңірі ақындарының да пешенесіне жазылды. Отарлау саясатының асқынуы, патшалық Ресей билігінің Кенесары қозғалысынан қатты қауіптенуі, жержердегі бас көтерулер, Ресейдің өзінде де, отары боп табылатын шет аймақтардағы халықтың ірі толқулары, ХХ ғасыр басындағы революциялық дүмпулер, халық наразылығынан қорыққан империя билігінің жекелеген шегіністерге баруы, оқу, білім, баспасөз саласындағы өзгерістер – бəрі-бəрі де сөз өнерін жасаушы, халықтан шыққан ақындар назарынан тыс қалған жоқ. Сыртқы бейнесі өзгергенмен, отарлау саясаты, қазақ халқына патша заманында-ақ «басұрман», «түземқы» деген атаулар коммунистікбольшевиктік дəуірде одан əрі қарай жалғасты. Қалың бұқараны соңынан ертіп, сеніміне кіруді мақсат тұтқан жүйе автономиялы ел боламыз деп, қазақтың тəуелсіз мемлекетін құруды ниет еткен алаштың ардагер азаматтарын да зымияндық саясатпен өз дегендеріне пайдалана білді. Олар бірден-бір оқыған, ірі саясаткер, мықты зияткерлік өре-деңгейдің шыңы болғандықтан, оларға түрлі лауазым, қызметтер ұсынды. Ел арасындағы бедел, абыройларын шебер пайдалана білді. Ал, кеңестік жүйе күшейіп, нығайып алғаннан кейін, оларды түгелдей дерлік атты, асты, жер аударды.

Патшалық отарлау саясатының заңды жалғасы болған коммунистікбольшевиктік жүйе жайлы, қазақ халқының басына түскен нəубет, зұлмат жайлы, Қазақстан жеріндегі, оның ішінде Орталық Қазақстан өңірінде де орналасқан еңбекпен түзеу лагері, колониялары т.б. жайлы зерттеу еңбектері біршама жазылды. Ж.Қасымбаевтың [27], М.Қозыбаев, Ж.Абылхожин, М.Алдажуманов К. [28], М.Қозыбаев [29], М.Тəтімов [30], Ж.Абылхожин [31], М.Қозыбаев, К.Алдажұманов [32], Т.Омарбеков [33, 34], Т.Алланиязов О.Наймушина [35], Т.Алланиязов [36], Т.Алланиязов, А.Таукенов [37], Шаймуханов Д.А., Шаймуханова С.Д. [38], Земсков В. [39] еңбектері, осы ойымыздың дəлелі.

Адамзат баласының тарихында күштінің əлсізге күш көрсетуі сияқты жайттардың болғаны рас, болып та жатқаны жасырын емес. Мемлекет шекарасын кеңейту, материалдық байлықты иемдену арқылы экономикалық үстемдікке ие болу – отарлаушы елдердің басты мақсаты. Əлем елдері тарихынан бұған көптеп мысалдар келтіруге болады. Салыстырмалы түрде алсақ, қазақ даласына жүргізілген отарлау саясаты өркениеттен жұрдай, өте тұрпайы жүргізілгенін байқау қиын емес. Бұл жайт патшалық отаршыл кезеңде ғана емес, кеңестік кезеңде де асқан зұлымдық, зымияндық сипатта жүргізілгенін байқау жəне қиын емес. Демек, отарлап алу ниетімен қазақ жеріне келген жат жұрттықтардың қаншалықты дəрежеде өре-деңгейі болғанын байқау үшін үлкен оқымысты болудың қажеті шамалы.

Ел басындағы осынау күрделі де қиын кезең халықтың руханият мұрасынан орын алды. Жалпы, ХІХ ғасырдың соңындағы Орталық Қазақстан жеріндегі азаттық идеясының əдебиетті жасаушылар шығармаларындағы көрінісін сөз еткенде, төмендегідей тұжырымдар жасауға толықтай негіз бар деп есептейміз: біріншіден, тəуелсіздік идеясының Орталық Қазақстан ақындарының шығармашылығындағы көрінісі – барша қазақ жеріне, ондағы өнерді жасаушылардың барлығына тəн үдеріс. Жекелеген қоғамдық-əлеуметтік, саяси жағдаяттарды есепке алсақ, бір Қазақстан жерінің өзінде тəуелсіздікті аңсаған ақындар шығармаларының молынан көрінуі, екінші бір жерлерде шамалылау көрінетінін де есепке алғанымыз абзал. Бір өңірде екінші өңірге қарағанда осындай сипаттағы шығармалардың молдау немесе аздау көрінуі талант кемістігінен, дарын төмендігінен емес, тоталитарлық тəртіп тұсындағы қатаң цензураның тыйым салуынан ұзақ уақыт бойы жарық көрмеуінде, көне көз қариялардың бүгінде бақилық боп кетіп, көп мұраны өз көкіректерінде сақтаса да, өзімен бірге ана дүниеге алып кетуінде, сөйтіп, ұмытылуында, мүлдем жоғалуында деп білген абзал; екіншіден, дəстүр сабақтастығы мен жалғастығын сақтай отыра, Орталық Қазақстан өңіріндегі ақындар шығармашылығына тəн жалпы сипаттарды да айта кеткен жөн: а). Орталық Қазақстан жеріндегі Ұлытау, Қарқаралы төңірегі, Нұра, Шерубай-Нұра, Тоқырауын, Тасарал сияқты өзенді жерлерде қазақтың байтақ даласына тəн рухани мəдениет, ұлттық рух, болмыс-бітім, кескін-келбет ертеден-ақ белгілі бір дəрежеде орнығып, қалыптасып, өркен жайған болатын, ал бұл жайт өз кезегінде қазақ сахарасында болып жатқан ірілі-ұсақты оқиға, құбылыстарға сын көзімен қарап, қорытынды, тұжырым жасауға ақындарға алғышарттар жасады; ə). Тым əріге барсақ, Алтын Орда империясы дəуірлеген тұстағы оқиғалар, саяси, экономикалық, рухани жайттар, Қазақ хандығының құшағын кеңге жайған тұсындағы жайттар, Ұлытаудың іргесіндегі Кішітауда жатқан Асан Қайғы, Тоқтамыс хан, Едіге би, əйгілі Орда-Базар қаласы, сəл бертіндегі Қаз дауысты Қазыбек, Шабанбай, Жарылғап, Жидебай, Байғазы, Сеңкібай, Деріпсалы батырлар заманы, арыстан жүректі Қасым, оның жолбарыс жүректі ұлдары Кенесары-Наурызбай бастаған халық қозғалысы, Ағыбай, Жанайдар, Басықара т.б. батырлар уақыты – бəрі-бəрі де Орталық Қазақстан жері куə болған жайттар. Ендеше, ұлттық рухтың белгілі бір дəрежеде көмескіленбей, өршелене қияға өрлеуі сол оқиғалардан тыс болып еді деп айтуға болмайды; үшіншіден, Орталық Қазақстан жерінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен ақындар шығармаларындағы азаттық идеясының көрнісіндегі бірнеше жайтқа назар аударған абзал деп есептейміз: а). Өңір ақындары заман келбетіне, қоғам талабына, уақыт тынысына қатысты өз көзқарастарын білдіріп отырды. Сондықтан да 1917 жылғы Қазан көтерілісіне дейінгі уақыт сызын, əсіресе, елге жақсылығы тимеген болыс, билер, старшындарды сынау бірінші кезекке шықты; ə). Патша саясатын сынау, қазақы қоғамның тамырына балта шабу сияқты жымысқы саясатты ел ақындары жан-тəнімен, сұңғылалықпен түсіне алды. Əсіресе, 1916 жылғы июнь жарлығына сəйкес қазақ жастарынан бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына адам алу халық арасында, оның көңіл күй ақындары арасында үлкен ашу-ыза туғызды, бұл оқиға олардың отты жырларына арқау болды; б). Орталық Қазақстан өңірінің ақындары Алаш қайраткерлерімен үндес, пікірлес, ниеттес болды. Олардың көпшілігі (Нарманбет, Дия қажы т.б.) Алаш идеяларын қолдап қана қоймай, соған өлеңдер арнады; төртіншіден, Орталық Қазақстан өңірінде ғұмыр кешіп, өз шығармаларына тəуелсіздік идеясын арқау еткен ақындарды азаттықты аңсаған ақындар деп немесе, керісінше, кеңестік коммунистік-большевиктік жүйені жақтағандар деп кесіп-пішіп айту қиынға соғады, себебі, Қайып, Жолдекей, Ғабдиман, Маясар, Жəкен т.б. қазақтың көсегесін көгертетін, елжұрттың көңілінен шығатын барша жақсылықты тек Кеңестік жүйе жасайды деп есептесе, бұлардың патша билігі құласымен, сол кеңестік билікке үлкен үмітпен қарағанын естен шығаруға болмайды. Ал, патшалық билікті өлтіре сынап, қазан төңкерісінен соң кеңес билігін қуана қарсы алғандар өз үміті мен сенімін сол жүйеге артты.

Алайда үміт ақталмады. Ақ пен қызыл болып, екі жікке бөлініп, атысу, шабысу, қанды террор, елдің ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама заманындағыдай босқыншылыққа ұшырауы, азамат соғысы, өте икемсіз, сауатсыз, тұрпайы жүргізілген экономикалық саясат, қанаушы, қаналушы деп бөлу арқылы қалың бұқара арасына жік салу, таптық соғыс өртін тұтату, жиырмасыншы жылдардың жəне отызыншы жылдардың басында қолдан ұйымдастырылған аштық, ауқатты адамдарды тəркілеу, күшпен ұжымдастыру, «халық жауларын» жазалау т.б. алапат оқиғалар ел басына «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей нəубет, зұлматты туғызды. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты кеңестік жүйе тұсында одан əрі жалғасты. Ресей елінде болып жатқан сұрапыл оқиға, құбылыстар айна-қатесіз Қазақстан жерінде де өз көрінісін тапты. Елдің басқа өңірлері сияқты Орталық Қазақстан жерінде де жаппай басқа шет елдерге көшіп кету орын алды. Кеңестік билік тұсында күні кешегі ауқатты адамдардың, би, болыс, төре, қажы, сұлтан, хан, молда тұқымдарының ұрпақтары, туған-туыстары жаппай қуғынға ұшырады, атылды, түрмеге жабылды.

Адамзат қоғамының даму заңдылықтарының диалектикалық қағидаларына сүйеніп айтсақ, Қазақстан жеріндегі Орталық Қазақстан өңірі ақындарының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы отыз шақты жылында қалыптасқан қоғамдық-əлеуметтік, саяси, тарихи жағдайлардың нəтижесінде тарихи, рухани сахнаға шығуы тарихи қажеттілік еді. Дихан Қамзабекұлы: «Тарих дамуының өз ырғағы болуы мүмкін, бірақ ол даму адамдар үшін – соқтықпалы-соқпақсыз жəне бұралаң. Ой мен сезім оны осылай қабылдап қорытады. Əдебиет – сол ой мен сезімнің айнасы», — деп сипаттайды.

Басын ашып айтсақ, бір жайт анық, ол – сол кезеңнің өзінде-ақ қазақ жеріндегі бір оқиға, құбылыстың, сол оқиғаға, құбылысқа арналған ақын шығармасының даланың ұзын құлақ деп аталатын ақпараттық жүйесі арқылы бүкіл аймаққа табан астында асқан жылдамдықпен тарай білгендігі. Нақты мысалға жүгінсек, елдің Оңтүстік өңірінде туып, Қарағанды облысының Шет ауданының орталығы – Ақсу-Аюлы ауылында қайтыс болды деген атақты Шортанбай ақын Қанайұлының шығармалары оның туған, дүниеден озған өңірлерінде ғана емес, исі қазақтың барша өңірлерінде кең таралып, ауыздан ауызға көшіп, айтылып келгенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Осынау зар заман ағымы өкілі ғұмырының басым бөлшегі Орталық Қазақстан жерінде өтсе де, оның киіз туырлықты қазақтың рухани, мəдени азығына, тіпті исі Алаш жұртының ортақ игілігіне айналуындағы басты себеп өнердің еш шекараны білмейтін өміршеңдігінде ғана емес, ондай шығармалардың өзек, арқауына тəуелсіздік идеясының негізгі іргетас болуы деп ғылыми тұжырым жасаймыз. Бұл жерде мəселе тек Шортанбай Қанайұлы туралы ғана болып тұрған жоқ, одан бертіндегі Нарманбет, Дия қажы, Жуасбай, Мəди т.б. туралы да болып отырғанын баса айтқымыз келеді.

Тəуелсіздік – киелі ұғым. Ол бірдің емес, мыңның, көптің, баршаның арман-аңсары. Ал, терең үңілген жан бұл ұғымның əлдеқайда күрделі, қатпарқатпар тылсым да құпияға толы ұғым екенін байқаса керек. Тəуелсіздік, азаттық, еркіндік бодандықта бола тұрып, өзін отарлап отырған империяға қарсылық білдіру, күреске шығу, ақындардың бостандыққа үндеген жырларының қай уақытта болса да тұтас бір идеологияның қызметін атқаруы қалың халықтың назарын аудармай қойған жоқ.

Тəуелсіздік – қоғамда, өмірде, айнала қоршаған ортада ғана емес, əр адамның ішкі болмысына ұя салған Жақсылық пен Жамандықтың алғашқысын жақтаған адам пиғылы. Тəуелсіздіктің салтанат құруы немесе кешігіп келуі – бəрі де адам болмысымен тығыз байланысты. Тəуелсіздік – адам рухының өре- деңгейі. Биіктігінің немесе аласалығының көрсеткіші. Тұтас бір ұлттың, халықтың еркіндікке, азаттыққа ұмтылып, отарлаушы елдің қанды шеңгелінен құтылуды ғана емес, тағдырдың пешенесіне жазып қойған жазмышына деген қарсылығы деп те ұғынамыз.

Қазақ халқы – ғасырлар бойы тəуелсіздікке ұмтылған халық. Алайда арғы-бергі тарихта мемлекеттігінен айрылып, бодандықтың ауыр қамытын киіп, тұтас ХІХ ғасыр мен кеңестік дəуір деп аталатын ХХ ғасырдағы жетпіс жылдан астам уақыт бойы қазақ ұлтының көрген теперішін еш халық көрген жоқ деп батыл айтуға болады. Адамзат баласының тарихында өз халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған атақты тұлғалар көп болған, алайда олардың басым бөлшегі қазақтың тарихына есімдері алтын əріппен жазылған Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ə.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов т.б. көрген азап пен қорлықты көрген жоқ. Егер бір миллионға да толмайтын халықтың өкілі иман Шəміл орыс отаршылдығына қарсы күрессе, көтеріліс жеңілген соң Кавказдың сол перзентіне орыс империясы кешірім жасады, ал «тірі тұрғанда орыстың отарлау саясатынан қазақты азат етем» деген ұлтымыздың ұлы перзенті Кенесары хан Қасымұлының ХІХ ғасырдағы ауыр тағдыры көп нəрсені аңғартса керек. Демек, бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық ұғымдарының отаршылдық жылдарында қазақтың өз ішіндегі өре-деңгейін, əрірек алғанда, Азияны мекендеген түркі тілдес туысқандардың ұжымшылдығын пайымдап, саралау көп нəрсені аңғартса керек дегенді айтқымыз келеді. Ал, бұл жайттар тарихи жағдаяттардан туындаған еді. Өз кезеңінде осынау қалыптасқан жағдайлар өзгеше рухтағы, соңғы серпін, жаңа лепке негізделген, азаттық идеясын арқау еткен поэзияның тууына алғышарттар жасады, отты да өміршең поэзияны тарих сахнасына шығарды.

Авторлық сілтеме:
БАЙМЫШ ЛАУРА ҚҰРМАНƏЛІҚЫЗЫ — Орталық Қазақстан ақындары шығармашылығындағы отаршылыққа қарсылықтың көрінісі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *