Қазіргі мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесі: құрылымы мен қызметі

Мемлекеттік-әкімшілік басқару теориясында құрылым түсінігі басқару жүйесіндегі тұтастықты қамтамасыз ететін қалыптасқан байланыстардың жиынтығын білдіреді. Әртүрлі елдердегі мемлекеттік әкімшілендіру жүйесін компаративтік зерттеу басқарудың орталық және жергілікті органдарын ұйымдастыру мен қызметінінің формаларында көптеген әртектіліктер байқайды. Бұл әртектіліктердің кейбіреуі елдердің экономикалық және әлеуметтік даму деңгейіне байланысты. Экономикалық өсуінің төменгі қарқыны мен төменгі өмір деңгейлі аграрлық мемлекетке қарағанда, экономикалық өсуінің жоғарғы қарқыны мен жоғарғы өмір деңгейлі индустриалдық мемлекеттің басқаша әкімшілік институттары болуы мүмкін.

Мемлекеттік-әкімшілік басқару құрылымына әсер ететін тағы бір маңызды фактор, — әкімшілік органдар шеңберінде әрекер ететін саяси режимдер. Осы себептен бірдей әлеуметтікэкономикалық құрылымы бар екі елде өзінің табиғатынан әртүрлі мемлекеттік-әкімшілік институттар болуы мүмкін. Саяси режимдері ұқсас және бірдей әлеуметтікэкономикалық деңгейі бар (мысалы, дамыған Батыс елдерінде) мемлекеттік-әкімшілік басқарудың неғұрлым әртүрлі үлгілері жиі кездеседі. Бұл жағдайда негізгі айырмашылықтар мемлекеттің территориялық ұйымдастыру типімен анықталады. Осы көзқарас бойынша мемлекеттікәкімшілік басқарудың екі негізгі типі кездеседі: унитарлық және федеративті.

Унитарлық жүйе оған енетін территорияға өте аз автономия береді, негізгі басқару тікелей астанадан жүзеге асады. Территориалдық бөліктер — Франциядағы департаменттер, Италиядағы провинциялар, Швециядағы графтық — негізінде әкімшілік ыңғайлылық үшін қалыптасады.

Федералдық жүйе неғұрлым өзіндік саяси өмірі бар бірліктерден тұрады (АҚШ пен Бразилиядағы штаттар, Швейцариядағы кантондар, Германиядағы жерлер). Бұл бірліктер өз еркімен қысқарылмайды немесе заңды негізде орталық билікпен өзгертілмейді. Теориялық үшінші мүмкіндік бар— конфедерация — оның құрамдас бөліктері отралық билікке қарсы нәтижелі күресе алатын ерікті құрылым. Конфедерациялар негізінде өміршең емес, олар не бөліктерге бөлінеді, не федерацияға айналады. Тарихи мысал ретінде Швейцарияны атауға болады. Бұл ел әлі күнге дейін өздерін конфедерация деп атайды, бірақ іс жүзінде мемлекеттік-әкімшілік басқаруының федералды типіне ие.

Федералдық принцип бойынша бюрократиялық құрылымның қалыптасу тарихына алып келген бірнеше себептерді атауға болады. Оның ішінде біріншісі – мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтуға ұмтылу. Бірнеше кішігірім мемлекеттер өздерінің ресурстарын біріктіре отырып неғұрлым құдіретті көршілерінен қорғануға қабілетті. Тарихи мысал ретінде Швейцарияны және Бразилияны атауға болады. Екіншіден, егер бірнеше кішігірім мемлекеттер агрессиялық экспансияға мүдделі болған жағдайда, бюрократия федералды принцип бойынша құрылады. Осындай мемлекеттердің дипломатиялық және әскери ресурстарын біріктіруі XIX ғасырдың аяғында бисмарктық Германияны алдыңғы қатарлы державалардың біріне айналдырды.

Кейбір жағдайда қандай да бір ұлттың нақты бір әлеуметтік табы экономикалық артықшылықтар алу үмітімен федералдық жүйені қалауы мүмкін. Американдық тарихшы Ч. Бирд 1787 ж. АҚШ Конституциясын оның негізін қалаушылардың орталық билікті күшейте отырып өздерінің мүліктік мүдделерін қорғауға әрекет ретінде қарастырды.

Және, ақырында, мемлекеттік-әкімшілік басқарудың федералды типі жиі ұлттық бірлікті сақтаудың жалғыз тәсілі ретінде шығады. Британ отаршылдық үстемдігі аяқталған соң Үндістан басқарудың федералды типін құрады, Бенгалия, Пенджаб, Маратхастан, Раджастан сияқты мемлекеттердің өзінің мәдениетін қолдауға және бір мемлекетке бірігуге мүмкіндік берді. Егерде оларға жергілікті автономияға кепілдік бермегенде, бұл мемлекеттер федералды одаққа ешқашан кірмес еді.

Федерализм әрқайсысы нақты бір мәселелерге жауап беретін басқарудың әртүрлі деңгейлерін құра отырып жергілікті автономияны неғұрлым тиімді қорғайды. Көптеген елдерде басқарудың үш деңгейі бар: ұлттық (федералды), аймақтық (провинция, жерлер, штаттарды басқару) және жергілікті. Бұл бірліктер әдетте пирамиданы құрастырады: оның негізінде жергілікті басқарудың көптеген бірліктері болады, оның астында одан кішіректеу басқару бірліктері (штат, жер, провинция), ал жоғарғысында – орталық басқару. Унитарлық жүйесі бар елдерде жиі осыған ұқсас болады, бірақ басқарудың төменгі деңгейлері мардымсыз билікке ие екенін байқауға болады.

Федералдық құрылымда мемлекеттің әкімшілік қызметтері заңды және іс жүзінде федерация мен федерация субъектілері арасында бөлінеді. Бұл бөлінулердің маңызды салдары бар. Біріншіден, мемлекеттік аппараттың мәлім біркелкіліктен аулақ болады. Федерацияның әрбір мүшесі өздерінің әкімшілік мекемелерінің құрылымын өз қалаулары бойынша таңдауға құқылы. Екіншіден, федералдық құрылым араларында органикалық байланысы жоқ екі қабатты әкімшіліктің пайда болуына алып келеді. Бұндай дуализм федералды әкімшіліктің қол астындағы салаларға қиындық тудырмағанымен, федерацияның да, федерация субъектерінің де жетіктілігіне қатысты қызметтерде жағдай басқаша. Үшіншіден, федерализм әсіресе басқарудың әртүрлі органдарына қызметкерлер қабылдау кезеңінде мемлекеттік қызмет саласында спецификалық проблемалар тудырады. Федералдық мемлекеттерде басқарудың орталық аппаратында федерацияның бір ауданының адамдарының монополиясы болуы мүмкін деген қатер де бар.

Мемлекеттік-әкімшілік басқарудың унитарлық жүйесі де өзіндік ерекшеліктерге ие. Бұл жерде үкімет пен орталық әкімшілік жергілікті биліктерге басым бақылауға ие. Унитарлық мемлекетте әкімшілік жүйенің бірлігі мемлекеттік қызметтің біркелкі үлгісі арқылы жүзеге асады. Бірақ унитарлық мемлекетте де орталық билік барлық жергілікті мәселелерді шеше алмайды. Мемлекеттік-әкімшілік басқарудың федералдық та, унитарлық та жүйесінде өзінің жетістіктері мен кемшіліктері бар.

Унитарлық мемлекетте әкімшілік биліктің жинақталуы барлық билік астанадан келіп түскендіктен жергілікті проблемаларды шешуге деген құлшыныстың болмауы мүмкін. Бұл сезім үкіметтен де, мемлекеттік-әкімшілік институттардан да адамдардың алыстауына алып келуі мүмкін. Өз проблемалары мен көзқарастарын таныстыруға мүмкіндік жоқ деген сенімнен кейін саналы мемлекеттік саясат жүргізу проблемалы болады. Мемлекеттік-әкімшілік басқарудың федералды жүйесіндегі басымдылық әрине жергілікті деңгейде шұғыл шешімдер қабылдауға мүмкіндіктің болуы. Азаматтар жергілікті әкімшілікке жақын бола отырып лауазымды адамдарға ықпал ете алады, шешімдер қалай қабылданып, оның нәтижелері қандай екенін де көре алады. Жергілікті әкімшілік ірі әкімшілік бірліктерге қарағанда жаңа бағдарламаларға эксперимент жасай алады.

Бірақ жергілікті деңгейде шешім қабылдаудың өзінің кемшіліктері бар. Әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру үшін қаржының жетіспейтіндігі жергілікті әкімшілікте жиі кездеседі. Басқарудың жергілікті аппаратындағы лауазымды адамдарға көбіне жоғарғы кәсіби мамандындығы болмайды. Сондықтан унитарлық мемлекеттегі биліктің орталықтануы заманауи қоғамның неғұрлым күрделі проблемаларын шешуде басым болады. Унитарлық жүйелерде орталық үкімет пен әкімшілік экономикалық ресурстарға ие бола отырып, жоспарлауға, дамытуға мүмкіндіктері бар. Осы себепті кейбір федералды мемлекеттер соңғы жылдары неғұрлым орталықтанған болып отыр. Осының барлығысы біздің заманымыздың қызықты үдерісінің пайда болғандығының куәсі: унитарлық жүйелердің федералдық бағыттағы, сонымен қатар федералдық жүйелердің унитарлық бағыттағы эволюциясы болып жатыр. Заманауи мемлекеттегі мемлекеттік-әкімшілік басқарудың негізгі деңгейлерін қарастырайық. Жоғарыда атап өткендей, көптеген елдерде бұндай деңгей үшеу: ұлттық, аймақтық, жергілікті.

Басқарудың ұлттық деңгейі. Көптеген елдерде бұл деңгейге президент әкімшілігі, үкімет аппараты, парламенттің және Жоғарғы соттың аппараты енеді. Басқарудың аймақтық деңгейі. Федералды мемлекеттерде әкімшілік басқарудың міндеттерінің басым бөлігі дәл осы деңгейге келеді. Осында басым федералды заңдар, жеке құқық жүзеге асады.

Басқарудың жергілікті деңгейі. Унитарлық та, федералды да мемлекеттерде әкімшілік басқарудың жергілікті деңгейінде алты негізгі қызмет жүзеге асады:

• қоғамдық қауіпсіздік;
• егде, мүгедек, балаларға көмек бағдарламасы;
• реттеуші қызмет;
• қоғамдық құрылысты жоспарлау;
• қоғамдық қызметтер;
• мемлекеттік кәсіпорындарға иелік.

Мемлекеттің әкімшілік органдарының қызметтері. Американдық саясаттанушылар Майкл Роскин, Роберт Корд және Уолтер Джонс мемлекеттік әкімшілендіру қызметінде алты негізгі бағытты бөліп көрсетіге болады деп санайды: шешімдерді орындау, реттеу, лицензиялау, ақпарат жинау және коммуналдық шаруашылық.

Авторлық сілтеме:
Дюсембекова М.К. Мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесі «Саясаттану» мамандығы студенттері үшін оқу-әдістемелік құрал/ Астана: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2013, — 176 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *