Қазақтар этногенезі

Осыдан 3-2 мың жылдықтар бұрын қазіргі Қазақстан аймағында көшіп-қонып жүрген тайпаларды қазақ халқының тікелей арғы ататегі болып табылады деп бірден айтуға болмайды. Дегенмен де бұл тайпалар қазақ халқының қалыптасуына тікелей атсалысқан. Көне замандарда Қазақстанды мекендеген тайпалардың өмірін зерттеу, дəстүрлі түрде қола ғасырынан басталған. Қазақстан мен оған шекаралас аймақтарда, біздің дəуірімізге дейін 2-1 мыңжылдықтар аралығында өмір сүрген тайпалар, олардың мəдениетіне сəйкес андрондықтар деп аталады. Андрондық тайпалар туралы нақты мəліметтер жоқ. Алайда ғалымдардың есептеуінше, қазақ этносының нəсілгенетикалық дамуының бастауы қола ғасырынан басталады. Бұл қазақ ұлты мен көне андрон мəдениетінің кейбір ұқсастықтарымен дəлелденген. Қазақстан аймағында əр түрлі құрылыстар, обалар түріндегі андрон мəдениетінің көптеген ескерткіштері сақталған. Андрондықтардың қыш-құмыралы бұйымдарындағы өрнектер қазақ тардың кілемдерінің, əшекейлерінің, киіз үй жабдықтарының заманауи өрнектеріне көп жағынан ұқсас болып, сəйкес келеді. Отқа, аруақтарға табыну, көп мөлшерде қойларды, жылқыларды өсіру жəне олардың өнімдерін тағамына пайдалану, андрондықтар мен қазақтардың өмірлік əдет-ғұрыптарының туыстық жақындығын дəлелдейді.

Қазіргі Қазақстан аймағында көшіп-қонып жүрген, біршама кешірек қалыптасқан тайпалар; сақтармен, ғұндармен, үйсіндермен, қаңлылармен, сарматтармен де қазақтардың этногенетикалық байланыстары бар. Кейбір ғалымдардың пікірлерінше, үйсіндер тайпалары мен кейіннен қалыптасқан қазақ этносының арасында тікелей байланыс бар, бұны олардың өмірлік əдет-ғұрыптарындағы ортақ белгілері дəлелдейді. Бұл көшпелі өмір салтымен үйлескен мал шаруашылығының анықтаушы рөлі, баспана ретінде киіз үйді пайдалану, кешенді шаруашылық (малшаруашылық-егіншілік), сүтті, етті тағам ету, нанды бидайдан пісіру жəне тағы басқалары. Бұлардан басқа, қоғамдық-əлеуметтік құрылымында да ұқсастықтар байқалады. Мəліметтер көзі бойынша, үйсіндік қоғам үш бөлікке бөлінген; сол қанат, орталық қанат жəне оң қанат, бұны қазақтың үш жүзімен сəйкестендіріп келтіруге болады. Бұл қазақ этносы мен ертедегі тайпалардың арасындағы этногенетикалық сабақтастықты дəлелдейді.

Ғалымдардың есептеуінше, қазақ халқының тікелей қалыптасуы түрік этногенезінің бастамасымен байланысты. Түркі кезеңіндегі шаруашылықтық-мəдени тіршілік əрекеттерінің үлгілері кейіннен көптеген түркі халықтары үшін (қазақтар, қырғыздар, қарақалпақтар, башқұрттар, ноғайлар, алтайлықтар, түрікмендер) ортақ болып қалған. Қазақстан аймағын моңғол шапқыншылығына дейін мекен еткен түркі тайпалары біртұтас халықты құруға дайын болған еді. Қимақ-қыпшақ конфедерациясының одағы осының мысалы болып табылады. Қыпшақтар таралған, Алтайдан Еділге дейінгі аймақты парсы ақыны, саяхатшысы жəне мемлекет қайраткері Насыр Хисроу «Дешті Қыпшақ» (қыпшақтар даласы) деп атаған.

Алайда моңғол əскерінің басқыншылығы бұл үдерісті, бірнеше ғасырға артқа шегеріп, бəсеңдетті. Қалыптасқан шаруашылықтықэкономикалық жəне мəдени-этникалық байланыста бұзылды. Көптеген түркі тайпалары бытырап, бұрыңғы ынтымақтастығынан айырылған болатын. Моңғолдардың əсерінен тайпаның басқару жүйесінде де, шаруашылықтық əрекетінде де, ғұрыптарында да, салт-дəстүрлерінде де өзгерістер пайда болды. Сонымен қатар моңғолдардың басып алушылық іс-əрекеттері Қазақстан халқының этникалық құрамына да өзгерістер енгізді. Моңғолдармен бірге Қазақстан аймағына шығыстан қияттар, маңғыттар, барластар, қоңыраттар, татарлар секілді тайпалар да келді жəне бекінді. Қазақстан аймағы əр түрлі этникалық топтардың көшіп-қонуына үнемі ұшырап отырды. Этникалық қарқынды араласу, əсіресе, ғұндардың ұлы қоныс аударуы кезеңінде жəне кейіннен түркі тайпалары мен моңғол шапқыншылығы дəуірінде де, қазақтардың сыртқы бет-əлпетінде өз іздерін қалдырған болатын. Бұдан бөлек, қазақтардың ата тегі, қарқынды этнокөшу үдерістері кезеңінде, басқа этникалық топтардың өкілдерімен араласып, оларды өз этностарына ұқсастандырған. Бұл сондай-ақ моңғолдарға да қатысты болды. Олар ақырындап түркілердің салт-дəстүрлерін, ғұрыптарын, тілі мен дінін қабылдаған. Бұл жайында XIV ғасырдағы араб гео — графы Əл-Омар: «Бұрын бұл мемлекет (Алтын Орда) қыпшақтардың елі болған, бірақ оларды татарлар жаулап алған соң, қыпшақтар оларға тізе бүкті. Осыдан кейін жеңімпаздар олармен араласып, туысқан болды, бірақ та жергілікті халықтың табиғи жəне тұқым қуалаушылық қасиеттері біршама жоғары болып шықты, сөйтіп жаулап келгендер өздері де көп ұзамай нағыз қыпшақтарға ұқсап қалды» деп жазған.

Қазақстандағы этникалық үдерістердің шешуші сатысы б.з.д. I мыңжылдықтың ортасынан бастап, оның аймағына түріктердің жаппай таралуымен байланысты. Түріктер ежелгі сақтардың, сарматтардың, үйсіндердің, қаңлылардың ұрпақтарымен араласа отырып, Қазақстан жеріндегі этнодемографиялық жағдайды өзгертті. XIII ғасырдың басында Моңғолия мен Алтайдан Шыңғыс ханның қысымшылығынан Шығыс жəне Оңтүстік Шығыс Қазақстанға наймандар мен керейлер қоныс аударған. Сондықтан, Қазақстан аймағын өздерінің туған жері деп санаған тайпалар қазақтардың ататегі болып табылады.

XIV-XV ғасырларда Қазақстан жерінде жəне оған шекаралас аймақтарда бірнеше мемлекеттер: Ақ Орда, Моғолстан, Əбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы тіршілік еткен. Бұл мемлекеттердің тұрғындарын өзбектер, өзбек-қазақтар, моғолдар мен ноғайлар деп атаған. Халық этникалық жəне саяси жағынан біртұтас болуы үшін, ең алдымен, өзінің тəуелсіз мемлекеттігі болуы керек. Біртұтастыққа талпынған тайпалар Ақ Орда, Моғолстан, Əбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы секілді, саяси жағынан əр түрлі мемлекеттерге бөлшектенген болатын. Алайда бұл мемлекеттер қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу негізі болды. Барлық қазақ тайпалары мен рулары əр түрлі мемлекеттерге таралып кетсе де, олар бір тілде ғана сөйлеген.

Қазақ халқының қалыптасуы XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың басында, дербес тəуелсіз Қазақ хандығы құрылғанда, аяқталды. Осылайша, халықтың қалыптасуының тағы бір шарты іске асты, өз мемлекетінің атауы пайда болды. Қазақ хандығында қазақтар үшін ортақ этникалық сана күшейіп, ру мен тайпалық сана біртіндеп төмендей бастады. Осылайша, «қазақ жері», «қазақ мемлекеті», «қазақ елі» деген түсініктер пайда болды. Этникалық тарихи-хронологиялық қалыптасудың: рулық тайпалар, халық, ұлт сияқты үш түрін бөледі. Бұл бірлестіктердің əрқайсысында өзіндік этникалық сана-сезім болады. Этникалық сана-сезім – бұл адамның өзін белгілі бір этникалық бірлестіктің мүшесі ретінде сезінуі. Рулар мен тайпаларға бөліну дəстүрі барлық замандарда да сақталып келген. Қазақтарда, олар халық болып қалыптасқаннан кейін де, этникалық сана-сезімнің барлық түрлері көрініп тұрған. Əсіресе, қазақтардың халық ретінде қалыптасуының бастапқы сатыларында, ру мен тайпалық түсінік халықтық этникалық түсінікпен салыстырғанда, басымдырақ болды. Мысалы, «Сен қай рудансың?» деген сұраққа, жауап беруші бірінші өзінің руын, сосын тайпасын, соңында жүзін айтуы тиіс. Əдетте, олар өздерін тек ел шекарасынан шыққанда ғана қазақпыз деп атаған.

«Қазақ» атауының (этнонимінің) шығу тегі туралы көптеген пікірлер бар. Əлі күнге дейін ғалымдар осы мəселе бойынша пікір таластыруда. «Қазақ» атауының жазба əдебиеттерде қашан пайда болғандығы туралы ғылымда нақты мəліметтерде жоқ.

Қазақ сөзі алғашқылардың бірі болып авторы белгісіз түркі-араб сөздігіндегі мұсылмандық жазба көздерінен кездестіруге болады. Бұл, бəлкім, мəмлүктік Мысырда қыпшақтармен құрастырылған деген болжам бар. Сөздік қолжазба бойынша 1245 жылдан белгілі болды жəне Лейденде 1894 жылы басылып шығарылды. Бұл жерде қазақ сөзі «баспанасыз», «үйсіз», «айдалған», «еркін», «кезбе» деген мағынаны білдіреді. Осы сөздік бойынша бұл терминге əлеуметтік мəн берілген болатын. Осылай өз руынан, тайпасынан бөлінген жəне өз заңдары бойынша өмір сүруге көшкен адамдар тобын атаған. XV ғасырдың екінші жартысында «қазақ» термині өзбек ханы Əбілхайырдан Шу мен Талас өзендерінің аралығына көшіп кеткен тайпалар тобына бекітілген болатын.

Жəнібек пен Керейдің Өзбек ұлысынан Жетісуға көшуі қазақ халқының этногенезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ бұл рөл халықтың өзінің қалыптасуында емес, оның заманауи атауына ғана негіз болды. Өзбек хандығынан бөлінген жəне Жетісуға қарай көшіп келген, Əбілқайыр ханның саясатына наразы, жай ғана бөлшектенген тайпалар тобы ғана емес, қайта Дешті Қыпшақтағы Орыс хан ұрпақтары ұлысының халқын құраған рулар мен тайпалар бірлестігі болатын. Сондықтан бұл көшіп келу қазақ халқының пайда болуын анықтаған жоқ, тек осы үдерісті тездетті. Осы үдерістің ауыспалы сипаты «өзбек-қазақ» терминімен жақсы дəлеледенеді.

Осылайша, жоғарыда аталған деректерден байқалғандай, халықтың қалыптасуы өте ұзақ, созылмалы үдеріс болып табылады. Оның қалыптасуының ақырғы соңын белгілі бір уақыт кезеңімен сипаттау мүмкін емес. Алайда тарихи, этнографиялық, антропологиялық, лингвистикалық дерек көздері Қазақстанның тарихшы-ғалымдарына қазақ халқының қалыптасу үдерісі XIV-XV ғасырларда аяқталған деген қорытынды жасауына мүмкіндік береді.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *