Қазақстандық патриотизм — егемендік тірегі

Тәуелсіз Қазақстанның өркениеттің сара жолымен ойдағыдай өрге басуы оның азаматтарының ерен еңбегіне және Отан мүддесіне етер қызметіне байланысты екені баршаға аян. Адамзат тарихында тұрғындары ел, жер мүддесін ойлаған мемлекеттер үнемі дамып отырған. Мемлекеттің, жерін қадірлемеген халықтар дағдарысқа ұшырап, кері кеткен. Қазақ елі тарихы да осыны дәлелдеп келеді. Бабаларымыз «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қазіргі ұлан-байтақ жерімізге иелік етіп, оны бүгінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Бұл күрес ғасырлар бойына созылып, талай ерлер «толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығарға» жағдайда өмірден көшті. Қазақ этносы өмір сүру кеңістігі үшін күрескерлердің санын тізбектеу міндет емес. Олардың қасиетті есімдері ел есінде. Бұл есімдердің көше, даңғыл, ауыл, мектеп аттарымен жаңғырып жатуы құптарлық жағдай. Ел бастаған хандар, халыққа ақыл айтқан билер, қол бастаған батырлар тәуелсіз Қазақ хандығын 2,5 ғасырдай уақыт дербес мемлекет дәрежесінде ұстап тұра алды. Отаршыл, қуатты империалдар қыспағында қалған қазақ жұрты еріксіз орыс отаршылдығын таңдап, соған өзінің жеке халықтығын сақтау үшін қосылуға мәжбүр болды.

Ресей отаршылдығы елді әбден қасіретке душар етті. Қазақ халқының терең этнодемографиялық, әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұшырауы осы кезеңнен басталды. Халықтың қомақты бөлшегі ана тілінен, ұлттық салт-дәстүрден, халықты ұлы етіп біріктіретін ұлттық санадан айрылып қалды. Отанын сүймейтін, оның қайғы- қасіретіне күймейтін, қарақан басының ғана қамын жеген, бас пайдасы үшін ата-анасын, достарын, елін, жерін сатуға дайын мәңгүрттік психология ел санасына әбден дендеп енді. Отаршыл саясаттың нағыз жетістігі осы еді. Маргиналданған, бөлшектенген халықты билеу, айтқанды істету оңай болатын. Қазақ этносының да отаршылдық салдарынан маргиналдануы, психологиялық, тілдік және рухани бөлшектенуі қауіпті шеңберге жетті. Ел азаматтарының бірін-бірі сақтау, өркендету орнына бірін-бірі алдауы, сатуы көбейіп кетті. Сталиндік репрессия жылдарында арамдар мен сатқындар алаштың талай арыстарының қанын ішкені де мәлім. Отаншылдығы жоқтар отаншылдарды көрсетумен, жаламен құртуға ұмтылды. Бұл құбылысты тоталитарлық социализм тым үдете түсті. Миллиондаған қазақтар қырылып, жүздеген мыңы репрессияға ұшырады. Қазақ халқы отаршылдық саясат салдарынан ауыр моральдық деградацияға ұшырап, қорқақтық, екіжүзділік, сатқындық, өтірікшілдік пен өсекшілдік, жершілдік сияқты құбылыстар етек алды. Халықтың топтасу, ымыраласу, көмектесу, қайырымдылық сияқты ізгілікті сапалары едәуір әлсіреді. Ұлттық қорғану механизмдері, өзін-өзі сақтау қабілеті нашарлады. Мұндай девянттық құбылыстар ел азаматтарының отаншылдығының төмендеуіне әкелгендігі даусыз. Халықтың патриотизмі нашарлағанда мемлекеттің тағдыры баянсыз болатыны белгілі.

Бабаларымыз «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Бұл ақиқат патриотизмге де байланысты. Қазір қазақ-қалмақ соғыстары жылдарындағы жүректен, қанна келетін патриотизм аз. Себебі, дәстүрлі қазақ қоғамындағы этникалық тәрбие, қалыптасқан дін, салт-дәстүр барлығы синтезделіп отаншыл, елі мен жері үшін қандай да болмасын жанпидалық іске бара алатын ұл, қыздарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретін. Қазір осы дәстүрлі қазақ қоғамындағы тәрбие жүйесі жоқ. Сондықтан өткен заманғы отаншылдық та жоқ және бұл құбылыс тек қазақ ұлтына ғана тән емес. Әлем халықтарының көпшілігінде патриотизмге қатынас түбегейлі өзгеріп түрлі дәрежеде, түрлі сапада көрініс беруде.

Бұлай болатындығының мысалы Ирактағы саяси жағдай. Саддам Хусейн режимінің репрессиясынан қорыққан халық соғыс басталар алдында бүкіл әлем алдында өз көсемдерін жақтаймыз деп атой салумен болды. Ал нақты істе Ирак халқы өз жерін, шекарасын, үкіметі мен президентін қорғауға құлық көрсеткен жоқ. Ирак генералдары ақшаға сатылды, әскерлері қаруларын тастап, үйлеріне қашты. 1000000-дық Ирак армиясы 250000-дық американ- ағылшын армиясына бір ай да қарсылық көрсетпеді. Ирак елі одақтастар армиясының билігіне көшті. Бұл жалған отаншылдықтың, жалған айғайшылдық нәтижесі. Анығында Ирак саяси билігі мен Ирак халқын байланыстырып тұратын шын мәніндегі патриотизм, ортақ отаншылдық болған жоқ. Халық ел байлығын сүлікше сорып отырған Хусейн режимінен қорқумен болды, оны іштей жек көрді. Жалған ұрандар, жасанды патриотизм адамдарды сатқындыққа тәрбиелей берді. Ел тағдырын, жер тағдырын билік иелері де, қарапайым халық та қорғай алмайтындай психологиялық ахуал қалыптасты. Осы психологиялық ахуалды АҚШ басшылығы өте ұтымды пайдаланды. Халықтың қолдауынан айрылған Ирактағы саяси жүйе бөтен елдің қарулы күшіне ешқандай қарсылық көрсетпей масқаралықпен жеңілді. Себебі, режим халықты еліне, жеріне, Отанына деген махаббаттан айырды. Саяси жүйесінің алмасуынан Ирак халқы тікелей ештеңеден ұтылмаймыз деп есептеді. Ал, саяси және экономикалық биліктің АҚШ-Британ күштерінің қолына көшуі қарапайым ирактықтар өз өмірін тіптен жеңілдетеді деп есептеді. Себебі, ел байлықтары мен табиғи ресурстары онсыз да азғана билеуші топтың қолында. Олардан бұқара халыққа пайда жоқ. Олай болса өзіңе тікелей қатысы жоқ байланыстарды қорғап не керек? Осы ахуал Ирак режимінің талқан болуының себебі еді.

Экономикалық және әлеуметтік қатынастардың осындай біржақты, саяси, қаржылық және бизнес элитасының пайдасына қызмет етуі отаншылдықты біртіндеп ыдырататын құбылыс. Мемлекет байлығы, табиғат және қаржы қорлары ел халқының әр мүшесіне қызмет етер болса отаншылдық болмақ. Мысалы, Иракқа шабуылдаған әрбір американ-британ солдаты отаншыл. Себебі, ол және оның жанұясы мүшелері елдің ортақ байлығының титімдей болсын бөлігіне ие. Иракты басып алу түбінде оған және оның жақындарына, мемлекетіне пайда, табыс және абырой әкелетіндігін американ солдаты біліп те, түсініп те отыр. Прагматистік қоғамдағы эгоистік психология патриоттық сезімге өз ықпалын жасамай қоймайды. Жеке адам дамыған елде өзінің бас пайдасына қажет емес дүниеге баспайды. Жалаң отан сүю, жалаң ұран, жалаң сезім нақты іске келгенде сынды көтермейді. Психологияны, ниетті, көңілді түбінде пайда шешеді. Ирак режимі Ирак халқына пайдалы істер жасамай отыра халық билікті қолдайды, Саддамды сатпайды деп қателесті. Режим ирактықтардың сезімге беріліп антиамерикандық ұрандатуына сенді. Ал іс жүзінде барлығы керісінше болды.

Әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық өзгерістер әрбір елдегі халықтардың әлеуметтік ориентирлерінің, ішкі психологиялық ниеттерінің өзгеруіне әкелді. Прагматизм тек мемлекеттік саясатты ғана емес әрбір жеке адамның ниет-мақсаты мен іс-әрекетін анықтайтын дәрежеге көтерілді. Қазіргі қоғамдағы адамдар, әлеуметтік топтар мен халықтар тек өзіне игіліктер мен жақсылықтар әкелетін істер мен шараларға барады. Соларды орындау жолында аянбайды. Бұлай болуы әлемдік құбылысқа айналып барады. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп ойлайтын, елі үшін еңірейтін, ерлікке баратын адамдар азайып кеткенін мойындамасқа болмас. Сондықтан қазіргі ешбір саяси жүйе тек таза энтузиазмге, таза патриотизмге сүйене алмайды. Саяси жүйені, биліктегі элитаны тек ресми билікке жақын мүдделі топтар ғана іс жүзінде қолдайды. Саяси биліктен ешбір жақсылық, пайда немесе қамқорлық көріп отырмаған әлеуметтік топтар үшін бәрібір. Қазіргі биліктен пайда көріп, жақсылық сезініп отырмасам, оны қорғап қайтетін деген ниет басым тұрады.

Мемлекетті, халықты билейтін саяси элита болғандықтан сыртқы және ішкі қауіп саяси элитаға алдымен төнеді. Ирак, Ауғанстан жағдайындағыдай болса қарапайым халық саяси элитаны құрбандыққа шалуға әрқашан дайын тұрады. Елдің жеріне бөтен әскер кіруін халық тіптен басқыншылық емес, азаттық деп қабылдауы да мүмкін. Демек, патриотизмді тәрбиелеудің алғышарты саяси билік пен электорат арасындағы бірлік. Бірлік болғанда стратегиялық мақсаттар бірлігі болмақ. Халықтың материалдық мүдделері элитаның материалдық мүдделерімен үндес болуы абзал. Ортақ жер, ортақ тіл, ортақ дін, ортақ ұлт болуы қазіргі жағдайда патриоттар тәрбиелеу үшін жеткіліксіз. Алдымен билік пен халықты тастүйін біріктіретін ортақ мүдделер болуы шарт.

Бұл ретте саяси элита жақсы тұрмысқа қалай ұмтылатын болса, жай халық та материалдық әл-ауқатын жақсартуға соншама ұмтылатындығын естен шығармау керек. Патриотизмнің прагматизмге қатынасы, тәуелділігі осы жерден басталады. Өркениетті елдердегі мемлекет байлығын бөлісудегі әлеуметтік әділеттілік принциптерінің біршама сақталуы ел азаматтарын отаншыл ете түседі. Міне осындай ашық қоғамда дамыған елдер үлгісі үшінші дүние мемлекеттері халықтарына пәрменді ықпал жасап отырады. Кедей елдердегі халық өркениетті елдердегідей молшылықты көксейді. Өстіп позитивті прагматизм әлем халықтарының санасын жаулай береді. Адамдар үшін өзінің жеке басы мен жанұясының тыныш өмірі және ауқаты бірінші маңызға ие болады. Осыны қамтамасыз еткен мемлекеттік саяси жүйені халық қолдайды. Ондай халықта отаншылдық патриотизм қуатты болады. Демек, халық мүддесі мен басқарушы элита мүддесінің орайласуы жалпымемлекеттік мүдделердің іске асуына, қорғалуына әкеледі. Осы жалпымемлекеттік ағымдағы және стратегиялық міндеттерді орындау барысында ел халқы топтасады, біртұтас әлеуметтік-саяси қауымдастыққа айналады. Ел алдындағы өзекті міндеттер негізінде отаншылдық, патриоттық сезімдер қалыптасады.

Ортақ мақсаттар, мұраттар мен құндылықтар төңірегінде топтаспаған халықта отаншылдық болмайды немесе тым әлсіз, жасанды отаншылдық қалыптасады. Мұндай отаншылдық тарих сынын көтермейді. Сондықтан, барлық қазақстандықтарды біріктіретін қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу үшін жалпыұлттық топтасуға, бірігуге бөгет болатын қандай да болмасын құбылыстардан құтылу қажет. Елдің тастүйін болып топтасуына, қуатының күшеюіне бөгет болып отырған құбылыстың бірі жершілдік. Бұл латентті, табиғаты жасырын, ашық жария етілмейтін құбылыс. Алайда бұл құбылыстың саяси, әлеуметтік және психологиялық зардаптары тереңде. Шын мәнінде бұл феноменді әлеуметтік ауру ретінде бағалауға болады. «Кадрлер барлығын шешетін» заманда жершілдіктің кадр саясатына кері ықпалы мен зияны ауқымды. Үлкен лауазым иелерінің жершілдік және туысшылдық психологиясы жалпымемлекеттік мүдделер мен патриотизмге тікелей зиянын тигізеді. Қоғамның жалпы моральдық ахуалы нашарлап, оның рухани деградациялануы басталады. Елдегі билікті тек қана бір мүдделі топтың қолына шоғырландыру зиянды және сол топтың басшылығына қауіпті. Басқа биліктен шеттетілген топтар өздерін әділетсіздікке ұшырадық деп есептейді. Олардың арасындағы лидерлері міндетті түрде ресми билікке қарсы ашық және жасырын жұмыс істей бастайды. Оларды бір топтың немесе бір билік иелері шыққан аймақтық ықпалымен бағындырып тұру қиын. Халық мұндай жағдайда біртіндеп жалпыұлттық ортақ мүдделерден бас тарта бастайды. Себебі, оған келіп-кетер игілік жоқ. Билік те, байлық та азғана төбе топтың және оның жандайшаптарының қолында. Билік жүйесінің осы схемамен құрылуы әлемдік демократия принциптеріне жат. Демократия мәні биліктің әділетті бөлінуіне және жіктелуіне негізделген. Билік демократиялық жолмен, оның принциптеріне сәйкес бөлінсе жалпыхалықтық патриотизм қосарлана тәрбиеленіп отырады. Себебі, мұндай жағдайда ешбір халық, ешбір әлеуметтік топ өзін әділетсіздікке ұшырадым деп сезінбейді.

Бұдан туатын ой өркениетті, ашық қоғам құру барысында демократиялық принциптердің салтанат құруы патриотизмге негіз болады. Демократиялық сайлау жүйесі барлық аймақтардың өкілдерін пропорционалды, біршама тең дәрежеде билікке тартады. Демократиялық саяси жүйе елдегі барлық әлеуметтік топтардың мүдделеріне әлінше әділетті қызмет жасайды. Елдегі барлық этникалық, әлеуметтік топтарды демократиялық саяси жүйе қорғайды. Демократиялық елде мемлекеттің табиғат байлықтары мен түрлі жинақталған материалдық және қаржылық қорлары жалпымемлекеттік мүдделерге қызмет етеді. Осындай елде азаматтар өз Отанын, жерін, ортақ байлықтарын қорғауға, тіпті осы құндылықтар үшін өмірін қиюға дайын болады. Бұл жалаң патриотизм емес. Бұл тамыры тереңдегі әлеуметтік, саяси және экономикалық алғышарттары мен себептері бар патриотизм. Жеке адам, халық, мемлекет пен қоғам мүдделерінің тоғысар тұсы осы. Демократиялық қоғам жеке адамның меншігін, адамдық құқықтарын, бостандықтарын қорғайды, оның пікірлерімен, көзқарастарымен санасады. Ол өз қоғамында болып жатқан кемшіліктерді, қателіктерді, қайшылықтарды көре алады, сынай алады. Әрбір жеке адам халықтың мүшесі ретінде өзіне, халқына, мемлекетіне пайда мен табыс әкелетін қызмет етсе, еңбек жасаса қоғамнан өз орнымды таптым деп біледі. Осы позициядағы азамат өзін, қоғамын, мемлекетін саналы түрде қорғауға дайын болады. Себебі, ол патриот болуға саналы түрде мүдделі. Оған мемлекеті, әділеті жағдай жасап отыр, ол осы елде игілікті өмір сүріп жатыр. Оның өзінің жеке басының, балаларының және ұрпақтарының келешек игілікті өмірі, бақытты болуы осы өзі өмір сүріп отырған мемлекетке байланысты. Мемлекеттің өркендеуі әрбір азаматтың өркендеуінің кепілі болған елде нағыз патриоттар тәрбиеленеді. Өз азаматтарына қамқорлық жасамайтын мемлекеттер Ирактың, Ауғанстанның тағдырларын бөлісуі әбден ықтимал. Азаматтары мемлекетін қорғайтын, халқы Отаншыл мемлекет қуатты. Оны ешбір агрессор жаулай алмайды.

Қазақстанда қазіргі кезеңде Отаншылдықты күшейтудің біршама әлеуметтік шаралары іске асырылғанын айту жөн. Кедейшілікпен күрес, халықтың денсаулығын жақсарту шаралары, өмір сапасын жақсарту, жұмыссыздықты азайту, ауыл-селоны өркендетуге бұрын болмаған миллиардтаған теңге қаржы бөлу, халықты әлеуметтік қорғау сөз жоқ Қазақстандағы моральдық- психологиялық ахуалды жақсартып, қазақстандық патриотизмді күшейтеді. Бірақ, бұл шаралар әлі де жеткіліксіз. Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономиканы орнатпай халықтың басым көпшілігінің жағдайы түзелмейді. Сондықтан басқарушы элита ел бірлігін, халықтың геосаяси топтасуын нығайту мақсатында мемлекет байлығын, ресурстарын, табиғат қорын талан-таражға салуды тоқтатып, жинақталған қаржыны халықтың этнодемографиялық ахуалын, денсаулық пен білім сапасын жақсартуға, қарттарға, сәбилерге және мүгедектерге қамқорлықты түбегейлі көтеруге жұмсаса қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға жағдай жасар еді. Ал, патриоттар саяси элита үшін де жанпидаға барар еді. Мүдделердің, мақсаттардың, құндылықтардың ортақ болуы жалпы мемлекеттік стратегиялық міндеттерді орындау жолында барлық қазақстандықтарды топтастыра алады.

Бірақ, азаматтардың ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуы, этносаяси және этноәлеуметтік ұюы өзінен өзі бола қоймайды. Ол үшін прагматистік мүдделермен қоса қазақстандықтарды біріктіретін жалпыұлттық идеяларды уағыздау маңызды. Біріктіруші, топтастырушы идеялар халықтарға, әлеуметтік топтарға және әрбір азаматқа әсер ету үшін олар нақты өмірлік мақсаттармен, құндылықтармен тікелей байланысты болулары тиісті. Абстрактылы, адамдардың тіршілігіне, әл-ауқаты мен мақсат-мұраттарына қатыссыз ұрандар, идеялар арқылы қазақстандық патриотизмді тәрбиелей алмайсыз.

Қазақстан халқы отаншыл болуы үшін басқарулы элита жершілдікпен қоса рушылдыққа тосқауыл қоюы қажет. Қазіргі қазақ қоғамында трайбалистік сана қайтадан жаңғыруда екендігін мойындамасақ қателесеміз. Бұл құбылыс тіптен күрделеніп, тамырланып барады. Әрине, трайболизм ашық түрде айтылмайды. Оның саясатқа ешқандай қатысы жоқ сияқтануы мүмкін. Ал, Қазақстандағы саяси шындықта трайболизмнің өз орны мен әсері бар. Рушылдық ел халқын жалпымемлекеттік ортақ құндылықтардан алшақтататын, бірігуімен жалпыұлттық топтасуға зиянын тигізетін құбылыс. Трайбалистік сана жалпықазақстандық санаға, мемлекеттілікке қарсы жұмыс істеді. Онсызда аз халықты бөлшектеп, басын біріктірмейді. Трайбализм әсіресе жастар санасына кері ықпал жасайды. Олар жалпыұлттық құндылықтар мен мұраттардан ауытқып тар шеңбердегі топтық, эгоистік мақсаттарға бетбұрыс жасайды. Өз тобының өкілдеріне билік алу арқылы халықтың басқа топтарын басып жаныштауға, өз тобын байытуға бет бұрады. Жалпыхалықтық патриотизм орнына рушылдық патриотизм келеді. Халықтың топтасып, ұйуының орнына бөлектенуі, іштей теке-тіресуі құбылыстары басталады. Барлық әлеуметтік топтарды біріктіретін ортақ Отаншылдық әлсірей береді. Қазақстан халқының стратегиялық міндеті – құқықтық, демократиялық, өркениетті қоғам орнатуы алыстайды. Бедел, атақ, батырлық бір рудың немесе тайпа өкілдерінің есімдерімен ғана байланысты болады. Олар көбінесе жалғандықпен ұласып жатады. Мұндай ахуал халықтың басым көпшілігінің іштей наразылығының, ашу-ызасын тудырады. Сондықтан рушылдық психология жергілікшілдік психология сияқты ортақ жалпыхалықтық патриотизмді тәрбиелеуге кеселін тигізеді.Бұдан туатын пікір Қазақстанда этникалық, әлеуметтік, саяси, діни немесе топтық бөлектенудің қандай құбылысына болмасын батыл тойтарыс беріп отырылуы керек. Жалпымемлекеттік стратегиялық міндет-өркениетті қоғам орнату міндетіне байланысты мәселелер төңірегінде саяси билік пен электорат топтасып қимылдауы елдің эволюциялық дамуын тездетеді. Тәрбие беру, ақпарат, білім, ғылым, мәдениет пен идеология өркениеті, демократиялық, құқықтық қоғам орнатудың сан қырлы міндеттеріне ғана қызмет етуіне қол жеткізу маңызды. Осылай болғанда адамның өмірі, бостандықтары мен игіліктері бірінші кезекке шығады. Үкіметі, елі қамқорлық жасаған адам міндетті түрде сол елдің патриотына айналады. Демек қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу үшін, адам санасына жеткізу үшін жалаң насихат, жалаң үлгілер, ұрандар мен идеология жеткіліксіз. Қазақстан мемлекетінде істелетін адам өмірін нақты жақсартуға, ізгілендіруге және қорғауға бағытталған жетістіктер Отаншылдықты да нығайта түспек.

Авторлық сілтеме:
Борбасов С. М. — саяси ғылымдарының докторы, профессор. Қазіргі саяси процестер (саясаттанудан көмекші оқу құралы). — Алматы: ҚазҰАУ. 2010

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *