Қартаю жəне өмір сүру ұзақтығы

Қазіргі адам баласының жеке дамуында орташа өмір сүру ұзақтығы көптеген дамыған елдерде ұзарған жəне онымен байланысты популяциялардың жас аралық құрамы қайта бөлініп жатыр. Бұндай демографиялық қартаю процесі егде жəне кəрі жастағы адамдар санының артуымен анықталынады. Барлық экономикасы дамыған елдерде «Демографиялық қартаю» деңгейінің көрсеткіші, яғни, 60 жастан асқан адамдар үлесі қазіргі кезде 12%-дан жоғары. Бұл феномен (ерекше құбылыс) биологиялық, медициналық жəне əлеуметтік-экономикалық салада маңызды мəселелердің біріне айналып отыр. Механизмдері қазіргі күнге дейін толық белгісіз қартаю процестерін зерттеу, өмір сүру ұзақтығының табиғатын тану үшін қажетті алғышарттардың бірі болып табылады.

Қартаю — индивидтің тіршілік ету қабілетін жəне əр түрлі уақытта бейімделу мүмкіншіліктерін төмендеуіне алып келетін, сонымен қатар, өмір сүру ұзақтығын анықтайтын заңды биологиялық процес. Қартаюдың пайда жолдары əрқилы, ол молекулалық деңгейден тұтас организмнің өзін-өзі реттеу жүйесіне дейінгі құрылымдардың барлық деңгейлерін қамтиды. Оның сыртқы көріністерінің қатарына: бойдың кішіреюі (60 жастан кейін əрбір 5 жыл ішінде 0,5-1 см қысқарады), дене бітімі мен құрамының өзгеруі, дене пішінінің тегістелуі, кифоздың (омырқаның қисаюуы), эндоморфизацияның (толығу) артуы, май қабатымен салыстырғанда, бұлшықет компоненттерінің жылдам азаюуы, май компоненттерінің қайта қалыптасуы, көкірек клеткасының қозғалыс амплитудасының төмендеуі, тістердің түсуіне жəне жақтардың альвеолалы өсін ділерінің редукцияға ұшырауына байланысты бет пішінінің кішіреюі, бас қаңқасының жоғарғы бөлігінің көлемінің артуы, мұрын мен ауыздың кеңеюі, еріннің жіңішкеруі, эктодермальді мүшелердің əр түрлі өзгерістері (май бездері санының кемуі, терінің жұқаруы, шаштың ағаруы) жəне т.б. жатады. Қартаю барысында, организмнің клеткалық жəне молекулалық деңгейде реттелу жүйесі қызметінің бұзылуы аса маңызға ие.

Жас аралық өзгерістер жүйке жүйесінің өзгерістерінен көрінеді (бас мидың салмағының, нейрондардың тығыздығы мен көлемінің кішіреюі, липофусциндердің жинақталуы, жүйке клеткалары қызметінің, биоэлектрикалық белсенділік деңгейінің төмендеуі, көру мен көздің аккомодациялық қабілетінің азаюы, дəм жəне тері сезімталдықтарының нашарлауы). Дене салмағы кеміп, қалқан жəне жыныс бездерінің гормон түзу қабілеттері төмендейді. Жалпы, негізгі барлық зат алмасу процесінің қарқындылығы төмендейді, мысалы, 100 жастағы қарттың зат алмасу деңгейі 30 жастағы организмнің зат алмасу деңгейінің бар болғаны 50%-ын құрайды. Белок биосинтезі баяулайды, əр түрлі ұлпалармен қанның құрамындағы майдың мөлшері артады, май фракцияларының көлемдік қатынасы өзгереді, организмнің көмірсуларды ыдырату жəне инсулиннің қарқындылығы төмендейді.

Организмнің маңызды функциональдік жəне құрылымдық жүйелерінде күрделі өзгерістер орын алады: асқорыту жүйесінде (асқорыту мүшелерінің секрет бөлу белсенділігінің төмендеуі), тыныс алу (өкпе көлемінің азаюы), зəр шығару жүйесінде (бүйректің негізгі қызметтерінің төмендеуі), жүрек-қантамыр (миокард қабатының жиырылғыш қасиетінің төмендеуі, артериялық қысымының артуы, жүрек соғысының баяулауы), қан жүйесі (протеинограммадағы өзгерістер, тромбоциттер санының, гемопоэздің, гемоглобиннің қарқындылықтарының азаюы), иммунологиялық (клеткалық жəне гуморалдық иммунитеттің, əсіресе, тимусқа тəуелді қызметтердің, организмнің бейімделу дəрежесінің, аутоиммундық жүйелердің нашарлауы). Қартаю процесі клеткалық жəне молекулалық деңгейлерде, сонымен қатар, генетикалық аппарат жүйесінде де (клеткалар мен гендердің қызметтік белсенділігінің төмендеуі, мембрана өткізгіштігінің өзгерістері, ДНҚ-ның метилдену деңгейінің төмендеуі, хроматиндердің белсенді емес бөлігінің, хромосомалық бұзылыстар жиілігінің артуы) көрінеді. Организмнің қартаюы барысында бір-біріне қарама-қайшы процестер өтеді, қартаю процесі барысында деградация (кері кету), дезинтеграция (бұзылу), қызметтік қабілеттердің төмендеуі ғана туындамай, керісінше, маңызды бейімделу механизмдерінің бірігуі, яғни компенсаторлы қарттық процестер күшейеді. Кейбір гормондар бөлінуінің төмендеуі (мөлшерінің азаюуы) клеткалардың осы гармондарға сезімталдығының артуымен теңесіп отырады, бір клетка элементтерінің жойылуы екінші бір клеткалардың қызметі күшеюіне əкеледі. Əсіресе, ой-өрістік, əлеуметтік, психологиялық салаларда компенсаторлы даму процесі жүреді.

Өсу жəне даму процестері секілді қартаю гетерохронды түрде жүреді. Геронтологтардың айтуынша, организмнің негізгі иммунологиялық қорғаныш мүшесі-тимустың атрофиясы 13-15 жаста, əйелдерде жыныс бездерінде 48-52 жаста, ал сүйектің қызыл кемігінде жекелеген ауытқулар ерте кезден бастап баяу, ал жүйке жүйесінің кейбір құрылымдарында бұндай ауытқулар кешірек дамиды. Сондықтан кейбір «қарттық» инволюция, тіпті, тіршілік ету кезеңінің 2, 3 он жылдықтарында да байқалады.

Салыстырмалы тұрақты кезеңдерге (мысалы, жыныстық жетілу кезеңінің аяқталуы, т.б.) бөлінген адамның жеке дамуында қартаю кезеңнің тұрақты шекарасын нақты айту мүмкін емес. 20-25 жас аралығын организм күйінің «қолайлы қалыпты кезеңі» деп санауға болады, солай бола тұра қараю кезеңімен жас аралық паталогиялық өзгерістерінің арасында анық шекара болмайтындығы айтылады (В. М. Дильман). Биологиялық жастың негізгі белгілері ретінде əр түрлі морфологиялық, физиологиялық-биохимиялық, иммунологиялық, сирек кəсіптік жұмысқа қабілеттілігіне, денсаулығына жəне бейімделу мүмкіншіліктеріне əсер ететін психологиялық көрсеткіштер қолданылады. Биологиялық жасты анықтау барысында геронтологтардың жиі пайдаланатын тестерінің ішіне дене салмағы, қан қысымы, қанның құрамындағы холестерин мен глюкозаның мөлшері, сонымен қатар, көздің аккомодациясы, көру мен естудің өткірлігі, саусақтардың динамометриясы, буындардың қозғалмалылығы жəне кейбір психомоторлы тестер кіреді.

Қартаю мен өмір сүру ұзақтығы көптеген экзо- жəне эндогенді факторлардың əсеріне тəуелді болады. Кез келген түрлер секілді адамдардың өмір сүру ұзақтығының өзіне тəн шегі болады. Түраралық салыстырмалы зерттеу жұмыстарының нəтижесі, өмір сүру ұзақтығы мен дене жəне бас ми салмақтарының, церебралдық (бас ми) коэффициентінің, ми қыртысының беткі беті, бүйрек үсті бездерінің салмағы, жыныстық жетілу жасының байланыстықты көрсетсе, метаболизм, хромосомалық аберрациялардың жиілігі, ұлпаларда бос радикалдардың кездесуі, майлардың асқын тотығу жылдамдықтары, т.б. теріс байланыс көрсетеді; Түрлердің өмір сүру ұзақтығы қолайлы тіршілік ету жағдайларымен қамтамасыз ету жəне керсінше, жағымсыз факторлардың əсер ету дəрежесіне тікелей байланысты. Приматтардың өмір сүру ұзақтығы олардың қартаю қарқындылығымен тығыз байланысты болады, мұны адам мен макакаларды салыстыра отырып көруге болады; адамға қарағанда, приматтардың сүйек-бұлшықет жүйесі үш есе тез қартаяды (De Rousseau,1985).

Түрдің өмір сүру ұзақтығына толық сипатама бере алатын нақты бір анықтама болмайды. «Өмір сүру ұзақтылық» түсінігінің астарында кейде түр өкілдерінің 80% өлетін жасты немесе популяцияның аз бөлігі ғана тіршілік ете алатын жас келтіріледі. Жеке дамуда өмір сүру ұзақтығына көптеген əр түрлі факторлар əсер еткендіктен өмір сүру ұзықтылығын нақты анықтау айтарлықтай қиын. XVIII ғасырдағы француз табиғат зерттеушісі Ж. Бюффон өмір сүру ұзақтығы өсу кезеңінен шамамен, 6-7 есе артық болуы, адам баласына 90-100 жасқа дейін өмір сүруіне мүмкіншілік береді деген. Келтірілген барлық салыстырмалы шамалардың ішінде бұл мерзім ұзақ өмір сүрудің шекарасына жақын. Адамның максималды тіркелген өмір сүру ұзақтығы 115-120 жасты құрайды, өте сирек 130-140 жасқа дейін жетуі мүмкін.

Геронтологиялық генетиктердің мəліметтері бойынша, H. sapinesтің жеке түр ретінде өмір сүру ұзақтығы əрбір дараның нақты генотипіне тəуелді болады. Ата-аналары мен ұрпақтарының арасында өмір сүру ұзақтығы бойынша жоғары емес оң байланыс бар екені генеологиялық əдістер арқылы анықталды. Егер ата-ананың екеуі де ұзақ жасайтындар болса, байланыс көп болмайды. Егіздерді зерттеу əдісі бойынша, анықталғандай 60 жастың айналасында қайтыс болған кісілер арасында өмір сүру ұзақтығы бойынша жұптардың арасындағы ерекшелік монозиготаларға қарағанда, дизиготаларда жоғары болды (сəйкес келетін сандар ерлерде 69,5 жəне 40,7 жас, əйелдерде 79,6 жəне 31,6 жас). Ұзақ өмір сүрудің тұқымқуалаушылық-конституциялық негіздерін зерттеуде əр түрлі генетикалық маркерлердің көмегімен бақыланады жəне басты рөлді атқарады. Кейбір Батыс еуропалық елдерге қатысты материалдар бойынша қазіргі өркениетті жағдайда өмір сүретін «О» фенотипі бар адамдарды басқа фенотипті АВО, əсіресе, «А» қан тобы жүйесіндегі адамдармен салыстырғанда, «О» фенотипіндегі адамдарда «бейімделуге жоғары қабілеттілігі бар» деген гипотеза айтылады (Jorgensen,1977). Жастарды бақылау тобы деп қарасақ, «О» факторының жиілігінің сенімділігі 75 жастан асқан шақта жоғары болады.

Зерттеулердің нəтижесі көрсеткендей, өмір сүру ұзақтығын анықтауда өзіндік маңызы бойынша бірінші орынға шығатын кейбір инфекциялық агенттерге ғана емес, созылмалы жəне тұқым қуалайтын ауруларға осы жүйенің фенотиптерінің резистенттілігі біркелкі болмайды. Мұндай ауруларда (жүрек-қантамырлар, қант диабеті, т.б.) тұқым қуалайтын бейімділіктің болмауы ұзақ жасаудың қосымша маңызды түрі екенін көрсетеді. Осындай зерттеулер кезінде адам популяциясына нақты-тарихи амалдар қажет; əр түрлі жағдайларда, көбінесе, əр түрлі генотиптер алуы мүмкін. Кейбір жағдайларда «үлкен бір геннің» маңызын алып тастауға болмайды, тіршіліктің жалғасы болып табылатын тұқым қуалаушылық компоненттері жорамал бойынша əсері қиын байқалатын көптеген кіші гендерде көрінеді. Тұқымқуалаушылық факторының рөлі əр түрлі жағдайда көп мағыналы көрінуі мүмкін деген мəліметтер бар, бұл экологиялық жағдайлары қолайлы аудандарда маңыздырақ болуы мүмкін.

Өмір сүру ұзақтығы барысында жыныстық айырмашылық белгілі бір деңгейде генетикалық факторларға барып тіреледі: аналық индивидуумдарындағы (хх) генетикалық аппараттың жұмысының үлкен сенімділігі; бірақ бұл болжамдар жануарлардың барлық түрлері үшін расталмайды. Айтылған гипотезаға сəйкес аталық популяциялардың бір бөлігі ұзақ өмір сүруге генотипі жағынан басым келеді; осы көзқарас бойынша ұзақ өмір сүретін «чемпиондар» осылардың арасында кездеседі. Бірақ бұл жағдайда əмбебап заңдылықтар туралы сөз болмау керек. Ұзақ өмір сүретіндерді қолайлы жағдайы бар адам ретінде жан-жақты зерттегенде қартаю мəселелері мен ұзақ өмір сүретіндерде маңызды физиологиялық қызмет ерекше қызығушылық тудырады. Ұзақ өмір сүретіндердің негізгі орталығы – солтүстік Кавказ жəне Закавказье, Якутия, Оңтүстік Американың кейбір аудандары, Үндістан, Пəкістан, АҚШ жəне т.б. болып табылады. Абхазияда тұратын ұзақ жасайтын топтарды кешенді (антропологиялық, медициналық-биологиялық, этнографиялық, əлеумет — тік-демографиялық) зерттеген кезде олардың биологиялық мəрте бесі кейбір ерекшеліктерімен: соматикалық жəне жыныстық даму қарқындарының баяу (мысалы, 1,5 жылға) жүруі, қаңқаның жетілуі, қаңқаның жас аралық инволюциясының қарқындылығының төмен болуы, егде тартқан кезде зат алмасу процестерінің деңгейі төмен болуымен сипатталынады. Ұзақ өмір сүретін аналық популяцияларда соматикалық дамудың «ортаңғы варианты» басым болады. Негізінен конституциялық факторлардың рөлін есептен шығармау керек. Астениктерде қартаю қарқындылығы төмен болады.

Адамдарда қартаю процесі сияқты өмір сүру ұзақтығын анықтауда психологиялық, медициналық, экономикалық, экологиялық салалардың қосатын маңызы зор. Мысалы, көптеген «табиғи популяцияларда» жасқа байланысты семіздік көрінбейді; қаңқаның қартаюы жоғары ендікте тұратын байырғы тұрғындарда жылдамырақ жүреді. Иондаушы радиация, химиялық мутагендер жəне басқа да зақымдаушы факторлар өмір сүру ұзақтығын қысқартуы мүмкін. Ерте қартаю кезінде стресс өте үлкен рөл атқарады. Сондықтан қартаю процесіне қатысатын генетикалық бағдарламаланған, стохастикалық сияқты əр түрлі тəуелсіз механизмдердің саны көп (Эйтнер, 1979).

Жеке өмір сүру ұзақтығы дегеніміз – көптеген факторлардың күрделі өзара əсерлерінің нəтижесі болып табылады. Қазіргі адамның өмір сүру ұзақтығының өзіне тəн шамасы жоғарғы палеолит кезеңінде де жетуі мүмкін еді деп ойлауға болады, бірақ ол дəуірде жəне одан көп кейін де тұқымқуалау потенциалын жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар болмады. Ортаңғы жəне жоғарғы палеолитте, мезолитте жəне неолитте орташа жас – 50 жасты құрады, бұл халықтың 2,5-4,5%-ы еді.

Соңғы темір дəуірінде (ертедегі Рим уақыты) қарттық кезең халықтың 10-11%-ын құрады. Р. Катлердің болжамынша, жануарлардың көптеген түрлері (жыртқыштар, тұяқтылар, приматтар) сияқты адамға да тəн ұзақ өмір сүрудің эволюциялық артуы байқалып, қартаю процесінің барлық спектрларының жылдамдығы праллель жағдайда төмендеуі мүмкін, қазіргі приматтарда байқалғандай қорғаныш тиімділігі мен репаративті процестердің артуы жəне дамудың ретардациясы, сонымен бірге реттегіш гендер маңызды механизмдер болуы мүмкін деген. Сондықтан қартаю – табиғи сұрыпталудың нəтижесі, жағымсыз генетикалық тиімділіктерді жасқа қарай ысырып, барлық уақытта бірнеше ғана даралар өмір сүретін процес. Р. Катлердің есебінше соңғы 100000 жылда өмір сүру ұзақтығының максимум деңгейі орташа есеппен, 14 жылға артты, қартаю жылдамдығы 20% төмендеді. Мұнда негізгі рөлді гетерозиготалылық ойнауы мүмкін. Қазіргі заманда қартаю мен өмір сүру ұзақтығына əсер ететін негізгі аурулардың дамуын «артқа қарай жылжытатын» жəне биологиялық, психологиялық, əлеуметтік инволюция процестерін баяулату, белсенді өмір сүру ұзақтығын арттырудың маңызды мəселелері кең етек жайып отыр.

Көптеген дамыған елдерде қазіргі депопуляцияның (популяцияның кемуі) маңызды факторларының бірі – өмір сүру ұзақтығының қысқаруы болып табылады. Өте көп халқы бар Үндістан, Пəкістан, Бразилия жəне т.б. елдерде соңғы кезде өсу қарқынының жоғары болуынан орташа өмір сүру ұзақтығы өзгеріп отыр. Соңғы уақытта экономикасы өсіп келе жатқан басым көпшілік елдер осындай қарқынды көрсетіп отыр. Өкінішке орай, осы елдердің ішінде екі ел (Ресей жəне Қазақстан) ТМД елдерінің ішінде экономикасының өсу қарқыны біршама жоғары болғанымен, өмір сүру ұзақтығының ең төменгі көрсеткіштеріне ие болып отыр. Қазақстанда статистика Агенттігінің 2009 жылғы мəліметтері бойынша, ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 63,6 жасты, ал əйелдерде 73,6 жасты құрайды, еліміздің ауылдық аймақтарында тұратын ер адамдар қалалық ер адамға қарағанда 2 жасқа артық өмір сүреді екен. Ресейде жүрекқантамыр аурулары өлімге алып келетін аурулардың ішінде бірінші орындарда тұр. Ресей өлімді тудыратын əр түрлі жол апаттарынан бастап, адам өлтіру қақтығыстары бойынша, Еуроодақ елдерін басып озды. Статистика бойынша отыз жасар ресейліктің елу сегіз жасар датчанинге қарағанда, өлу мүмкіншілігі едəуір жоғары.

Индустриалды елдерде, əсіресе, Еуропада өмір сүру ұзақтығы артып отыр, ең үлкен көрсеткіш Эстония жəне Словения тіркелген. Соңғы елу жылда Еуроодақта ерлер мен əйелдер арасында өмір сүру ұзақтығы, шамамен, 10 жылға артты. 2008 жылы бұл көрсеткіштер 82,4 жəне 76,4 жасты құрады. 2009 жылы əйелдер арасында ең үлкен өмір сүру ұзақтығы Францияда (85,1), Испанияда (84,9), Италияда (84,5), Кипрде (83,3) байқалды, ерлер арасында Швецияда (79,4), Испания (79), Испанияда (78,7), Нидерландияда (78,7) көрсетілген жасты құрады. Еуроодақта 65 жасқа толған əйелдер тағы да 20,7 жас, ал ерлер 17,2 жас өмір сүру мүмкін.

XIX ғасырда халықтың топтанып көшіп кеткен негізгі аймағы болды. 1950 жылдың ортасы мен 1999 жылдың аяғында Еуропа төменгі жалақыға шетелдік жұмысшы күшін өзіне тартқан əлемдегі ең ірі бақылаусыз орталық болды. Бұл–екінші кезең болып саналады. Үшінші кезең, 1990 жылдың аяғынан бастап, осы уақыт аралығында Еуропа иммигранттардың санын шектеп, белсенді түрде ретке келтіріп, жоғары деңгейде маманданған жұмысшы күшіне ерекше ықылас көрсете бастады. Соңғы кезде Еуроодақ елдерінің халқының санының өсуіне осы миграциялық ағын үлкен үлесін қосты. 2004- 2008 жылдар аралығында Еуроодақ халқы жыл сайын 3-4 млн. иммигранттармен толықтырылып отырды. 2010 жылы Еуроодақ халқына талдау жасағанда, Еуроодаққа мүше елдерінде тұрып жатқан 32,4 млн. шетелдіктердің (жалпы халықтың 6,5%-ы) 12,3 млн. адамы Еуроодақ азаматтары жəне 20,1 млн. адам Еуроодаққа кірмейтін елдердің азаматтары болды.

2010 жылы шетелдік азаматтардың басым көпшілігі Германияда (7,1 млн.), Испанияда (5,7 млн.), Ұлыбританияда (4,4 млн.), Италияда (4,2 млн.) жəне Францияда (3,8 млн.) байқалды. Еуроодақтың 80% шетел азаматтары осы бес мемлекеттің территориясында тұрып жатыр. Миграция жөнінде Халықаралық ұйымның есебі бойынша 2010 жылы халықаралық мигранттардың саны 214 млн. адамды немесе əлем халқының 3,1%-ын құрады. Осы көрсеткіш осындай жылдамдықпен өсе берсе, 2050 жылы 405 млн. адамды құрайды.

Миграцияның ішнара бір бөлігі соғыстың (Ирактан жəне Босниядан АҚШ пен Ұлыбританияға эммиграциялану), саяси қақтығыстардың (Зимбабведен АҚШ-қа эммиграциялану), табиғат апаттарының (жанартаудың атқылауынан Монтсерратадан Ұлыбританияға қарай миграциялану) салдарларынан да жүріп жатыр. Сонда да миграцияланудың негізгі себептері экономикалық жағдайлар, яғни əлемнің əр түрлі елдерінде бір жұмыс түрінен пайда табу жолының əр түрлі болуы. Бұдан басқа миграцияланудың себепті факторларына сол аймақтағы қызметке мамандардың жетіспеушілігі болуы мүмкін. Мысалы, экономикалық негіздегі миграция Еуроодақтың өз ішіндегі мемлекеттердің арасында мемлекетаралық тосқауылдарды жою үшін де сақталынады. Мұнда кірісі жоғары деңгейдегі Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания сияқты елдер Греция, Венгрия, Литва, Польша, Румыниядан келетін мигранттарды қабылдайтын тарап болып табылады. КСРО-ның Госкомстат мəліметтері бойынша Қазақ КСР-ның халқы 16464,4 мың адамды құрады, 1999 жылғы кезекті санақ халықтың саны 14958,1 мың екенін көрсетті. Он жыл ішінде еліміз жарты миллион адамын жоғалтқан. Соңғы жылдары Қазақстанға оралатын халықтың қалған бөлігі сақталған. Мысалы, 2007 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының аралығында иммигранттардың саны 10878 (33472) адамды құрады, олардың арасында ТМД елдерінен келген иммигранттар саны 2989 (26778). Республикамызға оралған оралмандар 53309 (67386) адамды, еліміздің территориясынан кеткендер саны 42431 (33914) адамды құрады.

Қазақстанға оралған оралмандардың арасында қазақтар – 78,2% (73,1%), орыстар – 12,5% (14%), немістер – 1%(0,9%). Қазақстаннан сыртқа кеткен адамдардың арасында орыстар – 69,5% (67,5), немістер – 7,1% (7,3%), қазақтар – 5,3% (6,7%) құрады. Жалпы, 2011 жылы 1 қыркүйекте елімізде 16 млн. 594,4 мың адам болды, яғни бұл көрсеткіш 1991 жылғы тəуелсіздік алғанға дейінгі саннан біршама көп.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *