Күн мен айдың тұтылуы

Өзінің Жерді айнала қозғалысы кезінде Ай алыс жатқан шырақтарды өз дискісімен жабады. Оны шырақтардың Аймен жабылуы деп атайды. Бұл құбылыстың астрономияда Айдың қозғалысы мен дискісінің формасын анықтауда маңызы зор. Айдың жұлдыздарды жабуы жиі болғанымен, планеталарды жабуы сирек кездеседі.

Айдың Күнді жабуы Күннің тұтылуы деп аталады. Күн тұтылуының көрінісі Жердің әр нүктесінен бақылағанда әртүрлі болады. Тек Жер бетіндегі дискісінің диаметрі 270 км-ден аспайтын Ай көлеңкесінің ішінде орналасқан бақылаушы үшін ғана тұтылу толық болады. Осы салыстырмалы өте кішкентай Ай көлеңкесінің ішінде ғана толық Күн тұтылуы болады.

Жер бетіндегі Айдың көлеңкесі жартылай түсетін ОО′ аймақтарында Күннің шала тұтылуы байқалады (суретте штрихталған аймақ). Бақылаушы неғұрлым көлеңке осіне жақын орналасса, соғұрлым Күн тұтылуы толығырақ болады. Жартылай көлеңкенің сыртқы жағында ешқандай күн тұтылуы байқалмайды.

Айдың Жерден арақашықтығы 405500 километрден 363300 километрге дейін өзгереді, ал Ай көлеңкесінің үзындығы 374000 км болғандықтан кейде Ай көлеңкесінің төбесі Жер бетіне жетпейді. Бұл кезде көлеңке конусының ортасына жақын орналасқан бақылаушы үшін тұтылу сақина тәрізді болады – күн дискісінің шеті жабылмай қалады да, Айдың қараңғы дискісінің айналасында жарқыраған сақина пайда болады.

Жердің  әртүрлі  нүктелерінде Күн тұтылуы әртүрлі уақытта бақыланады. Айдың Жерді айнала қозғалуына және Жердің өз осін айналуына байланысты Ай көлеңкесі Жер бетімен батыстан шығысқа қарай ені шамамен 200 км (максимал ені 270 км) болатын жолақ бойымен жылжиды.

Ай батыстан шығысқа қарай қозғалғандықтан Күннің тұтылуы Күн дискісінің батыс жағынан басталады. Алдымен Күн дискісінің шеті жабылады, бірте-бірте жабылған бөлік өседі де, Күннің формасы жіңішке орақ тәрізді болады. Күннің соңғы жарық нүктесі жабылғанда Күн толық тұтылады. Күннің толық тұтылуы жеті минуттан аспайды, көп жағдайда екі-үш минутқа созылады. Содан кейін Айдың қараңғы дискі Күн дискісінен түсе бастайды да тұтылу аяқталады. Жалпы Күн тұтылуы екі сағаттан артық болуы мүмкін.

Күн тұтылуын тек Жаңа Ай кезінде ғана бақылауға болады.

Ай тұтылуы

Күн сәулелерінің әсерінен Жер Күнге қарсы бағытта өзінің көлеңкесін түсіреді (6.4-сурет). Күннің радиусы Жердікінен үлкен болғандықтан, Жердің көлеңкесі де конус сияқты болады. Жер көлеңкесінің конусы Айдікінен ұзын, әрі Айдың тұрған жеріндегі көлеңкенің ені Ай диаметрінен 2,5 есе үлкен.

Ай өзінің орбита бойымен қозғалысы кезінде Жердің көлеңкесіне түсетін болса, Ай тұтылуын бақылауға болады. Ай бетіне Күн сәулесі түспейтін болғандықтан ай тұтылуын Жердің барлық нүктелерінен бақылауға болады.

Айдың қозғалысы батыстан шығысқа қарай болғандықтан, жер көлеңкесіне алдымен Айдың шығыс жағы кіреді. Айдың беті бірте-бірте жабылады да, егер Ай Жер көлеңкесіне толық кірсе — толық Ай тұтылуы, ал жартылай кірсе — Айдың шала тұтылуы болады. Жердің көлеңкесінің ені Ай диаметрінен 2,8 есе үлкен болған кезде толық Ай тұтылуы екі сағаттан аса болады.

Айдың толық тұтылуы кезінде де ол қоңырқай қызғылт түспен көрінеді, оның себебі Жер атмосферасындағы Күн сәулелерінің басқа түстерінің сынуы мен шашырауына байланысты.

Ай тұтылуы тек қана Толған Ай кезінде болатыны түсінікті.

Күн және Ай тұтылуларының болу шарттары.

Күн және Ай тұтылулары тек Жаңа ай мен Толған ай кезiне сәйкес Ай түйiндерi маңында болады. Бұл тұтылуларды эклиптика мен Ай жолдарының екi шарты кескiнделген сурет арқылы оңай түсiндiруге болады: бiрiншiсi — тұтылу болмайтын айлар үшiн және екiншiсi — тұтылу болатын айлар үшiн. Осы айлар үшін Жаңа ай және Толған ай кезiндегi Күн мен Айдың орналасуын чертежде белгiлей отырып, екi шырақтың салыстырмалы орналасуындағы  айырмашылығын көруге болады және тұтылудың болуының жалпы шарттары туралы қорытынды жасауға болады. Күн  тұтылуының болуының дәлірек шарттарын былай алуға болады. Ол үшiн 6.5-суретте көрсетiлгендей С — Күн центрi, Е — Жер центрi, L1— Күннiң  шала тұтылу кезiндегi Айдың шектi орны және L2 — Күннiң толық тұтылуы кезiндегi шектi орны болсын.

Күн мен Ай тұтылуларының циклінің ішінде 70 тұтылу болады, олардың 41-і Күн тұтылуы және 29-ы Ай тұтылуы. Күн тұтылуы жиі болғанымен Ай тұтылуын бақылау жиі, себебі Ай тұтылуын барлық жерде көруге болса, Күн тұтылуын тек жіңішке жолақтың ішіндегі бақылаушылар ғана көре алады. Толық Күн тұтылуы әр сарос ішінде оншақты рет болады. Жер бетінің берілген нүктесінде толық Күн тұтылуы тек 200-300 жылда бір-ақ рет қайталанады.

Авторлық сілтеме:
ДОСАЕВА Т.Т., ШАКЕНОВ М.Б. Д64 Сфералық астрономия: оқу құралы /Т.Т. Досаева, М.Б. Шакенов –Талдықорған: ЖМУ. 2011. – 83 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *