Гумустың құрамы мен қасиеті

Гумус заттар құрамы мен қасиеті жағынан гумин қышқылы, фульвоқышқыл, гуминдер жəне басқаларға бөлінеді. Гуминдық қышқылдардың түсі қара, құрамында 52-63 % көміртегі болады. Олар суда нашар ериді, бірақ сілтінің жеңіл (аз) ерітіндісінде ериді, молекулалық массасы жоғары, қышқылдық сипаты аз болады. Фульвоқышқылдар — түсі сабанды-сарыдан қызғылт түске дейін өзгереді. Олардың құрамында 40-48% -ке дейін оттегі, 4-6% сутегі жəне 2-6% азот бар. Суда, минералдық қышқылдарда жəне əлсіз сілтілерде жақсы ериді, қозғалыш, қышқылдық қасиеті басым, молекулалық массасы төмен. Гумин — топырақ құрамына кіретін органикалық зат, қышқылдарда, сілтілерде жəне органикалық еріткіштерде ерімейді.

Гумустың маңызы жəне пайда болуы

Гумус азоттың, фосфордың, калийдің жəне басқа элементтердің негізгі көзі. Ол ыдырағанда көмір қышқылы жəне басқа қышқылдар бөлініп, топырақтың минерал бөлігіндегі коректік тұздарды ерітеді. Шірік қышқылдары тамыр клеткаларына сіңу арқылы олардың дамуын, өсімдіктердегі зат зат айналысын жəне топырақтан коректік заттардың сіңуін тездетеді,яғни гумустың коректік маңызы бар. Гумус топырақтың құрылымының пайда болуына əсерін тигізеді, себебі оның бөлшектері, тозаңдары осы гумустың көмегімен бір-біріне желімденеді. Топырақтың сіңіргіштік қабілеті, түзілуі мен пішінінің қалыптасуы, агрономиялық қасиеті гумусқа байланысты. Топырақта жүретін процестерге жəне оның агрономиялық бағалы қасиетін жоғарылатуға гумус жан-жақты əсер етеді. Топырақта гумус көп жиналған сайын оның сіңіргіштік қабілетін жəне суға шайылмайтын құрылым түзелуін жақсартады. Гумусқа бай топырақтарда микрофлолалар көбейіп, соның арқасында биохимиялық реакциялар қарқынды жүреді.

Топырақтағы гумустың қоры органикалық заттардың мөлшері мен топырақтың физика-химиялық қасиеттеріне байланысты.Өзінен кейін көп органикалық заттар қалдыратын көпжылдық шөптерді (жоңышқа, беде жəне тағы басқа) өсіру жəне топыраққа органикалық тыңайтқыштар беру гумустың мөлшерін көбейтеді. Гумустың пайда болуы жəне оның мөлшері көптеген жағдайларға байланысты. Осы жағдайлардың ішінен топырақ микроорганизмдерін жəне олардың құрамын, ылғалдылығын, температурасын, аэрациясын (газ алмасуын), өсірілетін өсімдіктер құрамын атауға болады.

Топырақтағы өсімдік қалдықтарының ыдырауы жəне гумустың пайда болуы аэробты жəне анаэробты микроорганизмдердің қатысуымен жүзеге асады. Топырақта жеткілікті мөлшерде ылғал (толық ылғал сиымдылықтың 40-60% ) жəне жылу (топырақ температурасы 250С) аэробты процес жүріп органикалық затардың көпшілік бөлігі көмір қышқыл газына (CO2) ,аммиакқа (NH3),су (H2O) жəне азот тотығына (NO3) минерализацияланады. Бұл жағдайда өсімдіктер коректенетін минералдық элементтер мен азот түзіліп, гумус шамалы жиналады. Топырақта анаэробты процес басым болған жағдайда органикалық қалдықтар баяу ыдырайды, сондықтан шала тотықтанған аралық органикалық қышқылдар, сутегі, метан, күкіртті көміртегі пайда болады. Бұл заттар топырақтағы анаэробты бактериялардың тіршілігін тежеп, ең соңында органикалық заттардың ыдырауын тоқтатып, гумустың пайда болуына кедергі жасайды. Топырақта аэробты жəне анаэробты процестер аламасып жүрсе, онда гумус көп жиналады. Гумустың пайда болуына органикалық заттардың химиялық құрамы жəне олардың топырақта жиналу сипаты үлкен əсер етеді.

Авторлық сілтеме:
Егіншілік негіздері. Оулық. Жаңабаев Қайырбек Шабантайұлы — Алматы, ҚазҰАҮ, 2012. 160б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *