Григориандық күнтізбе

Юлиандық күнтізбе өзінің қарапайымдылығымен және қатаң бір қалыпта ауысуымен көзге түсіп, жарты мың жыл қолданылды. Әрбір төрт жылда 1461 тәулік, әрбір жүз жылда 36525 тәулік бар. Сондықтан да осында санақ жүйесі ұзақ уақыт интервалын өлшеу үшін жайлы болды. Бірақ Юлиандық күнтізбенің орташа жыл ұзақтығы тропиктік жылдан 365,25 — 365,2422 = 0,0078 тәулік көп, яғни мөлшермен 11 минут 14 секунд. Сондықтан Юлиандық күнтізбе жыл мезгілдерінің нақты ауысуынан қалып отырады. Мысалы, осы күнтізбе бойынша әрбір жыл сайын көктемгі күн теңелуі 0,2422 тәулік алдыға, ал әрбір кібісе жыл 0,7578 тәулік артқа және әрбір төрт жылдық циклдің аяғына таман 0,0312 (4·0,0047) тәулік артқа жылжиды. Бір тәулік айырмашылығы 128 жылда жиналады. Егер біздің эрамыздың басында көктемгі күн теңелу 23 наурызда болса, 400 жыл өткеннен соң 3 тәулік ерте, яғни 20 наурызда болады. Осыдан әрбір жыл мезгіліне қатысты Юлиандық күнтізбе алдыда жүреді, соған байланысты бұл күнтізбеде астрономиялық құбылыстар артқа жылжиды.

Юлий Цезарь уақыты мен Никей Соборының (325жыл) арасында 3 тәулікке айырмашылық пайда болды, соның нәтижесінде астрономиялық кезең көктемгі күн мен түннің теңелуі 24 наурыздан 21-не ауысты. Шіркеу көктемгі күн мен түн теңелу күнін 21 наурыз деп мақұлдады, бірақ айырмашылық жойылған жоқ. XVI ғасырдың аяғында көктемгі күн мен түннің теңелуі наурыздың 21-нен 11-не дейін 10 тәулікке жылжыды.

1582 жылы католик шіркеуі күнтізбеге реформа жүргізіп, көктемгі күн мен түннің теңелуін 21 наурызға қайта ауыстырды. Сол үшін 1582 жылдың 4 қазанынан кейін бұл күн 15 қазан деп хабарланды. Бұл күнтізбе реформаны жүзеге асырған Рим папасы XIII Григорийдің құрметіне григориандық деп аталды.

Григориандық күнтізбеде қарапайым жыл 365 тәуліктен, кібісе жыл 366 тәуліктен тұрады және нөмірі төртке қалдықсыз бөлінетін әрбір төртінші жыл кібісе жылы болып саналады. Бірақ  Юлиандық күтізбенің нақты болмау себептерін жою үшін григориандық күнтізбеден әрбір 400 жыл сайын тағы да 3 күн алынып тасталып отырды. Сол үшін саны төртке қалдықпен бөлінетін ғасырлық жылдар (мысалы: 1700, 1800, 1900, 2100) кібісе жылға кірмей қарапайым деп саналды. Мұндай күнтізбенің толық циклі 303 қарапайым және 97 кібісе жалпы 400 жылдан тұрады, ал барлығы 146097 тәулік. (бірінші мұндай цикл жақын арада 1982 жылы 15 қазанда аяқталды). Григориандық күнтізбесінің жылының орташа ұзақтығы 365,24250 тәулікке тең және ол тропикалық жылдан 0,00030 тәулікке (26 секунд) көп. Қателік 3300 жылда бір тәулікке жетеді, кібісе жылдың қарапайымдылығына байланысты григориандық күнтізбе сәтті деп саналады.

Бір қызығы, григориандық күнтізбе мен астрономиялық күнтізбелердің арасындағы уақыт айырмашылығы бірте-бірте арта береді. Григориандық жыл тропиктік жылдан қазірдің өзінде ұзақ, ал Жердің өз осінен айналуының баяулауына байланысты тропиктік жылдың тәулік саны азая береді. Осының салдарынан осыдан көп ғасыр бұрын григориандық күнтізбе мен астрономиялық күнтізбенің айырмашылығы аз болған, ал одан кейін бір кезде бір-бірімен теңесті! Тропикалық жылдың әр ғасырдағы ұзақтығы жоғарыда «Астрономиядағы жылдың түрлері» бөлімінде көрсетілген және 365,2425 тәулік мағынасы б.э.д. 3000 жылға сәйкес келеді, яғни жылдың ұзақтығы бойынша Ежелгі Мысырға Григориан күнтізбесі дәл келер еді! С.Ньюкомның формуласынан тропиктік жылдың Юлиандық күнтізбемен дәл келуін есептесек, ол осыдан 130 мың жыл бұрынғы ежелгі заманға сәйкес келеді екен.

Орташа 400-жылдық григориандық циклда күнтізбелік жылдың ұзақтығы тропиктік жылдың ұзақтығымен жақсы үйлеседі және кібісе жылдармен  түзетілген  күнтізбе қателіктері жылдан жылға біркелкі болмаған. Оны — кібісе жылдары болмайтын ғасырлардың әрқайсысының соңында жеті қарапайым жыл қатар келуінен көруге болады. Жоғарыда айтылғандай, әрбір қарапайым жыл көктемгі күн мен түннің теңелуін 0,2422 тәулікке алдыға жылжытады, ал жеті жыл ішіндегі жылжыту 0,2422·7=1,6954 тәулікке тең болған! Осыған байланысты, мысалы, 1896 жылғы күн мен түннің теңелуі 20,05 наурызда, ал 1903 жылы — 21,75 наурызда болған. XX ғасырдың бірінші жартысында күн мен түннің теңелуі 21 наурызға, ал екінші жартысында 20 наурызға келген. Сонымен қатар, григориандық күнтізбенің дәл болмағандығынан 2000 жылғы күн мен түннің теңелуі 1600 жылмен салыстырғанда 0,12 тәулікке ерте болды.

Тағы да айта кететін мәселе, григориан күнтізбесінің басты құндылығы — оның қарапайымдылығы. Юлиан күнтізбесінің артық күндерді алып тастау ережелерін қолданып, григориандыққа қарағанда дәлірек санау жүйесін құруға болады. Мысалы, егер төрт қарапайым және бір кібісе жылдан тұратын әрбір сегізінші төрт жылдық циклді бір жылға арттырса, онда әрбір 33 жыл 25 қарапайым және 8 кібісе жылдан тұрады және юлиандық күнтізбенің кемшілігі 33 жыл шамасында жабылып отырады, ал астрономиялық жылға қатысты бір тәуліктік айырмашылық 4400 жылда жиналып отырады. Кібісе жылдардың мұндай жүйесін XI ғасырда иран ғалымы және ақыны Омар Хайям қолданған. Одан да дәлірек 1864 жылы астроном И.Мэдлер ұсынған жоба болды, ол бойынша әр 128 жылда бір кібісе жылды алып тастау керек сонда бір тәулік айырмашылығы 86,4 мың жылда жиналады.

Он тәулікке кешігумен жүретін григориандық күнтізбені енгізу төрт жүз жыл (XVI-ғасырдың аяғынан XX-ғасырдың бірінші жартысына дейін) бойы екі жыл санаудың қатар қолданылуына әкелді, олар: «ескі дәстүр» (юлиандық) және «жаңа дәстүр» (григориандық) жыл санаулар болатын. Григориандық эпоха әр елде әр жылда және алдымен католик шіркеулерінің маңызды орын алатын жерлерде қабылданған. Бізге белгілі ССРО жаңа стильге 1918 жылы, оның ескі стильмен айырмашылығы 13 күн болғанда ғана, В.И. Лениннің декретімен ауысты. Бұл айырмашылық XXI ғасырда да сақталып қалады, тек 2100 жылдың наурызынан бастап жаңа дәстүр мен ескі дәстүр арасындағы айырмашылық 14 тәулікке көбейеді.

Авторлық сілтеме:
ДОСАЕВА Т.Т., ШАКЕНОВ М.Б. Д64 Сфералық астрономия: оқу құралы /Т.Т. Досаева, М.Б. Шакенов –Талдықорған: ЖМУ. 2011. – 83 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *