Қоспаларды бөлудің түрлі әдістері
Гетерогенді қоспаларды бөлу
Тұндыру. Бұл әдіс жердің тартылыс күші әсерінен әртекті қоспадағы қатты заттар мен сұйық заттардың қабат түзіп бөлінуіне негізделген. Мысалы, темір ұнтағын ағаш ұнтағынан бөлу үшін қоспаны суға араластырады және тұндырады. Темір ұнтағы ыдыстың түбіне шөгеді, ал ағаш ұнтағы су бетіне қалқып шығады. Оны сумен қоса құйып алуға болады.
Кейбір заттар тығыздығына байланысты суда әртүрлі жылдамдықпен тұнады. Егер суға саз бен құмның қоспасын араластырса, құм тезірек тұнады. Бұл әдіс керамика өндірісінде құмды саздан бөлу үшін қолданылады. Бір-бірімен араласпайтын сұйықтар уақыт өте келе тығыздықтарына байланысты қабатқа бөлінеді. Мысалы, бензин — су, өсімдік майы — су, мұнай — су. Ондай қоспаларды бөлгіш құйғылар мен колонкалардың көмегімен бөледі (2-сурет).
Сүзу. Суда еритін және ерімейтін әртекті қоспа-лардан заттарды бөлу. Ас тұзын құмнан бөлу үшін қоспаны суға араластырады. Ас тұзы суда ериді, ал құм түбіне тұнады. Ерітіндідегі ерімейтін бөлшектерді бөлуді тездету үшін қоспаны сүзеді (3-сурет). Құм сүзгі қағазында қалады, ал тұздың мөлдір ерітіндісі сүзгіден өтіп кетеді.
Магнитпен бөлу. Бұл әдіс қоспа құрамындағы бір зат магнитке тартылатын жағдайда қолданылады. Темір және күкірттің қоспасын бөлу үшін темірді магнит көмегімен тартып алуға болады.
Гомогенді қоспаларды бөлу
Буландыру. Кристалдау. Еріген затты, мысалы, ас тұзын ерітіндіден бөлу үшін оны буландырады (4-сурет). Су буланып ұшады, ал кәрлен табақшада ас тұзы қалады. Кейде ішінара буландыруды қолданады, нәтижесінде концентрлі ерітіндіден еріген зат кристалл түрінде бөлініп шығады.
Дистилдеу немесе айдау. Қоспаны тазартудың бұл әдісі біртекті қоспадан қайнау температуралары әртүрлі заттарды бөлуге негізделген (5-сурет). Дистилдеу (айдау) — ұшқыш сұйықтықтарды алдымен буландырып, содан кейін бірден салқындатып, сұйық күйге ауыстыру (конденсациялау) әдісі.
Крахмал алу
Крахмал алу үшін 2 картоп, кастрөл, су, сүзгі, йодтың спирттегі ерітіндісі қажет. Картопты өте ұсақтап турап, ыстық суда 2-3 мин бұқтырыңдар. Содан кейін ерітіндіні салқындатып, крахмалдың түзілгенін йодпен тексеріңдер. Йод көк түске боялады. Содан кейін картопты ерітіндіден бөліп алып, ерітіндіні буландырыңдар. Кастрөл түбінде ақ түсті ұнтақ — крахмал қалады.
[alert style=»success»]Біліміңді тексер[/alert]
[accordion][accordion_block title=»1-сұрақ»]Қоспа деген не? Әртүрлі агрегаттық күйдегі табиғи қоспаларға мысалдар келтіріп, оның құрамындағы заттарды ата.[/accordion_block][accordion_block title=»2-сұрақ»]Таза заттар мен қоспаларды бөліп жаз: тіс пастасы, лимон шырыны, парафин, дистилденген су, сынап, болат, қант, топырақ, күкірт, йод тұндырмасы, мұз.[/accordion_block] [accordion_block title=»3-сұрақ»]Гомогенді немесе гетерогенді ауа деп қандай ауаны айтады?[/accordion_block][/accordion]