Географиялық белдеулер климаттық белдеулерге сәйкес келіп және солардың атымен аталады. Табиғат кешендерінің ендік бойынша өзгеруінен географиялық қабық географиялық белдеулер мен зоналарға бөлінеді.
Географиялық белдеу – Жердің географиялық қабығындағы ең ірі табиғат кешені. Ол ендік (кейде бойлық) бағытта созылып жатады. Әр географиялық белдеу өсімдіктер, жануарлар дүниесі және климатымен ерекшеленеді. Географиялық белдеу жылудың, сондай-ақ ылғалдың таралуымен, басқа да табиғи кешендермен (топырақ, өсімдік және жануарлар дүниесі) тығыз байланысты. Географиялық белдеу әртүрлі дәрежедегі географилық белдемшелерге және белдемдерге бөлінеді. Географиялық белдеудің аумағы жер бедері мен мұхит ағыстарына қарай тарылып немесе кеңейіп отырады.
Жер шарында (құрлықта да, мұхитта да) 7 негізгі және 6 аралық белдеу бар. Негізгі географиялық белдеулерге экваторлық (1), тропиктік (2), қоңыржай (2), полярлық (2) белдеулер жатады. Жердің жоғарғы ендіктерінде негізгі географиялық белдеулердің аралықтарын өтпелі белдеулер бөліп жатады (өтпелі белдеулерге «суб» (латынша – кіші, таяу) деген сөз қосылып айтылады). Өтпелі белдеулер: субэкваторлық белдеу – экваторлық белдеу мен тропиктік белдеулер аралығында, субтропиктік белдеулер – тропиктік белдеулер мен қоңыржай белдеулер аралығында, субполярлық белдеулер, қоңыржай белдеулер мен полярлық белдеулер аралығында орналасқан.
Экваторлық белдеудің ауа температурасы жыл бойы біркелкі, жыл маусымдары ауыспайды. Жыл бойы жауын-шашын біркелкі түседі. Мұнда ылғалды мәңгі жасыл ормандар зонасы таралған. Ондағы жасыл ормандарда ағаштар бірнеше қабат болып өседі.
Ал субэкваторлық белдеуде жылдың екі маусымы анық байқалады. Себебі субэкваторлық белдеуде жазда экваторлық ауа, ал қыста тропиктік ауа массалары әсер етеді.
Тропиктік белдеуде жыл бойы тропиктік ауа массалары басым болады. Жазда ауа температурасы аса жоғары, қыс мезгілінде төмен болады. Тропиктік ауа массалары өте құрғақ, төмендеген сайын қызып, құрғай түседі.
Субтропиктік белдеуде тропикалық жас және қоңыржайлық қыс байқалады. Ауа температурасы мен жауын-шашын арасында айтарлықтай маусымдық айырмашылық байқалады.
Қоңыржай белдеу екі жарты шарда да таралған. Бірақ Солтүстік жарты шарда кең аумақты алса, Оңтүстік жарты шарда аз аумақты қамтиды. Қоңыржай белдеуде жылдың 4 маусымы анық байқалады, сонымен қатар табиғат жағдайлары да маусым бойынша өзгереді.
Субарктикалық белдеу тундра және орманды тундра белдемдерін (Еуразия мен Солтүстік Американың солтүстігі) қамтиды.
Субантарктикалық белдеуге мұхит айдыны мен Антарктиданың солтүстігіндегі бірнеше арал енеді. Климаты ылғалды, теңіздік.
Полярлық белдеу солтүстік (арктикалық) және оңтүстік полюс (антарктикалық) белдеуден тұрады. Полярлық белдеуде күн сәулесінің түсу бұрышы аз, ал шағылуы жоғары болғандықтан, мұз құрсап жатады.
Материктер мен мұхиттардағы табиғат кешендерін құрайтын табиғат компоненттері экватордан полюстерге қарай географиялық зоналылық заңдылығына сәйкес өзгереді. Жер бетінде Күн жылуының әркелкі таралуынан экватордан полюстерге қарай климат қана емес, сондай-ақ жер бедеріне сыртқы күштің әсер етуі, өзен мен көлдің ерекшеліктері, топырақ түзілу үдерістері, өсімдіктер, жануарлар дүниесі де заңды түрде өзгеріп отырады.
Ендік бағытта температурасы, ылғал мөлшері, топырағы, өсімдіктері, жануарлары бірдей болатын ірі табиғат кешені табиғат зоналары деп аталады.
Табиғаттағы зоналылық құрлықтағы климат жағдайға, яғни, жылу мен ылғалдың арақатынасына тәуелді. Мысалы, температура жоғары, ылғал мол болатын жерлерде ылғалды тропиктік ормандар, ал температура жоғары, бірақ ылғал аз түсетін жерлерде тропиктік шөлдер қалыптасады. Сырт көзге табиғат зоналары өсімдік жамылғысы арқылы бірден ажыратылады. Сондықтан табиғат зоналарының аттары өсімдік сипатына сай келеді. Мысалы, жалпақжапырақты орман, орманды дала, шөл, ылғалды экваторлық ормандар және т.б. егер зонаны құрайтын жекелеген табиғат компоненттерінің біреуі өзгерсе, ол ең алдымен, зонаның өсімдік жамылғысын өзгертеді.
Табиғат зоналарының орналасуы. Табиғат зоналарының орналасуы климаттық белдеулермен тығыз байланысты. Климаттық белдеулер сияқты табиғат зоналары да күн сәулесінің түсу бұрышының азаюы мен ылғалданудың әркелкілігіне байланысты экватордан полюстерге қарай бірін-бірі алмастырады.
Осы заңдылықты ендік зоналылық деп атайды. Зоналылықтың аумағында барлық табиғат кешендері кездесетіндіктен, ол географиялық қабықтағы негізгі заңдылық болып табылады.
Жер шарында климат жағдайларының экватордан полюстерге қарай өзгеруі бүкіл табиғат кешенінің ендік бойынша өзгерісін тудырады.
Табиғаттағы зоналылық тек жазықтарда ғана емес, биік тауларда да байқалады. Таудағы табиғат кешендері оның етегінен биік шыңдарына дейін температура мен қысымның төмендеуіне, белгілі бір биіктікке дейін жауын-шашын мөлшерінің артуына, тау беткейлеріне түсетін жарық мөлшерінің әртүрлілігіне байланысты алмасады. Бұл зоналар таудың әртүрлі биіктіктегі белдеулер түрінде көмкере орналасқандықтан, оларды биіктік белдеулер деп атайды.
Мұхиттарда да судың температурасы, тұздылығы, химиялық құрамы, тіршілік дүниесі экватордан полюстерге қарай өзгергендіктен зоналылық байқалады. Бірақ мұнда зоналардың құрлықтағы тәрізді айқын шекаралары жоқ. Олар географиялық орнына сәйкес, климаттық белдеулердің атымен аталады.
Герграфиялық ландшафт – құрамындағы табиғат компоненттері (тау жыныстары, ауа, су, топырақ, өсімдік және жануарлар дүниесі) бір-біріне тәуелді және өзара тығыз байланысты болып келетін аймақты кешен.
Орыс ғалымы Л.С.Берг «Ландшафт» терминін ғылымға ең алғаш енгізген.