Финляндия Республикасы. Саяси-экономикалық дамуы

Қазіргі кезде Финляндия Солтүстік Еуропадағы өндірісі дамыған елдің бірі. Ұлттық экономикасы толық модернизацияланған, ішкі ұлттық өсімі 5%, өнеркәсіптің даму қарқыны — 7% жылдық өлшем. 1991 жылы парламент сайлауында консерваторлар және социал-демократиялық партиялар блогы жеңіліс тауып, аграрлық және консерваторлар жеңіске жетті. Премьер-министрі болып аграрлық партия жетекшісі Эско Ахо тағайындалды. Жаңа үкімет алдындағы міндеттердің бірі ұлттық экономиканы Еуропалық ынтымақтастыққа кіру болды. 1992 жылы Финляндия Еуропалық Одаққа мүше болуға арыз жазды. 1994 жылы Еуропалық Одаққа кіру туралы референдум өткізілді. Сайлауға қатысқан сайлаушылардың 57% қолдады. 1995 жылы 1 қаңтардан бастап Еуропалық Одақ ұйымына мүше болып қабылданды. 2001 жылы Еврозонаға кіріп, ұлттық ақшаның орнына Евро енгізілді. Финляндия үкіметі НАТО ұйымына мүше болуды қолдамады. 1994 жылы Президенттік сайлауда, екінші турда Финляндияның мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған Мартти Ахтисаари 54% дауыспен жеңіске жетті. 1995 жылы наурыз айында парламент сайлауында аграрлық партия жеңіліс тауып, консерваторлар партиясы жеңіске жетті. Премьер-министр болып Пааво Липпонен тағайындалды. Бұл біріккен үкімет болды. Үкімет құрамына — «Ұлттық бірлік», «Швед халық партиясы» және «Жасылдар партиясы» кірді.

2000 жылы Финляндияда кезекті президент сайлауы өтті. Сайлауда солшыл центристер партиясынан халық арасында реформаторлық саясат жүргізуді қолдаған Тарьи Халонен жеңіске жетті. ХХІ ғасырда Финляндия жаңа кезеңге өтіп, президенттік билік тежеліп, парламенттік билік күшейді. Солшыл центристер үкіметі президент Т. Халоненнің қолдауымен елде әлеуметтік- экономикалық реформалар жүргізді:

  1. Әлеуметтік сақтандыру бағдарламасы. Әлеуметтік төлем — мемлекеттік бюджет арқылы жүргізіледі;
  2. Жас отбасыларды қолдау. Ай сайын — 1 балаға 90 евро, 2 балаға — 110 евро, 3 бала дүниеге келгенде — 130 евро, 4-ші балаға — 150 евро және 5-6 балаға — 172 евро төленеді;
  3. Мектеп оқушыларына қосымша төлем қарастырылады. Бала құқықтарын қорғау, баланы ұрып-соғу заң алдында қатаң жауапқа алынады.

Финляндия үкіметі — жемқорлықтан қатал күрес жүргізіп отырған елдің бірі. Жемқорлық, ұрлық, тонау атымен жоқ.


Хельсинки қаласы

Финляндия Республикасы. Хельсинки қаласы қазіргі таңда

Экономикасы. Финляндияда өндірісті-ақпараттық технология жедел дамып келеді. Мысалы: Әлемге аты шығып отырған «Nokia» фирмасы компьютер және жылына 120 млн. мобильдік телефон шығарады. Ұлттық ішкі өнімнің 30%-ын құрайды. Сонымен қатар өндіріске қажетті металл өңдеу, кеме жасау, қағаз, электро- техникалық, орман шаруашылығы жедел дамып келеді. Орман шаруашылығы өнімдері — ұлттық өнімнің 10% құрайды. Финляндия дүние жүзінде картон, целлюлоза және қағаз экспортқа шығарудан екінші орын, Канада елінен кейін.

2005 жылы Ұлттық ішкі өнім мөлшері — 193,3 млрд. доллар.

Жан басына шаққанда — 37,013 доллар. Инфляция — 1,2%.

2003 жылы наурыз айында парламенттік сайлау өтті. Сайлау қарсаңында екі саяси партиялар социал-демократиялық және Финляндия орталық партиясы (ФЦ) арасында парламенттік орын үшін күрес жүргізді. Екі партияның сайлау алдындағы бағдарламасы елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуді міндеттеді. Сайлауда центристер партиясы жеңіске жетті. Парламенттегі 200 депутаттық орынның 55 орынды жеңіп алды. Премьер-министр болып Аннели Яаттеанмяки сайланды.

Социал-демократиялық партиясы үкіметі елде әлеуметтік бағдарламасын толық жүргізе алмады. Финляндияның ішкі дамуында ұлттық өнім мөлшері 1,6% қысқарды, жұмыссыздық бұрын соңды болмаған деңгейге 9% жетті. Сайлаудан кейін саяси партиялар арасында келіспеушіліктер болды. Жаңа центристер үкіметі социал-демократтармен бірігіп үкімет құрды. Мемлекеттің ұлттық моделі қайырымды жалпы, халықтық жолды жүргізді. Келісімдердің барысында Халық партиясы мен социал- демократтар біріккен үкіметтің құрамына кірді. Президент сайлауында 2000 жылы социал-демократ партиясынан әйел адам Т. Халонен және премьер-министрі әйел адам Аннели Яаттенмяки болды. Мұндай жағдай Еуропа тарихында бірінші рет болды.

Яаттенмяки үкіметі 2003 жылы маусым айында отставкаға кетуге мәжбүр болды. Оның себебі — бұрынғы центристер үкіметі Пааво Липпоненнің АҚШ-тың Президенті кіші Бушпен Ирак агрессиясын қолдауы болды. Жаңа премьер-министрі болып центристер партиясының вице-төрағасы Марти Ванханен тағайындалды. Жаңа үкімет әлеуметтік-экономикалық ұлттық бағдарлама қабылдады.

Сыртқы саясатта Финляндия үкіметі Еуропалық Одақ ұйымымен ынтымақтастықты тұрақты дамытуға күш салып келеді. 1999 жылы шілде-желтоқсанда Финляндия Еуропалық Одақтың төрағасы қызметін атқарды. Балқан дағдарысы жылдарында және НАТО-ның Югословияға қарсы агрессиясын тоқтатуға айтарлықтай үлес қосты.

Финляндия үкіметінің сыртқы саясатындағы басты мәселенің бірі — НАТО ұйымына мүшелікке өту болып келеді. НАТО ұйымына мүше болу туралы екі рет референдум өткізілді. 1999 жылы халықтың 73%, 2000 жылы — 66% қарсы дауыс берді.

Финляндия Президенті Тарья Халонен НАТО ұйымына мүше болуды қолдамайды. Конституция бойынша Финляндия «бейтараптық» ел, сондықтанда Финляндия Балтық елдері НАТО- ға мүше болған күндеде, біз өз ойымызды өзгерте алмаймыз, — деді президент.

Финляндия — Ресей елдері арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстар — достық және серіктестік бағытта дамып келеді. Ресей құрамындағы Карелия мен Финляндия арасындағы сауда айналымы 240 млн. доллар. Карелияның сыртқы саудада Финляндиямен сауда үлесі 33%-ға жетті.

2001 жылы қыркүйек айында Ресей Федерациясының Президенті В. В. Путин Финляндияға ресми сапармен барды. Финляндия Президенті Тарья Халоненмен кездесті.

Екі елдер арасында атом энергиясы, мұнай-газ салаларында ынтымақтастықты дамыту туралы келісімдерге қол қойылды. Жоғарғы саяси деңгейдегі кездесулер — екі елдер арасындағы саяси, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге жаңа жол ашуға мүмкіндік жасайды. Сенімділік, достық және көршілік қағидаттары жүзеге асып келеді.

Финляндия — Қазақстан арасындағы ынтымақтастық

Екі елдер арасындағы елшілік қатынастар 1992 жылы 13 мамырда орнады. 1992 жылы 28-30 қыркүйекте Қазақстанға ресми сапармен Финляндия Республикасының Президенті М. Койвисто келді. 1997 жылы 10-11 қарашада жұмыс бабымен Финляндия сыртқы істер министрінің орынбасары Я. Бломберг Қазақстанда болды. 1998 жылы 6-7 сәуірде Алматы қаласында Финляндияның сыртқы сауда және Еуропа істер министрі О. Норрбак бір топ бизнес өкілдерімен келіп, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі, экономика және сауда министрі Мемлекеттік камитеті басшыларымен кездесіп, екі жақты сауда экономикалық, инвестиция салалары бойынша келісімдерге қол қойылды.

1999 жылы Қазақстан Республикасының Мәскеудегі елшілігінде Финляндияның ірі компанияларының басшыларымен кездесіп екі жақты ынтымақтастық туралы мәселелер қаралды.

Екі елдер арасындағы сауда айналымы 2005 жылы 375,5 млн. доллар (экспорт — 177,6 млн. доллар, импорт — 198 млн. доллар). Қазақстан экспорты: мұнай, цинк және астық. Финляндиядан көлік және байланыс құралдары, электро-техникалық, техникалық бояулар, қағаз, картон, жиһаз және тұтыну тауарлары. Қазіргі кезде Қазақстанда Финляндияның 13 біріккен кәсіпорыны жұмыс істейді. Финляндияның «Fostum IVOTE» компаниясы Қазақстанның «КЕГОС» компаниясымен электр жүйелерін салу туралы ынтымақтастық туралы келісті. 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында Финляндия — Қазақстан арасындағы үкіметаралық комиссия отырысы өтті. Екінші отырысы 2004 жылы 27-28 қазанда Хельсинки қаласында өтті. Кездесулер барысында теле-коммуникация, ағаш, көлік салаларында тәжірибе алмасты. 2005 жылы Хельсинки қаласында қазақ бизнесмендері Финляндияның «Nokia» және «Телия-Сонера» компанияларымен инновациялық ғылыми-зерттеу салаларында бірігіп қызмет атқаруға келісті.

2009 жылы 23-25 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Финляндия Республикасына ресми сапармен барды. Кездесулер барысында екі елдер арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және инвестициялық, мәдени ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

2009 жылы Қазақстанда 30 фин компаниялары жұмыс істейді. Екі ел арасындағы сауда айналымы 539 млн. евро болды.

2013 жылы 18-20 мамырда Финляндия Президенті Саули Ниинисте Қазақстанға тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Финляндияны Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды сауда- экономикалық әріптестерінің бірі» — деп атады. Қазір елімізде финн капиталының қатысуымен 70-тен астам компания экономиканың әртүрлі саласында жұмыс істейді. Екі жақты сауда айналымы 800 млн. долларға жетті. Екі ел арасындағы көлік, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақтастық дамып келеді. Екі ел басшылары кездесуінде халықаралық, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалдар талқыланды.

«Қазақстан — экономикасы бойынша екпінді қарқынмен өсіп келе жатқан елдердің бірі» — деді Саули Ниинисте. Н. Ә. Назарбаев финдерді «ЭКСПО — 2017» көрмесіне дайындық бойынша ынтымақтастыққа шақырды. Көрменің тақырыбы «Болашақтың қуаты»-деп аталатынын айтты. Сондықтан Фиин компанияларын «жасыл» экономиканы дамытуға шақырды. Сапар барысында екі ел арасында технологиялық, инновация мен инфрақұрылымды су және өзге табиғат ресурстарын тиімді басқаруға тірек болатын экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға бағытталады.

Екі ел арасында 2009 жылы 19 наурызда Хельсинки қаласында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 2010 жылы 3 наурызда Астана қаласында Финляндия Республикасының елшілігі ашылды.

Финляндия Республикасының алғашқы үкімет басшысы орыс әскерінің генералы Маннергейм (1866-1946). Қырғыз елінде «Қырғыз анасы» деп аталып кеткен Құрманжан ел арасында беделді болған. Ол 1907 жылы өз елінде Ош, Алай өлкесінде Түркістан генерал-губернаторының тоғыз генералын күтіп, қонақ жасайды. Солардың арасында генерал Маннергейм де болған.

Авторлық сілтеме:
Мәшімбаев С. М. Еуропа және солтүстік Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (2000-2013 жж), Алматы, 2014 ж.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *