Дала зонасының географиялық орны. Дала зонасы Солтүстік жарты шарда, Еуразия мен Солтүстік Америкада кең алқапты алып жатыр. Оңтүстік жарты шардағы көлемі шағын. Қазақстанда дала зонасы орманды зонасының оңтүстігінен басталып, 2200 км-ге созылып жатқан кең алқапты қамтиды.
Дала – шөптесін өсімдіктер өсетін, ормансыз жазық алқап.
Климаты. Бұл белдеу жазы ыстық, құрғақ, қысы суық, өте континентті климат ықпалында болады. Солтүстік бөлігінде -50ºС-ге дейін аяз болады. Дала зонасының қаңтар айының орташа температурасы -16-18˚С, ал шілде айының орташа температурасы +18˚С-ден +23˚С аралығында болады. Еліміздегі дала зонасының климаты қатал. Жауын-шашын мөлшері жылына 220-300 мм, мөлшері солтүстіктен оңтүстікке қарай азая береді. Климат жағдайлары егін шаруашылығына толық мүмкіндік береді.
Топырағы. Даланың басты байлығы – Құнарлы қара топырақ.
Өсімдігі. Бұл табиғат зонасында негізінен, шөптесін өсімдіктер: боз, бетеге, селеу басым өседі. Даланың оңтүстік бөлігінде негізгі өсімдіктермен қатар жусанның кейбір түрлері өседі. Дала өсімдіктерінің арасында дәрі-дәрмектік өсімдіктер де бар. Мысалы, жанаргүл, шайшөп, итмұрын, дәрілік валериан кездеседі. Жаз бойы даланың түрі үнемі өзгеріп отырады. Дала көктемде қысқа мерзімге ғана алуан түрге бөленіп құлпырады. Шілде де шөбі қурап, сарғайып кетеді.
Жануарлары. Ашық далада тіршілік етуге бейімделген көптеген жануарлар кездеседі. Қоршаған ортасының түсіне ұқсас келетін, жылдам жүгіретін әрі тез ұшатын, жылдың қолайсыз мезгілдерінде ұйқыға кететін жануарлардың түрлері бар. Дала сүтқоректілерінен сарышұнақ, қосаяқ, дала тышқандары, дала алақоржыны кездеседі. Олар егінге көп зиян келтіреді. Мұнда сарышұнақ тұқымдасынан ірі суырлар (салмағы 10 кг-ға дейін) болады.
Даланы ақбөкендер мекендейді. Құстардан дуадақ (салмағы 16 кг-ға жетеді), одан басқа безгелдек, тырна, бозторғай, сондай-ақ суда тіршілік ететін құстар кездеседі. Жыртқыш құстардан дала бүркіті, кезқұйрық бар.
Қорытынды. Жасаған тұсаукесерлеріңе мұғалімнің шешімі бойынша жеке және топтық түрде есеп беріңдер. Орындалған жұмыстарыңның мазмұны, зерттеу жұмыстары нақты көрсетіліп болғаннан соң нәитижелері шығарылып, бағаланады.