Дүниежүзінің аумақтық ресурстары

Географиядағы жер аумағы — құрлықтың кезкелген бір бөлігінің ресурстық қоры, мүмкіншілігі және өзіндік қасиеті бар географиялық кеңістік. Экономикалық әлеуметтік географиядағы анықтамалық көрінісі: ареал, аймақ, зона, аудан, округ болып келеді. Аумақтық құрылым иерархиясында олардың өзіндік орны болады. Олар біртұтас: экономикалық географиялык, әлеуметтік және саяси географиялық табиғи географиялық құрылымдардан тұрады. Экономикалық географиялық жүйеде антропогендік жер аумақтарының біртұтастығы аса маңызды мәнге ие.

«Жер» түсінігіне өте көп жағдайда «аумақ», яғни осында адамзат қоғамы пайда болған, бар болып отырған және дамып жатқан кеңістік термині салынады. Жердің қоғам өмірінің кеңістігі ретіндегі осы мағынасынан оның шаруашылықта пайдаланылатын табиғи ресурс ретіндегі (ауыл шаруашылығында азық-түлік пен шикізат өндірудің негізгі құралы, өнеркәсіп нысандарын және азаматтық нысандарды салуға, көлік магистральдарын және т.с. салуға арналған аренде ретіндегі) мағынасы ерекшеленеді. Басқаша айтар болсақ, жер ресурстарына шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын немесе пайдалануға жарамды жерлерді жатқызады.

Дүниежүзінің жер ресурстарының ауданы (134 млн шаршы км) салыстырмалы түрде зор емес және біздің ғаламшарымыздың жалпы ауданынан (510 млн шаршы км) бар болғаны 26,3% құрайды. Құрғақ жердің ауданына (149 млн шаршы км) қатысты олардың үлесі айтарлықтай жоғары және 89,9% құрайды (қалғанын – 15 млн шаршы км жуығын Арктика және Антарктиканың мұзды шөлдері алып жатыр). Алайда бұл ретте жер ресурстарының ауданының үштен бір бөлігінен астамы (33%) өнімділігі аз, яғни жарамды, бірақ шаруашылықта пайдаланылмайтын, осыларды игеру орасан зор күрделі шығындарды қажет ететін жерлерге (алуан түрлі қолайсыз жерлер – батпақтар, тундралар, полярлық, биік таулы және аридті шөлдер, карстты аудандар, құз грунттары, жағалау маңындағы құмдар және т.с.) келеді. Сондықтан шаруашылық айналымына тартылып та қойылған жер ресурстарын, яғни тамақ өнімдерін және шикізат өндіру үшін пайдаланылатын жерлерді (ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлер), орман және т.с. жауып жатқан жерлерді ұтымды пайдалану ерекше маңызға ие болып отыр.

Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жерлер 48,1 млн шаршы км (4810 млн га), немесе әлемдік жер қорының 36%-ға жуығын, орман жамылған аудандар — 38 млн шаршы км (28%), антропогенді ландшафттар (елді мекендер, өнеркәсіп аймақтары, көлік линиялары және т.с.) – шамамен 4 млн шаршы км (3%) алып отыр. Ауылшаруашылық жерлерінің құрамында егістік, көп жылдық екпе ағаштар (бақшалар, жүзімдіктер, плантациялар) және т.б. өңделетін жерлер 13,4 млн шаршы км, табиғи шалғындар мен жайылымдар — 34,7 млн шаршы км (3470 млн га) құрап отыр. Осылайша, егістікке, азықтүлік, жемшөп және шикізат алудың негізгі көзіне дүниежүзінің жер ресурстарының бар болғаны 10%-ы пайдаланылып отыр. Дүниежүзінде орташа алғанда жан басына шаққанда 0,3-0,4 га егістік жер келеді. Дүниежүзінің өңделетін жерлерінің көпшілік бөлігі (70%-ға жуығы) Еуропада, Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан. Аумақтың жоғары қоныстанғандығына орай, мұнда егістік жермен үлестік қамтамасыз етілгендік салыстырмалы түрде көп емес және Азияда 0,15 га, Еуропада 0,3 га, Солтүстік Америкада 0,6 га құрайды. Егін шаруашылығы жоғары қарқынды сипатқа ие.

Еуропада (ТМД елдерінсіз) аймақтар арасында жерлердің (селитебті жерлер) жыртылғандығының (40%-дан аса) және құрылыс салынғандығының ең жоғары деңгейі бар болып отыр. Табиғи жайылымдар мен шалғындар өте аз қалған және олар негізінен Солтүстік Еуропада сақталынып қалған. Дүниежүзінің өңделетін жерлерінің үштен бірін шоғырландырған шетелдік Азияда оның аумағының ылғалмен жақсы қамтамасыз етілген, оңтүстік және шығыс шеттегі муссонды бөліктері жоғары жыртылғандыққа ие болып отыр. Мұнда Азияның егістік жерлерінің 90%-ға жуығы шоғырланған, ал жекелеген жерлерде (Ұлы Қытай жазықтығы, Ганг, Инд бассейндері және т.б.) 70-80%-ға жетеді. Оңтүстік-Батыс және Орталық Азияның ауқымды аридті шөл, жартылай шөл және биік таулы аудандары көбінекөп жайылым ретінде пайдаланылады.

Солтүстік Америкада АҚШ субтропиктерінің және тропиктерінің, Орталық және Ұлы жазықтықтарының облыстары және Канаданың оңтүстігінің жазық облыстары қатты жыртылған және мұнда құрылыс салынған (60–80%-ға). Дүниежүзінің қалған аймақтарының – Австралияның, Оңтүстік Американың және Африканың пайдаланылатын жерлерінің құрамында жайылымдар басым болып отыр. Австралияда жерлердің 60%-ы жайылым ретінде пайдаланылуда. Өңделетін жерлердің шамалы (жер қорының бар болғаны 6%-ы) үлесі кезінде, аумақтардың шамалы қоныстанылуына орай, мұнда мұнда әлемдегі егістік жермен ең жоғары – жан басына шаққанда 1,8 га аса қамтамасыз етілгендік орын алып отыр. Егістік жерлер алып жатқан облыстар негізінен материктің шығыс және оңтүстік-шығыс шетімен шектелген.

Оңтүстік Америкада және Африкада да, жайылымдық жерлердің салыстырмалы үлкен үлесі кезінде (шамамен алғанда пайдаланылатын жерлердің 20%-ы пайдаланылады), аумақтардың жыртылғандығы өте төмен (10%-ға жуық). Егістік жермен үлестік қамтамасыз етілгендік көрсеткіштері орташа деңгейде тұр және Оңтүстік Америкада 0,5 га және Африкада 0,3 га құрап отыр, Африкада да, Оңтүстік Америкада да материктің солтүстік және оңтүстік шеті бәрінен қатты жыртылған. Жер ресурстарын пайдаланудағы айырмашылықтар әлем елдері бойынша да байқалып отыр. Егістіктің ең үлкен өлшемдеріне аумақтары бойынша аса ірі елдер — АҚШ (185 млн га), Үндістан (160), Ресей (134), Қытай (95), Канада (46), Қазақстан (36), Украина (34 млн га) ие болып отыр. Әлем елдерінің жалпы жер қорында өңделетін жерлердің үлесі 30%-дан сирек асып түседі. Бұл көрсеткіш: Үндістанда – 57,1%, Польшада – 46,9, Италияда – 40,3, Францияда – 35,3, Германияда – 33,9, АҚШ–та – 19,6, Қытайда – 10,3, Ресейде – 7,8, Австралияда – 6, Канадада – 4,9, Египетте – 2,8% құрайды.

Мәселен Ресей – әлемдегі жер аумағының ауданы бойынша бірінші ел, жерлердің ең үлкен қорына да ие болып отыр. Алайда, қолайсыз табиғи-климаттық жағдайларға орай (орасан зор аумақты ормандар, батпақтар, мәңгілік тоң аудандары, таулар, мұздықтар алып жатыр), ауылшаруашылығында пайдаланылатын жерлердің, әсіресе егістік жерлердің аудандары шектеулі. Ресейдің 1709,8 млн га жалпы ауданынан ауылшаруашылық өндірісінде 222,3 млн га, немесе 13% пайдаланылуда, ал егістіктің ауданы 132 млн га, немесе оның аумағының 7,8%-ға жуығын құрайды. Солай болғанда да, тек АҚШ және Үндістанға ғана орын бере отырып, егістік жерлерінің ауданы бойынша Ресей әлемде үшінші орында тұр, ал жан басына шаққанда егістік жермен қамтамасыз етілгендік бойынша (0,8 га) – Аустралиядан (1,8 га) кейін екінші орында. АҚШ-та тұрғындардың жан басына шаққанда 0,6 га егістік жер, ГФР–да – 0,12 га, Ұлыбританияда – 0,11 га, Қытайда – 0,09 га, Египетте – 0,05 га, Жапонияда – 0,03 га келеді.

Кез-келген шағын немесе ірі аумақтар дербес аумақтық ресурстар жиынтығынан құралған. Олар осы аумақтағы шаруашылықтың шоғырлануын, халықтың таралып орналасуын қамтамасыз етеді. Өндіріс орындарының орналасуына инфрақұрылымның дамуына негіз болады. Әрбір аумақтық ресурс түрлерін және аумақ ресурстарына тұтастай талдау беруде және бағалауда экономикалық географиялық тұрғыда қарастырамыз.

Бағалаудың негізгі бағыттарына жататындар: 1. Экономикалық географиялық жағдайының тиімділігі. 2. Аумақтың табиғи қасиеті мен сапасының жиынтығын зерттеу. 3. Аумақ көлемі мен пішінін зерттеу. 4. Әлеуметтік сапасы мен қасиеттерінің жиынтығын зерттеу. 5. Экономикалық сапасы мен қасиеттерінің жиынтығын зерттеу. 6. Халықаралық және ұлттық кеңістіктегі аумақтың орны мен маңызын анықтау. 1. Кез келген аумақ (мемлекет, зона, мұхит) әрқашанда өзіндік бірегей тиімді немесе тиімсіз географиялық орны болады. 2. Зерттеудегі негізгі тұжырым: неғұрлым аумақ көлемді болса соғұрлым оның табиғи ресурстық әлеуеті мол, алуан түрлі болмақ, шаруашылықты орналастыру арзанға түседі. 3. Кейбір аумақтар қасиеттері жағынан кері әсер етуі де мүмкін. Климаттың қатаңдығы ауылшаруашылығын дамытуға кедергілер жасауы. 4. Экономикалық сапасы мен қасиеттерінің жиынтығын экономикалық даму ұзақтығына, материалды техникалық базасының қуатына және инфрақұрылымына тікелей тәуелді. Әлеуметтік сапасы мен қасиеттерінің жиынтығын халық саны мен тығыздығына, олардың демографиялық мінез-құлқына еңбек ресурстарының сапасына және адамдардың өмір сүру салтына тәуелді. Жалпы аумақтық ресурстар мемлекеттер бойынша және дүние бөліктері бойынша біркелкі таралмаған. Аумақтарды интенсивті пайдаланудың артуына орай, халық санының шамадан тыс көбею, артуы, бір аумақта әртүрлі функциялардың жинақталуынан әртүрлі экологиялық проблемалар туындайды. Егер халықтың аумақпен қамтамасыз етілуі 1 деп алсақ, орташа әлемдік көрсеткіш жіктеледі.

Саяси географияда дүниежүзі елдерді жіктеуде олардың жно көлемі ескеріледі. 9 мемлекеттен тұратын жер көлемі 2,5 млн. км2 , асатын аса ірі мемлекеттер (ішінде Қазақстан да бар) тобы құрлықтың 55,8% бетін алып жатыр, ал жер көлемі 30 мың. км2 келетін ұсақ мемлекеттер үлесі 1,3% құрайды.

Аумағының көлемділігіне қарай геосаяси тұрғыда анализ беруде мемлекеттер трансконтиненталды (Ресей), субконтиненталды (Қытай, Бразилия, Үндістан), макроаймақтық (макротопы) жер көлемі жағынан 1,5-2,5 млн. км2 дейін (Иран, Мексика, Алжир, Судан, Сауд Арабиясы), мезоваймақтық (мезотопы), жер аумағы жағынан 0,5-1,5 млн. км2 (Франция, Египет, ОАР, Венесуэла), және микромемлекеттер (микротопы) жер аумағы жағынан 1-50 мың. км2 экстремум-елдер минимемлекеттер (минитопы) – Лихтенштейн, Монако, Сан-Марено – Ватикан жатады.

Географиялық орны немесе таксономиялық нысандардың орналасу жағдайы өзінің ішкі мәні бойынша әртүрлі санаттарды, негізінен алғанда: физикалық-географиялық және экономикалықгеографиялық орынды қосады. Олар өз кезегінде жер аумақтарының қолайлы немесе қолайсыз орны бойынша, яғни ұтымды немесе тиімсіз орналасу жағдайына орай да ерекшелінеді. Бұл факторлар жер аумағының қосымша ресурстық әлеуетіне өз әсерлерін тигізеді.

Физикалық-географиялық орын – бұл қандай да бір жердің (елдің, ауданның, елді мекеннің немесе қандай да болсын өзге нысанның) физикалық-географиялық нақтылықтарға (экваторға, бастапқы меридианға, тау жүйелеріне, теңіздер мен мұхиттарға және т.с.) қатысты кеңістікте орналасуы. Тиісінше, физикалық-географиялық орын географиялық координаталармен (ендік, бойлық), теңіз деңгейіне қатысты абсолюттік биіктікпен, теңізге, өзендерге, көлдерге, тауларға және т.с. жақындығымен (немесе алыстығымен) және т.с., табиғи (климаттық, топырақ-өсімдік, зоогеографиялық) аймақтардың құрамындағы орнымен анықталады. Экономикалық география тұрғысынан жердің физикалық-географиялық орнын (оның жекелеген құрамдас элементтерін секілді) шаруашылық іс-әрекеттің қандай да бір түрін ықтимал іске асыру үшін жағдай (алғышарт) ретінде, яғни өндіргіш күштерді орналастыру үшін алғышарт ретінде қарастыру қажет.

Экономикалық-географиялық орын (ЭГО) – бұл аталған жер немесе нысан бұлармен (шикізатпен, отынмен, қуатпен және т.с.) жабдықтау, жұмыс күшімен толығу көздері ретінде, әлде өнім өткізу және т.с. аудандары ретінде байланысқан, жердің (елдің, ауданның, елді мекеннің немесе қандай да бір өзге шаруашылық нысанының) қатынас жолдарына (көлік-географиялық орын), басқа жерлерге (елдерге, аудандарға, елді мекендерге, пайдалы қазбалардың кен орындарына және т.с.) қатысты кеңістікте орналасуы. Кез келген жердің физикалықгеографиялық орны да, экономикалық-географиялық орны да өте жеке-дара (қайталанбас) болып келеді. Әрбір аумақтық құрылым алып отырған орын (елдің, ауданның, елді мекеннің, кәсіпорынның және т.с.) орналасқан орны өздігінен (географиялық координаталар жүйесінде) ғана жеке-дара емес, өзінің кеңістіктік қоршаған ортасында да, яғни өзінің теңізге, сауда орталықтарына, қатынас жолдарына және т.с. қатысты орналасуында да жеке-дара. Демек, бірдей географиялық орны бар орындар жоқ. Экономикалық-географиялық орын – кеңістік санаты, өйткені оны құрайтын элементтер – бұл кеңістікте өзара орналасқан, яғни бір-бірінен белгілі бір қашықтықта орналасқан нысандар (елдер, аудандар, кәсіпорындар, қалалар, шикізат, отын және т.с. көздері). Дәл осы кеңістіктегі жақындық (қашықтық) қағидасы бойынша «көршілес орынды» немесе қандай да бір нысанның ең жақын қоршаған ортасын, микро- (шағын), мезо- (орташа), макро- (үлкен) орынды айырып таниды.

Қашықтық (кеңістік) көліктің көмегімен өтіледі және көлік шығындарының белгілі бір деңгейі арқылы өндіргіш күштердің орналастырылуына әсерін тигізеді. Демек, өндіргіш күштерді орналастырудың аса маңызды факторларының бірі ретінде, кез келген жердің экономикалық-географиялық орнын бағалауды (қолайлы, қолайсыз, тиімді, тиімсіз, ыңғайлы, ыңғайсыз және т.с.) сонымен қатар көлік шығындарының ықтимал үнемделуі тұрғысынан да жүргізген дұрыс.

Экономикалық-географиялық орын – тек кеңістік санаты ғана емес, көбірек шамада қоғамдық-тарихи және экономикалық түсінік те, өйткені мазмұны және көрініс табу сипаты (ыңғайлы немесе ыңғайсыз және т.с.) бойынша толығымен қандай да бір аумақтың қоғамдық және шаруашылық дамуының жағдайларына тәуелді болып келеді.

Шындығында да, физикалық-географиялық орынның элементтерінің кезкелгені (бастапқы меридианға, экваторға қатысты орын, теңіз деңгейінен биіктік, климаттық, топырақ-өсімдік және өзге аймақтардың құрамындағы орын және т.с.) іс жүзінде әрқашан дерлік өзгеріссіз қалады, сондықтан да олардың қандай да бір жердің физикалық-географиялық орнының ықтимал өзгеруіндегі рөл абсолютті енжар болып келеді. Керісінше, экономикалық-географиялық орынның (қатынас жолдарына, өнім өткізу орындарына, жабдықтау көздеріне және т.с. қатысты орын) барлық элементтері, өндірістің амал-тәсіліне, экономиканың, ғылымның, техниканың даму деңгейіне және сипатына, әртүрлі орындардың технологиясына байланысты болып келетіндіктен, ал сондықтан да осы орындардың экономикалық-географиялық орнына әсерін тигізетіндіктен, уақытта (кеңістікте де) елеулі өзгеріп отыратын элементтердің қатарына жатады.

Экономикалық-географиялық орынның ең жылдам өзгеретін факторы – көліктік-географиялық орын, яғни жердің қатынас жолдарына қатысты орналасуы болып табылады. Техниканың (қатынас құралдарының) жердің экономикалық-географиялық орнына қалайша әсерін тигізетіндігін ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін экономикалық-географиялық тұрғыдан алғанда әлемнің ең оқшауланған елдерінің бірі болып келген Австралияның мысалынан, әсіресе көрнекі қарап шығуымызға болады. Жаңа, жүрдек, техникалық тұрғыдан жетілген, арнайы көлік құралдарының (ауылшаруашылық өнімінің жылдам бұзылатын түрлерін тасымалдауға арналған кеме-рефрижераторлар, кеме-тоңазытқыштар, мұнай мен табиғи газды сұйылған түрінде тасымалдауға арналған танкерлер, құрғақ жүктерді) астықты, көмірді және т.с. тасымалдауға арналған кен тасығыштар және басқа да арнайы кемелер) пайда болуының осы елдің көлікгеографиялық (тиісінше, экономикалық-географиялық та) орнына әсерін тигізгендігі соншалықты, осы елді дүниежүзілік сауда орталықтарына және аса маңызды қатынас жолдарына жақындатып тастады, оның өнеркәсібінің және ауыл шаруашылығының өнімдерін іс жүзінде әлемнің кез келген елінде және ауданында тұтынуды мүмкін емес істен нақты іске айналдырды. Қазіргі уақытта Австралия – әр алуан ауылшаруышылық өнімдерінің (май, ірімшіктер, қойылтылған сүт, сиыр еті, қой еті, қой жүні, астық, мақта, құрақ қанты және т.б.), тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларының өнімдерінің (темір және марганец кені, қалайы, мыс, қорғасын-мырыш концентраттары, көмір, мұнай және т.б.) аса ірі өндірушілерінің және экспорттаушыларының бірі. Австралияның экономикалық-географиялық орнының, оның халықаралық еңбек бөлінісіндегі рөлінің өзгеруіне техниканың (көліктің) ілгерілеуі, осы ел экономикасының жалпы жоғары деңгейі себепші болғаны айдан анық.

Экономикалық-географиялық орынның өзгерулері басқа себептермен де байланысты болуы мүмкін. Мысалға, орналастырудың қандай да болсын факторының (шикізат, отын, энергетика, жұмысшы күші, тұтынушылық, оның ішінде көлік факторы) рөлінің әлсіреуімен немесе экономикалық маңызынан айырылуымен және тиісінше, олардың аталған жердің басқа жерлермен (шикізат, отын, қуат, жұмысшы күші көздері ретінде немесе өнім өткізу аудандары ретінде) байланыстарын анықтайтын факторлар құрамынан автоматты түрде шығуымен немесе, керісінше, факторлардың қандай да болсын бірінің рөлінің күшеюімен және тиісінше, оның осы процеске әсерінің күшейе түсуімен байланысты болуы ықтимал.

Мысалға, осында қара металлургияны ықтимал дамытудың жағдайы ретінде, Оралдың экономикалық-географиялық орны талай мәрте өзгеріп отырған және уақыттың әртүрлі кезеңдерінде оны: дамудың отын ретінде жергілікті ағаш көмірі, ал шикізат ретінде – өзінің темір және марганец кені пайдаланыла алатын кезеңінде аса ыңғайлы ретінде; Оралда өзінің кокстелетін көмірі болмағандықтан, сырттан әкелінетін отынды (Ресейдің Кузнецк бассейнінің, Украинаның Донецк немесе Қазақстанның Қарағанды бассейнінің коксын) пайдалануға мәжбүр болған кезеңде ыңғайлы ретінде; ақырында, Оралдың өзінің кен орындарының көпшілігінде темір және марганец кендері таусылып болған және тек кокстелетін көмірді ғана емес, темір мен марганец кендерін өзге жерлерден (Ресейдің Орталық-Қаратопырақты ауданы, Украина, Қазақстан және т.б.) тасып әкелуге мәжбүр болған кезеңде онша ыңғайлы емес деп бағалауға болатын. Оралда шикізат пен отынды (Балтиморда, Филадельфияда немесе Торонтода секілді) арзан теңіз жолымен әкелу мүмкіндігі жоқ болғандықтан, іс сонымен қатар мұны негізінен алғанда теміржол тасымалдарының көмегімен жасау қажет болғандығымен де ушыға түскен еді. Осылайша, тарихи даму барысында кез келген орынның, елдің немесе ауданның, елді мекеннің, шаруашылық нысанының экономикалық-географиялық орны түпкілікті өзгеріп кетуі мүмкін. Мұның себебі – аталған жердің аясында да, оны қоршаған ортада да, яғни онымен байланысты өзге орындардың аумақтарының шегінде де ғылымның, техниканың, технологияның дамуындағы, өндірісті ұйымдастырудағы ілгерілеу.

Авторлық сілтеме:
Мазбаев О. Б., Увалиев Т. О. Дүниежүзінің табиғат ресурстары географиясы: Оқулық. — Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2013 ж. 244 бет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *