Дүниежүзілік шаруашылықтың табиғи-ресурстық әлеуеті

Дамыған нарықтық экономикасы бар елдердің көпшілігінде табиғи ресурстар (әсіресе пайдалы қазбалар) олар өздері ие болып отырғанға қарағанда көбірек пайдаланылады. Жетіспейтін ресурстарды көбіне-көп дамушы елдерден әкеледі. Осыған орай орасан зор шикізат ағындары оларды өңдеудің үш негізгі орталығына: Солтүстік Америкаға, Батыс Еуропаға, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияға қарай қозғалуда. Істің осылайша қалыптасқан жағдайы екі мәселені: дамыған елдердің шикізат жеткізіліміне тәуелділігін және көптеген дамушы мемлекеттердің экспортының шикізаттық бағыт-бағдарын тудырып отыр.

Минералдық ресурстардың Жер қойнауында орналасуының бірқалыпсыздығы, сондай-ақ елдердің жер және орман ресурстарымен әртүрлі қамтамасыз етілгендігі халықаралық еңбек бөлінісінің және осының негізінде – халықаралық экономикалық қатынастардың дамуына ықпал етіп отыр. ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында экспорт арнасы бойынша мыналар өндіріліді немесе шығарылып сатылды, % бойынша: қалайы – 97, темір кені – 70 жуық, марганец кені – 60 аса, мұнай – 50 аса, алюминий – 50 жуық, көмір және табиғи газ – 11, кесілген материалдар – 34, кофе – 83, астық – 11.

Дамыған елдер шаруашылығының ресурс және материал сыйымдылығының төмендеуінің және олардың кейбірінде (АҚШ, Канада, Аустралия, Норвегия) пайдалы қазбаларды өздерінің шығаруының дамуының нәтижесінде Батыс елдерінің дамушы елдерден импортқа тәуелділігінің айтарлықтай әлсіреуі болды. Дәл сол кезде дамушы елдердің бірқатарының (Оңтүстік-Шығыс Азияның жаңа индустриалды елдері, Үндістан, Пәкстан) индустриалдандырылуы шикізат пен отын пайдаланудың айтарлықтай артуына, демек, осы елдерден шикізат экспорттаудың қысқаруына және осы тауарларды импорттаудың артуына алып келе жатыр. Табиғи ресурстардың әлемдік сауда-саттығының дамуында ХХ ғасырдың екінші жартысында бірқатар маңызды үрдістер көрінісін тапты.

Әлемдік саудада отын-шикізат тауарларының үлес салмағының қысқаруына дамыған елдердегі өндірістің материал және қуат сыйымдылығының төмендеуі себепші болып отыр. Бұл ретте өңделмеген шикізатты сыртқа шығарудың салыстырмалы азаюымен қатар, аса жоғары сападағы арнайы дайындалған шикізатты (мысалы, темір кенінің орнына жұмыр темірді) және жартылай фабрикаттарды экспорттау басым дамуын алып отыр. Азық-түлік экспортының қысқаруы бұрынырақта астық импорттап келген бірқатар аса ірі аймақтардың және елдердің (Батыс Еуропа, Қытай, Үндістан) ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыруының нәтижесінде, оның ішінде «жасыл революция» арқылы өз өзін қамтамасыз ету деңгейінің артуымен түсіндіріледі. Әлемдік экспортта өсімдіктен шығу тегі бар шикізат үлесінің төмендеуі синтетикалық материалдардың, талшықтардың және пластмассалардың енгізілуімен байланысты болып отыр.

Жалпы алғанда, минералды шикізатты, отынды және азық-түлікті экспорттау басым бөлігінде дамушы елдер үшін ерекше маңызға ие, өйткені осы тауар топтары олардың экспортының негізгі бөлігін құрап отыр.

Табиғи ресурстар, өзімізге белгілі, қалпына келетін және қалпына келмейтін болып бөлінеді. Қалпына келмейтін ресурстарға әсіресе аялай қарау керек. Сондай-ақ қалпына келетін ресурстарға (тұщы су, орман, топырақ) қатысты пәрменді шаралар қолдану, олардың бастапқы күйін қалпына келтіру қажет. Әлемнің көптеген елдері, осылайша табиғат «қазынасын» сақтап қала отырып, екінші реттік шикізатты және өндіріс қалдықтарын белсенді пайдалануда. Ақырында, аз қалдықты және қалдықсыз кәсіпорындар мен технологиялардың максималды санын жасауға жан-жақты ұмтылып отыру керек.

Минералдың, отын ресурстарының барланған қорларын және жер, су, биологиялық ресурстардың қор көлемдерін анықтау: қорларының мөлшері,сапалық құрамы; пайдалану және тасымалдау жағдайлары; өндіру немесе өндіріс шығындары; аумақтардың игерілу дәрежесі, қоршаған ортаны корғау және аумақтарды қалпына келтіру. Дүниежүзілік экономикадағы табиғат ресурстарының рөлі. Өндірістің ресурстық базалары. Өндiрiстi орналастырудағы ең негiзгi фактор – табиғат ресурстары болып табылады. Бiрақ оның қазiргi орналасу келбетi ғылыми-техникалық революция ықпалымен едәуiр өзгеруде. Осы заманғы әлемдiк өндiрiс орасан көп мөлшерде шикiзат ресурстарын пайдалануда. Осы себептi, көптеген табиғи байлық қорлары бiртiндеп азаюда.

Адамзаттың қоршаған ортаға белсендi әсерi, оның жаратылыс сыйлықтарын шаруашылық iс-әрекетiнде барынша пайдаланылуы барысында айқын көрiнуде. Осы уақытқа дейiн олар жаратылыс байлықтарын табыс көзi ретiнде молынан алуды көздеп, оларды жыртқыштықпен пайдаланып, табиғатты сақтау және түлету шараларына мән бермей келдi.

Жер қойнауындағы ресурстарды пайдалану қарқыны алдағы уақытта төмендемейтiн болса, олардың қоры азаятыны сөзсiз. Ғалымдардың болжамы бойынша, мысалы, алюминий кенiнiң қоры 500-600 жылға, темiрдiкi – 150 жылға, мырыштыкi – 200-230 жылға жетедi екен. Осындай дағдарыстан шығу үшiн ресурстар қорын үнемдеп пайдалану, сақтау және жаңа қорларын барлау, қайтара пайдаланатын шикiзатты қолдану, металл сынықтарын қайта өңдеу, сондай-ақ құнды және сирек кездесетiн металдарды, iстен шыққан аспаптарды қайта жөндеу, тағы да басқа шараларды iске асыру орынды. Ал отындық ресурстардың қайтадан қалпына келмейтiн себебi, олар өткен геологиялық дәуiрде миллиондаған жылдар бойында түзiлген. Мысалы, таскөмiр – мезозой дәуiрiнде болған өсiмдiктер фотосинтезiнiң өнiмi. Қазiргi кезеңде кен байлықтарын түзетiн процестердiң жүруiне бұрыңғыдай жағдай жоқ, сондықтан олардың орнының тез арада толуы тiптен мүмкiн емес.

Жер шарының географиялық қабығында орасан мол әрi алуан түрлi табиғи байлықтар кездеседi. Бiрақ олардың жеке түрлерi қорларының планетамыз бойынша орналасуы бiркелкi емес. Тiптен материктерден тыс жекелеген елдер мен iрi аймақтардың табиғат ресурстарымен қамтамасыз етiлуiнде тек сандық емес, сапалық жағынан да үлкен айырмашылықтар байқалады.

Ресурстармен қамтамасыз етiлу көрсеткiшi оның қорының мөлшерi мен өндiру, яғни қолданыс масштабының арақатынасына тең. Бұл жерде минералдық ресурстармен қамтамасыз етiлуi оның қазiргi қолданыстағы қарқынында барланған қорының қанша жылға жететiндiгiне қарай бағаланса, ал жер, орман, су ресурстары олардың қорларын жан басына шағумен есептеледi. Табиғат ресурстарымен қамтамасыз етiлу деңгейi мен оның сипатына қарай дүниежүзiнiң жекелеген аймақтары мен елдерiнiң бiр-бiрiнен елеулi айырмашылықтары бар.

Дүниежүзі елдерінің ресурспен қамтамасыз етілгендігі жайына келсек, табиғи ресурстар Жер бетінде және қойнауларында бірқалыпсыз бөлінген, бұл дүниежүзі елдері арасындағы ресурспен қамтамасыз етілудегі айырмашылықтарға себепкер болып отыр. Олардың кейбірі (Ресей, АҚШ, Канада, Қытай, ОАР, Аустралия, Бразилия, Қазақстан) минералдық шикізаттың үлкен қорларына және көптеген түрлеріне ие болып отыр. Алайда дүниежүзі елдерінің көпшілігінде пайдалы қазбалардың қорлары және жинағы аса шектеулі. Мәселен, Анд елдері (Чили және Перу) тек мыс және полиметалл кендерінің ірі қорларымен ғана көзге түсуде, Таяу Шығыс елдері Кувейт, Сауд Арабиясы, БАӘ және т.б.) – мұнай мен газдың, Солтүстік Африка елдері (Марокко, Тунис) — фосфориттердің, Пәкстан және Бангладеш – ас тұзының, Боливия және Малайзия – қалайының ірі қорларымен ерекшеленуде. Іс жүзінде бірде-бір ел өзінің отынға және шикізатқа деген ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін минералды-шикізат базасына ие емес. Өзінің минералдық ресурстарының бүкіл алуантүрлілігі және олардың айтарлықтай қорлары бар болып отырған кезінде, тіптен Ресейдің өзі минералды шикізаттың жекелеген түрлері бойынша (марганец, хром, титан, цирконий және т.б.) тапшылықты сезінуде және оны импорттау есебінен өтеуге мәжбүр болып отыр. Сондай-ақ АҚШ-та минералдық шикізатпен толықтай қамтамасыз етілмеуіне орай бокситтерді, уранды, вольфрамды, хромды, марганецті және т.б. импорттап отыр. Жалпы алғанда АҚШ қажетті минералды шикізаттың 15-20% (құндық көрсетілімінде), Еуроодаққа мүше елдер – 70-80%, Жапония — 90-95%-ын сырттан әкеледі. Батыс әлемінің елдері үшін отын және минералды шикізатты аса ірі жеткізуші – дамушы елдер. Дамушы елдер (Қытай және Вьетнамды қоса отырып) дүниежүзінде мұнай мен газдың, бокситтердің, мыстың, қалайының, никельдің, кобальттың, сүрменің және т.б. қорлары бойынша жетекші орындарды алып отыр, ал барлығы дүниежүзінің минералды-шикізат ресурстарының 35%- ға дейінін шоғырландырып отыр. Бұл елдер шығарылатын отын мен шикізаттың көпшілік бөлігін экспортқа шығарады. Бұл айтылғаннан өзгеше тұрған – дамып отырған әлемде отын мен минералды шикізатты (мұнай, табиғи газ, қара және түсті металдар және т.б.) ірі тұтынушы болып табылатын жаңа индустриалды елдер. Ғаламшардың минералды ресурстарының шамамен 40%-ын шоғырландыра отырып, дамушы елдер көмірдің, қорғасын-мырыш, марганец, хром кендерінің, молибденнің, көптеген сирек және асыл металдардың және т.б. қорлары бойынша көш бастап отыр. Экономикалық дамыған елдердің арасында отынның және минералды шикізаттың өте ірі қорларына АҚШ, Аустралия, Канада және ОАР ие болып отыр. Соңғы үш ел дүниежүзінде оларды экспорттау бойынша да жетекші орындарды иеленіп отыр. Дамушы елдерден ерекшелігі, дамыған елдер тек өздерінің ресурстарын ғана емес, басқа елдердің – дамушы елдердің, Шығыс Еуропа, ТМД елдерінің, Ресейдің табиғи-ресурстық әлеуетін де белсенді пайдалануда. Барлығы бұл елдер әлемдік минералды ресурстардың 70%-ын тұтынып отыр. Дүниежүзінің аса ірі державаларының арасында Ресей минералды ресурстармен ең жоғары қамтамасыз етілгендікке ие. Дүниежүзі тұрғындарының 2,5% үлесі кезінде Ресей әлемнің минералды-шикізат ресурстарының 25%-ға жуығын шоғырландырып отыр. Мұнай, газ, көмір, темір және мыс-никель кендері, алмастар, платина, алтын, апатиттер және калий тұздары секілді минералды отын және шикізат түрлерінің қорларының және шығарылуының көлемі ел экономикасының ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, олардың айтарлықтай бөлігін экспортқа шығаруға да мүмкіндік беріп отыр. Елдің барланған минералды шикізатының жалпы қорлары 28,3 трлн долл., ал болжанған қорлары – в 140 трлн долл. деп бағаланып отыр. Ресейдің минералды-шикізат базасының құрылымында отын-энергетика ресурстары (көмір, мұнай, газ және т.б.) басым болып отыр, минералдышикізат базасындағы олардың үлесі 70% құрап отыр, 15%-дан астамы кенді емес шикізатқа, 13%-қара, түсті және сирек металдарға, 1% – алмастар мен асыл металдарға (алтын, күміс, платина) келіп отыр. Сонымен бірге, жалпы алғанда жоғары қамтамасыз етілгендігіне қарамастан, Ресейде марганец, хром, титан, цирконий, рубидий, сынап, қорғасын, мырыш кендерінің, сондай-ақ жоғары сапалы бокситтердің, фосфориттердің, каолиндердің, бариттердің және т.б. қорлары әлде мүлдем жоқ, әлде қазіргі өнеркәсіптің талаптарына сай келмейді (яғни, қажеттілікті қанағаттандырмайды, күрделі тау-кен – геологиялық жағдайларға, өнеркәсіптік қайта өңдеудің заманауи технологияларының болмауына және т.с. орай игерілмеген). Ресейдің осылардың көпшілігі бойынша (марганец, хром, сынап, сүрме, титан, фосфориттер және т.б.) қажеттіліктері толығымен дерлік ТМД елдерінен жеткізумен қамтамасыз етіліп отыр.

Дүниежүзiнiң көптеген елдерi ғаламдық маңызы бар бiр немесе бiрнеше ресурс түрлерiнiң қорларына ие. Мәселен, Оңтүстiк-Батыс Азия елдерi аса iрi мұнай мен газ, Оңтүстiк Африка – алтын мен алмаз, Чили, Замбия, Қазақстан – мыс кенi, Аустралия Одағы, Гвинея, Ямайка – алюминий қорларымен көзге түседi. Тек бiрнеше мемлекетте ғана табиғат ресурстарының барлық түрлерi кездеседi деуге болады. Мысалға: Ресей, АҚШ, Қытай. Олар – минералдық, орман, су, жер, т.б. ресурстардың бiршама iрi қорларына ие. Сол сияқты Бразилия, Үндiстан, Канада, Аустралия Одағы, ОАР мемлекеттерi бұлардан қалыс қалғанымен, табиғат ресурстарымен өте жақсы қамтамасыз етiлген. Әрбiр мемлекеттер үшiн олардың жер аумағында табиғат ресурстарының көптүрлiлiгi аса маңызды.

Дүниежүзілік экономикадағы табиғат ресурстарының рөлі. Қазiргi дүниежүзiлiк шаруашылықтың күрделi жүйесi мен халықаралық еңбек бөлiнiсiнде көбiнесе дамыған елдер тұтынушы, ал дамушы елдер табиғат ресурстарын өндiрушi әрi сыртқы экспортқа шығарушы рөл атқаруда. Бiрақ табиғат ресурстарының болуы әрбiр ел үшiн қажеттi болғанымен, олардың шаруашылығының дамып өркендеуi үшiн басты шарт емес. Экономикасының даму деңгейі жоғары жетiстiктерге жеткен, бiрақ өнеркәсiбiнiң дамуына қажеттi табиғат ресурстарымен қамтамасыз етiлмеген Жапония, Италия, Оңтүстiк Корея сияқты елдер бұған айқын мысал. Соңғы жылдары табиғи байлық қоры жоқ қала-мемлекеттер (Сингапур, Гонконг, Монако) мен шағын (Мальдив, Бермуд, т.б.) аралдық елдерде табиғат ресурстардың болмауына қарамастан, экономиканың кей түрлерінің (жаңа технологияларға негізделген экономика салаларының, туризм, сервистік және басқа да қызмет көрсету сфераларының) қарқынды дамуы жүруде. Бұдан біз, табиғат ресурстары экономиканың дамуының іргетасы дегенімізбен де, оның негізі бола алмайтындығын көреміз. Осылайша ғылыми-техникалық прогресстің жылдам дамуы әсерінен, дамыған елдерде табиғи-ресурстық фактордың шаруашылыққа, жалпы экономика салаларына ықпалының азайғандығын көрсетеді.

Халық шаруашылығының табиғи-ресурстық әлеуеті. Дүниежүзілік шаруашылықтың табиғи-ресурстық әлеуеті алуан түрлі. Ол туралы жоғарыдағы жіктелуде айтылады. Табиғи-ресурстық әлеует құрамына энергетикалық, жер, топырақ, су, орман, биологиялық, минералдық, климаттық және рекреациялық, т.б. ресурстар жиынтығы кіреді. Қазіргі кезде гидроэнергетикалық ресурстар энергия қуатын алуда басымдық танытуда.

Табиғат ресурстарының сарқылу қаупіне орай қазіргі жаңа технология жетістіктері арқылы, яғни жаңартылатын (қалпына келетін) ресурстар мен дәстүрлі емес энергия (жасыл экономика) негізінде шаруашылық салаларын қалыптастыру көптеген елдерде, оның ішінде біздің елімізде де қолға алынуда. Мәселен, жаңартылатын ресурстарға негізделген келесі экономика салаларын дамытудың едәуір әлеуеті бар: – ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу; – су шаруашылығы; – балық шаруашылығы және балық өнеркәсібі, – орман шаруашылығы және ағаш өңдеу өнеркәсібі; – жаңартылатын көздер: биоотын (биогаз, биоэтанол, биодизель), су энергетикасы, жел энергетикасы, гелиоэнергетика, геотермалды энергетика негізіндегі отын-энергетика өнеркәсібі.

Энергияны және жаңартылатын ресурстарды тиімді пайдалану XXI ғасырдағы орнықты дамуының қажетті шарты болып табылады. Жаңартылатын ресурстар мен балама энергия көздері – экономика салалары дамуының маңызды аспектісі және елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ перспективаға қамтамасыз етуші факторы. Бұл ретте жаңартылатын ресурстарды пайдалануға экономиканы кезең-кезеңімен қайта бағдарлауға еліміздің едәуір мүмкіндіктері бар. Еуразия өңірінің кейбір елдерімен салыстыру арқылы, біз Қазақстан өзінің осы бағыттағы бар әлеуетін тиімді пайдалануға бола алатындығын байқаймыз.

Дүниежүзінің әртүрлі елдері мен аймақтарының табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілу дәрежесі және ресурстық фактордың олардың экономикалық дамуындағы рөлі. Табиғат ресурстары дүниежүзі бойынша және елдер бойынша да біркелкі таралмаған. Тек қана 20-25 мемлекеттер кейбір шикізат қоры жөнінен 5% әлемдік қорға ие. Тек қана бірнеше ірі мемлекеттер (Ресей, АҚШ, Канада, Қытай, ОАР және Аустралия) бірнеше шикізат қорына бай елдер тобына жатады. Қазірде бірде-бір мемлекет табиғат ресурстарымен толық қамтамасыз етілмеген оларды шеттен импорттауға мәжбүр. Ресей өзінің шикізат қорының молдығына қарамастан бокситы, қалайы, марганец. АҚШ өзін-өзі тек 22 минералды ресурстармен толықтай қамтамасыз ете отырып, келесі уран, вольфрам, хром, марганец, т.б. минералдар шикізатын импорттауда. АҚШ табиғи-шикізат ресурстарының ішінен минералды шикізаттың 15-20% басқа елдерден алады. Еуропалық Одақ елдері пайдаланатын минералды шикізаттың 70-80%, Жапония – 90- 95% импорттайды.

Табиғат ресурстарын өндірушілер және тұтынушылар. Сондықтан да шикізат қорлары бір мемлекеттерде мол болса, екінші бір мемлекеттердің олардан алуына тура келеді. Кейбір деректер бойынша жер шары бойынша 4,5% тұрғын халқы және 20% жуық минералды ресурсы бар АҚШ, өз кезегінде дүниежүзілік табиғат ресурстарының 40%, соның ішінде отын-шикізат ресурстарын басқа елдерден тасымалдайды. АҚШ үлесіне тау-кен өндірісінің 1/3 тиесілі. Ал жалпы тұтынатын ресурстардың 30% Батыс Еуропа елдеріне, Канада және Жапония үлесінде. Осы аталған дамыған елдерде дүниежүзінің 9% тұрғын халықтары мен 20% табиғат ресурстары шоғырланған. Сонымен жоғарыда аталған дамыған елдердегі минералды ресурстардың жалпы үлесі 40% болғанымен, оларға тұтынуға 70% минералды шикізат қажет екен, АҚШ-тың бір өзі бүкіл әлем бойынша 25% мұнай өнімдерін пайдаланатын болса, ал өздерінде небары 12% үлестегі ғана мұнай өндіріледі. Ал дамушы елдерді алсақ (өтпелі экономикалы – ТМД елдерін және Қытайды қоспағанда), яғни жалпы халықтың 60% бар осы аймақтарда дүниежүзілік минералды ресурстардың 35% бола тұра, 16% ресурс қоры ғана пайдаланылады.

Мұнай, темір, түсті металдарға деген сұраныс Азия және Латын Америкасы елдері тарапынан сұраныс тудырып отыр. Әлемдегі ірі шикізат кен орындары қоры жылдан жылға азаюда. Сондықтан да ендігі жерде, дамудың бүкіләлемдік бетбұрыстық үрдісі материал мен энергияны аз тұтынатын өндіріс орындарының қалыптасуына байланысты болмақ.

Ресурстық саясат және жоспарлау. Энергияны және жаңартылатын ресурстарды тиімді пайдаланудың қазіргі заманғы жай-күйі. Қазіргі заманғы дамыған елдерде алдыңғы қатарға өмір сүру сапасының параметрлері қойылады. Халық денсаулығы мен қоршаған ортаның жайкүйі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі өлшемдері қатарында қаралады. Экологиялық таза тамақ өнімдеріне сұраныс өсуде. Кәдеге жаратылғанда қоршаған ортаны ластамай ыдырайтын табиғи талшық пен материалдарға сұраныстың өсуі болжанады. Экологиялық қауіпсіз су-, жел-, био- және гелиоэнергетика, геотермалды энергетика аса өзекті болып отыр.

Жаңартылмайтын ресурстарды тұтыну мен олардың қорлары арасындағы үдеп келе жатқан теңгерімсіздігі жағдайында әлемдік басты тенденция жаңартылатын ресурстарды барынша тиімді пайдаланудың технологияларын енгізу болып табылады.

Халық шаруашылығы қызметінде пайдаланылатын табиғи ресурстар жаңартылмайтындар және жаңартылатындар болып бөлінеді. Жаңартылмайтын ресурстар толыққанша тез пайдаланылады, не мүлдем толықтырылмайды. Бірінші кезекте бұл қалыптастыру мерзімі ұзақ геологиялық кезеңдермен есептелетін пайдалы қазбалар болып табылады. Жаңартылатын ресурстарды ұтымсыз пайдаланған жағдайда олар да жаңартылмайтын болуы мүмкін.

Жаңартылатын ресурстардың негізінде қарқынды дамып отырған экономикасы бар барлық елдер үшін ортақ жаңартылатын ресурстарды пайдалануды тиісті салаларды дамыту арқылы ынталандыратын мақсатты бағытталған саясат, ғылыми, білім беру бағдарламалары, инвестицияларды қолдау, қолайлы кедендік және салық режимдерін құру, барынша тиімді технологияларды енгізген кезде жеңілдіктер беру, экспортты көтермелеу және басқа да шаралар болып табылады.

Мемлекеттік қолдаудың қажеттілігі жаңартылатын ресурстарға және балама энергетикаға инвестициялар минералдық шикізат ресурстарын пайдалануға инвестициялар сияқты тез өтелмейтіндігіне негізделген. Минералдық шикізат ресурстарын өңдеу жылдамдығы тек қана техникалық мүмкіндіктер мен нарық қажеттілігіне тәуелді, бұл кезде жаңартылатын ресурстарды пайдалану жылдамдығы әрқашан оларды толықтыру жылдамдығымен шектеулі.

Халықаралық тәжірибе жаңартылатын ресурстар мен энергия негізіндегі бәсекеге қабілетті салаларды қалыптастырудың өмірлік циклі шамамен 20-25 жылды құрайтындығын анықтап отыр. Жаңартылатын ресурстарда негізделген салалардың әлеуетін іске асыру үшін Қазақстанға бізбен ұқсас бастапқы жағдайлары бола отырып, осы салада барынша үлкен табыстарға қол жеткізген әлем елдерінің тәжірибесіне бағытталуы қажет.

Халықаралық тәжірибені зерделеу өзінің жаңартылатын ресурстарын тиімді пайдалануда мүлдем әртүрлі табиғи-климаттық жағдайлары, әлемдік экономикада тарихи қалыптасқан әртүрлі рөлі және әртүрлі ұлттық және мәдени ерекшеліктері бар елдердің жеңіске жеткені туралы айтады. Олардың көпшілігі үшін ортақ нәрсе олардың 30-40 жыл бұрын дамыған ел ретінде саналмағандары болып табылады. Қазақстан сияқты олар өздерінің бай минералдық шикізат ресурстарына сүйенген, олардың таусылу тенденциясы оларды уақытында қайта құрылуға мәжбүр етті.

Мысалға, Чили Республикасы әлемдік шаруашылыққа селитра мен мыс экспортері ретінде тарихи біріктірілген. 1973 жылғы дағдарыстан кейін елде неолибералды реформалар өткізілді: банк саласы, сыртқы сауда либералдандырылды, салық және зейнет реформалары өткізілді. Аграрлық салада реформалар өлшемді болып өткізілді: бір жағынан шетел инвестициялары саласында заңнама либералданды, екінші жағынан жер иелену тәртібінде едәуір шектеулер сақталған, жеке алғанда жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу. 80-жылдары мемлекет Чилилік тауар өндірушілерді қорғау жөніндегі шараларды қабылдады және елдің негізгі ауыл шаруашылық салаларын өз протекциясына алды.

1980 жылдардың екінші жартысынан бастап экспортты белсенді ынталандыру және экспортқа бағытталған салаларды: жеміс шаруашылығын, жүзім шаруашылығын, орман және балық шаруашылықтарын өңдеудің тиісті өнімдерін өндіру мен экспорттауды дамыту басталды. Чили үкіметімен басымдылардың бірі болып жүзім шаруашылығы мен шарап жасау салалары анықталды: жүзім шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, жүзімдіктерді салуға капиталдық салымдар бағытталды, осы салаға шетел инвесторларын тарту үшін жағдайлар құрылды. Ірі шетел компаниялары инвестициялармен бірге маркетинг және логистика салаларындағы жаңа технологиялар мен тәжірибені әкелді.

Өткізілген реформалар нәтижесінде Чили Республикасы жаңа піскен және өңделген жеміс-жидек өнімдерін, жүзім мен шарапты, балық және орман шаруашылықтарының өнімдерін өндіру және экспорттау саласында әлемдік көшбасшылардың бірі болды: жүзім экспорты бойынша әлемде бірінші орын, жаңа піскен жемістер экспорты бойынша үшінші орын, шарап экспорты бойынша бесінші орын, бақтақ өндіру бойынша бірінші орын және балық өнімі экспорты бойынша сегізінші орын, ағаш өнеркәсібі кешенінің аз шығынды өнімінің экспорты бойынша бесінші орын. Елдің ЖІӨ 2005 жылы 2004 жылмен салыстырғанда 6,3 %-ға өсті және 115,6 млрд. АҚШ долларын, ЖІӨ жан басына 7,1 мың АҚШ долларын, ЖІӨ сатып алу қабілеті паритеті бойынша жан басына 11,3 мың АҚШ долларын (бағалаулы) құраған. Соңғы 10 жылда экспорт көлемі 2005 жылы 2,5 есе 40 млрд. АҚШ долларына дейін өсті.

Жаңа Зеландия мен Австралия тарихи аграрлық елдер болып табылған және негізінен мал шаруашылығы өнімдерін: жүн, ет, май, ірімшік экспорттаған. 1970-1980 жылдары осы елдердің ауыл шаруашылығындағы ахуалы мұнай дағдарысы және бұл елдер үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатудың негізгі нарығы – Ұлыбританияға экспорттауды шектеу себептері бойынша нашарлады. Екі ел де Ұлыбританиядан тәуелділікті жеңіп шыға алды және өздерінің аграрлық секторын ойдағыдай диверсификациялай алды. 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында өткізілген реформалар өздеріне мына іс-шараларды қосты: дәстүрлі салалардағы либералдау және неғұрлым тиімді технологияларды қолдану, жекешелендіру; Ұлыбритания мен Еуропа нарығынан Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) елдері мен АҚШ нарығына бағытты қайта бұру; шетел капиталының ұлттық экономикаға еркін қол жеткізуі; кәсіпкерлік белсенділікті жандандыру үшін экспорттық тарифтер мен салықтарды төмендету.

Жоғарыда аталған іс-әрекеттер нәтижесінде Жаңа Зеландиядан жемістер экспорты 20 жылдың ішінде 1,1 млрд. АҚШ долларына дейін 5 есе өсті. 1980-2004 жылдар кезеңінде Жаңа Зеландия алмаларының экспорты 314 млн. АҚШ долларына дейін 9 есе, киви экспорты 536 млн. АҚШ долларына дейін 16 есе өсті.

Австралия 1990 жылдан бастап әлемдегі үшінші орынға шыға отырып, шарап экспортын 1,4 млрд. АҚШ долларына дейін 17 еседен астам өсірді. Сиыр еті экспорты 1980 жылдан бастап Австралияны әлемде Бразилиядан кейін екінші орынға шығара отырып, 2,3 млрд. АҚШ доллары сомасына 1,3 млн. тоннаға дейін 65%-ға өсті.

Авторлық сілтеме:
Мазбаев О. Б., Увалиев Т. О. Дүниежүзінің табиғат ресурстары географиясы: Оқулық. — Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2013 ж. 244 бет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *