Дүниежүзілік мұхит ресурстары (мәлімет)

Дүниежүзілік мұхит ресурстары — байлықтар қоймасы, өйткені оның: энергетикалық әлеуеті (судың толысу-қайту қуаты, толқындардың, ағыстардың, температуралық градиенттің қуаты); минералдық (қайрандық аймақтың және терең сулы түбінің ресурстары), биологиялық (балықтар, теңіздің өсімдік және жануарлар ресурстары, биомассалар және т.с.) және т.б. ресурстарының адамзат үшін мәні аса зор да маңызды, әрі күш-қуат көзі. Теңіз суы және еріген заттар – құнды байлықтардың таусылмас қоры.

Дүниежүзiлiк мұхит ресурстары

Адамзат баласының тiршiлiгi үшiн оған қажеттi әрi маңызды ресурстардың қоры саналатын мұхит – ғаламшарымыздың қоймасы. Дүниежүзiлiк мұхиттың табиғат байлықтары оның суында, қойнауы мен түбiнде. Мұнда аса мол биологиялық және минералдық ресурстар қоры бар. Тiптен теңiз суының қоры ғаламат әрi оның энергетикалық қуатының өзi орасан зор. Мысалы, теңiз суының толысу және қайту құбылысы тiкелей энергия көзi болып табылады. Дүниежүзiнiң көптеген елдерiнiң теңiз жағалауларында судың толысу энергиясын пайдаланатын электрстансылары салынған (Франция, АҚШ, Канада, т.б.). Мұхиттың минералдық ресурстарын өз кезегiнде: материктiк қайраң және оның терең түбiнiң байлықтары деп бөлуге болады. Континенттiк қайраңның негiзгi байлығы – мұнай мен газ, олар қазiр теңiзден өндiрiлетiн пайдалы қазбалардың 90% — құрауда (мұндағы, мұнай қоры 120-150 млрд. т деп болжануда). Қайраңның қатты байлықтарын, оның iшiнде, кендi (темiр, мыс, қалайы, сынап, т.б.) және кенсiз (алмас, ильменит, цирконий, алтын, янтарь), т.б. қазбаларды кейбiр елдер көлбеу шахталар және драгалар көмегiмен өндiредi. Ал мұхит түбiнiң пайдалы қазбаларынан, әсiресе темiр-марганец конкрецияларының қоры мол. Бұл конкрециялар құрамында аталмыш кендерден басқа 20-дан астам бағалы элементтер бар.

Теңiздер мен мұхиттарда тiршiлiк ететiн алуан түрлi жанжануарлар мен өсiмдiктер, оның биологиялық байлығын құрайды. Осы биологиялық ресурстар ғалымдар болжамы бойынша 30 млрд. адамды асырауға жетедi. Қазiр адамдар пайдаланатын теңiз биомассасының 85 пайызы балықтан тұрады. Ал қалған бөлiгiн – былқылдақденелiлер, шаянтәрiздiлер, теңiз сүтқоректiлерi мен балдырлар құрайды. Мұхиттан алынатын осы органикалық дүниенiң 90% — дан астамы материктiк қайраң өңiрлерiнен өндiрiледi. Олардың негiзгiлерi – Норвег, Охот, Жапон, т.б. теңiздер. Алайда мұхит-теңiз суынан ауланатын балықтар мен жануарлардың көпшiлiгi қорғауды қажет етедi. Бүгiнде көптеген елдерде (Жапония, Қытай, АҚШ, Аустралия, Батыс Еуропада) теңiз плантациялары мен жасанды фермаларда теңiз организмдерiн қолдан (мари- және аквакультура) өсiру жүзеге асырылуда.

Мұхит суының өзi де аса бағалы байлық көзi, оның құрамында 70- тен астам химиялық элемент бар. Оның басты ресурстары – ас тұзы және магний. Қазiр әлемдегi магнийдiң 40-ы теңiз суынан алынады, сол сияқты ол бром өндiрудiң негiзгi көзi болып табылады. Бұлардан басқа теңiз суында – күкiрт, алюминий, мыс, уран, алтын мен күмiс көбiрек кездеседi. Дүниежүзiлiк мұхит – тұщы су алынатын негiзгi қор. Қазiрдiң өзiнде дүниежүзiнiң көптеген елiнде (Сауд Арабиясы, Ливия, Мальта, Багам аралдары, т.б.), оның iшiнде бiздiң республикамызда (Ақтау қаласы) теңiздiң тұзды суын тұщыландыратын қондырғылар бар. Мұхит-теңiз сулары өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен көптеп ластануда, болашағымыз үшiн оны таза ұстау күн тәртiбiндегi өзектi мәселе. Дүниежүзiлiк мұхит және оның байлықтарын игеру маңызды ғаламдық проблеманың бiрi саналады. Бұл – оның планетадағы температураны реттейтiн, оттектi бөлiп шығаратын қасиетiне байланысты. Дүниежүзiлiк мұхит жер бетiндегi тiршiлiктiң одан әрi дамуын анықтайды. Жер бетiнiң 71% пайызын алып жатқан дүниежүзiлiк мұхит елдер мен халықтардың қатынас жасауында маңызды рөл атқарады. Мұхитты пайдалану дүниежүзiлiк кiрiстiң 1-2 пайызын берiп отыр.

Дүниежүзiлiк мұхит Жер бетiндегi тiршiлiк жағдайын реттеуге қатысады; екiншiден, ол ауа райының бүкiл әлемдiк асханасы; үшiншiден, азық-түлiк проблемасын шешу көзiнiң бiрi (балық, жануарлар, балдырлар); төртiншiден, мұхит түбiнде әлi де болса зерттеле қоймаған пайдалы қазбалардың мол қоры шоғырланған; бесiншiден, мұхит суында Менделеев кестесiндегi белгiлi барлық элементтер ерiтiндi түрiнде кездеседi; алтыншыдан, Дүниежүзiлiк мұхиттың көлiктiк маңызы зор. Мұхиттық кеме қатынасы дүиежүзiлiк сыртқы экономикалық байланыстың 4/5-iн қамтамасыз етедi. Адамның дүниежүзiлiк мұхитты игеру проблемасы: минералдықресурстық, биоресурстық, энергетикалық, көлiктiк, рекреациялық, экологиялық, ғылыми-танымдық бағыттарда жүзеге асырылады.

Көптеген мамандардың пiкiрiнше мұхит ресурстары өте аз мөлшерде пайдаланылуда, негiзiнде кей аудандарда мұнай мен газды iздестiру және өндiру ғана жүзеге асуда (Солтүстiк теңiз, Мексика шығанағы қайраңы, Жапон теңiзi), кейде жыртқыш жануарлар, кәсiптiк маңызы бар балықтар ауланады, балдырлардың кей түрлерi пайдаланылады. Арзан технологияның жетiспеуiнен мұхиттық темiрмарганец конкрециясы жете зерттелiнiп, өндiрiлмеуде.

Ғаламдық энергетикалық және шикiзат проблемаларының шиеленiсуi теңiзден өндiрiлетiн кен, химия өнеркәсiптерi мен ресурстары теңiз энергетикасының пайда болуына әсер еттi. Егер теңiзден өндiрiлетiн тамақ ертеден пайдаланылып келсе, ендi оның минералдық шикiзаттары соңғы ондаған жылдар көлемiнде жаппай игерiле бастады. Құрлықтағы көмiрсутектi шикiзаттардың кең көлемде игерiлуiне байланысты дүниежүзiлiк мұхиттың маңызы арта түстi. Теңiз түбiнен өндiрiлетiн ресурстардың 90-ы мұнай мен газдың үлесiне тиедi. Теңiздiк мұнай кен орындары дүниежүзiлiк мұнай өндiрудiң 30- ын құрайды.

Дүниежүзiлiк мұхитта мұнай және газбен бiрге вольфрам, титан кендерi, касситерит (қалайы кенi), монацит, цирконий, хромит, күкiрт, фосфорит, т.б. кен байлықтары кездеседi. Шынында да, Аустралия, Бразилия, АҚШ жағалауларында шашыранды титан, цирконий, сирек элементтер, ал Аляска қайраңдарынан алтын және платина, Жапон аралдарының теңiз қайраңдарынан темiр кенi және көмiр өндiрiлуде. Кей елдердiң теңiз суларынан магний тұзы, бром, калий алынуда.

Мұхиттың минералды ресурстарын игеруде теңiз суын тұщыландыру проблемасының да маңызы зор. Мұндай тәжiрибе дүниежүзiнiң кейбiр елдерiнде, ал оның қарапайым әдiстерi флоттарда жүзеге асуда. Қазақстанның Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында Каспий теңiзi суын тұщыландырып, халыққа iшуге жарамды су беретiн АЭС жұмыс iстейдi.

Дүниежүзiнде мұхиттық энергетиканы дамыту елеулi орын алуда. Өндiрiлген энергетикалық ресурстар тек көмiрсутектi шикiзат қана емес, сонымен бiрге қалпына келетiн энергия көзi ретiнде бағаланады. Соның бiр мысалы, теңiздердiң толысу және қайту күшiнiң энергиясын пайдалану тәжiрибесi. Қуаты шағындау Кислогуб стансысы Ресейдiң Кола түбегiнде жұмыс iстейдi. Мұндай стансы Скандинавия елдерiнде де салынған. Қалпына келетiн ресурсқа толқындардың кинетикалық энергиясы жатады. Алғашқы өнеркәсiптiк қуаты шағындау толқынды электр стансылары Норвегияда, Жапонияда, Үндiстанда салынған. Мұхит энергиясын пайдалану проблемасында термиялық энергияны пайдаланудың маңызы зор. Термиялық энергияны пайдалану идеясы бүгiн ғана пайда болған жоқ. 1927 жылы Францияның Маас өзенiнде қуаты шағындау гидротермалдық стансы салынған. Содан кейiн бiрнеше (қуаты 15 мың кВт және одан да жоғары) стансылар АҚШ, Жапония, Кот-д’ Ивуарда салынды. Мұхиттық энергетиканы дамытуда Гольфстрим, т.б. ағыстар энергиясын пайдаланатын электр стансыларын салудың болашағы зор.

Ғаламдық азық-түлiк проблемасының шиеленiсуi мұхиттың биологиялық қорларына деген сұранысты күшейттi: олар әзiрше адамзаттың азық-түлiк қажеттiлiгiнiң 2%-ын ғана қамтамасыз етуде. Әрине, балық пен теңiз өнiмдерiн өндiрудi арттыра беруге болады. Бiрақ бұл әрекет Дүниежүзiлiк мұхиттың ұшан-теңiз аумағы мен оның биологиялық байлығы iс жүзiнде сарқылмайды деген жалған пiкiр туғызбауға тиiс.

Мұхиттарда алуан түрлi өсiмдiктер мен жануарлар, оның iшiнде балдырлар мен планктондар тiршiлiк етедi. Мұхиттың биологиялық ресурстары 10 млрд. халықты тамақтандыра алады. Бiрақ мұхиттың барлық биологиялық ресурстарын шаруашылық айналымына тарта беруге болмайды. Қазiр адам пайдаланатын теңiздер биомассасының едәуiр бөлiгiн (85%) балық, ал қалғандарын былқылдақденелiлер мен шаян тәрiздiлер, аздаған бөлiгiн балдыр, т.б. өсiмдiк тұқымдары құрайды.

Мамандардың есебiнше, жылына балық аулаудың жоғары көлемi 120-150 млн т болуға тиiстi, бiрақ қазiргi балық аулау көлемi бұл көрсеткiштен төмен. Дүниежүзiлiк балық аулаудың 95% орташа тереңдiгi 130 м қайраңдық бөлiктерiне тура келедi. Мұхиттың таяз сулы аймақтарында табиғаттың өзi нектондардың тiршiлiгiне, олардың қозғалысына жағдай жасаған. Әсiресе судың түп жағында органикалық заттар мол. В. И. Вернадский айтқандай, осы жерде Дүниежүзiлiк мұхиттың органикалық өмiрiнiң «қоюлануы», яғни негiзгi ошағы қалыптасады.

Адамзат мұхит суын ертеден елдер арасындағы табиғи жол қатынасы ретiнде пайдаланған. Мұхиттық жол қатынасына құрлықтық көлiк түрлерi, яғни автомобиль және темiржол көлiктерi енуде (көпiр, туннельдер салу, т.б). Мұның мысалы ретiнде Жапонияның Хонсю және Сикоку, Бахрейн аралы мен Сауд Арабиясы арасында салынған алып көпiрлердi атауға болады.

Дүниежүзiлiк мұхит және мұхит-құрлық аймағы шеңберiндегi бүкiл өндiрiстiк және ғылыми-техникалық қызметтiң нәтижесiнде әлемдiк шаруашылықтың айрықша бiр құрамдас бөлiгi – теңiз шаруашылығы пайда болды. Теңiз шаруашылығындағы теңiз өнiмiнiң жартысы су астындағы мұнай және газ өндiру болса, қалғаны теңiз көлiгi өнiмi, балық шаруашылығы және теңiз туризмi. Бұл өз кезегiнде өндiрiс пен халықтың орналасуы теңiзге қарай жақындауына және теңiз жағалауындағы көптеген аудандардың қарыштап дамуына себепшi болды.

Теңiзге өнеркәсiп, көлiк кәсiпорындары, рекреациялық қызмет көрсету орындарының жақындау процесi байқалады. Жақсы шоғырланған «құрлық-теңiз» экономикалық нысандар зонасы пайда болуда. Бiрақ адамның шаруашылықты қарқынды жүргiзу әрекетi Дүниежүзiлiк мұхиттың мұнай сияқты бөгде заттармен ластануына әкеп соғуда.

Сонымен мұхиттың ғаламдық проблемасы бiр мезгiлде туындайтын экономикалық, әлеуметтiк, техникалық және экологиялық проблемалар болып табылады.

Қазақстан Республикасы – Дүниежүзiлiк мұхиттан өте шалғай, Еуразия материгiнде орналасқан Орталық Азиядағы мемлекет. Мұхиттардан алыста орналасуына байланыстыү Қазақстандағы теңiз көлiгiнiң маңызы Ресей, Украина елдерiндегiдей емес.

Арал теңiзi деңгейiнiң төмендеуi нәтижесiнде оның көлiктiк және балық шаруашылықтық маңызы шектелiп отыр. Каспий теңiзiнiң Қазақстан және оның жағалауында орналасқан елдер үшiн көлiктiк маңызы зор. Теңiздiң балық шаруашылығы бұл аймақта жетекшi орын алады.

Каспий қайраңында мұнайдың өте бай қоры табылып, барланды. Оның болжамды қоры – 7 млрд т, газ конденсат бойынша – 1,6 млрд. т және табиғи газ – 5,9 трлн. м3 . Сондықтан Каспий қайраңын, оның iшiнде Қашаған кен орнын игеру Қазақстан мұнай өнеркәсiбiнде негiзгi бағыт болып табылады. Каспий аймағы келешекте Батыс Сiбiр, Мексика және Парсы шығанағы сияқты мұнай өндiрудiң iрi аймақтарымен қатар тұратын болады.

Қазақстан үшiн Каспий қайраңдарында теңiзден мұнай өндiрудi дамытудың стратегиялық маңызы зор. Каспий теңiзi жағалауында орналасқан бес мемлекет арасында оның мұнайын, теңiз биоресурстарын бiрiгiп пайдалануды реттеу жөнiнде мемлекетаралық келiсiмдер жасалуда. Каспий қайраңы мұнайын игеруге дүниежүзiнiң iрi мұнай компаниялары «Аджип», «Бритиш Петролеум», «Мобил», «Шелл», т.б. қатысуда. Мұхитты пайдалану және оның ластануы, т.б. дүниежүзілік мұхиттың проблемаларын және оларды шешу жолдары қарастыру аса көкейкесті мәселе. Сонымен, Дүниежүзiлiк мұхитты пайдалану проблемасын шешудiң негiзгi жолы – мұхит биоресурстарын тиiмдi пайдалану, оның жүйесiн сақтауға бүкiл дүниежүзiлiк қоғамдастықтың күш-жiгерiн бiрiктiру негiзiнде өркениеттi тұрғыда әрекет жасау.

Авторлық сілтеме:
Мазбаев О. Б., Увалиев Т. О. Дүниежүзінің табиғат ресурстары географиясы: Оқулық. — Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2013 ж. 244 бет

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *