Азамат соғысынан кейінгі елдегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың шиеленісуі

ҚАЗАҚ АКСР-ІНДЕ 1920-1930 ЖЫЛДАРЫ ҚАЛЫПТАСҚАН ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ЖАҒДАЙ

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары Қазақстан үшін, Ресей империясы сияқты, сонымен қатар жалпы әлем жағдайында қоғамдық-саяси процестердің шұғыл жеделдетілуімен сипатталады. Санаулы жылдар аралығында, тіпті кейде бір жыл ішінде қоғам өзінің жаңа даму кезеңіне еніп, оны терең сапалық өзгерістермен өте отырып ,келесі кезеңге көшті. Үш революция мен бірінші дүниежүзілік соғыс артта қалып, қазақ халқының мемлекеттігі тарихи тұрғыдан қабылдауға болатын шекарада қалпына келтірілді.

Алмасып отырған әлеуметтік- экономикалық, саяси және мәдени жағдайларға сәйкес қоғамдық, саяси және ұлттық сана формалары да өзгерді. Дәстүрлі әдет-ғұрып бүліншілікке ұшырап, жаңа түсініктер қалыптасты, ол өз кезегінде тіпті де жаңа түсініктермен ауыстырылған еді. Осындай жағдайда адам санасы өтіп жатқан өзгерістерді түйсініп үлгере алмауы себепті жылдам ауытқып отырған тұрмыс салтына ілесе алмады.

1918 жылдың көктемінде Кеңес үкіметіне өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін және осындағы «пролетариаттарды» азық-түлікпен қамтамасыз ету аса үлкен маңызға ие болған еді. Большевиктерге бұл жағдайдан шығудің екі мүмкіндігі болды: не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу, немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі. 1918 жылдың 29 сәуірінде БОАК–тың мәжілісінде сөйлеген сөзінде, Ленин: «Иә, майда шаруа қожалықтары, майда меншік иелері бізге, пролетарийлерге помещиктер мен капиталистерді құлатуға көмекке келуге даяр екендігі рас, бірақ біздің одан арғы жолымыз олардан бөлек. Олар ұйымдасуды, тәртіпке бағынуды ұната бермейді, олар – оның қас жауы. Дәл осы жерде біз осындай меншік иелерімен, осындай қожайынсымақтармен барынша ашық және аяусыз күресуіміз керек», — деген болатын [71, б.89].

Осыдан бірнеше күн өткеннен кейін азық-түлік халық комиссары дәл сол аудиторияда: «Мен барлық жауапкершілікпен мәлім етемін, сөз соғыс тұрғысында болып отыр – тек қолға қару алып ғана азық-түлік мәселесін шеше аламыз,- деді [71, б.89].

Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарысты экономикалық құлдырау күшейте түсті.1917 жылғы құрғақшылық нәтижесінде жылдың соңына қарай аштыққа ұшыраған жеке қожалықтардың саны: Әулиеата уезінде 44307,Ақмешіт уезінде 24810,Түркістанда 12296, Шымкент уезінде – 33618 еді [98, б.226].

1918 жылдың ортасында-ақ Түркістан Республикасында азық-түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті. Түркістанға Солтүстік Кавказдан, Россиядан, Сібірден тасылатын астық бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса ауыр жағдай мен темір жол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық даярлау ісін жүйелі тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды.

Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсе бастады. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тура келді [99, 46-б.]. Осындай жағдайда ашаршылыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған БОАК-тың 1918 жылдың 9 мамырындағы «Азық-түлік Халық Комиссариатына нанның қорын жасырып және оны саудаға салғандығы үшін деревня буржуазиясына қарсы күресте төтенше өкілеттіліктер беру туралы»декретінің 7 бабында: «қолында артық наны бар және оны станциялар мен жинау және құю (себу) орындарына жеткізбегендер халық жаулары болып табылады және барлық мүлкі кәмпескеленіп, 10 жылдан кем емес уақытқа түрмеге жабылады»,- деп көрсетілген [100, с.98].

Осыдан кейін-ақ Түркістан республикасы ОК төрағасы үшін-Солькин, Түркістан республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы – Колеев, Азық-түлік комиссары – Казаков қолдарын қойған Қаулыда нанды өз пайдасы үшін саудаға салып жүргендердің ісі революциялық соттардың трибуналына берілетіндігі ескертіледі [101].

Дегенмен негізгі құрбандығы мұсылман халықтары, оның ішінде көшпелі халықтар болған сұрапыл аштықпен күресуге құрамына бірде-бір жергілікті халықтардың өкілі енгізілмеген жаңа үкімет селқостықпен қарады. Тіпті жоғарыдағы қаулыға қолы қойылған Азық-түлік комиссары – Казаковтың кейіннен, Түркістанның ашыққан халқы үшін Бұқарадан сатып алынған шәйді 3 млн. сомға Бұқаралық саудагерлерге қайта сатып, ақшаны қымқырып кеткендігі туралы да айтылады [99, 48-б.].

Жергілікті жерлердегі мұндай берекесіздіктерді мына құжаттардан да көруге болады. «Әулиеата Депутаттар Кеңесі Атқару Комитетінің 1918 жылдың 7 қазанындағы, Хмелевскийдің төрағалығымен өткен мәжілісінде Қаракөл болысының қырғыздары (қазақтары) қырғыз (қазақ) Депутаттар Кеңесінің мүшелері Шолпанқұлов пен Кутенеевтің арызын тыңдап, онда алыпсатарлардың малын реквизициялауға жіберілген Шевяков пен Кольчугин басқарған қызыләскерлердің малы бар барлық қырғыздардың (қазақтардың) малдарын тартып алып жатқандығы айтылады. Депутаттар сонымен қатар Айдаралы Берденовтың сол қызыләскерлермен бірге жүрген аты-жөні белгісіз сарттың (өзбектің) Қаракөл болысының қырғыздарына (қазақтарына) егер 5000 сом ақша берсеңдер малдарыңа тимейміз дегендігін айтады».

Бұл жерде іс тергеуге жіберілгенімен, большевиктер өздері қолдан ұйымдастырған аштықпен күресу барысында мұндай басбұзарларды сол кезде құртып жібермегені анық [102]. Ары қарай… «1918 жылдың 12 қарашасында Әулиеата уезінің аштарды тамақтандыру жөніндегі эмиссары Нұршанов Ақыртөбедегі аштар орналасқан киіз ұйлердегі жағдайға тоқтала келе, олардың сол күні тамақ ішпегенін анықтағандығын айтты. Осы орайда, Әулиеата қаласының тегін нан кәртішкелерін пайдаланып отырған қызметкерлер тізімінде (барлығы 34 адам) тек еуропалық нәсілдегі адамдардың аты-жөндері жазылғанына мөн беруге болады. Бәлкім, осы қаладағы жоғарыдағы және басқа да тізімге кіргендерді тамақтандыру ниетінде болса керек «500 қой қабылдаған ет дайындау бөлімінің төрағасы Ярувельский мен агент Столяров бұл іске белсенділікпен кірісіп, сатып алу құнын өздері белгілей отырып, етке және салоға (ол үшін шошқа майын да іздеттірген болар) қажеттілерін бөлек реттеген. Ауылдардағы аштықтан діңкелей бастаған қазақтарды «өз аштарын» қамтамасыз ету мақсатында одан әрі діңкелеткен белсенділердің бірі, Әулиеата уезінің солдаттар, жұмысшылар, шаруалар, депутаттар комиссиясының мүшесі Мечиков Үшбұлақ станциясынан қайтып келе жатқанда 15 атты қырғыздың (қазақтың) қуып жетіп, ақша талап еткенін, одан өзінің төрт рет мылтықтан оқ атып, әрең құтылғандығын жазады [103].

Саяси күштердің аталған өзіндік ерекшеліктері, қоғамдық санада, әсіресе азамат соғысы тәжірибесінде, кез-келген мәселе тек күш қолдану негізінде шешімін таба алады деген саяси түсініктің берік қалыптасуына алып келді. «Құқық күшін күштің құқына» айналдыру формуласы үстем болып шықты. Сол жылдары қалыптасқан осындай ахуалды мына құжаттан да көруге болады. Онда Әулие-Ата уезі Алмалы болысының бес тұрғыны – Нурманбет Шакелов, Қалмұрза Тұяқов, Махамбет Жетпісбаев, Сейдуалы Рахметов және Кемелбековтер уездік депутаттар Кеңесіне: «осы жылдың 14 июнінде біздің болыстан жылқыларды мобилизациялау кезінде оларды жылқыларының саны 100-ден асатын бақуат адамдардан емес, өздерінің соңғы жылқысын берген кедейлерден тартып алды», — деп арыз түсіреді [104]. Бұл жерде арыз берушілер мәселесінің сиырқұймышақтанып кеткені өз алдына, кедейлерге бостандық әперуші большевиктердің заңсыз әрекеті тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мұндай оқиғалар әрине аз болған жоқ,оларды кездейсоқ болды деп те айта алмайсың. Қазақстандағы жағдай мұнымен қатар басқа да факторларға байланысты күрделене түсті. Халықтың көпұлттылық құрамы ұлт мәселесін шешуде жаңа жолдар іздестіруді айқындаған еді, алайда оның орнына, ұлыдержавалық шовинизм мен ұлтшылдық пиғылдағыларды айыптаған делдалдық саясат біртіндеп үстем бола бастады.

Зерттеліп отырған кезеңдегі Қазақстанның саяси тарихы үшін сол кездегі қалыптасқан және алмасып отырған жағдайда әрекет еткен саяси күштердің ерекшеліктерін анықтаудың да маңызы зор. Әрине, алғашқы кезде қарсы жақтардың арасындағы әскери қақтығыстар бірнеше күндер мен апталарда, тек кейбір жағдайда ғана бір-екі айдың ішінде жергілікті жағдай шеңберінде шешіліп отырған еді. Алайда 1918 жылдың наурызында үш жылдан аса уақытқа созылған қантөгісті азамат соғысы басталған болатын. Зерттеу тақырыбы тұрғысынан қарағанда бұл, қарама-қарсы тұрған саяси күштердің ә дегеннен-ақ саяси күрестің шектен шыққан формасын таңдап, ешбір ымыраға жүгінбегендігін көрсетеді. Билік басындағы большевиктер партиясының мұндай тәсілді таңдауы, олардың үнемі астыртын жағдайда әрекет жасап, билікке басқа саяси партиялармен одақтаспай, өзінше, қарулы көтеріліс арқылы келуімен байланысты болса керек.

Буржуазиялық — помещиктік және буржуазиялық – демократия-лық, лагерьлердің де саяси икемділігінің, ептілігінің, үгіт-насихат жұмысын шебер жүргізу тәжірибесінің болмауы, олардың самодержавиенің күшімен бүркенуіне әкеліп соқтырған еді. Қазақстандағы социалистік жаңадан құру жағдайындағы маңызды фактордың бірі — Орталықтың түрлі жиналыстар өткізіп, көптеген қаулылар қабылдап және большевиктер партиясының көрнекті қайраткерлерінің республикаға әкелу арқылы ел өміріне жіті мән беруінде еді. Мұндай ынталылықты негізінен екі жағдаймен түсіндіруге болады.

РК(б)П мен оның басшылары үшін Коммунистік Интернационалдың жетекші күші ретінде, бұрынғы Ресей империясының отар аймақтарындағы қарымды жаңа құруларды іс жүзінде көрсетудің маңыздылығы зор болды. Метрополия мен отарлар қарым-қатынасы мәселесінде осындай тұғырнамада тұрған, басқа да еуропалық коммунистік партиялар «ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы туралы» ұранның коммунистік доктрина арқылы жүзеге аса алатындығына көзі жетуі керек болды. Сондықтан да тез арада жақсы жетістіктерге жету өте қажет еді. Большевиктердің осы пиғылды жүзеге асыру үшін жіберілген эмиссарларының алғашқысының бірі П.А.Кобозевке «Известия» газетінің корреспонденті, «Ел Реввоенсоветінің мүшесі және Кеңес республикасының Түркістан бойынша өкілетті өкілі қандай мәселелерді шешуге бара жатқандығын», — сұрағанда, — Кобозев: өзінің негізгі мақсаты Шығыс майданның Оңтүстік қанатындағы жауды талқандау екендігін, ол арқылы Түркістанға төте жол ашылатындығын атап айтқан болатын [105].

Мұның өзі Қазақстанның геостратегиялық орналасуына, яғни оның территориясы арқылы өтетін жолдардың Шыңжанға, одан әрі Британ империясының отарлық иеліктеріне баратындығына байланысты болса керек. Оңтүстік батыс бағыттағы Орта және Таяу Шығыс елдері мен еуропалық аймақта «әлемдік революцияның» — біртіндеп бәсеңдеуіне байланысты, Азия халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының маңызы арта түсті. Дегенмен билік басындағы партия мен үкімет Түркістан республикасының ұлттық өлке ретіндегі тарихи-объективті жағдайын түсінбеді, негігі бағыт ретінде Орталық Россияда іске асырылып жатқан шараларды Түркістанда қайталау мақсатын таңдады. Түркістан коммунистік партиясының ІУ съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов «большевиктік партия мен кеңес өкіметінің Түркістан өлкесінің жергілікті халықтарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық және діни өмірінің ерекшелік-терінің ескермей, ішкі Россияда іске асырылып жатқан шараларды мұнда да күштеп іске асыру саясатын ұстанғаны басмашылар қозғалысының өршіп кетуіне әсер еткендігіне» тоқталады [99, 83-б.].

Жалпы, қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады.Олардың түсінігі бойынша,қазақ қоғамы Ресейдегідей таптық жіктелу деңгейінен алыс жатты.Ал сол тарихи кезеңде отарлық езгідегі қазақ жұртына қандай да болсын жіктелуден гөрі ортақ ұлттық мүдде негізінде бірігу ауадай қажет болды.Жіктелу,керісінше,оны әлсіретеді, негізгі мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді деп түсінді.

Бүкілресейлік құрылтай таратылғаннан кейін,сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық та тереңдей түсті. Егер «Алаш» партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап танушы,қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жан ұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады [36, 179-б.].

Егер азамат соғысы алдындағы кезеңде, қарама-қарсы жақтар, билік пен саясат мәселесін, өзінің экономикалық және саяси қуаттарынан айырылған таптар мен сословиелердің күшін пайдалану арқылы шешуге тырысса. соғыс жағдайында қалыптасып келе жатқан Кеңес үкіметі, мәселені тиісінше, жаңадан құрылған мемлекеттік қорғау органдары күшіне сүйене отырып шеше бастады.

Түркістан өлкесінде құрылған революциялық сот-тергеу мекемелері принципті түрде Ресейдің орталық аудандарында құрылған осындай органдарға сәйкес келді.Кеңестер билігі орнауы және уақытша үкімет институттарын жою жағдайында революцияға дұшпандықпен қараған адамдар мен қылмыскерлер тұтқындалып отырды. Соңынан 12 желтоқсанда Түркістан ХКК өлкедегі революцияға дейінгі соттарды жою және РКФСР ХКК–нің Декретіне сәйкес жаңа сайланбалы соттарды құру туралы бұйрық шығарды [106, б.116]. 1917 ж. желтоқсанында Солдаттардың,жұмысшылар және шаруалар депутаттарының Сырдария облыстық Кеңесінде «Сырдария облыстық ХКК туралы Ережесі» бекітілді.Облыстық ХКК 11 комиссардан тұрды.Олардың бірі юстииция комиссары болды [107, б.48].

1918 ж. көктемінде Сырдария облысында округтық соты құрылды. Дегенмен, Перовск (Қызылорда), Верный (Алматы) қалаларының ескі сотының шенеуніктері Кеңес үкіметі декреттерінің қанқұйлылығына байланысты өз шешімдерінде оларға сүйенбеді. Осыған байланысты 1918 жылдың сәуірінде шыққан Түркістан республикасының Юстииция халық комиссариатының Қаулысында «Әрекетсіздік пен саботажға қатысты қылмысы бар сот орындарының қызметкерлері революциялық трибуналдың сотына өткізіледі»,- делінген [107, с.65].

Сол 1918 жылы Сәмбет болысының №3 ауылынан Әулиеата уездік комиссарына рапорт жазған Сақыш Саурықов (бәлкім, сол ауылдың болысы. Еск. автордікі) өз болысындағы бұрынғы бидің орнына жаңа халық сотын сайлауға рұқсат сұрайды.

Саурықовтың өз қолын арап әрпімен қойып, рапортты орысша сауатты жазғанына қарағанда,мұның ұйымдастырылған шара екендігіне мән беруге болады [108]. Халық соттарының Сырдария облыстық Кеңесі өзінің жұмысын 1919 жылдың 15 тамызында бастады.

Облыстық сот құрамындағы 10 адамның төртеуі мұсылман бөлімінде, алтауы орыс бөлімінде қызмет атқарды. Штат кестесі бойынша учаскелерде мұсылман соттары – 32, орыс соттары – 30 болғанымен, іс жүзінде солардың 58 – і ғана жұмыс істеген еді. 1919 жылдың 17 маусымында Түркістан республикасы ХКК үкім шығарып, онда: «осы жылдың 1 тамызынан бастап Түркістан республикасындағы мұсылман соттарын, қазылар мен билерді, сонымен қатар олардың съездерін де біртіндеп бірыңғай халық сотымен ауыстыру туралы, ал облыс қалалары мен оның уездерінде бұл істі ертерек бітіру» туралы айтылады [107, с.100].

Осы орайда большевиктердің «халықтық сотының» тұрпатына мына құжат арқылы мән берсек, онда Әулие-Ата уезіндегі сот мәселесі жөніндегі Ережеде былай деп жазылыпты: «Бұрынғы ескі мировой судьяның орнына үш адамдық алқалы сот құрылсын, олардың екеуі орыс болуы міндетті, біреуі жергілікті жердің қазағы бола алады. Оның өзі орыс тілін жақсы меңгеруі қажет» [109]. Міне, осылай. Қазақтардың тағдырын сол кезде кімдердің шешкенін осы құжат айқын-ақ көрсетіп тұр. Келесі қадам Ташкент Кеңесінің 1918 жылдың 16 қаңтарындағы қаулысына сәйкес революциялық трибуналдың құрылуы еді. Трибунал әрқайсысы төрт адамнан тұратын екі тергеу комиссиясынан құралды, олар өз кезегінде контрреволюция, ұрлық, алыпсатарлық пен тонаушылық істерін қарап отырды. Сырдария Облыстық Революциялық Трибуналы 1919 жылдың шілдесінде құрылды [110].

Соңынан, 1918 жылдың 9 қыркүйегінде ТүркОАК № 35 бұйрығы бойынша контрреволюция мен саботажға қарсы күресу жөніндегі төтенше тергеу комиссиясы құрылды. Төтенше тергеу комиссиясының алғашқы төрағасы болып большевик А.С. Сидоров сайланды [18, бб.71-72]. Трибуналдар мен төтенше тергеу комиссиялардың жазалау функцияларының мазмұны бастапқыда төзімділік сипатта болды. Контрреволюциялық әрекеттері үшін тұтқындау, кінәләу сипатында болып, тұтқындалғандар жұмысшы-шаруа үкіметімен белсенді күресін бұдан былай доғаратынын айтып, жазған өтініші негізінде бостандық алды. Революциялық трибуналдар да өз үкімдерін жеңіл, немесе шартты түрде жазалау арқылы шығарып отырды. Әйтсе де мұның бәрі осылай жалғаса бермегені белгілі. Түркістан республикасында жарияланған №3 бұйрықтың көшірмесінде: «Ташкент қаласы, басқада өлкенің орталықтары секілді еттен қатты ашығуда, мұның себебі: мал өсірушілердің саудагерлік сипатында. Осыған байланысты барлық малы бар азаматтар екі аптаның ішінде өздеріндегі бар мал басына мәлімет беруі керек. Кері жағдайда олардың малы кәмпескеленеді» [111],-делінген. Ары қарай Әулиеата уезіндегі азық-түлік комитетін басқарған Гурбенконың осы бұйрыққа сәйкес уездегі малдардың тізімін беруге міндеттілігі айтылады. Құжаттың 1918 жылдың қарашасында жазылғандығын ескерсек, оның біраз мәселенің басын ашып тұрғаны айқын.

Сәл қатаң шаралар мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен өнеркәсіп кәсіпорындары иелерінің саботажына қарсы күресте қолданылды. Көтеріліске шыққан қызметкерлер зейнеткерлікке шығарылмай жұмыстан босатылатындығы туралы ескертіліп, көтеріліс жетекшілері мен бастамашылары жұмыстан қуылды. Түркістан ХКК –нің 1917 жылдың 29 қарашадағы қаулысы өнеркәсіп кәсіпорындарын жабуға қожаларына тиым салды. Кері жағдайда кәсіпорын национализациялануы мүмкін еді [18, бб.94-95].

Жаңа үкімет органдары қызметінің тағы бір бағыты оның контрреволюциялық баспасөзбен күресі еді. Кеңес үкіметіне қарсы мерзімді баспасөз басылымдарының үгіт-насихат жүргізу әрекеттері баспасөз туралы Декретке орай, олар жұмысшы және шаруалар үкіметіне бағынбауға немесе оған ашық қарсыласуға шақырған жағдайда, осы әрекеттер бұрмалану факторлары арқылы бүлікке бастау пиғылын тудырады, — делініп, бұл басылымдар жабылып тасталынды [112, б. 217].

1917 жылдың 12 желтоқсанында Түркістан ХКК « Туркестанский вестник» газетін бүлік пиғылын тудырушы (себуші) ретінде жауып тастады [18, б.98]. Жалпы қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде ұлт тілінде шығып тұрған газет-журналдарға бүгінгі күн тұрғысынан талдау жасай отырып сол кездегі большевиктер қитұрқысын қырағылықпен сезіне білген деректерге назар аударасың. «Бірлік туы» газетінде Сұлтанбек Қожанұлының «Түркістандағы орыс сиездері», — атты мақаласында ұлтжанды азамат: «Өткен жылғы ноябрь басынан бері Түркістан аймағының билігін қолдарына алып, өз үкімін жүргізіп, миллионнан астам мұсылмандарды, оларға қоса көп крестиандарды елеусіз етіп, 5-6 болшеуик Түркістанды билеуге бел байлап отыр. Түркістан аймағының мұсыманы бар, басқа халықтары бар, бұларды қаңтардағы бурадай ауыздарынан көбіктерін ағызып, сақылдатып қоя ма, жоқ болмаса бір нәрсе дей ме, оны келешек көрсетер, — деп заманның жүре бара түзеліп кетуіне ниет артса, Балғынбайұлы Қайретдиннің «Тұла бойы қан сасиды», — атты мақаласында 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығындағы Түркістандағы большевиктердің қанды қырғыны туралы баяндай келіп… Бұл сықылды масқаралыққа шыдап та мұсыман рухы қалайша бықсып жата береді? Адамзаттың ең қасиетті құқықтарын таптап кінәсіз қанын судай шашқан бұл сұмдықты не деп айтуға сөз таба алмайсың. Мен түгіл бұл масқаралықты жазбақшы болған тарихшы да оған ұнамды ат қоя алмас [113, 40-б.], — деп күйзеледі. Әрине мұндай газеттерді большевиктер жапты.

Түркістан өлкесіндегі азамат соғысы алдындағы ірі саяси процесс Уақытша үкіметтің Бас коммисарының көмекшісі граф Г.И. Дорердің үстінен болды. Сотталушыға Кеңес үкіметінің Ташкентте орнауына қарсы болып – революциялық пиғылдағы гарнизон бөлімшелерін қарусыздандырды ,қарулы қарсылық ұйымдастырмақшы болды деген айыптар тағылды. Сот талқысы 1917 жылдың 3-5 желтоқсан аралығында кінәлаушылардың, ант берген (присяжный) заседательдердің, куәгерлердің және басқа да өз еркімен сотқа келген адамдардың қатысуымен өтті. Присяжныйлар соты шығарған үкім бойынша айыпкер (3 жыл) алты айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген фактілер жаңа үкіметтің азамат соғысы қарсаңында қарсыластарына қолданған репрессиялық шараларының салыстырмалы түрде ұстамдылық сипатта болғандығын көрсетеді [18, б.108 -112].

Жеңіске жеткен Кеңес үкіметі қатаң жазалау шараларын қолданудан гөрі, кешірімділік жасауға бейім тұруы өз жақтастарын көбейту мақсатында болса керек. Азамат соғысында жағдай түбірінен дерлік өзгерген еді. Петроград ТК-сының төрағасы М.С. Урицкийдің өлтіріліп, Москвада В.И. Ленинге қастандық жасалынғаннан кейін қызыл террор туралы қаулы қабылданады. Қызыл террор соттан тыс репрессивтік әсер ету формасы ретінде саяси күштердің оппозициялық биліктегі көрнекті өкілдерін кепілдікке алуды қарастыра отырып, оларға жазалаудың ең жоғары шегі ату жазасына дейін барған соттан тыс репрессиялық шаралар қолданды. М.С. Урицкий мен В.И. Ленинге қастандық жасаушылар Л.Канегиссер мен Ф. Каплан БТК алқасының қаулысы бойынша атылып, осы іс-шаралардың алғашқы құрбандары болды. Қызыл террордың тағы бір маңызды салдары БТК түріндегі репрессивтік органдардың бұрын ол болмаған аймақтарда құрылуы еді. Осылай РКФСР ХХК-нің «Қызыл террор туралы» Қаулысына сәйкес Түркістан республикасының ОАК-і мен ХКК-сі 1918 жылдың 5 қыркүйегінде «барынша кеңейтілген өкілеттіліктерімен Төтенше тергеу комиссиясын» құрды [21, б.53]. Осыдан сәл кейін шыққан БОАК-нің 1918 жылдың 28 қазанындағы Декретінде жергілікті Төтенше Комиссарларды «Қызыл террор» жағдайындағы үйлестіру мәселесі қаралған. Декреттің 9 бабында: «Жергілікті ТК (ЧК) мүшелерін жергілікті атқару комитеттері, тағайындайды және кері қайтара алады.». делінсе, 10 бабында: «Жергілікті ТК (ЧК) төрағаларын жергілікті атқару комитеттері тағайындайды, және оны БТК (ВЧК) бекітеді»,- делінген. Ал, 11 бапта: «ТК (ЧК) – ның жоғарғы органдары төменгі органдарға өз өкілдерін шешуші дауыс құқында жібере алады», — дей келе; Одан әрі,12-бапта: «Жергілікті ТК(ЧК) аулылырының жоғарғы инстанциядағы төтенше комиссиялармен тоқтатыла алатындығы», — көрсетілген [114, б.63- 64]. Бұл жерде Орталықтың «шаш ал десе бас алатын» өз адамдарын төтенше комиссиялардың барлық деңгейінде ұстап отыруға белсене кіріскендігі айдан-анық болса керек. Ал жергілікті партия белсенділері бұл органда жүзеге асырылуға тиісті қитұрқы саясаттан секемденіп, ТК –да жұмыс істеуден ат –тонын ала қашқан кездері де болды.

Осылай РКП(б)-ның Әулиеата уездік –қалалық мұсылман бюросының 1919 жылдың 19 қазанында өткізілген мәжілісінде ТК жанынынан құрылған мұсылман жасағы мүшелерінің оларды осы жасақ құрамынан босату туралы арыздары қаралып, қорытындысында «оларды әскери іспен шұғылдануынан босатып, бюроның қарамағына беру» туралы қаулы қабылданады [115]. Керісінше, 1919 жылдың 14 қыркүйегінде Қ. Сарымолдаевтың төрағалығымен өткен РКП(б) Әулиеата ұйымының уездік комитетінің мәжілісінде уездік ТК (ЧК) Төрағасы Жылысбаевтың Меркеден Гребенников пен Прыгуновты ТК (ЧК)-ға қызметке шақыру туралы ұсынысын мақұлдайды.Сонымен қатар осы мәжілісте ТК құрамына бірнеше комиссар барлаушылардың да кандидатура-лары бекітіледі [116].

1919 жылдың 6 мамырында «Төтенше Комиссиялар туралы Ереже» қабылданды. ТүркТК-ның алқалық құрамына Юстиция ХалКомы мен ІІХК-ның өкілдері кірді. ТүркТК-ның алқалар кеңесі облыстарда ТК бөлімшелерін құру барысында Сырдария облыстық ТК-сын құрмай, оның уездік бөлімшелерін ғана ашумен шектелді. Тек 1920 жылдың 6 сәуірінде ғана ТүркОАК-ның бұйрығымен 5 облыста, соның ішінде Сырдария облысында ТК құрылды. 1920 жылдың 17-сәуіріндегі Сырдария облыстық революциялық комитеті мен Партияның облыстық комитетінің біріккен Мәжілісінде Сырдария облыстық төтенше комиссиясының Төрағасы болып Кудрявцев тағайындалады [117].

Уездік ТК–лар керісінше жойылып, олардың орнына ТК-ның жоғары тұрған бөлімдерінің тапсырмаларын орындап, оларға уездегі қоғамдық-саяси ахуал туралы ақпараттар беріп отыратын саяси бюролар ұйымдастырылды.

БТК-ның түркістан территориясындағы толық өкілетті өкілі болып 1920 жылдың 19 сәуірінде Г.И.Бокий тағайындалды. 1920 жылдың тамызында осы қызметте оны Я.Петерс алмастырған еді. Осы Петерстің ұсынысы бойынша Ташкент төтенше комиссиясы құрылып, оған Сырдария облысындағы жұмыстарды қоса атқару жүктелінді.

Түркістан республикасының Азамат соғысының аяқталу кезеңіндегі ТК органдарында бұрынғы барлық ірі шенеуніктердің, патша әкімшілігі жандармдары мен полицейлерінің, ірі фабрикалар, заводтар мен сауда кәсіпорындары қожайындарының тіркелуі туралы контрреволюцияға қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссияның шешімі алғашқы жаппай соттан тыс іс-қимылдарының мысалы бола алады. Айтылып өткен қаулының негізінде шыққан 1920 жылдың 29 маусымындағы «БК(б)П-ның Түркістандағы мәселелерінде» сондай-ақ: «бұрынғы барлық полицияның, жандармерияның, жасырын полиция бақылаушыларының ірі шеніндегілері мен бұрынғы ірі Ресей кәсіпорындарының басқарушыларын Түркістаннан Ресей концентрациялық лагерлеріне жер аудару» ұсынылып 1921 жылдың басына қарай Түркістан республикасы аумағынан 2 мыңнан аса Кеңес үкіметіне дұшпандық көзқарастағы элементтер жер аударылды [118, б. 179].

Азамат соғысының аяқталып, Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты бір-бірімен қарама-қарсы күрестегі күштердің арасалмағы өзгерді. Егер, Азамат соғысы басталар кезінде күрес биліктің жергілікті жерде орнауы үшін болса, кейіннен ашық қарулы күрес шетелдіктердің көмегі арқасында жүргізілді. Азамат соғысындағы жеңіліс оппозициялық саяси партия өкілдерінің саяси аренадан кетуіне әкеліп соқты. Дегенмен, Түрік республикасы ТК(ЧК)-сы 1920 жылы Әулиеатадағы оңшыл-эсерлер ұйымын анықтап,олардың: §1. Большевиктерге қарсы ұйым құрып жатқандығын. §18. Ұйымның Англиямен байланыста екендігін. §25. Кеңес Депутаттары мүшелерін өз ұйымдарына тартып жүргендігін. §31.Үгіт-насихат бөлімінің шаруалардың жұмысшыларға деген өшпенділігін қоздыруды мақсат еткендігін анықтай отырып, әрине мұндай «революция дұшпандарын» талқандады [21, б.127]. Осылай, Түркістан ТК (ЧК)–сы қатаң жазаға тартқандардың қатарына 1920 жылдың қыркүйегінің соңында Врангель тарапынан Ленин мен Троцкийге қастандық жасауға жіберілген штабс-капитан Новицкий мен оның екі көмекшісі де қосылған еді [119]. Кеңес үкіметі, әрине төтенше комиссиялардың жағдайын үнемі нығайту үстінде болды. Түркістан Республикасы ТК (ЧК)- ның орынбасары Приворотский 1921 жылдың 23 наурызындағы барлық облчекалар мен Саяси бюроларға арналған Бұйрығында: БТК (ВЧК) қызметкерлері мен әскерлеріне ерекше жағдай жасалынып, олардың саяси және кәсіби біліктілігін арттыру туралы іс-шараларды жандандыру қажеттігіне тоқталады.

Тез арада ВЧК (БТК) әскерлерлері бөлімшелеріндегі (қатарларындағы) сауатсыздықты жоюды тапсырады [120]. Сонымен қатар, елдегі жалпы ахуалды бақылауда ұстау мақсатында РКФСР ХКК-ның 1921 жылғы 10 ақпанындағы қаулысымен ІІХК-на жергілікті жерлердегі халық комиссариаттарының тыныс-тіршіліктерін жіті қадағалап,жергілікті атқару комитеттеріне түскен арыз-шағымдартуралы Кеңес үкіметіне үнемі баяндап отыру міндеттелді [121, б.201].

Бұған елдегі әлеуметтік-саяси жағдайдың халықаралық оқшауландыру жағдайында шиеленісе түсуі себеп болған еді. Билік басындағы партия мұндай мәселелерге өзінің жауабын БК(б)П-ның ХІІ Жалпыресейлік конференциясының қаулысында анық көрсетіп, онда: «өзінің контрреволюциялық мақсатында корпоративтік мүдделерін ғана көздеген, шынайы ғылымның — техниканың, педагогиканың және кооперацияның мәселелерін мансұқ ете отырып, саяси бүркемеленген, партияда жоқ іспетті (мнимобеспартийный) буржуазиялық–демократиялық зиялылардың саясаткерсымақ басшы-ларына қарсы репрессиялар қолданудан бас тартуға болмайды» [122, б.39], — делінген. 1921 жылдың қаңтарында БТК–ның төрағасы Ф.Э.Дзержинский: «белсенді күрес жүргізе алатын барлық күдіктілерді есепте ұстап, анықтап, тексеріп отыру керек. Бұл бірінші кезекке шығуы тиіс орасан зор ақпараттық жұмыс», -деген еді [21, б.418-419].

Түркістан өлкесінде қарастырылып отырған кезеңде панисламизм және пантүркизм идеялары нақты таратыла бастаған еді. Мұның өзі қызметі – 1922 жылы тоқтатылған «Ұлттық бірлестік комитеті» — ұйымының құрылуынан да көрініс тапқан болатын.

Әулиеата уезі қалалық төтенше комиссиясының қызметкері Хамит Расулкариевтың арандатушылығының арқасында аталған ұйым әшкереленіп, жойылады. Бұл оқиғаның мәнісіне келсек, «Ұлттық бірлестік комитетінің» жергілікті ұйымының жетекшісі бұрынғы саудагер Шүкір Мұхаммедов Хамитті осы ұйымға тартуға тырысады. Осы арқылы Расулкариев ұйымда «жұмыс істеп», оның құрылымын, жоспарлаған акцияларын анықтайды [21, б.143]. Аталған комитеттің панисламистік және пантүріктік бағыттағы іс-әрекеттері мен ұйымның басмашылармен тығыз байланыстылығы анықталып, 1922 жылдың қыркүйегінде айыптаулар қорытындысы негізінде ұйым жетекшілерінің бірі Муэтдин мен оның жеті бірдей сыбайластары Түркістан майданының әскери революциялық трибуналының шешімімен ату жазасына кесілді [23, б.46 — 47].

Бұл жағдай қазіргі заман тұрғысынан қарағанда түсінуге қиын да болар, бірақ жекелеп алғанда, мәселе террорды кімнің бірінші бастағанында емес, әлеуметтік қарама-қайшылықтық шиеленісуі мен қарама- қарсы жақтардың мәдениет деңгейі оны шешудің бір-ақ жолын — өз қарсыластарын жоюды қарастырғандығында еді. Яғни латын тілінен аударғанда қорқыныш, үрей ұғымдарын білдіретін террор анықтамасы шын мәнінде «қорқыту», «үркіту» құралына айналды [123, б. 372-373].

Кеңес үкіметі панисламизм мен пантүркизм идеяларының таратылуына қатаң шектеулер қойды. Жалпы империя жағдайында-ақ тек қазақ және татар елдері арасында ғана емес, жалпы ресейлік мұсылман, түркі халықтары көлемінде көрінген бұл табиғи өзін-өзі сақтау ниетінен туындаған ынтымастыққа, ұлыдержавалық ұстанымның идеологтары панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, реакциялық мағына беруге тырысты. Өз ретінде бұл әдісті империялық күштер іліп алып кетіп, мемлекеттік саясаттың құралына айналдырды. Ал шын мәнінде мұсылман, түркі халықтарының метрополия алдында өздерінің табиғи талаптарын бірігіп қоюға ұмтылушылықтан басқа ешқандай да ұйымдық негізде саяси әрекетке көшпегендігі анық. Орыс миссионерлері мен шенеуніктері отарлық езгідегі елдердің өзара ынтымақтасуына түрткі болған мемлкеттік саясаттағы әділетсіздік екендігі жөнінде көп ойлап бас ауыртпады. Басқаша айтқанда, «панисламизм» мен «пантюркизм» идеясы саналы түрде ұлт азаттық қозғалысқа қарсы қойылған құйтырқы күрес әдісі болатын.

Жалпы алғанда Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі жаңа экономикалық саясат салыстырмалы түрде тыныш өтті. Жер-су реформасы, ұлттық межелеу нәтижесінде Қазақ АКСР-ның құрамына Жетісу мен Сырдария облыстарының енуі жалпы жағдайдың жағымдылығымен қатар, саяси ахуалдың реттелуіне де септігін тигізді. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және этносаяси қарама-қайшылықтар әлі де сақталған еді. БК(б)П көрсетілген кезеңде саяси тәжірибедегі сенімсіз қимылдары анықтағандай қиын аморфтық (тұлғасыз, формасыз) жағдайда болды. Қазақстандық өлкелік партия ұйымының жай-күйі де осындай болатын. 1924 жылдың 8 ақпанында Әулиеата уқалкомы атқару бюросының мәжілісінде Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Сарымолдаевтың «ауыл шаруашылығы салығын жинау барысында жіберген келеңсіздіктері үшін (байлардың кейбірін салық төлеуден босатып жіберген) Көшербаев пен Әділбековтердің істерін тезірек аяқтау» туралы телеграммасы талқыланып, онда: Бақылау Комиссиясы өкілдері Уқалком директиваларын орындамай отырған мемлекеттік прокурордың көмекшісі Будаевтың (партия мүшесі) әрекетсіздіктерін анықтап, өз қорытындыларын Уқалкомның атқару бюросына өткізулерін тапсырады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *