Австралопитектер туралы мәлімет

Ұзақ уақыт бойы адам мен оның понгидті ататегінің аралығындағы «аралық кезеңді» анықтау жұмыстары жүргізілді. Бұл кезең үштік жəне төрттік кезеңдеріне нақтырақ плиоцен мен плиоплейстоцен дəуірлеріне жатуы мүмкін. Бұл кезең ежелгі гоминоидты екі аяқтылардың, яғни австралопитектердің тіршілік ету кезеңімен сəйкес келеді.

Австралопитектерді зерттеу тарихы 1924 жылы Тауинг маңындағы Оңтүстік-Шығыс Трансваниядан (қазіргі Оңтүстік Африка Республикасы) табылған 3-5 жас аралығындағы жас сəбиге тиесілі бас сүйектен бастау алады. 1925 жылы табылған гоминоид баласына Африкалық австралопитек-Australopithecus africanus Dart, атауын берді («australis»-оңтүстік). Кейінгі жылдары австралопитектердің қалдықтары басқа жерлерде де, Оңтүстік Африкада – Стеркфонтейнде, Макапансгатта, Сварткранста, Кромдраеда табылған. Əдетте, олардың қалдықтары үңгірлерде, əктас қалдықтарынан бөлінген көмірқышқыл қатпарларынан қалыптасқан травертиналарда жəне доломистинді қабаттардан табылып отырған. Бүгінгі қөзқарас бойынша оңтүстік африкалық австралопитектерді Australopithecus туысына бірігетін: ежелгі грацильді австралопитек (A. Africanus) жəне бертінгі массивті немесе парантроп (A. robutus) сияқты екі түрге бөліп қарастырады. 1959 жылы австралопитектер Шығыс Африкада анықталған.

Алғашқы мəліметтерді зайыптылар М жəне Л. Лики Танзания Серенгетиінің шеткі аймағындағы Олдувай шатқалының ежелгі I қабатынан тапқан. Оңтүстік Америкада бастапқы кезде парантоптардың екі: массивті (P. robustus) жəне ірі тісті (P. crassidens) түрін ажыратқан. Кейін австралопитектер Шығыс Африканың бірқатар аймақтарынан басым түрде шығысафрикалық рифтерінен табылған. Шығысафрикалық австралопитектердің ішінде ежелгі грацильді жəне соңғы массивті формаларда кездеседі. Оларды A. afarensis пен A. africanus жəне A. bosei түрлеріне жатқызады. Бірақ, осы күнге дейін австралопитектердің кейбір таксономиялық мəселелері пікірталастың негізгі тақырыбына айналып отыр.

Бүгінгі таңда Оңтүстік жəне Шығыс Африка территориясында жүздеген индивидтер табылған. Австралопитектер ежелгі дəуірдің басқа аймақтарында: мысалы, ірі африкалық австралопитектерге ұқсас гигантопитектер немесе явандық мегантроп Үндістанның Биласпурынан табылған. Шығыс африкалық австралопитектердің басым бөлігінің жасы 1-4 млн. жылға сəйкес келеді, бірақ, ежелгі екі аяқтылар 5,5-4,5 млн. жыл бұрын пайда болған. Оңтүстік Африкада тікелей калий-аргонды жас анықтау əдістері қолданылмаған жəне табылған мəлі — меттердің жасы жанама мəліметтермен анықталған; австралопитектердің тіршілік ету уақытының хронологиялық шекарасы шамамен, 3-1 млн. жылға сəйкес келеді.

Австралопитектердің физикалық типтері адамның бастапқы даму линиясының эволюциялық алуан түрлігін көрсетеді. Олар екі аяқты, миы көлемі кішкентай, эмалі қалың ірі тісті формалар болған. Тік жүру 4-3, 5 млн. жыл бұрын қалыптасқан жəне гоминизацияның алғашқы белгілері болып табылады. Приматтардың денелерін тік ұстау қабілеті бұрыннан белгілі, бірақ адамның тік жүруі, басқа ірі гоминоидтармен салыстырғанда, түбегейлі басқа сипатқа ие.

Тəжірибе жүзінде, адамның қалыпты жылдамдықта екі аяқпен жүруі, төрт аяқпен жүретін жануарларға немесе кейде екі аяқпен жүретін шимпанзелерге қарағанда, энергияны жұмсау дəрежесіне байланысты тиімді болатындығы көрсетілген. Бипедия ежелгі адамдарға энергияны үнемдеуге мүмкіндік берген. Австралопитектер толығымен адам жамбасының иілгіш қабілетін иемденген. Рентгенография мен компьютерлік томография арқылы зерттелген жамбас сүйектерінің құрылысы адам мен австралопитек арасындағы үлкен ұқсастықтарды көрсеткен. Осылайша, австралопитектер қалыпты түрде екі аяқпен жүруді игерген жəне олар осы қасиетімен қазіргі жəне ежелгі маймылдардан ерекшеленген. Екі аяқтап жүруді игеруде бойларының кіші болуы ықпал еткен болуы керек. Дене ұзындығының жеке көрсеткіштері көп жағдайда 100-160 см. аралығында болған; жыныстық диморфизм айқын байқалған. Австралопитектердің миының дамуы жəне оның дене салмағына қатынасы қазіргі понгидтерге ұқсас болған. Жеке даралардың миының көлемі 500-750 см3 аралығында ауытқып отырған; грацильді жəне массивті австралопитектердің орташа миының көлемі 440- 450 см3 жəне 516-518 см3 құраған. Понгидтерге тəн ерекшеліктер австралопитектердің бассүйек құрылысында жəне тіс жүйесінде байқалады. Бет-əлпеті ірі, шығыңқы келген, иектері болмаған, мұрны жалпақ əрі кең, бассүйегінің негізі иілген, осыған байланысты тынысалу механизмдері, жұтыну жəне дауыс шығару аппараттары қарапайым келеді. Көптеген австралопитектер бір-бірімен ерекше тіс құрылымымен ұқсас болады: азу жəне күрек тістерінің кішіреюі, артқы тістерінің ұлғаюы, əсіресе, оның ішіне эмаль қабаты қалың, молярлы тістерінің ұлғаюы жатады. Австралопитектердің тұрақты тістерінің өсіп, даму динамикасының сатылары адамға қарағанда, понгидтармен көп сəйкес келеді.

Австралопитектердің ежелгі өкілдері Шығыс Африкадан табылған. Австралопитектің бұл түрі Эфиопияның солтүстігіндегі Афар аймағынан табылуына байланысты афарлық австралопитек (A. afarensis) деп аталады. Осы аймақта 1973-1976 жылдар аралығында франко-америкалық экспедиция барысында бірқатар маңызды жаңалықтар ашылған. Олардың ішінде 1974 жылы қарашада табылған ересек əйелдің кішкентай қаңқасы аса назар аудартады, зерттеушілер оны «Люси» деп атады. Қаңқа сүйектерінің 40%-ы сақталып қалуының арқасында, ежелгі австралопитектің дене əлпетін құрастыруға мүмкіндік туды. Қазір, Хадар, Омо мен орталық Эфиопия, Орталық Аваштан; Танзанияда Летолиден, Кенияның Тулу, Бор, Канапои, Чемероннан табылған австралопитектерді афар австралопитегіне жатқызады. Бұл түр біздің эрамызға дейін шамамен, 2,9-3,9 немесе 4-5 млн. жыл өмір сүрген.

Морфологиялық тұрғыдан, плиоцен дəуірінде тіршілік еткен австралопитектер қарапайым белгілермен ерекшелінген. Екі аяқпен жүруге бейімделген «Люси» жəне оған ұқсас австралопитектер кинематикалық жəне функциональді көзқарас тұрғысынан толығымен қазіргі адамға ұқсас болмаған, олардың қадамы кіші жəне тік жүруге энергияны көп жұмсап отырған. Бұл ежелгі австралопитектерде ағаштарда өмір сүруге бейімделген бірқатар белгілер: қолдарының аяқтарына қарағанда ұзын болуы сақталған. Люсидің иық-жамбас индексі қазіргі понгидтермен (101-139) салыстырғанда əлдеқайда төмен (84-85) болған.

Афар австралопитектердің аяқтарының қатынасы, антропоид типіне (қазіргі мартышкатəрізділер) ұқсас болып келеді. Табиғи жағдайда мартышкатəрізділердің екі аяқпен жүруге икемділігі байқалған. Сухумск питомнигінің қызметкері макакаларға жүргізген тəжірибелерінде, макаканы екі аяқпен жүруге мəжбүрлеген, нəтижесінде макакаларда екі аяқпен жүруге бейімделушіліктер пайда болған: бипедияларға тəн локомоторлы аппараттың қалыптасуы. Қазіргі адамдарға тəн аяқтың, қолға жəне дене тұлғасына қарағанда ұзын болуы, тез жүруге, климат жағдайларына, дене температурасын реттеу секілді бейімделушіліктер нəтижесінде кейінірек пайда болған.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *