Антропологияның қысқаша тарихы

Антропологияның мақсаты мен міндеттері уақыт өте келе, адамның қасиеттері мен сапасына байланысты өзгеріп отырды, сондай-ақ қоғамның идеологиялық сұраныстарына тəуелді болды. Б.э.д ІV ғасырда өмір сүрген грек философы Аристотель адамның жануарлардан айырмашылықтарына аса көңіл бөліп, ол адамды «екі жақты тіршілік иесі» (биологиялық жəне əлеуметтік) деп есептеген. Гипократ (б.э.д. шамамен, 460-377 ж.) медициналық ілімінде, адамның физикалық ерекшеліктеріне жəне ауру түрлеріне ауа райы мен табиғаттың əсер ететіндігін айқындап көрсеткен. Ол өзінің «адам ағзасындағы сөлдері мен төрт темпераменттері» жайындағы ілімінде, конституция типтерінің арасындағы физиологиялық айырмашылықтарын жəне осы айырмашылықтардың морфологиялық өзгешеліктермен байланыстарын зерттеудің əртүрлі əдістерін болжаған. Грек саяхатшылары, əсіресе, Геродоттың (б.э.д. V ғ.) басқа халықтардың үстінен жүргізген бақылаулары, кейіннен антропологияға енгізілген деректердің жинақталған көзі болды. Табиғат зерттеушілері мен философтар антропология ғылымына үлкен үлес қосқан, олар біздің дəуірімізге дейін, адамның əлемде алатын жоғары орны туралы (Сократ, Анаксагор), үйлесімді болып келетін тіршілік иелерінің табиғаттағы өміршеңдігі жəне кемтар түрлерінің жойылуы жайындағы мəселелерді талдаған (Эмпедокл). Аристотель «жануарлар сатысын» құрып, оларды ұйымдасуының кемелділік дəрежесіне қарай орналастырған жəне бұл жүйеде маймылдар мен сүтқоректілерден жоғары адамдардың алатын орны көрсетілген.

Қайта жаңару дəуірінде антропология ілімнің дамуы үшін, адамдардың рухани жəне физикалық өміріне деген қызығушылықтың жылдам артуы мен ғылымның дамуындағы жалпы өрлеудің маңызы зор болды. Везалия, Леонардо да Винчи жəне тағы басқа ғалымдардың еңбектерінің арқасында адам анатомиясын зерттеуде алдыға қарай үлкен қадам жасалған болатын. Кейбір анатомдар мен суретшілер адам мүшелерінің өзгешеліктеріне жəне дене бітімінің əртүрлі типтеріне көңіл бөлген. Неміс суретшісі А. Дюрер, мысалы, «Четыре книги о пропорциях» (1523 ж.) деп аталған арнайы трактатын жазған.

Ұлы географиялық жаңалықтар (ХV-ХVІ ғ.) антропологиялық ілімдердің көкжиегін кеңейтіп, еуропалықтарды Шығыс Азия халықтарының нəсілдік типтерімен (Плано Карпини, Рубрук, Марко Полоның саяхаттары), Америка тұрғындарымен (Х. Колумб), Шығыс Сібір халықтарымен (С. Дежнев), Отты Жер мен Океания (Ф. Магеллан) халықтарымен таныстырды. Антропология тарихындағы ХVII ғасырда болған маңызды оқиға, антропоморфты маймылдар анотомиясының алғашқы сипаттамалары болды, мысалы, оған 1699 жылы ағылшындық Э. Тайсон зерттеген шимпанзенің қазба қалдығы жатады. ХVІІІ ғасырда, сондай-ақ, адамның шығу тегі мен оның табиғаттан алатын орны туралы, аз да болса, алғашқы ғылыми гипотезалар құруға: Францияда – Ж. Ламетри, Д. Дидро, К. Гельвеций, Ж. Бюффон, Германияда – И. Кант, Ресейде – А. Н. Радищев талпыныстар жасаған. Швед табиғат зерттеушісі К. Линнейдің еңбегі антропология үшін өте маңызды болды, ол «Система природы» еңбегінде (1735 ж. 1 баспа, 1758 ж. 10 баспа) сүтқоректілердің ішінен приматтар отрядын атап өткен жəне оны адам, маймыл, лемур жəне жарқанат деп төрт түрге бөлген. Өзі құрған қосарланған немесе бинарлы номенклатурасына сəйкес, Линней, адамды «Саналы адам» (Homo Sapiens) терминімен белгіледі, сол кездері жақсы танымал болған континенттер саны бойынша, оларды: Еуропалық, Азиялық, Африкалық жəне Америкалық саналы адамдар деп төрт нə сілге жіктеген. Адам нəсілдерін жіктеудің бұл соңғы əрекеті еместі. Француздық Ф. Берньенің (1684 ж.) ізінше нəсілдер жүйесін Ж. Бюффон, И. Кант, неміс анатомы мен антропологы И. Блуменбах жəне тағы басқа ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. «Австралия мен Океанияның антропологиялық типтері жайындағы ілімдер» – ең бастысы, Дж. Кук саяхаттарының жəне Сібірде орыс ғалымдарының экспедицияларының нəтижесінде белгілі болды. Приматтардың анатомиясын зерттеу жұмыстары салыстырмалы түрде алдыға жылжыды. Антропологиядағы салыстырмалық сипаттау əдістерін ойлап табу талпыныстарды голландық анатом П.Кампермен жасалған, ол адам мен жануарлардың беттік бұрыштарының мөлшерлерін салыстыру əдісін пайдалануды ұсынған болатын. Эволюция ілімінің қабылдануы антропология тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Француз жаратылыстанушысы Ж. Ламарк жəне Ч. Дарвин ілімдері антропологияның барлық бөлімдеріне зор əсерін тигізді, əсіресе адамның органикалық əлемде алатын орны жайындағы сұрақтарға жауап іздеуге түрткі болды. Ж. Ламарк «Зоология философиясы» (1809) еңбегінде антропогенездің мəселелеріне бірнеше бетті, ал Ч. Дарвин «Происхождение человека и половой отбор» (1871 ж.) жəне «Выражение эмоций у человека и животных» (1872 ж.) атты екі үлкен екі еңбегін арнаған. Осы жұмыстарының нəтижесінде, сонымен қатар Дарвиннің ізбасарларының ішінде ағылшын ғалымы Т. Гексли мен неміс ғалымы Э. Геккельдің шығармаларында, ежелгі адамдар мен маймылдардың қазба сүйектерінің қалдықтарына, приматтардың салыстырмалы анатомиясы мен физиологиясына, палеолит дəуірінің құралдарына жəне олардың геологиялық кезеңін белгілеуге деген талпыныстар келтірілген. Адам мен оған туыс түрлердің дене құрылымының өзгешелігіне, адам мен приматтардың жеке дамуының ұқсастықтарына жəне олардың жануарлар жүйесінен алатын орнына ерекше назар аударған. XX ғасырда жоғары приматтар мен адамның-гигантопитектердің, австралопитектердің, пи те кантроптардың, неандерталдықтардың қазба қалдықтары көп табылған. Осы мағлұматтарды зерттеуге: француз ғалымдары М. Буль, А. Валлуа, Ж. Ривто, неміс ғалымы Г. Шваль, ағылшын ғалымдары А. Кизс, У.Э.Ле Грос Кларк, Л. Лики, американ ға лым — дары Ф. Вейденрейх, А. Хрдлич, голландық ғалымдар Э. Дебуа, Г.Г.Р. Кёнигсвальд, Л. Болька, швейцар ғалымдары И. Хюрцелер, А. Шульц, чех ғалымы Э. Влчек жəне т.б. белсене қатысқан. Эволюциялық ұстанымдар адам нəсілдерін зерттеу де қолданылды, осының салдарынан нəсілтану жіктемелік кестесі «тектік ағашқа» алмастырылды. Үздіксіз өзгергіштікті зерттеу басталды. Жақын нəсілдердің арасындағы аздаған айырмашылықтарды есепке алу жəне оларды қатесіз анықтау үшін қателіктері анағұрлым аз, жаңа жетілдірілген əдістер пайдаланылды. Əдістемені бірегейлендірудің арқасында əртүрлі ғалымдар жүргізген өлшемдердің нəтижелерін салыстыру мүмкіншілігіне қол жеткізілді. Жинақталған мəліметтерді статистикалық өңдеу математикалық əдістерді ойлап табуды қажет етті, олар орташа арифметикалық дəрежесін анықтаумен қатар, белгілердің шашырап таралуы мен бөліну заңдылықтарын да сипаттайтын, мөлшерлер арасындағы байланыстар дəрежесінің көрсеткіштерін де есептеуге мүмкіндік берді. Жасаралық морфологияны, жекеленген өзгергіштіктерді, сондай-ақ кəсіби, спорт — тық жəне қолданбалы антропологияны зерттеуде де үлкен қол жеткізуге мүмкіндік берген математикалық статистиканы антропологияның барлық салаларында ХХ ғасырдан бастап қолдана бастады. Антропологияның дербес ғылым ретінде қалыптасуы ХІХ ғасырдың ортасына сəйкес келеді. Зерттеу бағдарламасына адам биологиясының оның мəдениетпен байланысын зерттеумен айналысқан Париждік антропологиялық қоғамның 1859 жылы негізін қалаған француз хирургі, анатом жəне антрополог П. Броктың еңбегі орасан зор. Қоғамның негізі қаланғаннан кейін көп кешікпей Парижде антропологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған зертхана (1868 ж.) жəне антропология мектебі (1875 ж.) ұйымдастырылды. Франциядан кейін басқа елдерде де: Лондонда (1863), Мəскеуде (1864), Мадридте (1865), Флоренцияда (1868), Берлинде (1869), Венада (1870) антропологиялық мекемелер ұйымдастырылған. Бұндай ғылыми мекемелердің пайда болуы, олардың кейбір адам нəсілдерін зерттеудегі ғылыми бағдарламалары, сол уақыттың тарихи жағдайларымен түсіндіріліп, ХІХ ғасырдағы отарлап өктемділік жүргізудің кеңінен таралуымен сипатталды. Еуропадағы қоғамдық шиеленіскен ұлтшылдық мəселелерге көңіл аударылды. Италияның бостандығы мен бірлігі үшін күресі, франко-прусс соғысынан кейінгі Эльзас пен Лотаринги тұрғындарының тағдыры, «ұлт» жəне «нəсіл» түсініктерін ажыратып қарастыру жайында ойлануға мəжбүрледі. Ирландияның Англиядан бөлінуі Т. Гекслиді «нəсіл» түсінігін табанды түрде ойластыруға итермеледі. АҚШ-тағы Солтүстік жəне Оңтүстік штаттары арасындағы Азаматтық соғысқа (1861-1865) байланысты нəсілдік мəселе тіптен, ұшыға түсті. Бұл оқиғалар кейбір антропологиялық қоғамдардың нəсілдік мəселелердегі ұстанымдарына қатты əсер етті. Мысалы, Лондон антропологиялық қоғамының президенті, құл иеленушіліктің жақтаушысы, Дж. Хант өзінің «Қара нəсілдердің табиғатта алатын орны» (1864) деген бағдарламасында нəсілдер теңсіздігі «теориясын» ғылыми тұрғыдан негіздеуге талпыныс жасаған. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында антропология екі саладан – антропогенез теориясы мен нəсілдер туралы ілімнен тұрды. Адам эволюциясы үдерісінің диалектикалық түсінігінің жоқтығы, нəсілдер жайында жəне олардың дамуы артта қалып қойған деген жалған түсіндірмелерге жиірек алып келіп отырды. Антропосоциология, саяси антропология жəне тағы басқа атауларды жамылып алған кертартпа бағыттар пайда болды. Бұндай жалған ілімдер негізінде нəсілшілдіктің əртүрлі формалары пайда болды, олар фашистік Германияның мемлекеттік идеологиясының жақтаушылары болды жəне адамзатқа сансыз көп қайғы-қасірет алып келді. Нəсілтану мен антропологияның сонымен қатар, антропологияның əдіснамалық негіздемесінің біртұтас пəн ретінде қалыптасуы, тек, адамның эволюция барысында сапалық өзгергіштігі теориясын қабылдануының арқасында мүмкін болды.

Сібір жəне Қиыр Шығыс халықтары жайындағы құнды антропологиялық мəліметтер С. П. Крашенинник, сондай-ақ П. П. Паллас (1768-1774) басқарған академиялық экспедиция барысында жинақталған болатын. ХІХ ғасырдың басында орыс теңізшілері мен зерттеушілерінің отыздан астам бүкілəлемдік саяхаттары, антропология ғылымын əлемнің көптеген халықтары жайында этнографиялық жəне антропологиялық мəліметтермен байытты. ХІХ ғасырда К. М. Бэрдің антропологиялық жұмыстарының маңызы зор болды, ол Петербург Ғылым Академиясының анатомиялық зертханасының краниологиялық коллекциясын толықтырды жəне бассүйектерді өлшеудің əдістемесін жетілдіріп, адам нəсілдерінің пайда болуының моногенетикалық теориясының негізін қалау үшін көп еңбек еткен. К. М. Бэр 1845 жылы қаланған географиялық қоғамның ғылыми бағдарламасына, этнографиялық жəне антропологиялық зерттеулерді қосып, антропологияның дамуына ықпал жасаған. Н. Н. Миклухо-Маклай да папуастардың жəне Океанияның басқа да халықтардың мəдениеті мен нəсілдік құрамын зерттеумен, сонымен қатар адамзаттың шығу тегінің монофилетикалық теориясын ғылыми негіздеу арқылы антропологияға үлкен үлес қосты. Зоология ғылымдарының профессоры А. П. Богданов Мəскеу уни — верситетіндегі антропологиялық мектептің негізін қалады жəне Ресейдегі антропология ғылымының дамуына өзіндік еңбек сіңірді. Ол 1864 жылы нəсілдік жəне басқа да антропологиялық зерттеулердің орталығы болған жаратылыстану əуестенушілер қоғамының Антропологиялық бөлімін ұйымдастырды. Шотландық антрополог Джеймс Джордж Фрезер (1854-1941) табылған айырмашылықтар антропология ғылымының негізгі мəнісі болар деген үмітпен, Британ колонияларының тұрғындары мен Метрополия халқының мəдени-антропологиялық сипаттамаларын зерттеген. Оның пайымдауынша, адам қоғамы дамудың үш сатыларын (магия, дін, ғылым) өте келе эволюцияға ұшырайды. Француз антропологы жəне əлеуметшісі Люсьен Леви-Брюль əртүрлі технократтық жəне дəстүрлі өркениеттердегі адамдардың ойлану механизмдерінің айырмашылықтарын іздестірумен айналысып, осыған ұқсас өзінің зерттеулерін жүргізген. Ал 1879 жылы А. П. Богданов, Мəскеуде Антропологиялық көрме өткізген. Оның коллекциялары Мəскеу университетінің антропология мұражайының негізі болды. А. П. Богдановтың ізбасары Д. Н. Анучин өз зерттеулерінде антропология, этнография, археология жəне география ілімдерін біріктірген. 1919 жылы В. В. Бунактың ат салысуымен Мəскеу университетінде антропология кафедрасы, 1922 жылы антропология институты құрылды. Бұрынғы КСРО-дағы антропологияның барлық бөлімдерінің дамуындағы басты рөл В.В. Бунакқа тиесілі.

Тарих ғылымдарының докторы ҚР ҰҒА-ның академигі Оразақ Ысмағұлов – Кеңес Одағының жəне Қазақстанның жетекші антропологтарының бірі. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында, ол жаратылыстану жəне қоғамдық ғылымдарды басын қоса отырып, өте қызықты жəне маңызды нəтижелерге қол жеткізген. Пəнаралық зерттеулер негізінде, ол Орта Азия халықтарының этногенезі мен этникалық тарихы бойынша ақпараттардың тарихи көзі ретінде ертедегі жəне қазіргі адамның антропологиялық мағлұматтарын кеңінен қолданған. Алпысыншы жылдардың басынан бастап, О. Ысмағұлов Қазақстандағы жəне оның шекарасынан асқан: Үнді-Кеңестік (1974-1975), Қазақстан-Моңғолия (1991- 1993) антропологиялық экспедициялардың тұрақты қатысушысы мен басқарушысы болды. 1993-1994 жылдары Италиядағы Болон университетінің антропология Институтымен ғылыми серіктестік аясында, Қазақстан мен Қырғызстан аймағының этномəдени үдерістерін ескере отырып, таулы аймақтарын мекендейтін популяциялардың бейімделу мəселелері бойынша халықаралық зерттеулер жобасын басқарды.

Соңғы 150 жылда антропологияның мəні айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Қазіргі кезде, антропологияда адамның əлеуметтік-биологиялық бейімделуін қамтамассыз ететін, жалпы заңдылықтарды зерттеуге көп көңіл бөледі. Қазіргі адамдардың тіршілік ету орны, мəдени-тарихы əртүрлі болғанымен, олардың барлығы бір Хомо сапиенс түрінің əлеуметтендірілген өкілдеріне жатқызылатындығы антропологтарды қазіргі күннің өзінде қызықтырып келеді.

Осылайша, адамдардың жалпы бейімдеушілік ерекшеліктерін зерттеу анағұрлым үлкен қызығушылық тудыруда, бұл бейімдеушілік ерекшеліктер бір кездері өмір сүрген жəне қазіргі кезде де өмір сүріп жатқан Саналы адам түрінің барлық өкілдеріне тəн. Антропология Жер бетінде өмір сүру уақытына жəне қандай да бір өркениетке жататындығынан тəуелсіз, кез келген əлеуметте Хомо сапиенске тəн сипаттамаларды зерттейді. Сонымен жаратылыстану ғылымының көзқарасы бойынша, антропологияны адамның қалыпты морфофизиологиялық, психикалық, экологиялық жəне əлеуметтік өзгешеліктері жайындағы ғылым ретінде анықтауға болады. Сондай-ақ адам табиғатындағы əртүрлі феномендердің жеке жəне субъективті байқалуының қалыптасу заңдылықтарын зерттеу антропология ның негізгі міндеттерінің бірі.

Адамның «биологиялық» табиғатын зерттегенде, оның екі жақтылығын, анығында, көпжақтылығын да естен шығармау қажет. Бір жағынан, адам – сүтқоректілер класы жəне приматтар отрядына жататын қоғамдық жануар, екінші жағынан, ол рухани санасы, еркі, өзіндік сана-сезімі бар тіршілік иесі. «Руханилығы» ретінде адамның сүюге, еркін болуға, өзінің тіршілік ету мəнін өзі таңдап алуға қабілеттілігімен түсіндіріледі. Міне, адамдарды жануарлардан ерекшелейтін қасиеттер, осылар.

Адам табиғатының жан-жақтылығын, біздің ғаламшарымызды мекен еткен көптеген халықтар түйсіктік деңгейінде ғана түсінген. Əртүрлі мəдениеттердің аңыздарында адам тіршілігі туралы ұқсас түсініктер кездеседі, олар космогониялық теория түрінде көрсетілген (коcмогония – грек тілінен аударғанда əлемнің пайда болуы, антропогония – адамның пайда болуы). Кейбір аңыздарда, жердегі жануарларға аспаннан құдай түскен жəне жоғарғы «құдайлық» бөлігі мен төменгі «жануарлық» бөліктердің қосылуынан адамдар пайда болған деп көне космогонияларда айтылған. Адамның пайда болуы туралы бұндай көзқарастар тек таңба түрінде ғана таралған.

Заманауи адам жататын түрдің биологиялық атауы – Homo sapiens (L.), бұл латын тілінен «саналы адам» деп аударылады. Терминді, тірі табиғат түрлерін жүйелеуде бинарлы (қосарланған) номенклатураны ұсынған, швед табиғат зерттеушісі Карл Линней (1707-1778) болатын. Адам табиғатының екіжақтылығы кеңестік ғылыммен де айқындалған еді, алайда, олар адамның хайуандық жəне рухани бастамаларын емес, қайта биологиялық пен əлеуметтілігін бір-біріне қарама-қарсы қойған. КСРО-да негізгі антропологиялық əдістер ретінде: палеоантропология, салыстырмалы анатомия, эмбриология сияқты биологиялық əдістер қолданылған. Антропогенездің даму барысы биология, археология жəне марксистік-лениндік философияның жинағы негізінде қарастырылған. Қазіргі кезде, өздерін антропологтармыз деп атайтын ғалымдардың жұмыстарынан физикалық антропологияның дəстүрлі пəнімен қатар, құрылымдық антропологияның, философиялық антропологияның мəселелері өз көріністерін табуда.

Сонымен, отандық жəне шетелдік тəжірибелерге сүйене отырып, антропология пəнінің келесі анықтамасы анағұрлым оңтайлы болып көрінеді: «Антропология – бұл адам табиғатындағы жалпылама жəне объективті тұрғыда, жеке жəне субъективті тұрғыда көрінетін заңдылықтарды зерттейтін ғылым. Ғасырдан ғасырға қарай өмір сүріп келе жатқан барлық адамдарға тəн, сондай-ақ белгілі қоғам мен индивид үшін тиесілі жекеленген жəне ерекшеленген нормалар, салт-дəстүрлер, мінез-құлықтар, түйсіктер, əлеуметтік институттар адам табиғаты ретінде түсіндіріледі».

Қазіргі жаратылыстанудың кейбір анағұрлым өзекті антропологиялық мəселелеріне тоқталайық.

Антропологияның маңызды мəселелерінің бірі саналы адамның биологиялық түр жəне əлеуметтік тіршілік иесі ретіндегі ерекшелілігін айқындау болып табылады. Адамдардың эволюциялық дамуын зерттеу арқылы ғана, адам қоғамының орнығуына алып келген себеп-салдарды айқындап, бұл мəселені шешуге болады. Қазіргі адамның пайда болуының барлық даму сатыларын ұқыпты əрі нақты мəліметтермен дəлелденген ғылыми бейнесін жасаудың маңыздылығы жоғары. Адамның қазіргі маймылдармен ортақ ататектен таралғаны белгілі, сонымен қатар, бұл табиғи үдеріс барлық тірі табиғат эволюциясына тəн заңдылықтары бойынша жүрген. Бұл көзқарастар жаратылыстану ғылымы деп аталады. Біздің замандастарымызға тəн, адам эволюциясы туралы кеңінен таралған аңыздық түсініктерге, адам эволюцияланбаған, адамды дайын түрінде Құдай жаратқан деген көзқарастар таралған. Бұндай түсініктер бір жағынан көптеген палеоантропологиялық жəне археологиялық қазбалармен, екінші жағынан адамның жоғары сатылы жануарлармен, əсіресе, адамтəрізді маймылдармен, биологиялық жəне əлеуметтік-психикалық ұқсастықтары жөнінде жинақталған көптеген мəліметтермен жоққа шығарылады. Алайда қазіргі адамдар мен шимпанзенің биологиялық туыстығына қарамастан, олардың адаммен генетикалық сəйкестігі 95-98 пайызды құрайды, адам мен жануарлардың түпкілікті айырмашылықтарын биология саласынан гөрі, əлеуметтік тəжірибе саласы арқылы сипаттау керек. Тек адам ғана сана, ойлау мен сөйлеу қабілеттеріне ие, ол ерікті түрде еңбек ету арқылы өзінің өмір сүру ортасын, жануарлар сияқты оған баяу бейімделмей, өз қалауынша өзгерте алады.

Қазіргі антропологиялық мəселелердің бірі – қоғамды басқа əлеуметтік топтарға, мəдениеттер мен халықтарға мейірімділікпен қарауға тəрбиелеу. Бұл мəселе діни экстремизм негізіндегі терроризм мен қару-жарақтың жаңаша түрлерінің жасап шығарылуына байланысты, аса өзекті болып отыр. Осы жағынан алып қарағанда, адамзатты біртұтас құрылым ретінде қарастыратын, ғылыми антропологиямен қалыптасып келе жатқан көзқарас – «этникалық шыдамдылықты» қалыптастыру, дамыту үлкен мəн-мағынаға ие болуы керек.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *