Акселерация. Даму қарқынының тарихи кезеңдері

Адамның даму тарихының əр түрлі кезеңдерінде онтогенетикалық даму қарқынының заманалық жылдам дамуы да жəне баяу дамуы да өткені белгілі. Бір популяциядағы адамдардың əр түрлі ұрпақ өкілдерінде даму қарқындылығы бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін, мұндай өзгерістер адам тарихы барысында бірнеше рет өткен жəне болашақта да өте береді. Мысалы, XX ғасырдың соңғы 20-40 жылдарына дейін дамудың заманалық акселерация үрдісі байқалды. Яғни, дүниеге келген əрбір ұрпақтар ата-аналарына қарағанда ірілене түсуі жəне барлық жас аралық мерзімге тəн өзгерістер сақталына отырып, ерте жетуі орын алды. Бұл беталыстар кең көлемдегі масштабты қамтыды жəне қазіргі адамның көптеген популяцияларына таралды.

Осы құбылыс жайында өткен шақта айтамыз, өйткені XX ғасырдың 2-жартысының алғашқы кезеңінде адамдардың заманалық өсу қарқындылығының тежелуі байқалған, соңғы 30 жылдықта адам дамуының қарқынының тұрақталуы, яғни, даму үрдісінің осы деңгейде тоқтауы, тіпті, ретардация (деселерация) деңгейіне жеткендігі жөнінде жиі айтылып келді. Адамзаттың даму қарқындылығы бір жүз жылдыққа айқын байқалатындықтан, бұны секулярлы тренд (secular trend-ғасырлық қарқындылық) деп атаймыз. Егер жалпы айтатын болсақ, жоғарыда бір жүз жылдықпен шектелетін ғасырлық қарқындылығы жайында емес, адамдардың əр түрлі популяциясының көптеген ұрпақтарын қамтитын заңманалық қарқындылығы туралы болып отыр.

Акселерация терминін 1935 жылы немістің балалар дəрігері Э. Кох пайдаланған, содан бері бұл терминнің екі мағынасы қалыптасқан. Сондықтан да: • жеке даралық акселерация немесе ретардация. • заманалық акселерация немесе ретардация, яғни бұдан бұрынғы ұрпақтардың соматикалық дамуының салыстырмалы ұқсас көрсеткіштерінің қарқындық өзгерістері сияқты түсініктерді міндетті түрде ажырата білу керек.

Биологиялық даму қарқындылығының жылдамдығынан басқа, репродуктивті кезеңнің ұлғаюы, егде жаста жұмыс істеу қабілетінің ұзақ уақытқа сақталынуы, өмір сүру ұзақтығының, ауру-сырқау құрылымдарының қайта құрылуы, т.б. көрсеткіштер заманалық акселерация процесімен бірге жүреді сонымен қатар, олардың өзара ара қатынасындағы антропологиялық көлемдері мен сипаттарында өзгерістер жүреді.

Сондықтан заманалық акселерация (немесе ретардация)-бұл жай бүкіл организмнің біркелкі үлкеюі немесе кішіреюі (аллометриялық өсу) ғана емес, даму кезінде де жəне дефинитивті жағдайларда да байқалатын параметрлерінің арақатынасының өзгерісі. XIX ғасырдың ортасынан бастап балаларды зерттеп-тексеру саласына антропометрия енгізілді. Нəтижесінде адамдардың бір ұрпағынан екіншісіне ауысқан сайын, дененің ұзындығы мен салмағының біртіндеп артқаны туралы мəліметтер əлемнің əр түрлі елдерінен жинала бастады. Етеккірдің келу жасына сəйкес жыныстық жетілу мерзімінің қарқындылығының артқаны байқалынған.

1741 жылдан Норвегияда бастау алған өлшеу жұмыстарының нəтижелері бойынша, 1760-1830 жылдар аралығында ересектер арасында дене мөлшерінің өсуі аз мөлшерде артқаны байқалынған, 1830-1875 жылдар аралығында əрбір он жыл ішінде 0,3 см-ге, ал 1875 жылдан XX ғасырдың ортасына дейін əр онжылдықта 0,6 см қосылып отырғаны жөнінде мəліметтер тіркелінген. Даниядағы 1815 жылдан бері жүргізілген өлшеу жұмыстары бойынша, 1845 жылдан бастап дене мөлшерінің өсуі байқалып, қалған өзгерістердің барлығы «норвегиялықтарға» ұқсастық танытқан.

Осыған жақын нəтижелерді, шведтік оқушылардың (1883- 1968 жылдар аралығында) дене массасы мен ұзындығы бойынша, ағылшындық ұл балалардың (1833-1958 жылдар аралығында) дене ұзындығы бойынша жүргізілген салыстырмалы өлшеу жұмыстарының нəтижелерінен, сонымен қатар, мəскеулік балалардың өсу қисық сызығы (1889-1969 жылдар аралығында) бойынша жинақталған мəліметтерден көруге болады. Мұндай нақты мысалдарды өте көптеп келтіруге болады.

1880-1950 жылдар аралығында Еуропа елдерінде 5-7 жастағы балалардың дене ұзындығы əрбір он жыл сайын 1,5 см, дене салмағы 0,5 кг, жасөспірімдердің арасында бұл көрсеткіш 2,5 см-ге жəне 0,7 кг артып отырған, ал ересектер арасында дене ұзындығы 1 см дейін қысқарған.

Орталық Ресей мен Украинаның ірі қалаларында 1889-1969 жылдар аралығында 5-7 жасар балалар арасында бұл көрсеткіштер 1,7 см мен 0,7 кг құрады. Жасөспірімдердің жыныстық жетілу кезеңінде əрбір онжылдықта дененің өсуі 2,7 см, дене салмағының өсуі 2,3 кг құраған. Шығыс Еуропаның көптеген аймақтары үшін заманалық акцелерацияның кезеңі ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына сай келеді. Сонымен қатар, күшті заманалық алға басу Германия жəне Жапония соғыстарынан кейін де айқын көрінді. Осы жылдары Батыс Еуропа мен Американың индустриялды елдерінде қарқын тұрақталып, азая бастады, 70-жылдардың басында еуропалықтар үшін əрбір он жылда дене ұзындығының өсуі небəрі 1 см құрады (немесе əрбір ұрпақ үшін 2,5 см жуық). Халықтың арасындағы əл-ауқаты жақсы бөлігінде қосымша өсу мүлде тоқтап қалды.

Дене мөлшерлердің өсу қарқындылығының артуы ерте жыныстық жетілумен байлынысты, бұл өз кезегінде ересектерге тəн дефинитивті көрсеткіштерінің біршама ерте қалыптасуына əкеледі, ал дамудың өзі жылдам қарқынмен жүреді. Өсу ерте басталып əрі қарқынды түрде жүруіне байланысты, сəйкесінше, ол біршама ертерек аяқталады.

Морфологиялық жетілудің негізгі критерийлері бойынша, яғни қаңқа мен соматикалық даму əрбір жүз жылда үш жылға алға жылжиды. Постнаталдық даму кезеңінде тек қана дене параметрлері ғана өзгеріп қана қоймай, жаңа туылған нəрестеде дене ұзындығы орташа алғанда, 0,5-1,0 см артқан. Жатырішілік кезеңнің ұзақтығының қысқаруы жəне ұрықтың толыққанды дамуына қажет қалыпты салмақты жинау уақытының қысқаруы жөнінде нақты мəліметтер жеткілікті жəне жаңа туылған нəрестенің салмағы 0,2-0,3 кг артты. Заманалық акцелерация онтогенездің барлық кезеңіне өз əсерін тигізді.

Қазіргі кезде адам тістерінің ауысуы ХХ ғасырдың басындағы мəліметтермен салыстырғанда, шамамен, 1-2 жылға ерте аяқталды. Заманалық алға жылжушылық алғашқы етеккірдің келу мерзімінен де көрінді. Көптеген зерттелінген антропологиялық көрсеткіштердің ішінде бұл беталыс өте тұрақты болып шықты. Мысалы, 1830-1960 жылдар аралығында Батыс Еуропа елдерінде етеккірдің келу мерзімі əрбір онжылдықта 4 айға алға жылжып отырған. ХХ ғасырдың 60-жылдарында Норвегия мен Англияда бұл үрдіс баяулағаны, бірақ Швецияда, Голландияда, Венгрияда əлі де жалғасқаны туралы мəліметтер бар.

Мəскеулік қыз балалардың арасында етеккірдің келу жасы бойынша акцелерация 70-жылдардың ортасына дейін жалғасты, содан кейін тұрақтылық байқалып, кейде осы көрсеткіштің ретардациясы да байқалынған; 1937 жылы етеккірдің келу жасы – 14,8 жасты құраса, 1947 жылы – 15,3 жасты (соғыс кезеңі), 1957 жылы – 13,9 жасты, 1962 жылы – 13,1 жасты, 1968-1972 жылдары – 12,8 жасты, 1981-1984 жылдары – 13,0 жасты құраған.

Орта ғасырдың басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, қазіргі кезде жыныстық жетілу мерзімі 2 жылға ерте келеді, ал етеккірдің келу жасы 2,5-3 жылға төмендеген. Қыз балалардың даму жылдамдығы ұл балалармен салыстырғанда жоғарғы қарқынмен жүрген. Көптеген физиологиялық жəне қызметтік көрсеткіштердің даму қарқыны, мысалы, бұлшықеттің күші, жүрек-қантамырлар жүйесі, реакциялардың қалыптасу жылдамдығы, сөйлеу қызметі, т.б сияқты белгілер ғасырлық қарқында (секулярлы тренд) байқалады. Осылайша заманалық өзгерістер тіршілік циклі барысында организмнің көптеген көрсеткіштері мен жүйелерін қамтиды.

Дамудың заманалық жылдамдығы өзгерістердің біркелкілігі мен үйлесімділігін көрсетпейді. Қазірдің өзінде көп балалар төтенше (ықтималды қауіпті) дене қалыптасуының қарқындылығымен сипатталынады. Мысалы, ХХ ғасырдың 80-90-жылдары аралығында Мəскеу оқушыларына көп жыл бойы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нəтижесі оқушылардың кейбір көрсеткіштерінің (өкпе көлемі), теріасты майқабаттарының, дене салмағының төмендеуі жəне т.б. сияқты көптеген құлаштық жəне ендік параметрлерінің төмендегенін көрсетті. Соңғы он жыл ішінде оқушылардың дене құрылымының долихоморфтылығы (ұзынбойлылығы), граци лизациялығы (сымбаттылығы) жəне тіпті, астенияға (жүдеу, əлсіз) ұшырауы байқалады. Бұл құбылыс – онтогенездің реттелу механизмінің тепе-теңдігін бұзатын заманалық процестің нəтижесі мен мəні болып табылады. Нəтижеде дамудың əрбір кезеңдерінде организмнің морфофункциональді халінің (қалыпты реакциялар) өзгерістері болады. Осы жағдайдың айқын көрінісі – заманалық морфологиялық тасымалдау, яғни антропологиялық белгілердің жəне олардың бір-бірін реттеу деңгейінің біркелкі еместігі. Жоғарыда келтірілген барлық сараптамалар шамалас сипаттамаға ие, өйткені адамдардың даму құбылыстарын жалпыламалап сипаттайды.

Заманалық өзгерістердің пайда болуына не түрткі болды? Егер тек қана деректерге жүгінсек, секулярлы тренд адамның жынысына, дене бітіміне, нəсілдік жəне этностық құрамына жəне алуан түрлі экологиялық жəне əлеуметтік факторларға тəуелді болады. Акселерациялық өзгерістер біршама қарқынды байқалынатын топтармен қатар (көптеген еуропалықтар, моңголоидты топтардың көпшілігі, афроамерикандықтар, бушмендер, папуастар жəне т.б.), акселерациялық өзгерістер аз немесе мүлдем кездеспейтін популяциялар да (мысалы, Орталық Америка жəне Полинезия тайпалары) кездеседі. Тек бір этносқа жататын жəне бір популяцияны қамтитын адамдардың экологиялық жəне əлеуметтік ерекшеліктер сипатталынған. Əлеуметтік жағдайы жақсы жанұялардың балалары мен қалада тіршілік ететін жанұяларда акселерациялық өзгерістердің қарқындылығы біршама жоғары болады. Солай бола тұрса да, мұнда көптеген қарама-қайшылықтар кездеседі. Мысалы, халықтың тіршілік деңгейі жоғарылауының аясында жыныстық жетілу уақытының ретардацияға бет алғаны байқалынған. Еуропада индус триализациямен байланысты жыныстық жетілу мерзіміне дейінгі (пубертантты) даму қарқындылығының айтарлықтай төмендеуі байқалынған, өмір сүру деңгейі жақсаруымен жаңа жыл дам даму кезеңі басталғаны туралы мəліметтер бар. Əдетте, адамның даму бағытын жалпы қоршаған ортаның жағдайларымен жəне тамақтану жағдайының өзгерістерімен байланыстырады. Ол ең алдымен, тағам құрамындағы маңызды ингредиенттердің арақатынасының өзгерістерімен байланысты, акселерация үрдісін жануар текті майлармен белоктарды, сонымен қатар сүт, қант, дəрумендер мен минералды заттарды пайдаланумен байланыстырады.

Бірақ заманалық өзгерістер құрамы айқын өзгерістерге ұшырамаған көпшілікке тəн тағамдарды пайдаланатын топтарда да өтіп жатыр. Бірақ жекелеген жағдайларда дамудың қарқындылығын, біздің тағам рационымызда бройлер жануарлары мен құстардың еттері арқылы түсетін гормондық қоспалармен жəне консерванттармен, сонымен қатар, əр түрлі химиялық байланыстары бар тағамды пайдаланумен байланыстырады. Құрамында өсімдік талшықтары көп азық-түлікті пайдаланатын (бұл жағдай ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы айырмашылықты білдіреді) адамдардың дамуы біршама баяу жүретіндігі жайлы жанама мəліметтер де бар. Соңғы он жылдықта генетикалық модифицирленген организмдерді (ГМО) тағам ретінде пайдалану адам баласының алдында маңызды мəселелердің біріне айналып отыр. Тікелей генетикалық үрдістерді тудыратын жағдайлар да бар. Генетикалық оқшауланудың бұзылу себептерінен жергілікті популяцияның қосылуы болады. Сондықтан бір топтың тұрғындары мүшелерінің арасында некеге тұру дəстүрлері бұзылады. Мұндай түсіндірмелердің негізі бізге таныс гетерозис эффектілеріне əкеледі. Бірақ біз білетіндей адамдар арасында «гибридті күштердің» əсері бір жақты емес (В. В. Бунак, 1980) жəне жалғыз осы эффектінің бір өзі барлық көлемді өзгерістерді түсіндіре алмайды. Секулярлы бағыттың ықтимал факторларының бірі, медицинаның үлкен жетістіктерімен байланысты. Əр түрлі аурулардың кездесу жиілігінің өзгеруі мен жаңа туылған сəбилердің, балалардың, жасөспірімдердің өлімі азаюының арқасында ұрпақтан ұрпаққа генетикалық материал өзгеріп, дамудың жасырын мүмкіншіліктері жүзеге асады. Табиғи өлім көп жағдайда жеке дараның дамуының реттеу жүйесі бұзылуының нəтижесінде болады. «Мезгіліне жетпей», ұрпақ қалдырмай ерте қайтыс болған даралар өз кезегінде келесі ұрпаққа өзінің генін қалдырмай, келесі ұрпақтың генетикалық жүйесінің ықпалын, үлесін береді.

Айтылған гипотезалардың бірде-біреуі жеке тұрғыда заманалық акселерация феноменін түсіндіре алмайды жəне осылардың бірдебіреуін заманалық акселерацияны түсіндіретін жалғыз гипотеза деп айтуға болмайды. Заманалық бағыт – негізінде бір себеппен түсіндірілмейтін көп факторлы жəне динамикалық үрдіс. Бірақ бұл оның механизмдерінің сырын шешу мүмкін емес дегенді білдірмейді, біз оны анықтайтын барлық факторларды білеміз, енді тек осы факторларды ұқыптылықпен бір жиынтықта біріктіру ғана қалды. Жоғарыда айтылған осы заманалық оқиғалардың болу себептеріне: • генетикалық материалдың (даму потенциалы) үздіксіз өзгеруі; • тамақтану жүйесінің өзгеруі (үйлесімді құрамы, сапасы, тағамның молшылығы); • климаттық-географиялық факторлардың жиынтығына əсер ететін өзгерістер (халықтың миграциялануы себебінен, инсоляция кезеңдерінің заманалық тұрақсыздықтары, салыстырмалы ылғалдылық, температуралық режим); • демографиялық көрсеткіштердің өзгеруі (халықтың саны жəне тығыздығы, туу деңгейі, онтогенездің əр түрлі кезеңдеріндегі өлім деңгейі); • əлеуметтік ортадағы айырмашылықтар (қоғамның жіктелу деңгейі, олардың экономикалық тұрақтылығы, осыған байланысты стрессогенді жүктемелер); • халықтың мəдениеті мен салт-дəстүрі ортасындағы өзгерістер жатады. 1. Көп факторлар бір-бірімен ажырамас байланыста болады жəне адам биологиясы оның тарихи жолымен біріге жүреді. Адам дамуы мен өсу қарқындылығының заманалық тұрақсыздығы басым жағдайда популяция аралық өзгергістіктің деңгейін анықтайды жəне адам популяциясында жүретін микроэволюциялық үрдістердің нəтижесі болып табылады.

Авторлық сілтеме:
Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. Антропология: Оқулық. / Нұртазин С. Т., Салмырзаұлы Р. – Алматы: ЖШС РПБК «Дəуір», 2011.– 288 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *