Ахмет Байтұрсынұлы — саңлақ санаткер, рухани көсем

Қазақ әдебиетінің алтын ғасырында ерлігі мен дарыны тең түскен бір туар қайраткердің бірі — Ахмет Байтұрсынұлы. Тәуелсіз қазақ танымында ұлттың рухани көсемі саналған күрескер тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық болымысы, ақындық өнері және азатшыл ғалымдық ізденісі туралы келелі еңбектер, ғылыми зерттеулер ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келеді. Белгілі зерттеуші, нағыз Ахметтанушы ғалым Ө. Әбдиманұлы азатшыл ойдың көсемінің тұлғасын былайша бағамдайды: «Ахмет Байтұрсынұлы – тек күрескер тұлға ғана емес, замананың алмағайып шақтарын көркемдік танымға арқау етіп, оны шынайы шыншылдықпен суреттеген, сөйтіп сол арқылы ертеңгі ел тәуелсіздігіне үмітпен қарауға үндей білген, парасатты ойлары арқылы болашаққа жол сілтеген дарын, қарымды қалам иесі».

Ахмет Байтұрсынұлы портреті

Ахмет Байтұрсынұлы портреті

Азатшыл рухтағы қазақ әдебиетінің көшбасшысы болған дана да дара тұлға Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы өзгелердікіне қарағанда өзіндік бір ерекшеліктермен танылады. Ғалым-ұстаздың өз қолымен жазған өмірбаянында: «Мен Торғай уезінің Тосын болысындағы №5 ауыл қазағының баласымын. 1886 жылдан бастап 1891 жылға дейін 2 класты Торғай орыс-қазақ училищесінде оқыдым. 1891 жылдан 1895 жылға дейін Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебінде оқыдым, 1895 жылдан бастап Торғайдың әр жерінде, әр түрлі бастауыш училищелерде, ауылдық мектептерде істедім», -дейді. Екі ғасырдың тоғысында еңбек жолын бастаған Ахмет, мектеп қабырғасында бас-аяғы 6 жыл ғана оқығанына қарамастан, қоғам өмірінің, халықтың мұң-мұқтажының ең өзекті мәселелеріне терең бойлап, етене араласады. Басты мақсаты ең алдымен оқу-білімнің дәнін, нәрін егіп халықты ағарту болды. Осы жолда ол оқу бітірген 1895 жылдан 1907 жылға дейін Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездерінде ұстаздық етсе 1921-1926 жылдары Орынборда қазақтың халық ағарту институты деп аталатын оқу орнында, 1926-28 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтында дәріс беріп, 1928-29 жылдары Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиетінің профессоры болып істейді.

1917 жылдың аласапыранына дейін Орынборда тұрады. 1913 жылдың 2 ақпанында Орынборда «Қазақ» газетін шығарады. Газет 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін шығып тұрады.

1917 жылғы ақпан революциясынан кейін елде ұлт-азаттық көтерілісі күрт белең алады. Халыққа шынайы бостандық іздеген қазақ интелигенциясының өкілдері әртүрлі партиялар мен ұйымдар құра бастады. А. Байтұрсыновтың осынау замана ағымындағы істерден тыс қалуы мүмкін емес еді. Сол тұста ұлттық теңдікті аңсаған өз пікірлестерімен бірге Ахмет «Алаш» атты партия құрып, 1917 жылдың жазынан Алашорда жетекшілерінің біріне айналады. Осы партияның бірінші және екінші съезінде ерекше еңбек етіп, Алаш партиясының программасын жасауға атсалысады. Бұл программаның жобасы алғаш «Қазақ» газетінің 1917 жылдың 21 қарашасындағы санында жарияланады. А. Байтұрсынұлының «Қазақ» газетіндегі қызметіне келер болсақ ол 1913 жылдың 2-ші ақпанынан 1918 жылдың соңына дейін Орынбор қаласында газетті шығарып қана қоймай, соның белді басшы жетекшісіне айналады. Ахмет Байтұрсынов 1909 жылдан 1910 жылдың 21 ақпанына дейін Семей қаласында абақтыда отырады. Қылмысын әйгілеген нақты айғақтар болмағандықтан, патша жандармериясы оны босатып, бір тәуліктің ішінде Семей қаласынан кетуге, 3 жыл бойы қазақ даласынан сырт жерде тұруға үкім шығарады. Сөйтіп А. Байтұрсынов ежелден ғылыми және мәдени дәстүрі бар, қазақтың оқыған азаматтары шоғырланған Орынбор қаласына 1910 жылдың наурыз айында келеді де, онда 1918 жылдың аяғына дейін тұрады. Азапқа белшеден батып жүріп, 1913 жылдың қаңтар айында «Қазақ» газетін шығару үшін рұқсат алады. Газеттің алғашқы санының шыққаны туралы құжатта былай делінген: «Қазақтың алғашқы саны 1 айдан кейін, яғни 2 ақпан күні жарық көрді. Басып шығарған Орынбордағы «Каримов, Хусайынов және К» серіктестігінің баспаханасы». Ал газеттің аты неге «Қазақ» деп аталғандығы туралы Ахмет: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күш қосып, көмектесіп қызмет ету қазақ баласына міндет…Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенше, ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанша мәз болып, мал өлімінде өлмейік» дейді. Сонымен бірге қайраткер газеттің алдына қойған мақсатын, көздеген мұратын «Бұл газеттің мақсаты жұрт пайдасына көз болу; қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылық ету; басқа жұрттардың халінен хабар беріп, таныстыру. Сол мақсаттарды орнына келтіру үшін зәкүндерді, хакімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру. Государственная Дума хәм Государственный Совет жұмыстары турасында жете хабар беру, ішкі хәм сыртқы хабарларды жазып тұру, қазақтың бұрынғы және бүгінгі жайын жазу; күнелту: сауда, кәсіп, жер-су, егін-таран, мал шаруасы жайынан кеңесу. Оқу, оқыту, мектеп, медресе, школа, ғылым, өнер, тіл, әдебиет турасында жөн көрсету; адам хәм мал дәрігерлігі жайында жазу» деп айқындап берді. Бұлайша айқындаудың басты себебі үкімет орындарының арнайы рұқсатымен шыққан газет солардың талап-тілегін орындамаса, бірден жабылып қалар еді. Өкімет орындарының түсінігі бойынша, газет бірінші кезекте патша үкіметі билігінің ішкі және сыртқы саясаты, қазақ халқының өміріне қатысты қаулы-қарарларын жұртшылыққа жеткізіп, оларға билік тұрғысынан түсінік беріп отыру еді. Осы мәселеге байланысты 1914 жылдың 8 қарашасында Ахмет Байтұрсынов газетті жетісіне екі рет шығару үшін губернатордың атына өз қолымен жазған арызына қосымша етіп газет бағдарламасын жібереді. 15 бөлімнен тұратын бағдарламаның ең алғашқы үш бөлімі бойынша газет халық арасында насихаттау үшін өз мойнына мына міндеттерді алады.

1. Қазақтарға қатысты үкімет нұсқаулары мен заңдарын жариялау.
2. Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік Совет жұмысын жариялау.
3. Ішкі және сыртқы хабарларды басып жариялап отыру және т.б.

Үкімет орындары газеттің саяси бағытын қалт жібермей мұқият бақылап отырған. Газет ресми орындарға күдік туғызбау үшін алғашқы кезде бұл талаптарды орындауға мәжбүр болады. Осындай қиын жағдайда газеттің үздіксіз шығып тұруы қаражатқа байланысты еді. Ресей ішкі істер министрлігі рухани істер департаментінің бастығы ерекше тапсырмалар шенеунигі Тарановский Орынбор губернаторына жолдаған құпия хатында, «Каспий» газетінің мәліметіне сүйене отырып, өткен жылы «Қазақ» газетіне қазақтардың 1600 сом ақшалай жәрдем беріп, қолдағандығы туралы мәліметтің қаншалықты шын екендігін департаментке шұғыл хабарлауын талап еткен. Патша өкіметінің қатаң бақылауына қарамастан, газетке қол ұшын беріп қаржылай көмек көрсеткен 255 азаматтың тізімін газет өзінің №151,152,153 сандарында жариялайды. Солардың ішінде 429 сом қаржы берсе, ал 100 сомды бай, 2-3 сомнан шаруалар, 25-50 тиыннан оқушылар мен студенттер берген болатын. Бұдан газетке мемлекет тарапынан ешқандай қаржылай көмек көрсетілмегені көрінеді. Газет оқырмандарының көбі жастар болатын. Олардың ішінде әсіресе елден тысқары жүрген, Ресейдің іргелі қалаларында оқитын қазақ студенттерінің газетке деген ықыласы ерекше еді. «Қазақ» газетіне 1 жыл толғанда редакцияға жан-жақты, әсіресе Ресейде оқитын қазақ студенттерінен құттықтау жеделхаттар ағылып келген. Мысалы «Қазақтың таң сәулесі жылға толғанын құттықтаймыз, хәм еңбегі болашақта жемісті болып, жұрт пайдасын көргенін тілейміз». Қазақ студенттері 2 ақпан.

«Жас қазақтың толған жылын құттықтаймыз, хәм қымбат ұлтымыз қазақ жұртын нұрландыру жолында өмірлі болып, көп жылдар қызмет етуін тілейміз». Жас қазақтар 2 ақпан. Перебург.

Қазақ газеті бетінде басылған қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне қатысты кейбір жарияланымдар ел билеушілердің озбырлығын, әділетсіздігін аямай әшкерлеген. Мұндай мақалалар ресми орындардың наразылығын тудырып, олар газет редакциясын үнемі бақылауға алып, тінтулер жүргізіп отырған. Оның редакторын бірнеше рет жауапқа тартып, айып салып, абақтыға да отырғызған. Осы шараларға қарамастан «Қазақ» газеті өз заманының инциклопедиясына айнала алған. Себебі жалғыз өзі көптеген басылымның міндетін қатар атқарып отырғаны анық. «Қазақ» газетінің тақырыптық ауқымы кең, жанры сан-салалы. Бүгінгі ұрпақ үшін ол сонысымен құнды. Мысалы, газет бетінен поэзия, проза, аударманың үздік үлгілерін кездестіреміз. Олар-«Туған жер», М. Жұмабаев, 1913 жыл, №5, «Жұт», М. Дулатов, 1913 ж, №8, «Елім-ай», М. Дулатов, 1914, №52. Келтірілген мысалдар «Өлең-жыр» айдарымен тұрақты жарияланып тұрған. Олар басымның көбіне екінші болмаса үшінші бетінің төмен жағына қарай орналасқан. Себебі, газеттің бірінші бетінде саясат, экономика, әлеуметтік жағдайлар мен хабарлар, ақпараттар орын алған.

Авторлар кейде өз аттарын толық жарияласа, кейде бүркеншік атпен қатысқан. Мәселен, -«Ешкі тау», Н. Маркестон, тәржімеленген- «Қыр баласы». Көбінесе, «Көркем проза үлгілері», «Оқшау сөз» айдарымен жарық көріп отырған. Ал басылым бетіндегі ғылыми еңбектердің өзін бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Мысалы, медицинаға байланысты Е.Қасболатовтың «Чума» 1913 жыл, №8 және Ж. Тілеулиннің «Денсаулық жайынан» атты көлемді еңбегі 1913 жылы, №9,19,20 жарық көрген. Мұнымен қатар газет тек адамдардың денсаулығына ғана көңіл бөліп қоймай қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан мал дәрігерлік тақырыбына жазылған ғылыми еңбектер де жариялаған. Мысалы газеттің 1913 жылы №9 санында «Мал індеті», сол жылы №27 санында «Сиыр малы тұқымын асылдандыру» атты еңбектер шыққан.

Сондай-ақ «Қазақ» газеті өзі шығарып тұрған жылдары қоғамдық –саяси, әлеуметтік –экономикалық және рухани өмірдің өзекті мәселелерін көтеріп, халықтың ұлттық сана –сезімін оятуда сан алуан жұмыстар істеді. Қалың жұртшылық көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылы өмірінің барлық мәселелерінен осы басылым арқылы хабардар болған. Мәселен, көшпелі ауылды отырықшыландыру мәселелері газет бетінде қызу пікірталас тудырады. Мұнымен қатар, «Қазақ» газеті ақпарат тарату ұйымына айналып ішкі және сыртқы жаңалықтарды бұқараға хабарлап таныстырып отырады. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынов былай дейді: «Дүниеде болып жатқан істер, сөйлеп жатқан сөздер кімге пайдалы, кімге залалды екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, залалдысынан сақтандырып тұрды». Басылым бетінен статистикалық еңбектер, жарнамалар, әртүрлі мерзімді басылымдарға шолулар, қаражаты тапшыларға, мұқтаж болған оқушыларға жәрдем сұрауда жарияланып тұрды. 1918 жылы Кеңес үкіметінің секемшіл басшылары Алаш-Орда үкіметін құрып, кеңес үкіметіне қарсы ашық күреске шықпақшы деп газетті айыптап тез арада жабуды талап еткен. Бұйрық, әрине жедел жүзеге асырылып 1918 жылдың күз айында 265 санынан кейін «Қазақты» шығару амалсыз тоқтатылды. Бұл А. Байтұрсынов және алашшыл қазақ зиялыларына, кеңес үкіметі тарапынан жасалған бірінші ашық соққы, рухани қысым еді.

Шындығында да, А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың жан аямай, бар ынтасымен қажырлы еңбектенулерінің жемісі-«Қазақ» газеті саяси ұлттық жас қазақ баспасөзінің көшбасшысы дәрежесіне көтеріліп үлгерген болатын. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, қазақ әдебиеті тарихында тыңнан сүрлеу салған ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың мысал жанрында еткен еңбегі орасан. Ол Қазақстанда аударма кітапты алғаш бастырушылардың бірі. А. Байтұрсынов орыстың классик жазушысы И.А. Крылов мысалының бір тобын қазақ тіліне тәржімалап, «Қырық мысал» деген атпен Санкт Перебургте 1902 жылы жеке кітап етіп шығарған. Бұл И.А. Крыловтың шығармаларының қазақ тілінде, тіпті Орта Азияда тұңғыш рет кітап болып бастырылуы. И.А. Крылов мысалдарының басқа тілдерге аударылуы сөз болғанда, алдымен тілімізге Ыбырай мен Абай есімдері оралады. Олардың кейін өмір сүрген ақынжазушылардың Крыловқа соқпай кеткендері кемде-кем. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі аса қомақты дер едік.

«Қырық мысал» кітабында И.А. Крыловтан аударылған дүниелермен бірге орыс әдебиетінде мысал жанрын қалыптастырушылардың (А.П. Сумароков, В.И. Майковпен бірге) бірі И.И. Хемницердің «Ат пен есек» шығармасы да бар. Бұлардың бәрі өте сауатты, қазақ оқырмандарының ұғымына лайықталып аударылған. Мысалдың оқиғаға құрылып жазылатыны белгілі. Оны үлкен де, кіші де тез есте сақтап қалады. Жазба дүниелердің өте аз кезінде А. Байтұрсыновтың мысал жанрын таңдап алуы тегін болмаса керек. Ол аударған мысалдардың тәржіма екені тіпті сезілмейді, төл шығармадай оқылады. «Қырық мысалға» енген біраз туындылар орыс мысалшыларының ізімен, идеясымен жазылған Ахаңның өз өлеңдері болып табылады. Бірақ осының ара-жігін ажырату мәселесіне ешкім көңіл бөлмей келеді.

А. Байтұрсынұлы өлеңдеріндегі ағартушылық сипаттың өзіне дейінгі ақындардан өзгелеу бір астарлы сыры да осы. Ақын өнер, білімді «таза күйінде» уағыздап қоймайды. Ол оны халықтың санасы оянып, өзгенің езгісіндегі тұрмысының себеп-салдарына көз жіберіп, бостандыққа ұмтылудың нұрлы сәулесі деп санайды. Бостандық ұғымы бұрынғы поэзияда басты ой нысанасы етілмесе, Ахмет өлеңдерінде ол негізгі тақырып, «темірқазық» іспеттес. Абай, Ыбырай туған халқының тағдырына күйзеліп, озық кеткен өзге халықтармен иық теңестіруді «тіл ұстартып, өнер шашпақтан» іздесе, Ахмет оны бостандық үшін күреспен байланыстырады. Оның өзіне дейінгі саңлақ ақындардан бір қадам ілгері басқандығы да, поэзиясының салмақтылығы мен құдіреті де осында. Ақынның «Досыма хат», «Жиған-терген», «Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі», «Жауап хаттан» т.б. өлеңдерінің тегеурінді қуаты осы бір ұқтырар ой аңғарында жатыр.

Ахмет Байтұрсынов — қазақтың әдеби тіліне негіз салушы, қазақты «ән» деп бастап оқытып, надандықбпен күрескен бірінші ұстаз, оқу ісіне жазуға жаңалық кіргізген дана реформалар, патшашыл үкіметтің зұлым саясатымен қажымай күресіп, қарсы пікірін таратқан қаһармен, қазақ халқының атақты ақыны, қай жағынан болса да қазақ халқының көсемі.

Жоғарыда айтылған пікірлерді жинақтап, пысықтай отырып, Ахмет Байтұрсыновтың ақындық мұрасы жайында мынадай екі ерекшелікті атап айтуға болады. Біріншіден Ахмет Байтұрсынов — ағартушы, ғалым, қоғамдық- саяси қайраткер ретінде қандай ірі тұлға болса, ақындық өнерде де қайталанбас орны бар, туған әдебиетімізде тұтас бір дәуірді бейнелейтін кесек бітімді дарын иесі. Өз өмірін туған халқының бостандығы мен бақыты жолындағы күреске түгелдей бағыштаған ең алдым ен осы жолда қару етіп пайдаланады. Бұл тұрғыдан алғанда, оның есімі өзінің алдында ғана өткен ұлы Абай дәстүрінің ең бірінші мирасқорларының қатарында аталуға лайық. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынов өзінің ақындық мұрасы арқылы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіне халық мүддесінің жоқшысы бола алатын саяси күрескер бейнесін әкелді. Өзінің барлық әрекетін туған елінің мұң-мұқтажымен ажырамастай тұтастықта деп түсінген ақын шабытты жырларында дәл сондай жанкешті күрескердің бедерлі, беделді тұлғасын жасады.

Бұл екі ерекшеліктің екеуі де туған әдебиетте кейіннен кең өріс алып, өркен жайған жемісті нышандар. Сондықтан оларды әрі қарай жан-жақты зерттеп, ғылыми тұрғыдан терең байыптау-әдебиеттің таяу болашақтағы абыройлы міндеті. Ахметтей саңлақ елдің ұрпағы болашақта ақын салған сара жолдың ізбасарлы екені даусыз. Ұлылыққа тән бар қасиетті бойына ұялатқан асыл арыс екі ғасыр тоғысындағы алма-ғайып заманда елінің елдігі, туған халқының теңдігі үшін отаршылдыққа қасқайып қарсы тұрған қажырды қайратымен ұрпақ жадында мәңгі қалары сөзсіз. Иә, Ахметтей адамзаттық ойдың алыбын енді танып, кемел ілімінің кеніне енді ғана кенеліп жатырмыз. Әйтсе де, бүгінде бұл тұрғыда біраз ізденістер жасалғанын атап өткен жөн. Ахметтануға кешегі Міржақып, Елдес, Телжан, Сәкен, Мұхтар, Смағұлдар салған сара жолды бүгінгі Р. Сыздықова, Ж. Ысмағұлов, Р. Нұрғали, С. Дәуітов, А. Ісмақова сынды көрнекті ғалымдар ахметтанудың даңғылына айналдырып, кеңейте түсуде.

Көрнекті тарихшы ғалымдар К. Нұрпейісов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Қ. Атабаевтар Байтұрсынұлының ұлы тұлғасын қоғамдық-саяси қайраткерлік, ұлт күрескері тұрғысынан жан-жақты ашса, әр саладағы жас ғалымдар түрлі ғылым саласы бойынша зерттеп, ізденіс ауқымын ұлғайтты. Бү Момынова «Қазақ» газетіндегі қоғамдық-саяси лексика (1994), Т. Қасенов «Мысал жанрының стилі мен тілі (Ахмет Байтұрсынұлы, «Қырық мысал») (1994), А. Қыдыршаев «А. Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» (1995), А. Машканова «Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ жазуының реформаторы» (1996), Қ. Сақов «Қазақ» газетіндегі ұлттық –саяси мәселелердің жазылуы» (1998), Р. Үсембаева «Ахмет Байтұрсынұлы мұралары арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеу» (1999), Б. Иманбекова «Ахмет Байтұрсынұлының тәлімдік ой-пікірлерін педагогикалық колледждердің оқу-тәрбие үрдісіне енгізу жолдары» (2000), И. Ыбырайжанов «Ахмет Байтұрсынұлының білім жайлы педагогикалық мұралары» (2001), Ж. Байтелесова «Қоғамдық сананы қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлы публицистикасының ролі» (2002), К. Ашекеева «Ахмет Байтұрсынұлының философиялық көзқарастары» (2003), Г. Ерназарова «Қазақ публицистика тілінің дамуындағы А. Байтұрсынұлы кезеңі» (2004), Қ. Ибраймов «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі терминология және стилистика мәселелері» (2005), А. Байтұрсынұлы музейінің қазіргі директоры Р. Имаханбетова «Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылығы (мұрағат деректері негізінде)» (2006) деген тақырыптарда кандидаттық диссертациялар қорғады. «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты 2 томдық оқу құралының (2002) Ахмет Байтұрсынұлы туралы үлкен тарауын жазып, «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» атты жоғары оқу орындарына арналған оқулығымыздың (2002) бір тарауын Ахаңа арнадық. «Алаштың азатшыл әдебиеті» (2007) атты монографиялық зерттеуімізде ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиетте ұлт-азаттық идеяның негізін қалаған А. Байтұрсынұлы екендігін дәлелдеп, арнайы бөлім жаздық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *