Адам жəне жануарлар психикасының айырмашылықтары

Өмірдің дамуы жануардың физикалық құрылымының өзгеруіне жəне оларды қоршаған болмыстарды бейнелеу қызметін атқаратын мүшелердің пайда болуына əкеледі. Бұл қызметтің сипаты неге тəуелді болады? Бұл қызмет неге кейбір жағдайларда, мəселен, жеке қасиеттердің бейнеленуі түрінде, ал басқа жағдайларда – біртұтас нəрселердің бейнеленуі түрінде болады? Бұл жануарларды қоршаған ортамен байланыстыратын жануар əрекетінің объективтік құрылымына тəуелді болады. Тіршілік жағдайлары өзгергенде, жануардың құрылымы мен əрекеті де өзгереді, осылайша, психикалық бейнеленудің жаңа түрін тудыратын, қайта қалыптасқан мүшелері мен олардың қызметтерінің қажеттілігі пайда болады. Жануарлардың психикасын қарастыра отырып, біз алдымен, оның түрлері арасындағы айырмашылықтарды атап көрсеттік. Енді, жануарларды сапалық айырмашықтары мен əрекеттерін жəне олардың психикасын адам əрекеті мен санасымен байланыстыра қарап, осы əртүрлі формаларды сипаттайтын ортақ нəрсені анықтау керек.

Жануарлардың барлық əрекеттерінің адам iс-əрекетінен бірінші айырмашылығы мынада: ол тікелей биологиялық əрекет. Басқаша айтқанда, жануар əрекеті тек затқа, биологиялық қажеттілікке ғана қатысты болып, табиғатқа инстинктивтік, биологиялық қатынастары шеңберінде қалады. Бұл жалпы заңдылық. Осыған байланысты жануарлардың қоршаған болмысты психикалық бейнелеу мүмкіншіліктері де олардың биологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыратын нəрселердің қасиеттері мен ерекшеліктерінен ғана тұратын болғандықтан, бұл мүмкіншіліктер шектеулі болады. Сондықтан, адамға қарағанда, жануарларда болмысты объективтік нəрсе ретінде бейнелеу болмайды. Сонымен, қоршаған болмыстың кезкелген нəрсесі, жануарға, оның инстинктивтік қажеттілігімен бірге көрінеді. Жануар психикасының адам санасынан айырмашылығының мəні, ол жануарлардың өзі сияқтыларға қатынасы олардың басқа сыртқы объектілерге қатынасынан өзгеше болмайды, яғни жануарларда қоғам болмағандықтан, бұл қатынастар да олардың инстинктивтік-биологиялық қатынастарына жатады. Кейбір авторлар жануарларда еңбек бөлінісі болады деп санай отырып, ара, құмырсқа жəне басқа “қоғамдық” жануарлар өмірлерінен мысалдар келтіреді. Ал адам өмiр тiршiлiгiнде еңбектiң маңызы зор екендiгi бəрiмiзге мəлiм. Өйткенi, еңбек адамның дене бітімін жетілдіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге оның психикалық жетілуінің, сананың қалыптасуы мен дамуының негізгі факторы болып табылады. Сонымен қатар еңбек, адамды қоғамдық тіршілік иесіне айналдырады, биологиялық жан иесі еңбектің арқасында адам дəрежесіне көтерілді.

Еңбек арқылы сыртқы дүниені тану құралы ретіндегі сана қалыптасады. Адам өзін-өзі танып, өзінің табиғи күшін алдына қойған міндеті мен еңбек материалдарына қарай реттей білуге үйренеді. Демек, еңбекте өзіндік санасезім де қалыптасады.

Адам еңбектің көмегімен өзін айнала қоршаған табиғатты ғана өзгертпей, сонымен бірге өзі де өзгеріп, дамиды. Қоғамдық өндіріс қажеттіліктерді қанағаттандыру заттарын жасай отырып, жаңа қажеттіліктерді де туғызды жəне оларды жетілдіріп те отырды. Тіпті ең қарапайым деген қажеттіліктің өзі адамға тəн сипат алады. Жануарға қарағанда, адам құралдарды пайдаланып қана қоймай, оларды жасайды. Құралдарды жасау алғашқы адамның əрекетін түбегейлі өзгертті. Құралды жасау жұмысы тікелей биологиялық мотив (қоректі қажет ету) тудыратын жай əрекет ғана емес: принципі бойынша ол мағынасыз, ештеңемен анықталмай, құралды аңшылыққа қолдану арқылы мағынаға ие болады. Басқаша айтқанда, ол орындалатын əрекетті білумен қатар құралдың келештегі қолдансын білуді де талап етеді. Ол құралдың жасалуының негізгі шарты бола тұрып, сананың алғашқы көрінісі деп аталуы мүмкін, яғни саналы əрекеттің алғашқы түрі болып саналады.

Құралды жасау əрекеті адамның мінез-құлқының барлық құрылымын түбегейлі қайта құруға əкеліп соғады. Жануардың мінез-құлқы əрқашанда қажеттілікті қанағаттандыруға ғана бағытталған болатын. Құрал жасаушы адамның мінез-құлқының құрылымы күрделі сипатта болады: қажеттіліктерді тікелей қанағаттандыруға бағытталған əрекеттен, кейінірек ғана мағынаға ие болатын, арнайы əрекет бөлініп шығады. Адамның психикалық дамуында алғашқы адамдардың қоғамдық санасында бейнеленген өндірістік қатынастардың маңызы зор. Қалыптасып келе жатқан қоғамдық сана өз тарапынан, жеке адамдар санасында өзінің таңбасын қалдырып отырды.

Жануарлардың бір-бірімен өзара қарым-қатынастарының ерекшеліктерін олардың “сөздерінің” өзгешелiгi көрсетеді. Бір жануардың басқаға дыбыстар арқылы əсер етуі жануарлардың қарым-қатынасын білдіретіні белгілі. Бұл кезде адамның сөздік қарым-қатынасын сипаттайтын үрдіс бола ма? Олардың сырттай ұқсастығы болатыны рас. Іштей бұл үрдістер түбегейлі өзгеше болады. Адам өз сөзінде бір объективтік мазмұнды білдіреді жəне өзіне айтылған сөзге дыбыс түрінде ғана емес, сөзде айтылған ақиқатқа жауап береді. Жануарлардың дауыспен қарым-қатынас жасауы бұдан мүлдем өзгеше болады. Мəселен, топтасып өмір сүретін құстарда топқа төніп тұрған қауіпті білдіретін арнайы дыбыстар болады. Жануарлардың бұл дыбыстарында объективтік нəрсенің тұрақты мағынасы болмайды.

Адам санасының пайда болуы жəне оның психологиялық сипаты психика дамуының жоғары, жаңа кезеңінің басталуын білдіреді. Санадағы бейнелеудің жануарларға тəн психикалық бейнелеуден айырмашылығы – бұл зат болмысының бейнеленуі. Адамның саналы əрекетінің ерекшеліктері үш түрлі сипатта болады. Бұл ерекшеліктердің біріншісінің мəні мынада: адамның саналы əрекетінің биологиялық мотивтерге байланысты болуы міндет емес. Кейде, адамның саналы əрекеті биологиялық ықпалдар мен қажеттіліктерге бағынбай, олармен үйлеспей, тіпті олардан басым болады (мысалы: батырлық).

Адамның саналы əрекетінің екінші ерекшелігі, бұл жануарлардың мінез-құлқына қарағанда, оның ортадан алған көрнекті əсерлер арқылы айқындалуы міндет емес. Адам орта жағдайын жануарларға қарағанда əлдеқайда терең білдіреді. Үшінші ерекшелігінің мəні, ол адамның білімділігі мен іскерлігінің басым көпшілігі оның өзіндік тəжірибесінің нəтижесі болмай, ұрпақтың тарихи-қоғамдық тəжірибесінмен меңгеріледі. Бұл адамның саналы əрекетін жануардың мінез-құлқынан түбегейлі өзгеше екенін көрсетеді. Адам санасының дамуы əрқашан да жалпы тарихи үрдістің барысына бағынышты болды, оны қоғамдық болмыс, яғни сол қоғамның өмірі белгілейді. Ал бұл өмірдің аса маңызды шарты материалдық өндіргіш күштердің, оның ішінде еңбек құралдарының даму дəрежесі болып табылады. Мысалы, тас заманындағы адамның санасы қола мен темір құралдар жасап, оларды пайдалана білетін адамдардың санасынан əлдеқайда қарапайым келеді.

Адамның санасы мен тілі

Тілдің пайда болуы – адамның күрделі құрылымды саналы əрекетін қалыптастыратын екінші шарт. Сыртқы əлем нəрселері, олардың əрекеттері, сапалары, өзара қарым-қатынастары белгіленетін белгілер (символдар) жүйесін тіл деп түсінген жөн. Сөйлемге біріктірілген сөздер адамға ақпаратты сақтауға, беруге жəне басқа адамдардың тəжірибелерін меңгеруге мүмкіндік беретін негізгі қатынас құралы болып табылады. Тілдің шығу тегі туралы сауалдар, көптеген болжамдар мен теориялардың тақырыбы болды. Кейбіреулер оны рухани өмірдің көрінісі деп санап, оның “құдайдан келгенін” айтты. Басқалары тілді жануарлар əлемінің эволюциясынан шығаруға тырысты. Бірақ тілдің шығу мəселесінің ғылыми шешімін адам тарихына өтуде алғаш пайда болған, қоғамдық еңбек қатынастарынан іздеу керек.

Тіл алғаш рет адамдардың еңбек үрдісі кезінде жасайтын қарымқатынас түрлерінен шықты деп болжауға негіз бар. Күнделікті бірлесіп əрекет жасау, бірлескен еңбек əрекетіндегі нəрселерді білдіретін ақпаратты біреуге беру қажеттілігіне əкелуі сөзсіз. Нəрселердің бұл алғашқы белгілері жай дыбыстар түрінде болды. Тек бірнеше мың жылдан кейін ғана дыбыстық тіл жекелеген түрде практикалық əрекеттен бөліне бастады.

Заттарды, олардың қимылдарын, сапаларын немесе қатынастарын білдіретін белгілер жүйесі, ақпаратты беру құралы ретіндегі тіл, адамның саналы əрекетінің ары қарай қайта құрылуында маңызды болды. Сондықтан еңбекпен бірге тіл де сананың қалыптасуының негізгі факторы болып табылады.

Тілдің пайда болуы адамның саналы əрекетіне үш маңызды өзгеріс енгізді: — тіл сыртқы əлемнің заттары мен құбылыстарын жеке сөздер немесе олардың тіркестері түрінде көрсете отырып, бұл заттарды бөліп алуға, оларға зер салуға жəне есте сақтауға мүмкіндік береді. Тіл қабылданатын əлемді еселеп, алынған ақпаратты сақтауға мүмкіндік береді жəне ішкі дүниелердің əлемін жасайды; — тіл сөздері нақтылы заттарды білдіріп қана қоймай, олардың маңызды ерекшеліктерін абстракциялайды, қабылданатын заттарды белгілі бір дəрежелерге жатқызады. Сонымен, тіл арқылы абстракциялау мен қорытындылау үрдістері жасалады. Тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ойлаудың да маңызды құралы болады; — тіл адамның қоғамдық тарихында жинақталған ақпараттарды беруші негізгі құрал болып табылады. Адамда тілдің пайда болуы жануарларда болмайтын психикалық дамудың мүлдем жаңа түрін тудырады, сананы дамытудың маңызды құралы болып табылады.

Сананың болуы, өзімен бірге еңбек үрдісі кезінде пайда болатын тілдің болуымен ғана байланысты. Бірақ адамның жеке санасының болуы қоғамдық сананың болуымен байланысты. Сана адамның барлық психикалық функцияларының жалпы сапасы болып табылатын бейнелеудің ерекше түрі ретінде түсіндіріледі. Өзара қатынастағы барлық психикалық функциялардың дамуы, адамда сыртқы əлемнің іштей бейнеленуі қамтамасыз етеді. Психологияны қызықтыратын жеке сананың дамуы мен қалыптасуы қоғамдық санамен үздіксіз байланыста болады. Сана – бірлескен психика түрі, адамның еңбек əрекетінде қалыптасуының тарихи-қоғамдық жағдайлардың нəтижесі. Сана – қоғамдық болмыс.

Сананың төрт негізгі сипаттамасы бөлiнедi: 1. Сана – қоршаған əлем туралы ілімдердің жиынтығы. Сана құрылымына барлық танымдық үрдістер енеді: түйсік, қабылдау, ойлау, қиял, ес. 2. Санада субъект пен объект айырмашылықтарының бекітілуі. Органикалық əлем тарихында тек адам ғана қоршаған ортадан өзін бөліп, оған өзін қарсы қоя алады. Тіршілік иелері ішінен тек адам ғана өзін тануға қабілетті, яғни өзінің психикалық əрекетін өзіне бағыттай алады. 3. Мақсатты іс-əрекеттерді қамтамасыз етеді. Сана қызметі: əрекеттің мақсатын, оның мотивтерін қалыптастырады, еріктік шешімдер қабылдайды, əрекеттердің орындалу барысын қадағалайды жəне т.б. 4. Сондай-ақ, сана құрылымына белгілі бір қатынастар да енеді.

Тіл – сананың барлық аталған арнайы қасиеттерінің қалыптасуы мен болуының міндетті шарты. Тіл – тарихи-қоғамдық тəжірибені немесе қоғамдық сананы білдіретін ерекше объективтік жүйе екені белгілі. Нақтылы бір адам меңгеретін тіл осы адамның шынайы санасы болады. Тiлдiң белгілері жоғары жүйке қызметін жетілдіреді, соның нəтижесінде жануарларда болмайтын екінші сигналдық жүйе қалыптасады. Сөйлеу тiлiнде таным деңгейін жаңа сатыға көтереді. Себебі, сөз нақтылы бір атаудың алуан қырын танымның жалпы шеңберінде қорытып, жинақтап береді. Демек, ойлаудың жаңа түрі дамиды. Ол жоғары сатыдағы жануарлардың пəрменді жəне нақтылы-бейнелі ойлауынан өзгеше дерексіз ойлау жетіледі, ал дерексіз ойлау дегеніміз — сананың өзегі.

Тiл – біздің саналық болмысымыздың формасы – қарым-қатынас шеңберін кеңейте түседі. Қарым-қатынас үрдісінде адамдар сыртқы ортаны да, өзін де терең əрі жан-жақты тани түседі. Демек, еңбекпен қатар сөйлесу де сана мен адамдардың өзіндік сана-сезімінің дамуының маңызды факторы болып табылады. Қарым-қатынас жасау – қоғамдық өмір факторы. Қарымқатынас үрдісінде психологиялық қауымдастықтар қалыптасады, яғни өз заңдары бар қоғамдық психология пайда болады.

Философ Ю.К.Мельвиль: /19/ “Адамның бүкіл рухани дүниесі оның өзге адамдармен қарым-қатынасында ғана пайда болады жəне дамиды. Ал қарымқатынас үрдiсiнде адамдардың тек өз жеке басының ғана емес, сондай-ақ адамдардың қоғамдық санасы да қалыптасады”, — деп атап көрсетті. Тiлдiң арқасында адамдар өткен ұрпақ тəжірибесін жинақтап, сақтап жəне келер буынға тапсыра алатын болашаққа көз жіберіп, өз ісінің нəтижесін шамалайтын еңбекті, өмірді, əлеуметтік күресті жоспарлай алатын болды.

Авторлық сілтеме:
Намазбаева Ж.И. Жалпы психология: Оқулық. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ Психология институты, 2006. – 249б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *