Философиядағы адам мәселесінің мәні мен ерекшелігі. Адамның өз табиғатын танып білуге ұмтылуы философиялық ойды дамытудың басты түрткілерінің бірі болып табылады. Философия ежелгі заманнан бастап жалпы адам дегеніміз кім, оның табиғаты, оның мәні қандай екендігін айқындауға ұмтылып келеді.
Адамның өзін-өзі танып білуі – философияның орталық мәселесі. Философияның адамды зерделеуге арнаған тарауы философиялық антрология деп аталады. Оның ғылыми антропологиядан немесе адамды зерделейтін арнаулы ғылыми пәндер кешенінен бірқатар елеулі айырмашылықтары бар. Заманауи ғылымда мұндай 800-дей пән мен бағыттардың бар екендігін айтуымыз керек. Алайда олардың әрқайсысы адамды белгілі бір жақтарынан, қандай да бір жекелеген қырларынан қарастырады. Мысалы, психология адамның ішкі дүниесін, оның санасы мен түпсанасын; медицина – аурулардың себептері мен оларды емдеу жолдарын; нейрофизиология – адамның жүйке жүйесінің қызметін зерделейді.
Олардан философиялық антропологияның басты айырмашылығы, оның дүниеге көзқарастық маңызы бар, неғұрлым кең көлемді ең жалпы антропологиялық мәлелерді зерттейтіндігінде. Антропологияға философиялық тұрғыдан келу арнаулы ғылыми тәсілмен айқындалған біртұтастығымен және жүйелілігімен ерекшеленеді.
Философиялық антропология көптеген сұрақатардың қойылуымен анықталады. «Адамдық» «адамдық еместен» несімен ерекшеленеді? «Адам болу» деген нені білдіреді? «Адам болмысының мағынасы неде?» Адамдар не үшін және неліктен өмір сүреді және олар қалай өмір сүрулері тиіс? Жалпы адамның талғам-талайы қандай және де онда сол бар ма?
Бұларға ұқсас сұрақтарды тұжырымдау оңай, бірақ оларға жауап беру өте қиын. Оның үстіне, философия тарихында оларға жауап беру әрекеттері жасалған. Енді соларды қарастырайық.
Философиядағы адамның негізгі бейнелері
Сонымен философияда ежелгі заманнан бастап адам туралы түсініктер қалыптаса бастады.
Ежелгі заманның шығыстық, сондай-ақ батыстық философиясы да қайырымдылық пен жауыздық; әдемілік пен сұрықсыздық; әділеттілік пен әділетсіздік; достық, сүйіспеншілік пен жеккөрініш; бақыт, ләззаттану мен қайғы-қасірет және басқа проблемаларға қызығушылық білдірді. Философияның бүкіл дамуы ұлылардың ойларын бейнелейтін нақыл сөздерге толы:
Лао-цзы: «Адамдарға қарым-қатынаста жоғары ізгілікті меңгерген адам достық пейілді болуы тиіс; сөздері шын жүректен шығуы тиіс; басқаруда (елді) дәйекті болуы тиіс; істерінде мүмкіншіліктерді есепке алуы керек; іс-әрекеттерінде уақытпен санасуы тиіс».
Конфуций: «Адамдардың сені білмейтініне алаңдама, өзіңнің адамдарды білмейтініңе алаңда».
Дмокрит: «Ақымақтарға оларды мақтайтындар көп зиян келтіреді».
Платон: «Кеңпейілділік – мән-жайларды шеберлікпен пайдалану: жанның зердемен біріккен асқақтығы».
Аристотель: «Достық дегеніміз – бірлесіп өмір сүру үшін қажетті шарт».
Философияда біртіндеп адам бейнесі мен адам табиғатына деген негізгі ойлар қалыптаса бастады.
- Антикалық философтар, әсіресе натурфилософтар адамды ғарыш бейнесі, «шағын дүние», микроғарыш ретінде қарастырды.
- Сократтан бастап антикалық философтар адамды дене мен жаннан құралатын қосарлы жаратылыс деп есептеді.
- Батыстың ортағасырлық философиясында басты межелеу адам денесі мен жанының арасында ғана емес, «тәндік адам» мен «рухани адам» арасында орын тепті. Адам табиғаты үш бөліктен: дене-жан –рухтан құралады деп түсінілді. Батыстың ортағасырлық діни философтары адамның руханилығы оның ар-ұжданынан, құдаймен байланысынан құралады деп есептеді.
- Жаңа уақытта адам ерекшелігі зердеде, ойлауда, рационалдылықта деп қарастырылды. Жанның айқын мазмұны – бұл сана. Декарттың (1596-1650) көзқарасы осындай болды, ол өзінің әйгілі: «Мен ойлаймын, демек, өмір сүремін де» деген сөзін айтты. Екі нәрсе айқын: мен өмір сүремін және мен ойлаймын. Жаңа уақыт философияның бастапқы нүктесі – ойлаушы субъект, зерделі адам (Homo Sapiens).
- Жаңа уақытта «хомо сапиенс» (саналы адам) тұжырымдамасымен қатар, «хомо фабер» (іскер адам) тұжырымдамасы үстемдік жағдайды иеленді. Адамдағы басты нәрсе – бұл әрекетке қабілеттіліктерін іске асыру. Немесе жай ғана әрбір жеке адамның мәні оның әрекеттерінде делінеді немесе бұл әрекет Маркстегі сияқты, қоғамдық мағынада түсініледі. Қоғамдағы басты нәрсе – еңбек, ал жеке адам қоғамның «атомы» болып табылады, онда барлық қоғамдық қатынастар «қиылысады».
- Жаңа уақыт философияның соңғы өнертабысы – неміс философы Ф.Ницшенің (1844-1900) «асқаралы адамы». Енді зерде ауру ретінде, адамды өлімші қылатын адасу ретінде түсініледі. Ең бастыларына құмарлық, көшбасшылық, шарап, темекі тарту, қиял және әлсіздік атаулыға қарсы наразылық жатқызылды.
- ХХ ғасырдың философиясы адамның шынайылығын іздестіруді жалғастырды. Феноменолог Гуссерль (1859-1938) адамның шынайы табиғаты ретінде оның санасының тәжірибесін – идеялар-эйдостардың құрылуын, заттар дүниесін және өмірді солармен сәйкестігінде түсінуді жариялады.
- Философ-аналитиктер адамнан өзінің тілдік қабілеттіліктерін белсенді түрде іске асыратын жаратылысты көрді. Тіл саласында адам нені неліктен және қалай істеу керек екендігін шешеді.
- Австриялық дәрігер-психиатр Зигмунд Фрейд (1856-1939) өзінің бейсаналық философиясын дамытты. Фрейдтың тұжырымдамасына сәйкес жеке адамның психикасында үшқабатты құрылым бар. Оның бірінші қабаты (Фрейд оны «Ол» деп атайды) бейсаналық психикалық бастама болып табылады. Фрейдтың негізгі идеясы: адам – эротикалық жаратылыс, өйткені «Онда» Эрос билік жүргізеді.
- Постмодерншілерге сәйкес, адам – асқақтықты және бірсарынды, бірөлшемді, көңілсіз, ұжымдық, тоталитарлық нәрселердің тұншықтырушы құшағынан құтылуды іздестіру жолындағы бүлікшіл жаратылыс. Адам орын алған қоғамдық нормаларды тек ол одан үнемі қашқақтаған, басқаша айтқанда, оларды деконструкциялаған жағдайда ғана түсінуі мүмкін.
Біздің бұл жерде адам мен оның табиғаты туралы философиялық тұжырымдамалардың бәрін ұсынбағанымыз түсінікті. Адамның аса күрделі табиғатын қарастыруымыздың аяқталмағандығын, ол оқулықтың келесі параграфтарында жалғастырылатынын атап өтпекпіз.
Солай болғанымен де, адам табиғатының қарастырылған түсіндірмелеріне тағы да біреуін қосайық. Әңгіме Людвиг Фейербахтың (1804-1872) антропологиялық материализмі туралы болмақ.
Фейербахты қызықтырған басты проблема – бұл адам мен оның мәні мәселесі. Оның үстіне, ол адамды қайдағы бір абстрактілі әлдене ретінде емес, өзінің барлық өмірлік көріністеріндегі реалды жаратылыс ретінде түсінді. Фейербах философиясында адам барлық философиялық зерттеулердің «бастапқы пункті және соңғы мақсаты» ретінде қарастырылады. Сондықтан да Фейербах философиясы – бұл философиялық антропология.
Фейербахқа сәйкес, адам – «табиғаттың айнасы». Ол – табиғат туындысы және оның жаратылыстық күштері мен қабілеттерінің бейнеленуі болып табылады. Сондықтан заттар табиғатында жаратылыстан тыс ештеңе жоқ. «Жаратылыстан тыс» деп аталатынның бәрі адам арқылы жаратылысқа, яғни табиғатқа телінуі тиіс. Фейербах адамның табиғи-биологиялық сипатын атап көрсетті, ол гегельдік жалпылама абстракциялардан қол үзіп, жеке адамға бет бұрды. Айлайда Фейербах адамның өзін өте тар мағынада түсінді. Оның адамы реалдық қоғам мен қызметтен оқшауланған болып шықты.
Сонымен Л.Фейербах дінді сынады. Ол табиғат пен адамнан тыс ештеңе жоқ деп есептеді. Оның түсінігі бойынша біздің діни қиялымызбен жасалған жоғары жаратылыстар – бұл біздің өз мәнімізді құдайландыру ғана. Табиғат философияға тәуелсіз өмір сүретіндіктен, «ақиқат материализм де, идеализм де, физиология да, психология да емес, ақиқат тек қана антропология болып табылады». Фейербах бойынша, адамның мәні оның басқа адаммен қарым-қатынасында, яғни «тек етене қатынаста, адамның адаммен бірлігінде ғана» орын алады.
Адам адам болуға ұмтылушы ретінде
Адамның адам болуға деген ұмтылушылығы – бұл ең үздік адамдық қасиеттерді: қайырымдылықты, достық пейілді, адамға деген сый құрметті, жанашырлықты, т.б. іске асыруға деген ұмтылыс. Мэн-цзы оның ізбасарлары адам өз табиғаты бойынша қайырымды деп есептеді. Дәлелдеме ретінде олар мынадай мысал келтірген: «Егер адамдар кенет құдыққа құлайын деп тұрған баланы көрсе, олардың бәрі бірдей мазасыздану мен жанашушылық сезімін бастарынан өткізеді». Жанашырлығы жоқ адам – адам емес. Сондықтан су әрқашан да төмен қарай ағады, ал адам табиғаты мейірімге қарай ұмтылады. Адамдардың өзімшілдігі мен ашу-ызасын Мэн-цзы қолайсыз сыртқы мән-жайлармен түсіндіреді. «Егін мол болған жылдары жас адамдардың көпшілігі қайырымды, ал аштық жылдары ызалы болады. Мұндай айырмашылық оларға Аспан берген табиғи қасиеттерден болмайды, аштық олардың жүректерін ызаға батуға мәжбүр еткендіктен болады».
Конфуцийшілер болса, адам табиғаты жақсы да, жаман да емес, ол әдептік жағынан бейтарап және әлеуметтік мән-жайларға, билік саясатына байланысты деп ұйғарды. Оларда сумен салыстыруды пайдаланған. Су арна қай жаққа қарай қазылғанына қарай солтүстікке де, оңтүстікке де, шығысқа да, батысқа да ағуы мүмкін. «Су өз ағысында батыс пен шығысты ажырата алмайтыны сияқты, адам табиғаты да қайырымды және қайырымсыз болып бөлінбейді».
Лао-цзы бір адамдар табиғаты бойынша тұтастай қайырымды және басқаларға үлгі көрсете алады, басқалары – ашулы және жақсы басшылық пен өсиеттерсіз құриды, яғни екі тарап та бір-бірін қажетсінеді деген.
Бағалардың мұндай әртүрлілігі өткен заман философтары әуес болған адам табиғаты деп аталатынның биологиялық тұқымқуалаушылыққа қатысы жоқ екендігін дәлелдейді. Табиғи ортамен адам генінде жамандық та, жақсылық та жоқ. Бұл – арада осы «табиғи» белгілер мәңгілік және өзгермейтін өнегелерді, саяси тәртіптерді және жалпы заманның барлық теріс құбылыстарын сынаудың құралы болуы мүмкін.
Заманауи дүниедегі адам өткен дәуірлердің адамдарына тән болған нәрселердің бәрін сақтай отырып, ХХI ғасыр жағдаятының бірегейлігін бұрынғыдан да бетер танып біле бастайды. Жаһандық проблемалармен арқаланған заманауи дүние бүкіл адамзатты және әрбір жеке адамды аман қалу, тіршілік ету мен дамудың не принципті жаңа тәсілдерін қабылдау, не түр ретінде кері кету керек болатын жағдайға қояды. Қазіргі әлемде болжамдауға болмайтын үрдістер, нормадан ауытқулар, тұрақсыздық, экстремизм, лаңкестік және т.б. бола түскені бекер емес.
Немістің ұлы философы Иммануил Кант XVIII ғасырдың соңында-ақ адам мен адамзат мәнін түсінуге қол жеткізген кез келген ойшыл жауап беруі қажет төрт негізгі сұрақты тұжырымдаған:
- Мен не біле аламын?
- Мен не істеуім керек?
- Мен неге үміттене аламын?
- Адам дегеніміз не?
Әрине, бірінші сұраққа жауап бере отырып, осы уақытта адамзат дүние және өзі туралы өткен ғасырларға қарағанда өлшеусіз көп білетінін атап өту қажет. Оның үстіне, ұлы ойшылдар Толстой мен Абай, Фрейд пен Ясперс, Эйнштейн мен Рассел, Швейцер мен Сахаров адамзат білімінің деңгейіне терең қанағаттанбаушылықты бастарынан кешірді. Олардың көпшілігі танымның өздеріне бақыт әкелмегені былай тұрсын, шыңыраудың шетіне қойғанын көрді.
Аса көрнекті ғалымдар және ойшылдар Рассел мен Эйнштейн термоядролық энергия саласындағы жаңалықтардың нәтижесінде адамзаттың өзін-өзі жою мүмкіндігін сезініп: «Адам екендіктеріңді есте сақтаңдар, қалғанының бәрі туралы ұмытыңдар» деген ұран тастады. Танымның беймәлім тұңғиығына бейсаналылық және интуитивтік саласында бұзып өту адам үшін жаңа сілкіністермен қатерлі.
Біздің заман адамдарының санасында өзді-өздігінен алғандағы ғылыми-техникалық және технологиялық прогресс, таным мен білім әлі де болса бақытты болашаққа кепілдік бере алмайтыны туралы, прогрестің өзінің гуманистік адамдық өлшемін жасау қажеттілігі туралы идея бұрынғыдан да беки түсті. Мұны түсіну И.Канттың екінші сұрағының мәселелері шеңберін қарастыруға жетелейді.
Адам нені істеуі тиіс (немесе ешқашан және қандай жағдайлар болмасын нені істеуі тиіс емес)? Бұл сұрақ аса маңызды сұрақтар қатарына жатады. Адам қызметінің шектері жеткілікті дәрежеде дәл белгіленген: өзіңе де, басқа адамдарға да зиян мен залал келтіруге болмайды, ал бүкіл өмірдің негізі өзара қатынастар болуы тиіс. Адам, сондай-ақ табиғаттың тұтастығына қол сұға алмайды, онда өз қалауынша «қожайындық жасай» алмайды.
Адамдар әрқашан жақсы пиғылдың, тіпті өздерінің еркіне қарамастан неліктен және қалайша жамандыққа айналатынын; жасампаздыққа бағытталған қызметтің неге қираумен аяқталатынын түсінуге тырысты. Мысалы, адамзатты ойдағыдай өмір сүру үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етуге қабілетті ғылыми-техникалық төңкеріс туындатқан жаһандық проблемалардың нәтижесі әлемді шыңырау шетіне алып келді. Әділеттіліктің тамаша идеяларына негізделген көптеген әлеуметтік төңкерістердің жасампаздық әлеуеті көбінде адамды да, қоғамды да төтенше қиратуға айналды. Міне, сондықтан да нақ қазір адам қызметінің араласуының шектері туралы мәңгілік проблема оның табиғатқа, Ғарыш пен өзді-өзіне бұрынғыдан да өткір бола түсті.
И.Канттың үшінші сұрағына жауап беру бұдан да қиынырақ: мен неге үміттене аламын? Бұл сұрақтың мәнісі – өз зердеңе,еркіңе, еңбегіңе, адамдардың ынтымақтастығына үміттенуге бола ма немесе жасампаздың, құдайдың, ғарыштық зерденің абыройына, яғни адамнан жоғары тұрған күшке үміт арту керек пе?
Адамдар әрқашан құпияны тасымалдаушыларға, керемет жасаушылар мен шексіз беделділерге табынып келді, өйткені олардан жердегі дүниеде болмаса да, аспандағы дүниеге азат болу үмітін көрді. Екінші жағынан, еркіндік ойымен атеизм балама ретінде адамның өзіне, өз күшіне, топтық ынтымақтастыққа деген үмітін жақты. Нақты өмірде адамдар өз үміттерін бәрінен де бұрын өздері жататын әлеуметтік топпен байланыстырады. Бұларға ол туралы адам «біз» деп айта алатын ұлыс, ұлт, сенімі ортақ адамдар немесе отандастар (мысалы, қазақстандықтар, мұсылмандар, т.б.), ұжым, отбасылық клан жатқызылуы мүмкін.
Жоғары күштерге жүгінбейтін жалпыадазаттық ынтымақтастық мұраты өзін бірыңғай тұтас деп сезінуінің барысында, жаһандық проблемалар қауіптілігінің артуымен үлкен қолдауға ие бола түсті. Сондай-ақ Жер тұрғындарына термоядролық немесе экологиялық апатқа жол бермейтін және зердесіз адамзатты ғарыштық этика ережелеріне үйрететін жерден тыс өркениеттердің, ғарыш келімсектерінің көмегіне үміттенуге болады деген пікір де тарай бастады. И.Канттың төртінші сұрағы адам болмысы мен өмір сүруінің барлық қалған сұрақтарын қамти отырып алғашқы үшеуін іске асырады.